Әлімжет­тікке жол беруге болмайды
09.03.2023
202
0

Тал шыбықтай бұралған қыз ғұмыры қашанда нәзіктікті қалайды. Алайда өмір өзінің ағынын қай арнаға бұрарын кім білсін. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көреміз деп сөз байласқан ерлі-зайыптылар арасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны тағы бар. Десе де…

Бірде бір құрбымның ішкі жан дүниесін мазалайтын әңгімесін айтқаны бар еді. Оның 4-сынып оқып жүрген кезінде анасы қайтыс болыпты.
«Әкем екеуі жиі ренжісіп, үйде ылғи ырың-жырың көп боп тұратын. Оны бала көңіл ұнатпасақ та біздің қолдан не келуші еді. Солай болу керек шығар деп жүре беріппіз. Содан бір күні сабақтан келсек, әкем абайсызда шешемізге қол жұмсап, қате тиіп, шешем сол жерде қайтыс болып кет­ті. Әкем түрмеге түсті, біз – бес бала жетім қалдық.
Өміріміз астан-кестең болды. Бес бала туған-туысқанды жағалап ер жет­тік. Ананың орны бөлек қой. Қыздардың еті тірі болады демекші, қыздар өз тіршіліктерін жасап кет­ті. Мұнда ортамыздағы жалғыз ініме өте ауыр болды. Ол нәбәрі 3 жаста қалған еді. Қазір жасы 40-қа таяп қалды. Отбасын құрмады. Қыздардың да жағдайларының жақсы боп кеткені шамалы. Менің де отбасын құрып, мамыражай өмір сүрмегенім сендерге аян. Міне, отбасындағы кикілжіңнен, ұрыс-керістен, ауыр жағдайлардан 5 баланың өмірі тас-талқан болды. Әкеміз түрмеден шыққан соң көп ұзамай қайтыс болды. Өлер шағында ғана кешірдік-ау. Онда да ауыр халде болатын. Қазір ойлап тұрсам, анамның осыншама шыдап жүре бергенін әлі күнге түсінбей келемін. Анам біздің тағдырымызды ойламағаны ма екен? Бізді осындай жағдайда тастап кетем-ау. Балаларым не болар екен деп анам байғұс ойланды ма екен, жоқ әлде сол өмірін қалыпты жағдай деп ойлаған-ау шамасы деп түсіндік» деп айтқанда, ішіндегі өкпесі мен сағынышын байқап қалдым.
Міне осындай отбасындағы кикілжіңдер үлкен қайғы-қасіретке әкеп соқтыратыны жанға қат­ты батады. Ерлі-зайып­тылар отбасын құру алдында өздеріне көп жауапкершілік туындайтынын ой елегінен өткізуі керек. Балаларға жайлы жағдай жасау, үйдің берекесін келтіру, әке мен шешеге тікелей байланысты. Жалпы қазақ әйелдері көнбіс, қарапайым боп келеді. Біздің қызды тәрбиелеу менталитетіміздің өзіндік ерекшеліктері бар. Ер адамды сыйлау, құрмет­теу қазақ қыздарына тән қасиет десек те болады. Бірақ соны пайдаланып, ер адамның өктемдігіне қалыпты жағдай деп қарауға болмайды. Әлсіз әйел, балаға қол көтеру, зорлық-зомбылық жасау – заң алдында да, ар алдында да қылмыс. Балалар осындай отбасындағы жан-жалдарды өте ауыр қабылдайтынын ата-анасы түсінгені жөн. Үйлену оңай, үй болу қиын деген – осы.

Жанна Ахатқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір