«ЕҢБЕК ЖОЛЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
«Атамекен» өнер ордасында «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еңбек күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, еңбекшілер әулеттері, жұмысшы мамандар, жастар қатысты.
Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 34 үміткер қатысты. Атап айтқанда, «Үздік еңбекшілер әулеті» аталымында 7, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында 12, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында 15 үміткер бақ сынады.
Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, атакәсіпке адалдық танытқан тасқалалық Мұқановтар әулеті «Үздік еңбекшілер әулеті» аталымы бойынша көш бастады. Әулетте бірнеше буын ұрпақ мал шаруашылығымен үзбей айналысып келеді.
№1 қалалық емхана қызметкері Ләззат Наушанова «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жеңіске жетті. Медицина саласындағы 30 жылға жуық еңбек өтілінде ол 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген.
«Орал құс фабрикасы» кәсіпорнында слесарь-оператор болып жұмыс істейтін Дмитрий Нернов «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша І орынға ие болды. Ол аға буын әріптестерінен тәлім-тәрбие алып, өзінің кәсібилігі мен жауапкершілігін таныта білді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз залға жиналған еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, оларға аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтауын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қай кезеңде де елдің тірегі – еңбекқор азаматтар», – деп атап өткен болатын. Бүгінде еңбекқорлық, кәсібилік пен жауапкершілік «Адал азамат» қағидатының негізгі құндылықтарына айналып отыр. Елге қызмет етудің ең абзал жолы – адал еңбек ету, – деді Нұрділдә Ораз.
Салтанатты шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері сый-құрметке бөленді.
АЙМАҚ БАСШЫСЫ АҒАШ
КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗДЫ
Дүниежүзілік тазалық күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының Солтүстік-Шығыс шағынауданындағы жаңа тынымбақта ағаш көшеттерін отырғызды. Экологиялық шараға мемлекеттік қызметшілер, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.
Тынымбақ аумағына 21 қайың мен 5 шырша көшеті егілді. Жасыл желекті одан әрі күтіп-баптау жұмыстары қалалық коммуналдық мекемелерге жүктелді.
Аймақ басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және табиғатты аялау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі қағидаттардың еліміздің жаңа Конституциясында көрініс тапқанына тоқталды.
– Табиғатты қорғау – құр сөз емес, баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасады, – деді Нариман Төреғалиев.
Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы жұмыстар облыстың барлық қала-аудандарында ұйымдастырылды. Жалпы сенбілікке 14 562 адам қатысып, 148 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 459,3 тонна қоқыс шығарылып, 180 түп ағаш отырғызылды.
Аталған жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, елді мекендердің көркін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ
ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол жүрісі мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режимде қатысты.
Өңірде биылғы 8 айда жол-көлік оқиғаларының саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14%-ға төмендеді. Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 15%-ға, зардап шеккендер саны 14%-ға азайды. Жол-көлік оқиғаларының ішінде жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайы жиі тіркеледі. Есепті кезеңде мұндай 212 оқиға тіркелген. Оның 187-сі жүргізушілердің, 25-і жаяу жүргіншілердің кінәсінен туындаған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, биыл 292,9 шақырымнан астам жолды жөндеуге 48,6 млрд теңге бағытталып, жол құрылысы және жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында облыста жылдамдықты бақылаудың 135 автоматты жүйесі жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталған жүйелер арқылы 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрады.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Нариман Төреғалиев жауапты мемлекеттік органдарға, қала және аудан әкімдеріне жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар жолдардың жай-күйін жақсарту, жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жедел жою және жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
БӨРЛІ АУДАНЫНЫҢ
ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ақсай қаласында Бөрлі ауданының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеру мәселесіне ерекше тоқталғанын айтты. Президентке кен орнында құны 1,7 трлн теңге болатын, жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысының басталатыны баяндалды. Бұл – Қарашығанақтың өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретін маңызды жоба.
Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ауданның даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Оның айтуынша, кейінгі 4 жылда аудан экономикасына 1 трлн 208,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Оның 1 трлн 136,6 млрд теңгесі – жеке инвестиция.
2024–2026 жылдары ауданда 1608 орындық төрт мектеп, жеті медициналық нысан салынды. Ақсайдағы ауруханаға қосымша үш корпус салынып жатыр. Нысан Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарына қызмет көрсететін ауданаралық аурухана болады.
2023–2026 жылдары 82,3 млрд теңгеге 294,9 шақырым жол жөнделіп, жаңғыртылды. Облыс әкімі Ақсай мен Оралды жалғайтын жол құрылысының аяқталуға жақын екенін айтып, 15 қазанда жол толық ашылатынын сүйіншіледі.
Инфрақұрылымды дамытуға 10,9 млрд теңгеге 88 жоба жүзеге асырылды. Аудан халқы ауыз сумен 100 пайыз, табиғи газбен 99,8 пайыз қамтылды. 547 отбасы баспаналы болды.
Аймақ басшысы Ақсай қаласының тазалығы мен абаттандырылуына оң бағасын беріп, бұл бағыттағы жұмысты өзге аудандарға үлгі етті.
Кездесуде тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, медицина мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру, медиацияны дамыту, салықтық жеңілдіктер қарастыру мәселелерін көтерді. Облыс әкімі сауалдарға жауап қатып, тиісті тапсырмалар берді.