СӨЗ ӨРНЕГІНЕН ӨЗ ӨРНЕГІН ТАПҚАН ДАРЫН
23.05.2023
362
0

«Менің суретшілерім» сериясымен басталған эсселер жинағы алыс-жақындағы бейнелеу өнері иелерінің басын құрай, көпшілікке суретшілер шығармашылығын насихат­тап, сонау Рембрандт барып, мынау Қайрамбаев келіп жүрсек те, тап жанымыздағы әріптесіміз, суретші Ералы Оспанұлы туралы айтуға келгенде іркіле, шығармасын талдауға «тұсала» беріп­піз. Оған себеп, Ерекеңнің суретшілігінің кемел, тілдік қорының ерек екендігінен болса керек. Бара салып, көре қалып, отыра кетіп жаза салатындай оңай-оспақ емес, күрделі, сан қырлылығынан шығар? Оның үстіне, «айтқаннан кейін жетесіне жеткізе айтсақ, жазғаннан соң оның салмағын бір мысқал кемітпей жазсақ» дейтін жауапкершілік жүгінің ауырлығы және бар.       

Ералы Оспанұлы – Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбек сынды сөз майталмандарының еңбектерін жинақтап шығарған, «он мың адамның жұмысын жалғыз өзі атқарған» сұрапыл еңбекқор, әкесі Әсілхан сияқты. Зәуде сөйлеп бір кетсе, дүйім жұрт­ты сілтідей тындыра өзіне қаратып, сөзіне ұйытатын анасы – Оразкүл тұрпат­ты. Құдай тағала молынан жарылқап, кесек талантпен қоса, жан-жақты қылып жаратқан Ералы суретші қара қарындаштың өзегінен бал тамызып, акварель қағазынан шәрбат ағызды. Қадау-қадау топтамалар жасап, полиграфиялық мүмкіндіктер ойлап тауып, сериялап кітаптар бастырып, ою-өрнектер жинастырып, оны заманауи компьютер бағдарламаларына ендіре бейнелеп, жарыққа да шығарды. Киносценарийлер жазды. Тарихи тұлғаларды да зерт­теді. Көрмелер ашты. Картиналарының алыс-жақын шет елдерде вернисаж ленталары да қиылып, кітаптары кәдесый болып мұхит асты.

«Ана»

 

* * *

«Қансонар. Аңшы»

Иә, Ералы суретші – қара қарындаштың өзегінен ақ бал тамызған адам. Ол – ата-бабамыздан жеткен «тасқа басқандай» деген тіркеске, түркілерден қалған «кара даш» деген сөзге адал суретші. Орыстардың лексиконынан айналып келіп бізге жұққан, тілімізге түскен «карандаш» ұғымы сонау түркілерден барған «кара» – қара, «даш» – тас сөзі. Яғни, бояуға, сызуға жарайтын, тас тектес қара графит. Ералы Оспанұлының бейнелеу әлеміне қара ілестіріп, қағазға түскен сонау студент­тік балаң сызбаларынан бастап, тап бүгінгі қуат­ты штрихтарының барлығы дерлік кәдімгі қара қарындаш өзегінен шықты.
Ол әуелі басында пісіп, кеудесінен лықси шыққан композиция-суретке ақ қағазды аямай, аса жұмсақ қарындашпен құшырлана шимайлап, жырта өшіріп, бастыра сызбалап, әбден иін қандыра, эскиз нобайлап алады да, онысын аса сапалы қағазға тазалай түсіреді. Әрбір қарпін күйдіріп басатын лазерлі принтердей емес, әр сурет­тің жарты миллиметріне дейін қағаз бойлай ықтият­тап құя, мөлшерлей төге жағатын құймалы (струйный) принтер-плотердей жоғарыдан төмен немесе сол жақ жоғары бөліктен оң жақ төменгі бөлікке дейін жұдырығын жылжыта, 0,5 мм-лік, өткір, «НВ» мөлшерлі, «KOH-I-NOOR» маркалы механикалық қарындашты қымтай ұстап, саусақ ұштарын қимылдата, қолын қағаздан бір көтерместен, (еш жеріне резеңке-өшіргіш тигізбестен) толайым бітіріп бір-ақ шығады.
Ералы суретші копмпозициясының басты ерекшелігінің бірі – сурет­терін дөңгелек (домалақ) пішінмен шешетінінде. Мысалы, «Бүркітші» картинасында сурет­тің маңдайындағы аңшы қамшысы созылып барып қыранның құйрығына тисе, бүркіт шеңбер бойлай, созыла беріп, бөріге тырнақ салады. Аңшының мінген аты шалқалай құлаған, ажал сәті келген көкжалды тебе, екі алдыңғы аяғын (айнала шеңбер компзицияны жалғастыра) бүге қалады. Ат­тың бүгілген аяқтарының тұсынан ертоқымның өмілдірігі жалғасып, сағат тіліндей жылжыған динамика-қозғалыс жануар­дың жалымен жалғасады. Жылқының жалы тағы да шеңбер бойымен өріле, жалғаса барып тізгінге жымдасады. Әлгі тізгін оңға қарай бұрылған оның мойыны-басына, сағалдырық жүгенмен байланысады. Кекілі аңшының созылған оң қолына, кезегінде оң қол қамшысына барып жалғасады. Міне, айнала тұйық композиция! Тап-тұйнақтай. Жұп-жұмыр.
Дөңгелек (домалақ) қалыпты шешімнің ортасына ат­тың дене тұрқы, саны-құйрығы, ат әбзелі, аңшының белдігі-белінен бұрала сыртқа қараған тұлғасы, етік, шалбары, жеңсіз ықшам киімі, бүркіт ұшырғанда қолында қалған балдағы, биялайы, бөркі, шықшыты шығыңқы келбеті, сықсия біткен көзі, портреті түп-түгел өз сәтімен орналасып, әрбір деталь тәптіштей бейнеленеді. Өмілдірік, былғары тоқым, құйыс­қан-ішпек, кемер белдік, тізгін бетіндегі ұсақ өрнектері де ерінбей-жалықпай, термелей салады. Сөйтеді де сурет­тің тұтастығына еш залалын тигізбей, әсем жымдасып, әсерлі жараса қалады. Әншейіндегі қарындаш сызу құралы емес, жансызды түртіп қалса-ақ тіріле беретін сиқырлы таяқшаға айналады.
Дөңгелек әдіс «Алдар көсе» болып, «Ғашықтар», «Қыз қуу» болып жалғасып, ұзара, саны көбейе, қарасы молая, тұтасып кете барады. Бұл ұтқыр домалақ пішіннің ішінен ұшып қырғилар, қалқып қарлығаштар өтеді. Бұғып байғыз да отырады. Жорғалап жылан кіреді, тасбақа да жатады, әрі-бері домалап. Мүжілген бас, қу жауырын да осында. Дауылпаз-домбыра да кездесер. Нарқобыз шалына ма? Келі, келсап та табылып, күбіден қымыз пісіле ме?
Стилистикалық қолтаңбаға бағын­дырылған адамдар келбеті, түр-тұлғасы, оған деген анатомиялық үдде еш бұзылмайды. Әдіске қарай бірде созып, бірде жиырылса да, бірде үлкейіп, сәт­те кішірейсе де әлгі қимылдың растығына шүбәсіз сенесіз. Автордың алғыр ақылынан хабар беріп, сурет­терінің өн бойында сәт­ті юмор, ащы сарказм да жүреді.

 

* * *

«Қыз қуу»

