«АҚҚҰСТАН» АРМАНЫН ҰШТАҒАН АҚЫН
Қазақтың белгілі жазушысы «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған тұста ауылдағы ақын-жазушыларды қолдайтын «АҚҚҰС» (Ауылдағы қазақ қаламгерлерінің ұйым серіктестігі) әдеби ұйымын ашқан еді. Бұл сонау 90-жылдардың басы болатын. Ол кезде газет-журналдың саны онша көп емес, бірақ тиражы көп-тұғын.

Баспасөздің дәуірлеп тұрған шағы. Қазақ газеттері шығыста Қытай мен Монғолияға, оңтүстік пен батыста Орталық Азия республикаларына еркін тарайтын. О.Бөкей қоғамның қажеттілігін тап басқандықтан, бастаманы қолдаушылар қатары қалың еді. Бастама бүкіл қазақтың көкірегіндегі бұлақтың көзін ашып жіберген сыңайлы. Қазақстанның өңірлері түгіл, көршілес елдерде де көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар «АҚҚҰС» бірлестігінің бөлімшелерін аша бастады.
Сол тұста әдеби басылымдарда көптеген шығармалары жарияланған сатирик қаламгер Меңдібай Әбіл Қазақстанда аз ғана еңбек еткен соң туған жері Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданына оралып, «Тақтакөпір таңы» газетінде қызмет істеп жүрген-ді. Ол да жоғарыда айтқан, Оралхан Бөкейдің игі бастамасын іліп әкетіп, газет жанынан «АҚҚҰС» атты әдеби бірлестік ашты. Бірлестікке аудандағы мектептерде ұстаз болып еңбек етіп жүрген, қаламының желі бар Жалғасбай Шайқұсов, Дастанбек Сүйінәлиев, Көпжүрсін Ешмаханов, Мақсат Әлсейітов және т.б. жергілікті қаламгерлер белсенді қатыса бастады. Жалғасбай Шайқұсовтың редакторлығымен «Дәуқара» (сол өңірдің тарихи атауы) атты қолжазба журналдың 3 саны жарық көрді. Үйірмеде қызу талқылаулар өтіп, тәуір дүниелер баспасөзге ұсынылатын. Сол арқылы
Ж. Шайқұсов пен М.Әлсейітовтің өлеңдері Алматыда шығатын мерзімді басылымдарда жарық көрді.
Сол Меңдібай Әбіл – бүгінде 50-ге тарта поэзиялық, прозалық, ғылыми кітаптың авторы. Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз Халықаралық университетінің профессоры. Ал бірлестік мүшесі Мақсат Әлсейітов ақындық жолды таңдады.
Мақсат Әлсейітов 1965 жылы Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келген. Мүлік ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің қазақ тілі және әдебиеті бөлімінде оқыған. Ұзақ жылдар бойы туған ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте сабақ берген.
Ол ең алғаш жұртшылыққа айтыс ақыны ретінде танылды. Қарақалпақстандағы өткен халықаралық айтыста жүлдегер болды. Маңғыстауда өткен Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаевтың 90 жылдығына арналған айтыста үшінші орынды иеленді. Ташкенттегі өткен айтыстарға да қатысты. Кейін біржола жазба ақындыққа бет бұрды.
2000 жылдарда атамекенге көшіп, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлащы ауылына қоныстанды. Қазір сол ауылдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте сабақ береді.
Ол 2013 жылы елорданың 15 жылдығына орай өткен «Жарқыра, жайна, Астана!» жыр мүшәйрасына қатысып, байқауға қатысқан 70-ке тарта ақынның ішінде оза шауып, үшінші орынды иеленді.
Мақсат Әлсейітов Астана туралы жырында:
«Домбыра дала пернесін
саусақтай жүйткіп дөп басқан,
Сақтардың сазын сағынып,
селдетіп жасын төкті аспан.
Парақтап әрбір көшеңді
тебіреніп әлем оқысын,
Телегей көздің жасымен
жазылған теңі жоқ дастан!», –
деп төгілте жырлаған еді. Байқаудың әділқазылары оның осы екпінді жырын жоғары бағалады. Себебі ақын жалаң ұраншылдық, кеудемсоқ мақтанға ұрынбай, бұл ойларымен қасіретті тарихтан сабақ алуды меңзеп тұрған тәрізді.
Жалпы, Мақсат Әлсейітов бүгінді өткен тарихпен салыстыра жырлайды. Жазба әдебиетке айтыстан келгендіктен болар, көкейкесті мәселелерді алдыңғы қатарға шығарып, негізгі айтпақ ойын типтендіруге талпыныс көбірек байқалады.
«Қазақ жерін созып мың шақырымға,
Қызылқұмда домбығып аты құмда:
Шеттеп-шеттеп шегінтіп шекараны,
Шетте қалған өзі де ақырында» –
деп жазады батыр бабалары туралы.
Кезінде ат тұяғы жеткен жердің бәріне қоныстана берген қазақ үлкен аумақты иеленгенмен, кеңестік кер заманда сол байтақ даланың біраз жері шекара сызығының сыртында қалып қойған жоқ па? «Ақындық – образды ойлау» десек, бұл жолдардың әлеуметтік-саяси астары қатпар-қатпар. Қазақ деген халықтың елеулі бөлігінің тағдыры төрт жолға сыйып-ақ кеткен.
Ғылыми тілмен айтар болсақ, Мақсат Әлсейітовтің жерлестері – оралман немесе қандас емес, ирриденттер (өз жерінде отырып Отанынан сыртта қалғандар). Өйткені оның алтын бесігі кешегі күндерде өзгенің иелігінде кеткен. Тек Қызылқұм емес, қазақ жерінің төрт жағынан да талай жер кетті емес пе? Ақын ашынбағанда қайтсін? Сондықтан ол:
«Қазақ – түйе, мұрындығы би оған,
Үзбесе оны семсер түсіп қиядан.
Мұрынымда мұрындығым тұрғанда,
Еркіндікте жүрмін деуге ұялам» –
деп, жігерсіздікті санадағы құлдыққа меңзейді.
Ұлттың оянуы – өте ұзаққа созылатын үдеріс. Тәуелсіздікті нығайту барысында әлі талай уақыт бойы күрес жүретіні сөзсіз. Тіл, діл, дін де назар аударуға мұқтаж.
«Үшбұрышым – тілім мен ділім, дінім,
Үшеуі тең болғанда ғұмырлымын.
Күнім, Айым, Жұлдызым тәрізді олар,
Бірдей төксін төбемнен нұрын бүгін», –
дейді ақын. Өйткені кеше, бүгін, ертеңнің де басты мәселесі – осы үшеуі. Поэзия жетістіктен гөрі, жету жолындағы күресті жырлайды. Тіл шұбарланып, діл қатайып, дін жікке бөлінген заманда ұлт қатерден ада емес.
«Кеткенде көзі ілініп
маужырап тым,
Ұйықтатты бабаларды
бауырына ап құм.
Тұсымнан зу-зу ағып өтіп жатыр,
Аштырмай адымымды
арғымақ күн», –
дейді ақын.
Поэзиялық шығармаға сезім күйі, әсерлілік тән, ал прозалық туындыларда баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік сипаты мен бейнелеу құралдарын, тілдің ырғақтық, интонация байлығын қолдануында елеулі өзгешелік бар. Поэзиялық шығармаларға тән айрықша қасиет – өмір құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделмейді, шабыт қуатынан жаралған көркемдік, бейнелілік ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән. Ой-сезімнің бейнелілігі шығарманың көркем пішініндегі әр алуан өзгешеліктердің тууына негіз болады. Автордың мына жолдарында құм мен күн образдары өлеңнің мазмұнын қоюландыра түскен.
Мақсат Әлсейіттің «Орманбет бидің толғауы» атты өлеңі бар. Ноғайлы елін он екі би басқарған. Орманбеттен басқа он бірі қалмақтарға сатылған, тек Орманбет қана ел болашағы үшін қайғырады. Жалғыз Орманбеттің қолынан не келсін? Ноғайлы елі сатқындықтың кесірінен ыдырайды. Жалпы, тарихта тек ноғайлы елі емес, сатқындықтың кесірінен талай империялар жойылған. Ақын Орманбет би оқиғасына үлкен мағына жүктеп отыр. Негізгі айтпағы, өткеннен сабақ алу ғой. «Үшбұрышты пирамида – мәңгілік ел» поэмасында бұл ойды айқындай түскен:
«Біріккенде бүп-бүтін тас-түйін боп,
Асқақтаймын, басқаға басты ию жоқ.
Дауылдардан есемді даулау үшін,
Дала кезіп жүйткимін жас құйын боп».
Іргелі ел боламын десең, бұдан өзге жолдың өзі жоқ.
Мақсат Әлсейіттің 2015 жылы Дүниежүзі қазақтарының «Атажұрт» баспасынан шыққан «Жетімсайдың бойында жетім ауыл» жыр кітабы шығармашылық белесі саналады. Кітаптағы «Атшабардың аспаны» атты алғашқы өлең «Керегеден гуілдеп жел еседі» деп басталады екен. Жалпы, елді де бір үлкен киіз үй деп есептесек, оның да іргесінен жел уілдейтін кезеңдері бар емес пе? Мақсат Әлсейіт шығармашылығында сондай сындарлы шақтардан ой түюге шақырып, ұлт болашағына алаңдайды.
Алғашқы өлеңді кім жазған? Поэзия қашан пайда болған? Білетініміз, поэзия пайда болғалы талай патшалықтар мен империялар өзгерді. Бірақ халықтың жүрегіндегі поэзияға деген махаббат өзгерген жоқ. Адамзат әлі де өлеңді жоғары бағалайды. Әрине, поэзия шынайы өнер талабы мен жоғары талғам талабына сай болса, қарапайым тілмен айтқанда, жақсы поэзия. Бірақ қай өлеңдер жақсы, қай өлеңдер нашар? Оларды қалай ажыратуға болады? Қандай да бір өлшем, масштаб немесе қалып бар ма? Өкініштісі, ол жоқ. Жалғыз өлшем – оқырманның жүрегі. Өлеңді ұнатса, есіне алады немесе ұнатпай, ұмытып кетеді. Өлеңнің сонылық дәрежесін ешбір ғалым, сыншы анықтай алмаған. Қанша дарынды болса да, бұған ешкімнің шамасы жетпейді. Өйткені таланттың өзі қалыпқа сыймайтын, табиғаты сан қырлы, ақылмен түсіну қиын жұмбақ. Сондықтан да көптеген ақындардың поэзия туралы жазғандары тек өз заманына, дүниетанымына, стиліне ғана тән. Барлық дәуірге, барлық шығармашылық бағыттарға заңдылық болатын поэзиялық нұсқаулық жазылмаған және жазылмайды. Егер ондай әдістемелік құрал жазылса, поэзияның тылсым, сиқырлы күші болмас еді.
Әдебиетке қадам басқан әрбір адамның ішкі құштарлығы мен толқуы күшті, жазғандары әдемі, баға жетпестей көрінеді. Тәжірибелі ақындар, әдетте, жаңадан жазған өлеңдерін жұртшылыққа бірден ұсынбай, сөреде сақтайды. Ал әуесқой ақын өз шығармашылығын халыққа тезірек көрсеткісі келеді. Бұл жағдайды бәріміз де бастан өткердік және бұл үшін кінәлауға болмайды. Бірақ бұл күйде ұзақ, кейде өмір бойы қалып, өз-өзіне ғашық боп, басқа ақындарды оқымай, өз туындысын сара оймен талдамай, шығармашылығын жетілдірмеу – жай ғана кінә емес, үлкен күнә.
Өмірдің біршама белесінен асып, асқаралы алпысты бағындырып отырған ақын Мақсат Әлсейіт өз жазғандарына өте қатаң талап қояды. Оның жазған дүниесі жылдап суырмада жатуы мүмкін. Қайта-қайта суытып қарап, шығарманың иі қанған кезде ғана оқырманға ұсынады.
Сіз биік тауға шығып, көз ұшында көлбеңдеп жатқан далаға қарап көрдіңіз бе? Иықта – қанат, жүректе ұшуға деген құштарлықты сезіндіңіз бе? Тіршіліктің уайым-қайғысымен жүрген төмендегі адамдардың бойы мен санасы соншалықты кішкентай болып көріне ме? Сіз өзіңізді барлық өткінші және ұсақ қалаулардан жоғары тұрғандай, Жаратқан иенің алдында, Құдай тағында тұрғандай сезіндіңіз бе? Егер сіз мұны бастан өткерген болсаңыз, онда поэзияны білесіз.
Өнердің барлық түрі сияқты поэзия да адам жүрегіне, рухына нәр беріп, оған қанат беріп, биікке көтереді. Сөз бен әуен, қылқалам мен бояу сияқты, қалам мен сөз – сезімдердің тәрбиешісі әрі кемелдікке жетелейтін ұлы күш.
Адам мен адамның, сөз бен сөздің айырмашылығы бар. Ғұламаның сөзі сана мен ойға бағытталса, ақынның сөзі жүрек пен сезімге бағытталады. Демек, даналық сөздің бәрі өлең болмайтыны сияқты, ақындық сөздің бәрі даналық емес. Кәдімгі өмір логикасына қарағанда, поэзияның өзіндік логикасы бар. Поэзия саласына аяқ басқан әрбір жанкүйер өзіне сұрақ қойып, көркемдік ойлауға бейімділігін анықтағаны абзал.
Негізі, поэзияны түсіндіріп беру мүмкін емес. Өлең талдаумен де оқырманның жүрегінен орын алмайды. Сол мағынада алғанда, кімнің өлеңін оқырман ұнатса, сол – ақын! Басқасы – бос сөз!
«Жаза түс, Мақсат бауырым!» – дегім келеді.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты
ПІКІРЛЕР5