Тағдырлы кейіпкерлер тартысы
28.12.2024
422
1

Орталық Азия елдерінде роман жазған тұңғыш әйел қаламгер Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толды. «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдарын жазған, білікті публицист, белгілі аудармашының шығармашылық ерекшеліктері туралы шағын топтаманы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

РОМАНДАРЫ ТУРАЛЫ

Сара Мыңжасарованың «Қыр қыздары» (1970) ат­ты романында ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ әйел­дерінің тағдырын сөз етеді. Жазушының «Әйел бақыты» (1981) ат­ты романы – «Қыр қыздарының» өңделген, толықтырылған нұсқасы. Роман оқиғасы Жетісу өлкесіне келген алғашқы революция дабылын, байлардың есігінде жүрген жалшы-батырақтардың бас көтеріп, ауылда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысуын көрсетуге арналған. Романның негізгі желісі Қазан төңкерісіне де­йін теңдік ала алмаған, мал орнына сатылып келген қазақ қыздарының, әйелдердің қасірет­ті тағдырын, жарқын болашаққа ұмтылуын көрсетуге құрылған. Романның оқиға желісі Сарманның Қаншайым, Гауһар деген екі қызының төңірегінде өрбиді. Қаншайымды айт­тырған Досанның үлкен ұлы Асыл кенет­тен қайтыс болып, кіші ұлы Қалдыбек он үшке толған бойда оған жесірін алып береді. Жазушы Қаншайымның Қалдыбектің ержетуін күтіп жүруі арқылы қазақ қыздарының тағдырына байланған тірлік көркем бейнелеген.
Жаңа заманның тууына байланысты Гауһардың өмірге деген көзқарасы да өзгереді. Оны Жұманның алып қашуынан түк те шықпайды. Гауһардың неке суды төгіп тастауы – қазақ қыздарының жаңа заңға сүйеніп, бас бостандығы үшін күресе ұмтылуының көрінісі.
Сұлусарыны делегат болдың, жаңа заңды қостадың деп күйеуі Елпанның ұрып өлтіруі – ХХ ғасыр басындағы бір ұлттың рухани қаталдығының көрінісі. Сұлусарыны арашалаймын деп Елпанның таяғына жығылған Қаншайымды жар ету Қалдыбектің ойында да жоқ. Себебі ол – атам қазақтың әмеңгерлігінің жөнсіз екенін түсінген жаңа заман жасы. Сондықтан Қалдыбек Қаншайымның өз бақытын табуына тілектестік білдіреді. Жазушы ғасыр басындағы әйел теңсіздігін осындай нақты оқиғалармен аша білген. Романдағы Нұржан мен Ақтай, Кенжәлі мен Жапарқұл, Гауһар мен Балымай – жаңа заман жастары. Гауһарды оқтан аман алып қалу үшін өзін оққа тосқан Сар­ғасқа Елпанның оғы­нан қаза таба­ды. Олар Қытай ауып бара жатқан Жұ­ма мен Елпан­ды қуып жетіп, Сұлу­сары мен Сарғас­қа үшін Елпан­ды оққа байлай­ды. Елпанға оқ атқан Балымай мен Гауһар – бас бостан­дығы, әйел бақыты үшін күресе білген қазақ қыздары.
Сараның «Төзім шеңбері» (1987) ат­ты романы «Осылай ма едің, махабббат», «Ұждан», «Ой үстінде», «Кез­десу», «Қанат­ттану», «Дүние кезек» деген бөлімдерден тұрады. Жазушы «Жаным, сені осылай өмір бойы көтеріп өтем» дейтін Сәлкеннің Мәскеуде он жыл оқыған соң, жарынан безіне бастауының сырын ашуға тырысқан.
Жазушы үздік оқитын Іңкәрдің әке-шешесі ажырасқан соң өз мектебіне бармай, интернатқа кетіп қалуы арқылы ата-ананың теріс әрекеті бала психологиясына қат­ты әсер ететінін көрсетуге тырысқан. Әкесінің бұларды тастап кетіп, басқа әйелге үйленіп балалы болғанын естіген Іңкәрдің оған деген көңілі суып шыға келеді. Осы арқылы балаларды алдауға болмайтынын түсіндіреді. Іңкәрдің Андрейге бауыр басып, оның мамасына да ұнауын асыға күтуі олардың арасындағы сезімді шыңдай түседі. Осылайша, жазушы бір дәуірде өмір сүрген түрлі жастағы әйел-аналардың тағдыры арқылы қазақ қыздарының әр дәуірдегі тағдыр-тау­қыметіне үңілген. Ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңнің бала психологиясына кері әсер ететінін Іңкәрдің өмірінен көруге болады.
Қорыта айтқанда, бұл дәуірде қазақ жазушылары екі адам арасындағы махаббат­ты үлкен әлеумет­тік мәселе ретінде көтере білді. Кейіпкерлер бойындағы сыршыл сезім кең құлашты романдарға арқау болды. Олар адам бойындағы сан-алуан сезім күйлеріне үңілу арқылы лиризм мен психологизмді дамыт­ты.

