«Мизам» жобасы мәресіне жет­ті
15.07.2025
217
1

Осыдан 3 ай бұрын жас ақын, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жетісу облысы бойынша меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек пен «Құрмет» орденінің иегері, «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы «Мизам» ат­ты жылжымалы әдебиет мектебін құрған болатын.

Облыс әкімдігі және мәдениет, білім басқармаларының қолдауымен жүзеге асқан жоба көктем мезгілінде Жетісу жеріндегі көк өскіндей өскелең ұрпақты әдебиетке тарт­ты, кітап оқуға деген ынталарын оятып, өлең, эссе жазуға шыңдады. Осылайша бастапқыда 200 баланы оқытып, солардың ішінен тым болмаса, 20 жас талант­ты тауып, қанат­тандырсақ деп жоспарлаған жобаның қорытынды кешінде 100-ге жуық бала белсенділік танытып, рухани көшке ілесе білді.
Осылайша, Жұматай Әміреев пен Мұхтар Күмісбек 3 ай көлемінде облысымыздағы 8 аудан, 2 қаланы аралап, әр өңірде апта бойы жас талант­тарға дәріс берді. Алғашқы кезеңде көздеген мақсат­тан биік нәтиже көрсеткен жобаның ауқымы кеңеюі мүмкін. Өйткені аталған жылжымалы әдебиет мектебіне еліміздің Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары да ынта танытып отыр.
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өрнек тапқан қорытынды кештің алғашқы бөлімінде 8 аудан, 2 қаладан арнайы келген шәкірт­тер мен олардың жетекшілерін қарсы алу салтанаты ұйымдастырылды. Жазу шеберлігі мен кітап оқу мәдениеті бойынша тәлім алған 200-ден астам оқушының финалдық кезеңге жолдама алған 100-і қызыл кілем арқылы Оқушылар сарайына енді. Онда бүгінгі таңда ұлт әдебиетіне өзінің кесек-кесек, шырайлы туындылары арқылы олжа салып, ел сүйіп оқитын авторға айналған Есболат Айдабосын, Қанат Тілеухан, Ерғали Бақаш сынды ақын-жазушылардан қолтаңба алу рәсімі өт­ті. Ақтық сынға келген 100 оқушға «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі сыйлаған 100 кітапқа қолтаңба қойылды.
Қорытынды кештің келесі бөлімінде ақын-жазушылар «Мизам» мектебі саралаған оқушылармен кездесті. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесу барысында әр шәкірт өзін толғандырған сауалдарды қойды.
«Құндылықтар құнсызданғандай көрінген бүгінгі уақыт­та жарыстың түрі көбейді. Біреулер смартфон арқылы жарысып жатса, кейбіреулер өзінің дәулеті арқылы өзгеден бойын озық еткісі келеді. Алайда Абай айтпақшы, адамның адамнан биіктігі тәрбие, ақыл, біліммен ғана өлшенеді. Біз біреуден тек білім арқылы ғана оза аламыз. Сондықтан да жарыстың үлкені, нағыз аламаны – білім», – деді жазушы Қанат Тілеухан сауал қойған «Мизам» мектебінің шәкіртіне. Қаламгер өзінің «Медаль» шығармасы желісінде оқушылар тарапынан қойылған бірнеше сауал төңірегінде жауап берді.
Өз кезегінде «Қызыл сақа» секілді әңгімелері арқылы сауал жолдаған шәкірт­терге жазушы Есболат Айдабосын лайықты жауап берсе, ақын Ерғали Бақаш ұлт­тық таным, әдебиетке құштарлық тұрғысында ойын ортаға салды.
Осылайша ақын-жазушылардың шығармасындағы өзін толғандырған тұсын сұрап, сан түрлі тақырып талқыға түскен кеште «Мизам» мектебінің шәкірт­тері көпті алғырлығымен қуант­ты. Жат­танды емес, мірдің оғындай сауалдар қойды. Ұлт­тық тұрғыда толғандырар тақырыптарға бастар сан сауалға жауап іздеді. Игілікті шараның негізгі бөлімінде Жұматай Оспанұлы мен Мұхтар Күмісбек «Мизам» жылжымалы әдеби мектебінің жұмысына аз-кем тоқталып өт­ті. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
«Кітап оқуға мен де құштар жанның бірімін. Әрбір өнегелі іс пен өміршең дағдының бастауында ізгілік, мейірбандық, елжандылық пен дүниеге деген айрықша көзқарас тұрса ғана ол жемісті болмақ. Жастарды әдебиетке, өнерге баулу, таным көкжиегін кеңейту жолындағы бастама басында нысаналы болғанымен, бара-бара жобамыз мектепке ұласты. Мұның басы-қасында жүргеніме өзімді бақыт­ты санаймын, енді мектеп «Мизам» университеті деген ауқымға дейін арна тапсын», – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Қазақстанның Құрмет­ті жазушысы Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым және Жангелді Немеребай сынды зиялы қауым өкілдері мен шараның қадірменді меймандары ақтық кезеңге жолдама алған 100 оқушының арасынан үздік деп танылған 15 оқушыны марапат­тады. Үздік 15 шәкірт сапынан танылған жас саңлақтар «Мизам» мектебінің Алғыс хатымен, 50 мың теңгелік сертификатпен марапат­талды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.07.2025 | 22:40

Бәрекелді! Жетісу қаламгерлерінің қарқыны басылмасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір