АЛУАН ТҮСТІ ӘЛЕМНІҢ КҮЛКІСІ
06.05.2016
1694
0

кешАстана қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай әлемнің жиырма бес елінен келген бүлдіршін қазақ әнін шырқап, сонымен бірге көрерменге өз елінің жырынан шашу шашты. 

Бірі-біріне қырын қарап, қырғи­қабақтана қалатын бүгінгінің күнінде ел мен елдің арасын балалар­дың жылы жымиысы мен сазды әні жалғайтыны рас. Шара­ның идеясы да сол – сан бояуға малынған әлем­нің реңкін жарқын, жайдары түспен көмкеру. Дүние­жүзіндегі татулық, тыныштық, бейбітшілік жалауын балалар қолымен көтерген фестивальдің мұраты Абай сөзімен үндес – «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп».

«KATEV» Халықаралық қоғам­дық қоры ҚР Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп ұйымдас­тырған шараға 25 шет мемлекеттен келген мейман бала­лармен қатар, Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Алтай Республикасынан келген қандас бауырларымыз да қатысты. Ұйымдастырушылар шетелдегі қазақ балаларына ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерінің әсемдігін көрсетті.

«KATEV» Халықаралық қоғам­дық қоры шетелдегі қазақ қандас­тарымыздың елімізде білім алуына жағдай жасап, олимпиада жеңім­паздарына ЖОО-лардың оқу гранттарын тапсырды. Сондай гранттың біріне Моңғо­лиядан келген қандасымыз Алтынай Қатыренқыз ие болды. Ол енді Сүлеймен Демирел универ­ситетінің студенті атанбақ. Шара барысында дүниежүзінің жиырма бес мемлеке­тінен келген қонақтар Білім және ғылым министрінің қабыл­да­уын­да болып, Қазмедиа орталығын, Ұлт­тық музейді, Астана телеарна­сының редакциясын, Бәйтерек, Ханшатыр және тағы басқа жерлерді аралап, қазақ жерінің тарихымен танысты.

Фестивальдың басталу барысында әр елдің тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен мәлімет беретін көрме ұйымдастырылды. Фестиваль ая­сында өткен концерт Фол Мбеги мен қазақстандық Ерлан Әбдіха­лық­тың орындауындағы «Үш қоңыр» әнімен ашылды.   Сенегалдық Фол Мбегиге бұл әнді еліміздегі қазақ-түрік ли­цейінде бірнеше жыл қызмет еткен түрік азаматы үйреткен кө­рі­­неді. Уганадан келген Роджерс Бирумасу, Ибрагим Ескендір және Абзал Жаңа­баев­тың орындаған триосы да көпшіліктің қошеметіне ие болды. Кеш алдында «KATEV» Халық­ара­лық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте сөз сөйлеп, «Жарқын болашақ» халықаралық олимпиа­да­сының жай-жапсары жайында айтып өтті: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақ тілі ғажап тіл, тек біз оны насихаттай білуіміз керек», – деген сөзін ту етіп, жыл сайын «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өтіп келеді. Бұл олимпиаданы өткізудегі басты мақсат — мемлекет­тің мәртебесін көтеру, қазақ  және өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ тіліне деген қызығу­шылығын арттыру, оларға ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәс­түрімізді, тарихымызды бойына сіңіру арқылы «Мәңгілік ел» жалпы­ұлттық идеясын жүзеге асыру. Осы жолы олимпиадаға бірінші рет Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Алтай өлкелерінен келген қандастарымыз қатысты. Кіндік қаны тамған жерге келген бірқатар қазақ баласына да жоғары оқу орындарының гранттары бөлі­ніп, оларға Атажұртында білім алуға жағдай жасалды», – деді.

Айта кету керек, «Жарқын болашақ» олимпиадасы 2008 бері, қазірге дейін 7 рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды, жыл сайын оған мыңнан аса мектеп пен бес мыңнан аса оқушы қаты­сып, олар­дың 118-іне ЖОО-да білім алуларына мүмкіндік беретін білім гранттары табысталды.

Бұл дәстүрлі сайысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі, Тіл коми­теті, Облыс әкімдері, Облыс­­тық Білім басқармалары, қоғам қайрат­керлері, ақын-жазу­шы­лар барынша қолдау көрсетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шыққан оқу­шыларды марапаттау рәсіміне Парламент депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Қуаныш Айта­ханов, ҚХА мүшесі, профессор Әділ Ахмет қатысып, олимпиада жеңім­паз­дарына білім гранттарын табыс­тап, болашақтарының жарқын бо­луын тіледі. Олар әлемнің тілі біреу – ол бейбітшілік, татулық, достық тілі екенін айтып, мұндай шаралар Қазақстан төрінде ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас штабында да көрсетуге лайықты дүние екенін тілге тиек етті.

Биылғы жылғы отырған «Жар­қын болашақ» фестивалі Халық­аралық Тіл және мәдениет фестива­лімен бірге өткізгенін атап ай­туы­мыз керек. Халықаралық Тіл және мә­дениет фестивалі – дүние­жүзіне беделді шара. Оның бір айғағы, жыл сайын өткізілетін бұл фестивальге БҰҰ бас хатшысы, АҚШ президенті секілді мәртебелі тұлғалар арнайы құттықтау хаттарын жолдап жатады. Мәселен, биыл­ғы жылдың сәуір айында өткен аталмыш фестивальге сәт-сапар тілеген АҚШ Президенті Барак Обама: «Сіздердің әлемнің түкпір-түкпірінен жас жеткін­шек­терді жинау үшін қаншама қажыр-қайрат төккендеріңізді білемін. Сіздер әлем халықтарының досты­ғын нығайтып отырсыздар. Барша­ңызды осы же­тіс­тіктеріңізбен құт­тықтаймын», – десе, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: «Бұл шара әлемдік ынтымақ­тас­тықтың сал­­танат құруы үшін таптырмас құрал. Қадірлі өрендер, ғаламшары­мыз сіздерге мұқтаж, сіздер әлемге қажет жансыңдар. Өздеріңіздің зор мәдени мүмкін­шіліктеріңіз бен тіл­дік потенциал­дарыңызды әлемдік мәдени диалог құруға жұмсаңыздар», – деген өзекжарды тілегін жолдаған екен.

Сондай халықаралық шара аясында өткен жиын Астанадағы достық фестиваліне ұласты.

Достық пен татулықты ту еткен, әлемнің жиырма бес елінен келген өрендер ел мен елдің арасын қазақ жырымен, достық жырымен жалғап қайтты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір