МАРХАБАТ
Қоғам жаңарып жатыр. Өмірімізде өркенді өзгеріс аз емес. Солардың бірі – айтулы тұлғаларымыздың мерейжастарының, торқалы тойларының аталу деңгейінің көтерілуі, зиялылық сипатының өсуі. Айшықты жазушы, айтулы публицист Мархабат Байғұттың сексен жылдығы Оңтүстік өңірде – түркінің төрі Түркістанда, шырайлы Шымкентте, табиғаты тамылжыған Түлкібаста қатарынан үш күн бойы өтіп, кітапқа, әдебиетке, қаламгерге құрметтің келісті көрінісіне айналды. Біз бүгін оқырман назарына мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың 16 мамыр күні әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінен үзінді ұсынып отырмыз.
* * *

Біз бүгін туғанына сексен жыл толуын атап өтіп жатқан Мархабат Байғұт барған сайын былығыңқырап бара жатқан мына дүниеде тазалығын, мөлдірлігін, жүрегінің пәктігін, сезімінің сұлулығын анадан туғандағыдай саф күйінде сақтай алған сиректердің бірі еді. Тазалықтың туындай тұлға еді. Мархабатпен кездесу тұрмақ, жолығысып, емен-жарқын әңгімелесу тұрмақ, жай ғана жұмыс бабымен телефон арқылы сөйлескенде де жанымыз бір жасап қалушы еді.
Сөзімнің ара-арасында есімін толық айтып, «Мархабат» деп қалатыныма онша таңданбаңыздар. Мәселе қазақ айта беретін «бес жас бел құрдаста» емес. Қазақта сөз ұстаған адамға көрсетілетін құрметтің бірі – есімімен аталуы. Былайша айтқанда, фамилиясынан айырылуы. Негізінде, ғасырлар бойы кім-кімді де есімімен атап келген елміз ғой. Біз Қасым, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Фариза деп сөйлесек, бұл оларға құрметіміздің кемдігінің емес, қайта құрметіміздің бөлектігінің белгісі. Әдетте, бұлай сөйлеу ақындарға қатысты айтылады. Ара-тұра прозашыларды да есімімен атау кездеседі. «Әбіштің ойлау мәнері», «Оралханның тілі», «Дулаттың юморы» деген сыңайда айта береміз. Біреу-міреу «Әбішің кім?», «Оралханың кім?», «Дулатың кім?» деп жатса, ағылшындар айтатындай, өзінің проблемасы, яғни өзіне қойылған диагноз. Есімімен аталу – олардың бөлекше танымалдығының ғана емес, бөлекше қадірлілігінің де келісті көрінісі.
Мархабат та сол қатарға қосылатындардың бірі. Алдағы уақытта оның аты-жөні де көбіне есімімен аталады деп ойлаймын.
Әрбір мықты талант сияқты, Мархабат Байғұт та көп қырлы болатын. Жазушы ретінде де, сөз зергері ретінде де талай жайды айтуға мүмкіндік бар. Осында үлкен азаматтар бар. Бауыржан келіп отыр. Әмірханды, Нұрғалиды көріп тұрмын. Мықты әдебиетшілер. Сөз тиіп жатса, таратып айтар, айтпаса жазар. Әдетте, сан қырлы талант иелерінің негізгі қыры алға шығарылады да, басқа қырлары көмескілене береді. Бұл әділеттілік емес. Мен өзіме бөлінген шектеулі уақытты Мархабаттың алуан қырлы ақ алмас сияқты асыл талантының бір ғана қырына – журналистігіне, публицистігіне арнамақпын.
Бір сұхбатында былай депті: «Мен әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Түлкібас ауданының «Шамшырақ» газетінде 6 жыл, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 10 жылдай, «Егемен Қазақстанда» 5 жыл қызмет атқардым. Журналист болмасаң қалай күн көресің? Жазушылықпен күн көре алмайтынымызды сіздер де білесіздер. Сондықтан журналист болдық. Оған өкінбеймін. Публицистикаға ойысып, шерін тарқатып, қоғамға, адамға қажетті мәселелерді көтеріп жүрген жалғыз мен емес, бұл салада бізден әлдеқайда мықты жазушылар көп. Шығармашылықты тоқтатып қойып, таза журналистикаға ойысып кетті деу ойланатын мәселе екен. Бірақ дәл қазір ішінара көркем шығарманы да күйттеп жүрміз. Журналистикамен де күн көріп жүрміз».
Солай деуін дегенмен, Мархабат Байғұт газет жұмысын ешқашан тек күнкөріс көзі, тіршілік талғажауы деп қараған емес. Аудандық газеттегі алты жылда, облыстық газеттегі он жылда жазғандары жөнінде ештеңе айта қоймаймын, әрине. Ол жылдарда біз, негізінен, республикалық газеттерде ауық-ауық шығатын мақалаларын ғана оқитынбыз. Бірақ «Егемен Қазақстандағы» бес жылы жөнінде айтамын және айтуға тиістімін де. Өйткені бұл шаруаға менің тікелей қатысым бар.
Дәл кеше, 15 мамырда, «Егемен Қазақстанда» Дихан Қамзабекұлының «Қалам қазанаты» атты мақаласы жарияланды. Салмақты сөз, терең талдау. Сол мақаланың бір тұсында автор былай дейді: «Қаламгер М.Байғұттың «Шамшырақ», «Оңтүстік Қазақстан» мектептеріндегі публицистикасын аласартпай, «Егемен Қазақстан» газетіндегі байыпты тәжірибесін, ізденісін алқалағымыз келеді. Оның себебі де бар.
Бірінші себеп – Махаң «Егеменге» ақшаңқан алпыстан асып, «аса таяғын» ұстап, қаламгерлік адалдығына, айбарына сеніп келгені.
Екінші себеп – мерзімді басылымның бағы мен бағасы сынға түскен кезеңде алысты болжайтын санаткер, газет президенті Сауытбек Абдрахмановтың «Мархабат Байғұт – Оңтүстік өңір (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда) бойынша «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі» деген тың жобасы. Бұл – байырғы Түркістан аймағындағы кемі 5 миллион отандастың рухани-мәдени, әдеби-көсемсөздік талғамын түзеу деген сөз. Біздіңше, бұл жоба 2008 – 2012 жылдары сәтімен жүзеге асты».
Ол былай болып еді.
Осы жаққа жүрерде Махаңның қызы Ақлимаға хабарластым. «Папаңыздың мен туралы бір жазғанын таба алмай отырмын», – деп мақаланың жай-жапсарын түсіндірдім. Кешке қарай ол мақала қолыма түсті. «Интернеттен таппадым, бірақ компьютерімнен шықты. Сонда сақталыпты. Өзім терген екенмін», – дейді Ақлима. Онда Мархабат ағамыз былай деп жазады: «Тағы бірде сапарлас боп қалдық. Келестің белестеріне қарай биіктеп барамыз. Шымкенттен шыққанбыз. Қазығұрттан асқанша үнсіз-тілсіз күйде едік. Біз сәл-пәл жұмыссыздау жағдайда жүргенбіз. Сәукең: «Газетіміз жүз отыз мыңға жуық тиражбен тарайды. Кітаптарыңыз бір-екі мың данамен ғана шығады» деңкіреп, «әдебиет әуесқойлықтың әуезесіне айналып, талғамсыздық топанына тоғытылып тұрған тұста» дегендейін тереңірек толғаныстарға берілді. «Қазығұрт әсер еткендей-ау» деп үнсіз тіл қатқандай күй кештік.
Үш күннен соң Астанадан қоңырау шалды. «Өткенде газетіміз бен кітабыңыздың таралымдарын тектен-тек айтқан жоқпын. Бізге тілші болмаққа қалайсыз?» – деді. Екі күн бұрын ғана облыс әкімі Болат Жылқышиев жаңадан құрылатын тіл басқармасына шақырған еді. Келісімімізді беріп қойып ек. Осыны айттық.
Арада үш жыл өтті.
Бұл жолғы қоңырауды біз шалғанбыз. Амандастық. Үнсіз қалдық. Сәлден соң: «Сәуке, үш жыл бұрынғы ұсыныстарыңыз күшінде ме? Ертең 63-ке толамыз. Он екі күн бұрын берген өтінішімізге сәйкес – ертең түс қайта қызметімізді өткіземіз», – дедік…
Ертеңіне Сәукең әдемі әзілмен әдіптей сөйлесті: «Сізді орысша айтқанда «разъездной корреспондент» ретінде қабылдауға келістік. Оңтүстік өңір бойынша. Жамбыл мен Қызылорданы да қамтисыз. Бірақ қалай ойлайсыз, «жүргінші тілші» дейміз бе, әлде (рақаттана күліп) «жүргіш тілші» дейміз бе, соған қиналып отырмыз», – деп бір тоқтады. Сонсоң: «Жарайды, әзіл ғой, «арнаулы тілші» деп бұйрық береміз. «Журналист жолда жүргенде» деген айдар басты айдарыңыз болады», – деді. Одан бері де үш жарым жылдай уақыт заулап, зуылдап өтіп кетіпті».
Дәл солай болып еді.
Біз жетпіске толғанда жазған «Іні-досқа ілтипат сөз» атты мақаласында былай дейді: «Білеміз. Білген соң айтамыз. Қарамағыңызда жұмыс істедік. Қатар жатқан үш облысты қатар шарлатып, қалағанымызды қалағанымызша жаздырғансыз. «Заманында мына көкеңізге Сауытбегіңіздің өзі бірнеше жыл құда түсіп жүріп, жұмысқа қоймай шақырып алған» деп шалқая шіренетін де шамамыз бар». Махаңның осындай жылы юморы болушы еді ғой.
Содан Мархабаттың журналист ретіндегі ең бір жұлдызды жылдары басталды. Біз ол кісінің күнделікті, тығыз шаруаларға жегілмейтінін, жедеғабыл тапсырмалар бұрынғыдай сол үш облыстағы меншікті тілшілерге тапсырыла беретінін, жүргінші тілші газеттің ұйымдастыру сипатындағы жұмыстарына араластырылмайтынын редакция ұжымына басын ашып айттық. Махаңнан біз проблемалық материалдар, адам тағдырына қатысты оқырманның жан-жүрегіне жететін мақалалар күттік. Күткенімізді алып та отырдық. 2010 жылы «Қазақстан» баспасынан «Замандастан мирас» сериясы бойынша жарық көрген «Сағыныш саздары» атты кітабына енген мақалалардың барлығы дерлік «Егемен Қазақстанда» шыққан дүниелер. Несін айтасыз, сол жылдарда қалың жұртшылық Мархабат Байғұттың бірінен бірі өтетін, қозғайтын мәселелері ауқымды, ойы терең, тілі татымды публицистикалық толғамдарын, елдің бәрін елжіретіп жіберетін ерекше эсселерін тамсана оқитын. Мархабат «Егемен Қазақстан» арқылы ұлттық журналистикаға көркем әдебиеттің өзіндік өрнегін жарасымды түрде жымдастыра білді, публицистикаға сазды сөзді, сырлы суретті қайта алып келді деудің еш артығы жоқ. Мархабаттың мақалаларынан кейін редакциямыздағы журналистердің тіл өрнегінде кәдімгідей өзгеріс болғанын бәріміз көріп, сезіп отыратынбыз. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Оралхан Бөкейдің қара сөзбен жырлаған очерк, суреттемелерінен кейін біраз адамның оған еліктеп, сөз қуалап, сөйлем созып кеткені де есте. Одан соң журналистикада ақпарат алға шықты да, газет қызметкерлерінің негізгі міндеті хабарлау, мәлімдеу, мәселе көтеру сияқты ұғым қалыптасып кетті. Ал, шын мәнінде, сол алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарда мақаланы, очеркті барынша көркем жазуға ұмтылғандардың талайы көркем әдебиеттің көшіне қосылып, қазақ прозашыларының қатарын қалыңдатқан еді. Сол қуатты толқынның талантты өкілі Мархабат Байғұт кейіннен прозаның барша жақсы қасиеттерін журналистік нақтылықпен, публицистік өткірлікпен ұштастырып, қазақ баспасөзін жаңа бояулармен байытты. Мархабат прозаға журналистиканың көкейкестілігін алып келді, журналистикаға прозаның көркемдігін алып келді. Бұларды бір-бірімен жарасымды жымдастыра білді. Екеуі бір-біріне кедергі келтірмеді.
Тіл философиясы бойынша еңбектерімен ерек танылған Людвиг Витгенштейннің «О чём невозможно говорить, о том следует молчать» деген сөзі бар. Біздің де бір көлікте келе жатып, ара-арасында бір-бірімізге қарап қойып, іштей сөйлескендей күй кешетін кездеріміз талай болып еді.
Сол сәттерді қазір сағынамын. Жалпы, мен Мархабатты сағынамын. Өзін де, сөзін де сағынамын. Жас күнімнен сыртынан қатты қадірлеп өскен адамымның бірі еді Мархабат. Алпыс жасқа толғанымда да, жетпіс жасқа толғанымда да Шымкент пен Түркістандағы мерейтой кештерімді өзі жүргізіп беріп еді Мархабат. Жетпістің жотасына шыққанымда жазған эссесінде содан он жыл бұрынғы тойдың суреттерін көз алдыма келтіріп еді Мархабат.
Былай деген болатын: «Іні-досым менің! Сол бір сары алтындай, саф таза, кіршіксіз күлімсіреген күзіңіз күні кешегідей-ақ көз алдыңызда шығар-ау. Алты асқардан асқаныңыздағы сол алтынсары, айтулы күзді айтам да. Шымкентіңіз шырайланған. Бұрынғысынан бетер. Сарыағашыңыз сағыныштың сабатындай абаттанған. Көркем Келесіңіздің белестеріндегі бетегелер басына мизам ілініп, ақ сәлкеш орамалдай алаураған. Поэзия патшайымы Фариза әпкеміз әуестенгендей, күллі күнгейіңіз күлімдеген. Алпысыңызда, талтүсіңізде қуанып кімдер келді десеңізші сонда?! Әбішіңіз зайыбымен. Фариза әпкеңіз. Сәбит ағаңыз зайыбымен. Сейіт көкеңіз зайыбымен. Әлібегіңіз, Әбдімүтәліңіз, Тілеуқабылыңыз, Заманбегіңіз, Құлбегіңіз, Ағайдарыңыз, Жұмабегіңіз…»
Махаңның кісілігіне, ұстамдылығына байланысты мынандай бір жайды айтайын. Алпысжылдықтың сол сапарында Шымкенттегі облыстық
театрда өткен салтанатты кештен кейін ертеңіне Қазығұртқа жол жүрдік. Әкімдік сүліктей қара алты джип бөліпті. Әр көлікке үш адамнан. Биік таудағы Ұя ауылына бардық. Ұядағы, одан кейін Сарыағаштағы, одан кейін Келестегі кездесудің бәрі керемет өтті. Жол жүрісіміз де жақсы болды. Солай санап, солай ойлап келдік. Сөйтсек… дәл ондай болмаған екен. Оны арада бірнеше жылдан кейін Махаң айтты. Сөзден сөз шығып, жол дегеннің қиындығы жөнінде әңгіме қозғалған еді. Жүргізуші жауапкершілігі жайында әңгіме ете келіп, Махаң: «Құрсын, ана жылы Қазығұртыңызға барғанда, бізді Құдай сақтап қалды ғой», – деді. Ол Әбіш аға мен Клара апайға бекітілген екен. Қиқалаңдаған тау жолымен келе жатып, олар мінген джип кенеттен жолдан шығып бара жатады… Жолдың оң жағы құлама сай… «Өлтіресің бе!?» деп жан дауысым шықты», – дейді Махаң. Сол сәтте жүргізуші рульді бұрып үлгереді. Шопыр жігіт қалғып кеткен екен!.. Жүрісін оңдаған соң: «Кешіріңіздер, кеше тойда болған едім…» – дейді.
Мархабаттың орнында басқа адам болса не істер еді? Көлік ауылға жете салысымен, «ойпырмай, жаңа жолда бізді Құдай қақты» деп бастап, дабдырлай жөнелер еді, бәрін егжей-тегжейімен айтар еді. Сонда не болар еді? Ұядағы негізгі әңгіменің бірі сол оқиға болар еді. Тойдағылардың бәрінің көңілі түсіп кетер еді. Шырқымыз бұзылар еді. Әбіш ағаны қолқалап, ауылға шақырғаныма қатты қиналар едім, кінәлі сезінер едім. Ал одан не түседі? Міне, менің Мархабат ағам осындай сабыр иесі, осындай көркем мінезді кісі болатын. Қайсыбірін айта берерсің!
«Іні-досқа ілтипат сөз» атты мақаласының тағы бір тұсында былай дейді: «Сағыныштан жаралғандай Сарыағаштағы, өскен өңіріңіз Келестегі кездесулерді кестелесек, ұзағыраққа кетіңкіреп қалармыз. Құдалықта болдық қой. Абыз Әбіш – бас құда. Фариза әпке – бас құдағи. Сейіт аға – тең төраға құқында. Шіркін-ай, мұндай да ғажайып құдалық болады екен-ау, деп таңданысқан жұртшылық».
Уақыт өтеді. Адамдар да өтеді. Басқа заман жетеді. Бірақ менің елдегі алпыс- жылдық мерейтойымда қазақтың Әбіші мен Фаризасы, қазақтың Сәбиті мен Сейіті болғаны Мархабат Байғұттың жазуымен келер күндерге кетеді. Бәрі ұмытылса да, бұл ұмытылмайды. «Әбіш пен Фариза шашбауын көтеріп жүрсе, елдегі тойына арнайы барса, тегі, ол кісінің де тегін адам еместігі шығар» дейді сол келер күндердің оқырманы. Ол күндерде де Мархабат Байғұттың кітаптары оқыла беретініне сенемін. Басқасын былай қойғанда, мен Мархабат ағама осы үшін де қарыздар болып өтемін.
«Мархабат» сөзінің түбі арабтан келгенін,мағынасы кең екенін білесіздер. Орысшада «мархабат» сөзі «милость», «милосердие», «благоволение», «пожалуйста», «добро пожаловать» деген мағынада аударылады. Қазақша қайырсақ, «қош келдіңіздер», «еркіңіз білсін», «тәңір жарылқасын», «мінекиіңіз» дегенге келеді. Осының бәрі – ардақты Мархабаттың, аяулы Мархабаттың, асыл Мархабаттың атына заты, затына аты сай екенін көрсетеді.
Сонымен, Мархабат ағаның екінші өмірі жалғасып жатыр.
Мархабаттың мейірім толы әсемдік әлеміне қош келдіңіздер! Мархабат!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымдарының докторы