Естіп-білгені мен оқыған-тоқығаны мол, диапазоны кең Ералы суретші лашындайын сорғалай-құйылып мифологияны іледі. Құлаштай жүзіп, фоль­клор жағалауына жетеді. Шығандап Әл-Ақсаға кетеді. Өзіміздің бал-балдан тартып, қияндағы Сфинкс, перғауындарға барады. Бейбарыс сұлтан образын қаузайды. Түбі түркі мәмлүк кейіпкерлері шірене жақ тартып тұрғаны, емінте найза сұғып жүргені, һәм шылпыра жеңіліп те жатқаны. Картиналарында «Бақ тайып» жатқаны, «Күн тұтылып» қалғаны, құлдық қамыты киіліп, қан кешіп, жанталас уысына түсіп кеткені де көрінеді. Сыбызғы шалып, жан еліткен бейқұт заман да, бесік тербеген, әлди жыры да ажар көрсетеді.
Жапан халқы тап қазір өздерінің экономикалық үрдісіне қайшы болса да, әлі күнге дейін күріш шаруашылығын жүргізетін көрінеді. Себебі күріш егудің өн бойында жапаның ұмытылып, архаикаға айналып бара жатқан өте көп, көне, жәдігер сөздері бар екен. Ералы Оспанұлы графикасы да сондай. Қазақтың естен шығып, көзден жырақ, көмейден тысқары қалған есіл сөздеріне тұнып тұр. Ол – «Тоғым» тұрпат­ты, «Кісе», «Ысқыш», «Жаушы», «Қылшан», «Гүрзі», «Қазық бау шалу», «Күрмеу» секілді сөздердің суретін салады. Оны білген жанға іштей күбірлете, қайталатады. Ералы суретшінің білмейтіні жоқ. «Қоқаман» дейді, «Обыр», «Жылбысқы», «Шимұрын», «Әбілет», «Шойлан» дейді. Сөйтеді де сол айтқандарын бейнелейді. Әлгі құбыжықтардан жаныңыз түршігеді.
«Атасының баласын» көріп шат­танасыз, айбыныңыз асады, «Күн кешуін» көріп жасисыз, «Қайран-айы» мен «Жаушысынан» қамығасыз. «Кәріқыздан» қабағыңызға кірбің түскендей ме, «Арман-айдан» опынғандайсыз ба? «Еңіреген ер», «Есіл ер», «Асыл ерден» де солай…
Зергерлердің күміспен жұмыс істегенінде «қаралау» дейтін әдісі болады, күмісті тотыққандай етіп, әдейі қарайтып, жасаған бұйымына байыр­ғы түр беріп, әдейі «қартайтатын»… Ералы суретшінің де графикасы сол, тотықтырылған күміс секілді. Қара қарындашпен қағазға мыңдаған бейне салып отырып, нәтижесіне сол, қазаққа етене, жұмсақ металдың нәтін, табиғатын сіңіре дарытады. Шығыңқы бедерлі, ойлы-қырлы рельефті, біртұтас, қымбат та құнды. Шекіме жасап тұсыңа ілгің келеді. Күмістен рельеф етіп құйғың келеді. Тасқа басып, офорт қылғың да келеді.
Оның суреті жазықтық бетін, қағаз жүзін толық пайдаланады. Оймақтай да бос орын қалдырмай, түгел жабады. Шаршы, айқыш, дөңгелек пішінді композициясының өнбо­йын толтырып тастайды. Әншейін штрихтармен емес, құрған желісіне орай, кейіп­керлердің қозға­лыс-қимылына қарай, қару-жарақ, аң-құстарға бейімдей, кемерлей бекітеді. Өрмелеген жылан да – сонда, өрнектелген киім де – сонда, көшпелілердің оқалы бұйымдарына да тұнып тұрады.
Ералы суретшінің картиналары қазақтың киім энциклопедиясы сынды. Тақия да бар, сәукеле, кимешек, орамал, жаулық, шәлі де молынан кездеседі. Тымақ, бөрік, мұрақ дейтін қазақпен қоса жасасқан баскиім, басқа да киім-кешектер өз өрнегімен, өз орнымен, өз жүйесімен кейіпкерлерін байыта, кемелдендіреді.
Кейіпкерлері бірде арындай жұлқынады, бірде тына қалады. Сурет­теріне ылғи бір қарама-қарсылық арқылы жан бітіреді. Кейде бұрала-ширатыла жасалса, кейде құйылып барып, кенет қатып қалғандай болады. Қарға мен аққудай кереғар. Контраст. Қырғауылын қаршыға жұлмалап жатады, ат­тарын бөрі еңсеріп, ішек-қарнын жарады. Қылдай нәзік қыз-келіншекті саусақтары добалдай, желкелері жотадай, жайын ауыз, жалмауыз жауыздар байлап-матап әкетіп бара жатады. Композициясының тығыздығы сондай, арасына ине батпайды. «Шап­қыншылық», «Барымта», «Текетірес» картиналары осы сөзімізді қуат­тай, еселей, үстей түседі.
Қаракөл қозы ұстаған әйел де, қолына томағалы сұңқар қондырған жігіт те, дырау сығымдаған бала да, алдына немере отырғызған қария да суретпен жарасып, өрнегі әнебір әженің өрмегімен шебер жымдасып, сурет­ші­нің қолына арбала бағынып, түрлене тіріліп, көруші алдына айдары желбірей тартылады.

 

* * *

«Ғашықтар»

«Оның әр суреті өз алдына жеке әңгіме іспет­ті». Халқымыздың ауыз әдебиеті мен терең пәлсапасын емірене жұтқан Ералы болмысы мыңдаған сурет­ті түйдек-түйдегімен салып, көруші назарына тең-теңдеп ұсынады. Дәстүр-салтына жеке-жеке тоқталып, сурет-иллюстрация етіп жасап, альбом-кітап бет­терін сықап және тастайды. Оның творчествосы қазақтың ән-күй, айтыс-терме, ертегі-аңыз, батырлар-ғашықтар жырына тамырын тарбайта жайып, нәр сорып жатыр. Суретші халықтың аузынан түспей келе жатқан ерлердің образын да жасайды. Батырларын да келбет­тейді. Мифтік кейіпкерлерін де сомдайды.
Меніңше, Ералы Оспанұлы шығармасының ең бір айтулы, қапысыз салынған, көрген суретшіні тәнті етпей қоймайтын топтамасы «Қазақ батырлары» шығар? «Бақ тайды», «Тағдыр оғы», «Батырлар» деп келетін аса күрделі, ішкі динамикаға толы картиналары – композициялық өрілуі, жасалуымен, тәптіштей салынуымен, саңылау екеш саңылаудың өзі дәл-дөп түскенімен аса құнды шығармалар. Ұсынып найза шаншыған, құлаштап қылыш сілтеген, көтеріп бөрілі байрақ ұстаған, жебесі морт сынып, алдаспаны кетілген қым-қуыт аласапыран сурет­тер автордың нағыз шебер екенін паш етеді. Қолы қарулы ма? Қарулы. Көзі қырағы ма? Қырағы. Білімі Мәриан шұңғымадай терең бе? Әлбет­те!
Осы топтамасын қарап отырсаңыз – әлдебір қыран байрақтың сабын шеңгелдеп тұрғаны, жапалақ жылан қылғытып ұшқаны, бөрі найза сабын шайнап жатқаны… Ал түсініңіз? Ал байыбына жетіңіз?
Жанторсықтың төңкерілгені қандай, тасбақаның домалағаны қалай? Қарғаны ителгі тебе ме, ат­тары кісінеп, көкке үні жете ме? Жақтың адырнасы үзіліп, қорқауды ілбісін жара ма? Жаралының ыңыранғаны құлаққа келе ме, шашылған қауырсынды жел көтере ме? Шатынап айна сына ма, үзіліп жауқазын, төңкеріліп қазан қала ма? …Картиналары бір сызығын келесі сызығы әдемі жалғап, бір дақты бір ақ сәтімен жауып, бір штрих шашақ болып басталып, бір сызба ат­тың жалы болып жалғасып, жеңіс рахаты мен жеңіліс күйініші қос-қосымен өріліп, қосақтаса, қантамыры адырая, көз алдыңызда дірілдей тұрып алады.

«Шапқыншылық»

* * *

Өнер иесінің шығармасы мен адамгершілік келбеті, кісілік болмысы көбінше теңгерлімей, бірін екіншісі басып кетіп жатады. Бұл рет­те Ералы суретшінің таразысы тең. Безбені қалыпты. Әлеумет­тік келеңсіздіктерге қасқая қарсы тұрып, қызылкеңірдек болып оның әділ бағасын да беріп, орыс тілділердің өзін сөзден ұтып, қазағын уәжіне жығатын да, туған-туысын алға сүйреп, «локомотив» болып жүрген де – осы, Ералы Оспанұлы.
Ол көркемдеп сурет те салды, келістіріп жазу да жазды. Ұртында қуақы қалжың жүгіртіп, қалың шешеннің арасына қаймықпай кіріп, әлгілермен қағыса-соғыса, һәм боқтаса футбол ойнап, өкпесі өше доп қуып та жүрген – бір Өзі.
Ерағамыздың «моңғолдар шап­қыншылығы» сияқты, «сал-серілер» тұрпат­ты, «осы менікі ғана жөн, оны аксиома деп қабылда» дейтін астамшылдау пайымдарымен келісе де бермейміз (өзіміз «Сәйгүлік семантикасын» молынан салғандығымыздан, суретші Ералының ат­тары сиықсыздау, тапалдау, мәстек болып көрінетіні және рас). Көзі тым қысық, бет сүйегі тым шығыңқы, мұрағы милығына түскен кейіпкерлерінің қайталанып қалатынымен де ымыраласа қоймаймыз. Десек те, ұшан-теңіз еңбегі еш болмаған, қисапсыз жасағаны қаймана жақсысына жеткен суретшіге, оның биік рухына ризашылығымыз шексіз. Осы күндері ажарлы кейпі пәс болып, қағаберісте қалған графика жанрының кемерін мейлінше кеңітіп, оның еңістеген ғазиз басын өр еткен еңбекқор суретшіге айтатынымыз тек алғыс!

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір