Әдеби байқау жеңімпаздары анықталды
24.12.2024
474
0

Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде «Алтын қалам» әдеби байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл әдеби ортада танымал «Алтын қалам» жүлдесінің дүниеге келгеніне 15 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай ұйымдастырушылар арадағы үшжылдық үзілістен кейін байқаудың жаңа маусымын қайта жариялады.

Қалам ұстаған жас дарын, жаңа есімдерді оқырман қауымға таныстыруға септігін тигізіп келе жатқан «Алтын қалам» әдеби байқауы Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен өтті. Сонымен қатар жобаға бас ақпараттық серіктесі «Русское радио», «Қазақстан» баспасөз клубы, «КТК», «31 телеарна», «Almaty.tv», «Меломан» сауда желісі, «Сапалы Қазақстан» порталы, «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі, «Massaget.kz» жастар порталы, «Айқын», «Жас Алаш» басылымдары ақпараттық қолдау көрсетті.
«Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру қажетін, сондай-ақ қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді. «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдайды. Сондықтан биыл біз қазақтілді авторлардың шығармаларын көпке таныстыруды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі – көркем әдебиет. Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін», – деді әдеби байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.
Мерейлі датаға тұспа-тұс келген биылғы «Алтын қалам» байқауына 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа онлайн түрде дауыс берді. Байқауда келесі номинациялар бойынша әдеби туындылар іріктеліп, үздік жеңімпаздар анықталды:
1. Жылдың үздік балалар шығармасы – Нұрбек Нұржанұлы;
2. Жылдың үздік поэзиясы – Алтынбек Мерсадық;
3. Жылдың үздік прозасы – Бекен Ыбырайым;
4. Жылдың үздік сатирасы – Асхат Өмірбаев;
5.Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы – Бақыт Жамалиева;
6. Жылдың үздік киносценарий және драматургиясы – Шаридияр Уәлиханов.
Байқау нәтижесі бойынша ұйымдастырушылар жеңімпаз атанған үздіктердің үздігіне естелік және ақшалай сыйлықтар табыстады. Жеңімпаздар арасынан 1 000 000 теңгелік бас жүлдені «Уран кеніші» атты туындысы үшін Бекен Ыбырайым иеленді.
«Қаламгерлердің шығармашылығын ынталандырып, түрлі туындылардың сапасы мен деңгейін саралап, іріктейтін осындай байқаулар міндетті түрде қажет. Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – көпшілікке белгісіз жас жазушыларды оқырманға таныту, оларға материалдық және моральдық қолдау көрсетуінде. Сондықтан да біз «Алтын қалам» байқауының ұйымдастырушылары мен қолдаушыларына алғыс айтамыз», – деді байқау лауреаты Б.Ыбырайым.
Байқау жеңімпаздарының шығармалары жылдың соңында жеке жинақ түрінде жарық көретін болады. Осы орайда шараға қолдау білдірген Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов: «Кітап – руxани байлықтың көзі. Кітап оқыған адамның тілі бай, ой-өрісі кең, жан-жақты, өз пікірін еркін жеткізе алатыны белгілі. Жалпы, жақсы кітап оқу өмірде жекетұлға болып қалыптасуға үлкен ықпал етеді. Сондықтан да біз «Алтын қалам» секілді мәдени-ағартушылық бастамаларды қашан да қолдаймыз», – деді.
Айта кетейік, «Алтын қалам» – ұсынылған туындыларға тағайындалған қазылар емес, оқырман қауым өздері тікелей баға бере алатын Қазақстандағы алғашқы әдеби байқау. Үш айға созылған дауыс беру қорытындысында оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар екінші кезеңге өтеді. Ақтық іріктеуде қазылар алқасы әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды жасырын дауыс беру арқылы анықтайды. Бұл жерде әдеби шығармалардың авторлары көрсетілмейді. Байқау қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына қамқор көңіл азаматтардың ұйымдастыруымен 2009 жылдан бері өткізіліп келеді.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір