ӘБІКЕН АҚЫН
Жетісудың жыр жүйрігі, белгілі айтыскер ақын Әбікен Сарыбаев 1926 жылдың 15 мамырында бұрынғы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Қайрақты жайлауында туған. Балалық шағы Аралтөбе, Бірлікте өтеді. Артельдің 4 сыныптық мектебінен сауат ашқан бала Әбікен қарттарға қисса-дастандар оқып беріп жүріп, жаттап алады. Ақын бойындағы өнерге ауыз әдебиетінен құнар алуы түрткі болса керек. Сарыбай қарияның жалғыз ұлы 14 жасында алғаш рет айтысқа түседі. Содан көзі жұмылғанша домбырасын қолынан тастамаған.
Әбікен ақын 1961 жылдан бастап республикалық айтыстарға қатысып, Кеңестік керенау кезеңде қазақтың ерекше өнерінің қайта жандануына үлес қосқан ат төбеліндей азаматтардың бірі. Жетісулық Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев секілді жыр жүйріктерінің дүбіріне ілесіп, ақсақалдардың батасын алған. 60 жылдары сүре және түре айтыстарда ерекше сөз өнерімен ел назарына іліккен Әбікен Сарыбаев пен Қалихан Алтынбаевтың ақындық өнеріне Ғабит Мүсірепов зор баға берген еді. Сол талантының арқасында 1979 жылдан бастап Талдықорған облысының бас ақыны болды.
Қалиханнан бөлек, сол кезеңде халық құрметіне бөленген Көкен Шәкеев, Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбылов, Асылақын Қалиев секілді айтулы ақындардың бәрімен Әбікен Сарыбаев айтысқан. Көкшетаулық Көкен Шәкеев көзі тірісінде өзі жайлы түсірілген деректі фильмде құрдастары Қалихан мен Әбікен жайлы керемет теңеу айтқан. Ол кісі: «Қалихан қасқыр секілді, тура шабам дейді де арандап қалады, ал Әбікен айтыстың қабыланы ғой, қай тарапыңнан баспалап келгенін байқамай қаласың», – дейді. Өнер, мәдениет қайраткерлерінің осындай зор бағасына ие болған ақын жыр аламанындағы өз тарихын:
Өмірдің көз жетпейді есебіне,
Қартайдық, бала едік кешегіде,
Ақыны Жәркенттің кеп айтысқанда
Мінгізіп жіберіп ем есегіне.
Ақыны Көкше-Семей тартысқанда,
Олар да кіріп еді есебіме,
Әсімхан Қосбасаров шайқасқанда,
Оның да ем беріп ем «кеселіне»,
Ұрпағы Жамбылдың кеп алысқан-ды,
Жата алмай жүрген шығар төсегіне, –
деп құрметпен, ақынға тән паңдықпен өрнектеген.
Өмірдің көнеміз ғой жазуына,
Жол бермес көз жұмарда қажуыма.
Обалын көтерем бе мен солардың,
Көп ақын ұнтақталған азуымда, –
деген Әбекең дарын жағынан қазақ жеріндегі өзі қатарлас ақындардың ешбіріне есе жіберген емес, ал дәріптеу жағынан… Ақын – ар-ұят дегеннің синонимі. Ол – қоғамның ар-ұяты. Жүрегіндегі мұңын, көңілдегі шерін, көзіндегі жасын, тасыған қуанышын дәріптеген, өз санасын өрге жетелеген ақынын ұмытқан қоғам – шалажансар қоғам. Қоғамның көзін байлап, құлағын бітеп тастайтын – көркеуделер. Әбікен тірісінде солардың кісәпірлігін көп көрген жан. Адамдықты аяғына басқандардан жерінген ақын ақырында келмеске кетті, ал көркеуделер қалып қойды. Ақынға деген астам көзқарастары көпке дейін сақталып келді. Олар бір нәрсені түсінбеді: мансап – жалған, ақын – мәңгілік! Олардың жанығып жиған дүниесі мен атағын таразыға салса ақынның бір ауыз сөзінен жеңіл болып шығады. Сондықтан мансап пен атақ – арсыз! Жыр – кие! Тезек төренің Бақтыбай мен Сүйінбайға шапан жауып, ат мінгізуі осыны ұға білген көрегендігі. Былтыр Талдықорғандағы айтыста жас ақындардың бірі осы заманға:
Бұрынғының төресі Тезек еді,
Бүгінгінің төресі тезек терді, –
деп әдемі баға берді. «Тезек тергендер» бұрын да болған…
Әбікен тірісінде табалдырық тоздырып, төмендемеген, «осы ойды айтсам біреудің көңіліне келеді-ау?» деп жырына опасыздық жасамаған, көкейіндегісін бүкпеген, өр мінезді ақын. Ол мінез жырларынан, ел аузындағы естеліктерден анық байқалады. Пенделікке салынғанға Әбекең мәңгілік-таразысы барын ескертеді:
Ай, пенделер, пенделер,
Бұларыңыз болмайды.
Топырақ басса денеңді,
Ұйқың сенің қанбайды.
Жатарсың жалғыз төмпешік,
Сұрамас ешкім қал-жайды.
Немесе:
…Бір күні жөнелерміз киіп кебін.
Қатын да, бала-шаға опа болмас,
Олар да ізденеді тауып жөнін.
Сондықтан дүниеге қызықпаңдар,
Бір күн бар, бір күн жоқта алып-берім.
Кезінде Әбікеннің өлеңдерін жинақтап, екі кітабын шығарған, Сарыөзектегі Мәдениет үйіне ақынның есімін беруге түрткі болған КСРО Журналистер одағының мүшесі, ұзақ жылдар «Кербұлақ жұлдызы» газетін басқарған Бақыт Әлімов ағамыз «Жоқшысы жоқтың өзі де жоқ», – деп, көп жұмыс атқарды. Екінің бірі «мәдениет қайраткері», «Қазақ ССР халық ақыны» деген атақ алып жатқанда Әбікен секілді талдықорғандық дарын иелерінің елеусіз қалғанын талай мәрте ащы сарказммен жазды да. Дарыны дарынын таныған ел ғана алға басатынын Бақыт аға жақсы білген. Бүгінде Әбекеңе де, Бақыт ағаның өзіне де сол атақ түкке керек емес! Ақынша айтсақ: Өлеңді бірге-дағы көмбейді ғой, Ендеше Сарыбаев өлмейді ғой! Олардың жаны жай тапқан! Олардың соңында Сөз қалды, сөз болғанда да жүрек лобытар жылымшы емес, жаныңды жылытар, қаныңды ойнатар, ойлы, өр Сөз. Артында өлмес сөз қалдырған адамда арман жоқ. Әбікеннің жазба жырларының біразы қазақы қара өлең секілді 7-8 буыннан келеді. Оқығанға жеңіл, ұйқасы шымыр жолдардың арасына үңілсең тығылып жатқан терең ойдың сүрлеуін байқайсың. Көптен бері ешкім көзге ілмеген, аяқ баспаған сүрлеу…
Бағың жанса басыңа,
Өрге де тасың домалар.
Бағың тайса басыңнан,
Ала күшік қуалар…
Басынан бағы тайып, ала күшіктің шәуіліне қорланғандар аз ба осы қоғамда? Күшікке емес, қолыңда дәулет тұрғанда кердең қақтырған кеудеңдегі «ісікке» өкпеле дейді Әбекең:
Ойлан, түсін, жігіттер,
Осы айтқаным шын болар.
Асқынып аса кетпегін,
Сендерге түбі сын болар.
Ақындық – Алладан келер қасиет! Жаратушы дарын иесіне қара тасты қақ айырар тіл, сол тасқа мәңгілікке қашалып жазылар жыр береді. Бесік басында айтылар әлдиден, жаназаңда оқылар Құранға дейін сол жыр. Сондықтан Әбікен ақынның шумақтарынан «сы-
йынып Тәңір, Құдай-ды», «Құдайым, тілек бере көр», «Алланың ризамын мұнысына», «Бір Алладан сұрадым», «Бір Алла жан біткенге дем беретін, Алла жазса әрбір іс кез келетін», «Әуелі Алла, жараттың, Он сегіз мың ғаламды» дегендей жолдарды көптеп кездестіруге болады. Атеизм асқынған, коммунистік партия күшейіп, «Алла» дегенді алқымнан ала түсіп тұрған кезеңде мұндай жырлар жазудың ақынға абырой әпермегенін бәріміз жақсы түсінеміз. Ол да түсінген және егесіп, адамнан көрі тек Алламен сырласқан, тек Алламен мұңдасқан Ақын болғанды жөн көрген! Жары Рәзиха қайтыс болып, шиеттей бала-шағамен қалғанында да тек Тәңірімен тілдесті, шерін соған айтты:
Е, Алла, не жазып ем зарлатқанда,
Көзімен моншақ жасты парлатқанда.
Қолыма қалақ алып жүгіремін,
Түн жарып, ертеңгісін таң атқанда, –
дейді.
Сөйте тұра:
Жарайды, әйел алдым, үйге кірді,
Дұрыс қой әр мезгілде алса тілді.
Қайрамай науқас пенен балаларға
Қайтемін күндер өтіп, болса жынды, –
деп балаларының өзгеге жәутең қақпағанын, 15 жасында қосылған қосағының орнын бөтен жан баспағанын қалайды. Адамдық пен сезімге адалдықтың биік шыңы деп осыны айтса болар! Тіпті, «Сегіз баламен оңай ма?» деп жанашыр болған, Өрік деген көрікті келіншекпен қайта отастырмақ болған ағайынға:
Құдайым-ау,
Рәштің орнын басар Өрік пе еді,
Дәл қазір маған керек көрік пе еді.
Өріксіз де қара қазан қайнап жатыр,
Қатынсыз бұл Әбікен өліп пе еді?! –
деп, бет қайтаруы оның адамдық қырын, әкелік парызға деген жауапкершілігін аша түссе керек. Көзі жұмылғанша осы ойынан қайтпады, босағасын бөтен әйелге аттатпады.
Әбікен ақынның 1987 жылы қанқұйлы Колбинге хат жазғаны да көп насихатталған жоқ. Ол хатта не айтылғанын хатты жоқ қылып, бос конвертті ақынның қолына ұстатып кеткен сол кездегі облыс басшылары, қазақ «Үш әріп» деп атайтын қызметтің өкілдері ғана білсе керек. Хатты көрген аздардың бірі Бақыт Әлімов естелігінде: «Хатты оқыдым, ішінде ұятты сөздер баршылық екен», – деп жазады. Мұндай мінез кімге ұнасын. Алла ақын етіп жаратқан адамға облыстық мәдениет бөлімінен «ақын» деген жазуы бар куәлік берілуі сол бірбеткейлікке жасалған көп қысастықтың бірі болса керек. Ол куәлік те, Колбинге жазылған хаттың жұрнағы да өнерге деген көзқарастың айғағы есебінде ақынның мұражайына қойылды.
Ақын адам заманынан оза туады, сол үшін азап шегеді. Әбекең де өз дәуірінің қалыпқа сыймаған тұлғасы болып, өмірден озды.
Өлең сөздің патшасы Абай өткен,
Жарлы менен жетім үшін қызмет еткен.
Қан сұрапыл соғыста домбыра ұстап,
Жамбылдың естілген-ді үні өктем.
Жүз жастың жағасына жармасумен,
Жалғаннан тоқтамастан ол да кеткен.
1988 жылдың 11 қарашасында әкеміз Әбікен де кетті… Өз шаңырағына жайлы мекен болған Балғалысының етегінде жер-көрпесін қымтанып жатыр… Ол көз жұмғалы 30 жылға жуықтап қалса да әлі зерттелмеген жырлары, танылмаған болмысы бар. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірті Айтақын Бұлғақовқа жазған хаттарының бірін: «Басшыларға айт, ақын жеңілмейді, дұрыс баптамаған ері мен елі жеңіледі. Сәлеммен ақын, қайтпас Әбікен Сарыбаев» деп аяқтаған екен. Жыры жұрт жадында жүрген шайырды жеңілдіге, өлдіге санауға болмас, жыр – мәңгілік, демек, ақын да ғұмырлы!
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,
республикалық
«Парасат» саяси-қоғамдық,
мәдени-танымдық журналының
Бас редакторы.