Гүлжаһан ОРДА,
филология ғ.д., профессор

Публицистикасының көркемдігі

Сара Мыңжасарова – өзінің замандастарының басынан өткен қайғыны, ауыртпалықты, бәрін-бәрін тамаша түсініп, сезінген публицист. Себебі өзі қиын күреске толы ғұмыр кешті. Қарымды журналист, Қазақ­стан және Орталық Азия әйелдері арасынан шыққан тұңғыш романист-жазушы, публицист, аудармашы.
1960 жылдың наурыз айында «Коммунизм таңы» газетінде, ке­йін «Замандастар», «Өмір көріністері» жинақтарында жарық көрген «Айдындағы ат­ты әйел» очеркінің кейіпкері Әсем Бабыловаға тән өжет­тілік, қажырлылық, еңбекқорлық пен ер мінезді қасиет Сара Рахманқызына да тән. «Казахстанская правда» газетінің 1969 жылдың ақпан айында, ке­йін «Замандастар», «Өмір көріністері» жинақтарында жарық көрген «Үкімет мүшесі» немесе «Жетім қыз» очеркінің кейіпкері Зәбира Сумесінова сияқты шығыс әйелдеріне тән имандылық қасиетімен бірге, өз пікірін еркін білдіріп, өз талабын қоя білетін мінез Сара Рахманқызында болған екен. 1961 жылдың 18 шілдесінде «Первая» ке­йін «Өмір тынысы» деп кеңейте толықтырылып жариялаған Ғазиза Жұбанованың шығармашылығын шыңына шығара дәріптеген материалы жұрт назарын ерекше аударған еді.
Қаламгердің сөз қолданысы дегеніміз – оның шеберлік мәнері, стильдік ерекшелігі, идея­ны жеткізуі, көркемдіктің жаңа құралдарын жасай білуі. Адам тағдыры мен еңбегін, қоғамның кезек қүт­тірмес мәселелеріне үн қосуы Сара Мыңжасарованың пубилистік портрет­терінен айқын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, біз Сара Мыңжасарованың публицистикасының бейнелеуші-көркемдеуші құралдары мен түрлерінде: жанрлық табиғатымен, сюжет­тік құрылысымен, көркем-публицистикалық детальдарымен, кейіпкерлер диалогтарымен, авторлық баяндауларының тұшымдылығымен ерекшеленеді.
Публицистің мақала, очерктері дәуір үніне сай қоғамдық, әлеумет­тік мәселелерге арналған. Оған басты себеп – Сара Мыңжасарованың адам табиғатын танып, тағдырын түсініп, оны оқырманға жеткізе білуінде. Автордың публицистикасында жеке адам арқылы қоғамды сипат­тап, көрсетеді. Жалпы, публицистің очерктерін тақырыптық-типтік тұрғыдан қарастырғанда былайша жүйелеуге болады: оқиғалық-портрет­тік очерктері; қысқа очерк­тер – адамның жан дүниесіне үңілуден жаңа түрлерінен туындаған еңбектері; жолсапар очерктері, проблемалық очерктер.
Сара Мыңжасарова публицистикасының басты тақырыбы – адам және қоғам. Очерктеріндегі кейіпкер характерін ашуда өзіндік ерекшелігі — бас кейіпкердің азамат­тық тұлғасы, халқының тағдырына деген жауапкершілігі, Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі алынады. Сара Мыңжасарованың публицистикасының басты идеясы – еліне адал еңбегі сіңген кейіпкер оқиғасын баяндау және оқырманға әсер ету.

Меңдігүл Шындалиева,
филология ғылымының докторы

Шығармаларындағы психологизм

Сара Мыңжасарова шығармаларының психологиялық қырына зер салғанда байқағанмыз, кейіпкердің жан дүниесіне үңілу, оны әр қырынан танытатын көркемдік құралдарды пайдалану қаламгердің шеберлігіне, талантына байланысты. Шығармашылықтың қазіргі кез­дегі даму жағдайына сәйкес уақыт талабы Н.Г. Чернышевский айтқандай, «адам жанының диалектикасын» ашу, бүгінгі қаһарманның рухани әлеміне психологиялық талдау жасау жазушыдан көп ізденімпаздықты қажет етеді. Жазушы қарапайым жұмысшылар мен мәдениет адамдарының психологиясын зерттеді десек, демек ол жалпы әр салада қызмет ететін жандарға тән басты қасиеттерін, мінез-құлықтарын жеке адам арқылы сипаттады деп түсінген жөн.
Материалдың көркемдігін таныту үшін ең бастысы – психологизмнің болуы. Сара Мыңжасарованың шығармашылығында психологиялық талдаумен қатар, өзі өмір сүрген қоғамды көркем суреттеу бар.
Көркем шығармаларында жазушы кейіпкердің мінез-құлқын сипаттауда психологизмнің екі түрлі аспектісін алады. Бірі – жеке адамның мінез-құлқын оның ойы, эмоциясы арқылы сипаттаса, екіншісі – адам мінез-құлқын психологиялық суретсіз-ақ беруге болады. Мысалы, алғаш 1960 жылы Алматы облыстық «Комунизм таңы» газетінде жарияланған, кейін «Замандастар» очерктер жинағында жарыққа шыққан «Айдындағы аттылы әйел» очеркінде бас кейіпкер Әсем Бабылованың ішкі жан дүниесін тікелей еш жерде суреттемейді, алайда оның батыл характері мен еңбекқор қасиетін тек қана іс-қимылынан, әрекеттері мен әңгімесінен аңғарамыз. Жазушы шеберлігі оның психологиялық құбылыстарын психология ғылымына қайшы келмейтіндей етіп, ақиқат күйінде бейнелеуінде болса, қаламгер шеберлігі шығарманың басты идеясын көркем түрде жеткізе білуінде. Осы тұрғыдан алғанда, психологиялық суреттеу көркем шығармалармен қатар, публицистикада да зор маңызға ие.
Сара Мыңжасарова алғаш 1957 жылдың маусымында «Семиреченская правда» газетінде, кейін 1972 жылы «Замандастар» және 2002 жылы «Өмір көріністері» очерктер жинағында жарық көрген «Ана жүрегінің ерлігі», 1963 жылдың қазан айында «Казахстанская прав­да» газетінде, «Уақыт сыны» немесе «Жақын жандар» деген атаумен кейін 1972 жылы «Замандастар» және 2002 жылы «Өмір көріністері» очерктер жинағында жарияланған, 1969 жылдың ақпан айында «Казахстанская правда» газетінде, кейін 1972 жылы «Замандастар» және 2002 жылы «Өмір көріністері» очерктер жинағында жарық көрген «Жетім қыз» немесе «Үкімет мүшесі», 1972 жылы «Замандастар» очерктер жинағында жарияланған «Ақ ниетті адам» тәрізді очерктерінде адам сезіміне терең мән беріп, толық психологиялық портреттер жасап шыққан.
Сара Мыңжасарованың еңбектерінде кейіпкер психологиясын ашуда кешегі мен бүгінгі өмір, уақыт пен кеңістікті ұтымды пайдаланылады. Болған оқиғаларда өткен мен бүгінгі күннің сабақтас келуінің философиялық мәні зор. Жазушы шығармашылығындағы кейіпкердің тұрмыс-тіршілігі елдегі әлеуметтік психологиялық құбылыстармен тығыз байланыста бейнеленеді. Осы тұрғыдан алғанда, көркем шығармалардағы психологизм мәселесін зерттеудің қажеттілігі неде деген сауал туары заңдылық. Жазушы психологияның ғылыми заңдылығына емес, оның әлеуметтік түп-тамырына назар аудартады. Адамның қоғамдағы орнына, содан туындайтын психологиялық құбылыстарға баға бере отырып, оның әлеуметтік маңызын ашуға талпыныс жасайды.
Сара Мыңжасарова шығармаларындағы психологиялық талдауға тән ерекшелік – автор даусы мен кейіпкер үні өзара үйлесімділік тауып жатады. Автор не кейіпкер монологы оның дүниетанымын, көзқарасын, мінез қырларын ашып көрсететін психологиялық құрал ретінде оқырманның ойына ой қосады.
Сара Мыңжасарова шығармашылығындағы негізгі объект, басты екпін – қоғам көрінісін ашатын әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Жазушы-публицист шығармашылығындағы образдардың типтік айырмашылығына келер болсақ, олар – шартты түрде жағымды кейіпкерлер. Оның әр жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген көркем әңгімелері мен очерктерін оқи отырып байқауға болады. Қаламгер еңбектерінде кейіпкер образын оқырманға жеткізуде оның адамдық қасиеттері мен болмыс-бітіміне, дара қасиеттеріне, еңбегіне баса назар аударған. Бұдан біз суреткерге тән шеберлікті танимыз.

Алмагүл Құрманбаева,
филология ғылымының кандидаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.01.2025 | 00:22

«Жетісу өлкесіне келген алғашқы революция дабылын, байлардың есігінде жүрген жалшы-батырақтардың бас көтеріп, ауылда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысуын», «Қазан төңкерісіне де­йін теңдік ала алмаған, мал орнына сатылып келген қазақ қыздарының, әйелдердің қасірет­ті тағдырын, жарқын болашаққа ұмтылуын» — деп әлі күнге осылай жаза береміз бе? Әлде оны сыншының сол кеңес заманындағы әлдебір рецензиядан не аннотациядан сол қалпында көшіріп ала салуы деп бағалаймыз ба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір