Ұйыған отбасы – ұлт тірегі
07.03.2023
391
0

Баяғыда жақын туыс апамыз болған еді. Жасы 90-ға таяп қалған сол кісі өзінен өзі әңгіме бастайтын. Біз кішкентай баламыз, жүгіріп жүріп құлағымыз шалған кейбірі еміс-еміс есте қалған еді. Ауылдағы арқа сүйер азаматтардың дені соғысқа кеткен кез. Апамыздың өзі балалар үйінде тәрбиеленіпті. Шала орысша сауаты болғандық­тан, белсенді, екі ауылды басқарыпты. Сөйтіп жүріп отбасын да, жұмысты да қатар алып жүрген екен. «Ашаршылықтан кейінгі ауыр кездер ғой, балаларға бір уыс бидайды шашып, жұмысқа кетемін. Кешке мен келгенше балалар ұйықтап қалатын. Ол уақытта балалар өте әлжуаз, қызылшадан балаларым бірінен соң бірі шетінеп кетті. Әупірімдеп жүріп, күйеуімнен қалған жалғыз ұлды, сендердің әкелеріңді бағып-қағып, аман алып қалдым», – деп отырушы еді.

Ол кезде балалар үш ай жазғы демалысты міндетті түрде ауылда өткізетін. Әр үйде кемі жеті-сегіз баладан болса, солардан өрбіген әрқайсында екі-үш бала болушы еді. Сонда өзі бүкірейіп әзер жүрген апамыз барлық немерелерін жинап алады. Оларға қазан-қазан көже пісіреді, күніне он шақты нан жабады. Сондай сұраймыз ғой: «Апа, осы сізге не керек мына бейнет, өзіңіз әрең жүрсіз, демалсаңызшы, балалардың әке-шешелері бар, өздері де бағуға қауқарлы» десек, апамыз: «Әй, баласыңдар ғой, бұл қара шаңырақ маған аманат, мен осы балалардың басын қосып, бауырмалдыққа тәрбиелеймін, ата қоныстарын білсін деймін. Осыған да шүкір, тәуба. Қара шаңырақтың отын өшірмеу үшін маған Алла Тағала ұзақ ғұмыр бергенге ұқсайды. Сол Құдайдың көрсеткен балаларын жиып, бір қазаннан тамақ беріп, осылай басын біріктіре отырып тәрбие берсем деген арманым еді. Менің балам жалғыздық көрді, соның қиындығын көрген ұрпақпыз. Сондықтан жаздай немере-шөберелерімді асыға күтемін, олар келсе ортам толады», – деп отыратын жарықтық. Қарап отырсақ, ол кездердегі апаларымыз ерте жесір қалып, бір-бір тұяқ балаларын жетілдіру үшін жанталасты. Ұлдарын ұлтқа қызмет етуге тәрбиеледі. Осындай алтын жүректі аналарға кейінгі ұрпақ, біздер мәңгі қарыздармыз.
Аллаға шүкір, қазір тоқшылық заман. Не ішемін, не жеймін, не киемін деп бас қатырмаймыз. Дүкен толы азық-түлік. Алайда жастарға қазір отбасындағы құндылық жетіспей жатады. Мемлекет тарапынан жас отбасыларға көптеген жеңілдіктер, түрлі жобалар ұсынып жатады. Баспанамен, жұмыспен қамту бағдарламалары жылдан-жылға көбею үстінде. Тек терең білім мен ептілік керек. «Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» деген тәмсіл де осыған сай айтылса керек.
Елімізде 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Президент жарлығына сай жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі ретінде белгіленіп, сол мейрам қарсаңында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталып отырады. Бұл да мемлекет үшін отбасының маңыздылығы басты орында екенін көрсетеді.
«Отан – отбасынан басталатыны» шындық. Отбасында жақсы тәрбие алған ұрпақтан ұлтжанды, еліне адал қызмет ететін, тәрбиелі, саналы ұрпақ түлеп ұшады. Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Сондықтан ұйыған отбасында дүние есігін ашып, барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ұл-қыздан болашақта Отанымыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосатын ұлтжанды ұрпақ қалыптасады деген сенімдеміз.

Жанна Ақбергенқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір