ТҮПНҰСҚАНЫ ТҮСІНУ – ЖАРЫМ ЫРЫС
05.05.2025
245
0

Көркем аударма кеңесінің қарауына келіп түскен аударма туындылар төңірегінде көркем аударманың кейбір мәселелерін қысқаша сөз етейік.
Әлемге әйгілі жазушы Джек Лондонның «Мартин Иден» ат­ты романы «Фолиант» баспасынан Гүлімай Әбішқызының аударуында қазақ тілінде жарық көрген екен. Бірден айта кетері, аудармашы еркін әрекет еткен және бұл еркіндік жақсы нәтиже берген. Аударманың алғашқы бет­терінен-ақ құлаш-құлаш сурет­тер, сезім, көңіл күй сипат­тары қазақы түсінік ауанында төгіліп түскен. Өйткені аудармашы түпнұсқаның мағынасы мен рухына қаныға отырып, стиль­дік, тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, мәтіннің аударма нұсқасын орнымен қазақыландырып, көркемдік қасиет­терін толық жеткізген. Осы екеуі ұштасқанда ғана аударма көркем болатыны белгілі.
Мысалы, «Это было бледное, воздушное создание с большими голубыми одухотворенными глазами, с массой золотых волос», «Вся эта смена мыслей, видений и чувств заняла одно мгновение», «И Мартин убедился, что диагноз Лиззи был правилен. Физически он совершенно здоров. Но с головой у него что-то произошло…» деген сөйлемдердегідей «масса», «смена», «диагноз» сынды орыс тілінде, тіпті көркем шығарма аясында табиғи көрінетін, бірақ қазақ тіліндегі көркем шығармада құлаққа түрпідей тиетін сөздер тура мағынасында қолданылмағанын түсініп, әдеби қолданыс нормасына сай «көгілдір қос жанарынан асқақ рух менмұндалап, алтын шашы ақ бұлт­тардай шоқтанып, бар болмысы үлбіреп тұрған бір жанды байқады», «осының бәрін бір сәт­те көріп те, сезіп те, ойлап та үлгерді», «Лиззидің айт­қаны шынымен де расқа шыққанын Мартин сонда ғана түсінді…» деп көркемдеп, жатықтырып келтіреді. Бұған қоса, алдыңғы сөйлемдегі «бледное, воздушное» (әсіресе «бледное») деген кейіпкер қыздың сипатына қатысты қолданылған сөздерді тура мағынасында қабылдамай, бас кейіпкердің көзімен, соның әсері ыңғайында «бар болмысы үлбіреп тұрған» деген ғажап тіркес тудырады.
Әрине, әркез таразының басын тең ұстау қиын. Онысы көбіне сәт­ті шықса, кейде сәтсіз шығып та жатады. Мысалы, «Он вытер лоб и посмотрел кругом более спокойно, хотя в глазах еще оставалась тревога, как у дикого животного, опасающегося западни» деген сөйлемнің «маңдайын тағы бір сүртіп, төңірегіне барлай көз жүгірткенде, ақырын сабырға келе бастағандай еді, тек әлдеқандай қауіпті сезгендей, жабайы тіксінген қос жанары ғана еш тұрақ табар емес» деген аудармасындағы «жабайы тіксіну» деген тіркес бізді де сәл-пәл тіксінт­ті.
Аталмыш туынды көлемді болғандықтан, талдауымызды соңғы шешуші мысалмен түйіндейік. Бұл – кейіпкердің суға батып өлгенін сурет­тейтін үлкен қайырым. Оның аудармасында да сәт­ті, сәтсіз тұстары баршылық. Мысалы, «Марипоза» сидела очень глубоко, и повиснув на руках, он может ногами коснуться воды. Всплеска не будет. Никто не услышит». Бұл жерде кеме суға мол батып тұрғандықтан, каюта иллюминаторы суға жақын екені, сол себепті иллюминатордан шығып, артылып тұрғанда аяқтар бірден суға тиетіні айтылған. Аудармасын оқиық:
«Марипоза» ауыр салмақты жүгімен үлкен жылдамдықпен келеді. Қолыңды созып жіберсең, аяғың суға тиеді, еш дыбыссыз жылжып кете беруге болады. Ешкім де естімейді». Бұндағы, әсіресе «Қолыңды созып жіберсең, аяғың суға тиеді, еш дыбыссыз жылжып кете беруге болады» дегеннің еш мағына бермейтінін (тіпті адам нанғысыз бірдеңе болып кеткенін) айтпаса да болар. Сондай-ақ «ауыр салмақты жүгімен», «еш дыбыссыз жылжып кетуге…» дегені де көңіл көншітпейді.
Әрі қарай: «Водяные брызги смочили ему лицо. Он почувствовал на губах соленый привкус. И это ему понравилось. Он даже подумал, не написать ли свою лебединую песню! Но тут же он высмеял себя за это.
К тому же не было времени. Ему так хотелось покончить поскорее». Бұнда тура мағынасындағы әдепкі сөздер қолданылып, не айтылып тұрғаны түсінікті болғандықтан, аудару қиындық тудырмауы тиіс. Аудармашының бар міндеті «лебединая песня» фразеологизмінің баламасын табу ғана. Бұл тіркестің қысқаша анықтамасы: «Лебединая песня – это последнее, обычно наиболее значительное, талантливое произведение, достижение кого-либо.


Выражение основано на народном поверье, что лебеди поют единственный раз в жизни — перед смертью». Осы тіркесті аударуға келгенде, мына нәрселерді ескерген жөн: біріншіден, қазақ тілінде осындай мәнде қолданылатын «тұяқ серпу», «соңғы тұяқ серпуі» деген тұрақты тіркес бар. Белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың, тіпті «Тұяқ серпу» деп аталатын өлеңі де бар, сондағы:
«Момыным-ай, ең соңғы рет тұяғын
Серпіп қалды… кет­ті үзіліп жіптері» деген жолдар осы тіркестің, әсіресе жаңағы біз айт­қан контекст аясындағы мәнін жақсы ашып тұр. Екіншіден, тіпті аққумен байланыстырғысы келсе де, «ән» дегеннен гөрі, «сыңсу» деген сөзді қолданғаны орынды болар еді: «Соңғы рет сыңсыған аққу құрлы осыны жазып кетуі керек шығар…» немесе «Аққудың сыңсуындай соңғы рет осыны жазып кетуі керек шығар…» Қайырымның осы бөлігінің аудармасын қарайық: «Судың буы бетке ұрып, ылғалдап өтеді. Ерніне тұз дәмі білінген, сондай сүйкімді, жағымды дәм екен-ау. Өзінің аққу әнін жазу керек шығар деген ой басына келгенде, күліп те жіберді, бір жерге түртіп те қою керек екен. Тек қазір уақыты жоқ. Тезірек осының бәрін бітіруі керек». Біріншіден, «өтеді» емес, өткен шақ формасында «өт­ті» болуы керек; екіншіден, түпнұсқада судың дәмі ұнағаны мен «аққу әнінің» байланысы «даже» сөзінің септесуінен білінсе, аудармада ол байланыс байқалмайды; үшіншіден, мынандай жағдайда мынандай күйдегі адамның «күліп жіберуі» мүмкін емес, «высмеять» аудармадағыдай тура мағынасындағы «күлу» сөзі емес, одан гөрі «өзін мысқылдай, мырс етеді» деген дұрыс болады; төртіншіден, «бір жерге түртіп те қою керек екен» деген бөлігі мүлде артық, тіпті «аққу әнін жазу» туралы ойына мысқылдай күліп, ол ойынан бас тартқаннан ке­йін… «қайтадан түртіп қоюды» ойлағаны мағынаға қайшы да.
Әрі қарай: «Его руки и ноги начали двигаться судорожно и слабо. Поздно! Он перехитрил волю к жизни! Он был уже слишком глубоко. Ему уже не выплыть на поверхность». Осы жолдардың қазақшасында аудармашының көркем қиялын танытатын бір тамаша деталь бар. Роман соңындағы бұл жолдар кейіпкердің ақыры жеткенін, шүбәсіз өлетінін түйсінген трагедиялық сәтін көріністейді. Мартин, құдды, шет­тен, сырт­тан бақылап тұрғандай, жаны мен тәнінің (әсіресе тәнінің) тірі қалуға тырмысқан арпалысын сурет­тейді, бірақ, санасымен қайтар жол жоқ екенін түсінеді, өйткені ерік-жігер дәрменсіз болатын шектен біржола өтіп кеткен еді. Осы тұрғыда аудармашы кейіпкердің өз ішінде объект-субъект болып екіге жарылысының мәнін түсініп қана қоймай, оны түпнұсқадағыдай бірінші жолда ғана айтумен шектелмей, осы мағынаға құрылған өзара байланысты үш сөйлем бойы осы бейнені ұстанады, яғни әсіресе тәннің рефлекс деңге­йінде автомат­ты түрде қимылдауын аяқ-қолды (тәнін) саналы өзінен бөлек бейнеге айналдыру арқылы соңына де­йін жеткізеді: «Бірбеткей, алған бетінен қайтқысы жоқ аяқ қолдар суды шарасыз соққылап жатыр. Бірақ бұл оларды алдап соқты, соларды қозғалысқа шақырып, еліктірген ерік-жігерін де алдады. Бұл енді, тым-тым тереңде. Олар енді, қайтсе де мұны су бетіне алып шыға алмайды». Әрине, аяқ-қолға қатысты «Бірбеткей, алған бетінен қайтқысы жоқ» дегені өрескелдеу, бірақ біздің назарымызды аударған шығармашылық шешімі өте ұтымды.
«Казалось, он спокойно и мерно плывет
по безбрежному морю видений.
Радужное сияние окутало его, и он словно растворился в нем».
«Өзі теңіз құшағында түс көріп жатқандай ма?
Сан түрлі түстер мен өткір жарықтар денесін аялай сипап, ойнап жүр».
Жалпы, аудармашының өз жанынан сөз қосуы я алып тастауы сияқты, түпнұсқадағы сөзді түрлендіруі (күшейтуі я кемітуі, әлсіретуі) де табиғи нәрсе. Мәселе ондай шығармашылықтың қисынды-қисынсыз, дұрыс-бұрыстығында. Бұл жерде «окутало» сөзінің баламасы ретінде алынған «аялай сипап» деген тіркес мағынамен қиыспайды. «Орау, шырмау, бөлеу» мағыналы «окутать» сөзі тура да, ауыспалы да мағынада, деректі де, дерексіз де (нақты және абстрактілі) мәнде қолданылады. Кейіпкердің санасы шатаса бастағаны, семуге айналғаны контексінде ол сөз, әрине дерексіз мәнде тұр. Оған қоса, «түстер» сөзі алдыңғы сөйлемдегі «түс» сөзімен ілініспесі үшін (тавтология), «сан құбылған өткір жарықтар» деп алса жарар еді. Осы контекст аясында кейіпкердің өз-өзінен айырыла бастағанын білдіретін «растворился» сөзін де арнайы аударған жөн.
«А это что? Словно маяк!
Но он горел в его мозгу — яркий, белый свет.
Он сверкал все ярче и ярче».
«Ал, мынау не? Сірә, шамшырақтар шығар, бірақ миын сол жарқыраған өткір сәуле кептіріп бара жатқандай ма? Аппақ жарқыраған жарықтар жиілеп барады». Бұл жерде «кептіріп», «жиілеп» деген сөздер турасында сауал туындайды.
«Страшный гул прокатился где-то, и Мартину показалось, что он летит стремглав с крутой гигантской лестницы вниз, в темную бездну. Это он ясно понял! Он летит в темную бездну, — и в тот самый миг, когда он понял это, сознание навсегда покинуло его».
«Ұзақ ұзақ, гуілдеген дыбыс та бір мезет­те гүрс етіп үзілгендей болды, сосын өзі төмен қарай шексіз баспалдақпен заулап бара жатқан сияқтанды. Ол енді қандай екені де белгісіз бір тұңғиыққа құлап кеткен еді. Бірақ соны өзі ұғына алмай қалды. Құрдымға құлап тынды, ақыры. Жалғыз ақ сәт­те соны сезіне берген еді, бірақ сезімі де үзіліп кет­ті».
Ұсақ-түйек санатына жатқызатын бірер жаңсақтықтарды сөз етпесек те, мына бір тұсын сөз етпеске болмайды. Аударма ісінде табиғи шешім саналатын түрлендіру бар да, жат саналатын мүлде басқаша шешу бар (дәлірек айт­қанда, автор ауанында, сондай-ақ, түпнұсқада айтылғаннан түрлі сипат­ты «қате» көріп келісе алмағанда, т.б. жағдайда басқаша шешу болады, ал ондай себепсіз авторға, түпнұсқаға мүлде қайшы шешім құпталмайды). Аудармашының «Это он ясно понял» дегенді неліктен «соны өзі ұғына алмай қалды» деп аударғаны түсініксіз. Әмбе әрі қарай түпнұсқа бойынша кейіпкер «құрдымға құлап бара жатқанын» ұғады да, «құлап тынғанда» барып санасы біржола өшеді. Жаңағыдай қисынға келмейтін кереғарлық\қайшылық «логикалық қате» деп аталады.
Талдауға ұсынылған келесі кітап – жазушы Айзат Рақыштың «Менің құрсақ анам» ат­ты повестер мен әңгімелер жинағының «Моя суррогатная мать» ат­ты орыс тіліндегі аудармасы. Баяндама көлемінің шектеулілігіне орай, біз жазушының «Тегімді менің сұрама» деп аталатын әңгімесін қарастырдық.
Міне, осы рет­те, жазушының шығармаларын орысшалаған аудармашы (кітапта, өкінішке қарай, аудармашының аты-жөні айтылмаған) мәтінмен мұқият жұмыс істеп, автордың стилін сақтай отырып, детальдарын қалдырмай, артық-кемі жоқ жақсы аударма жасаған. Сөйте тұра, сөзбе-сөздікке ұрынбай, ұқыптылықпен әр сөздің, сөз тіркесінің контекстік мағынасына терең бойлай алған. Бұл – зор жауапкершілік әрі автор мен оның туындысына көрсетілген құрмет.
Мысалы, «Қиял құсым бұдан ары шарықтай берер ме еді, вальс әуені кенет­тен аяқталды», «Қорқау қараңғылықтың патшасы түн басталды» деген сөйлемдерді «Вдруг мелодия вальса закончилась, не дав птице моих грез воспарить еще выше», «На землю опустилась ночь – царица пугающей темноты» деп немесе «Темно. Луну заполонили тучи…», «Я брел, не разбирая дороги…» деп басталатын, тағы басқа да тұтас қайырымдар түпнұсқалық мағынасынан да мүдірмей, ырғағынан да аумай, ыждағатпен аударған. Шығарманың дені, жалпы жинақтағы шығармалар толықтай дерлік тұшымды аударылған.
Дегенмен, болашақта ескерер әрі басқаға да үлгі болуы мақсатында бірер «әт­теген-айын» да атап өтейік. Мысалы, «Вальс әуенімен дөңгелей жөнелдік. Шағын дәмхананың іші ыстық па, әлде қыздың демінен бе, қара терге түстім» деген сөйлемді «Меня бросило в пот, так и не понял отчего: то ли в маленьком кафе было жарко, то ли от горячего дыхания моей партнерши» деп аударғанда, аудармашы «так и не понял отчего» деген бөлігі мүлде артық, өйткені «әлде…» деп келетін түпнұсқадағыдай, «то ли…, то ли…» деп келетін конструкция­ның өзі кейіпкердің сенімсіздігі мен ішкі толқуын білдіреді. Кейіпкердің неліктен қара терге түскенін анық білмейтінін оқырман ондай әсірелеусіз де түсінеді.
Ал «Мына диуана халіме кімді кінәлаймын?» деген сөйлемді аударғанда, керісінше, «диуана халім» деген тіркеске келіп тірелетін күшті әсерін жайдақтатып, онша жеткізе алмаған: «Кого же мне винить в этой сложной ситуации?» Бұл сөзді қолданбас бұрын автор сәл ілгеріде «Бірақ менен өткен ғаріп бар ма?» дейді. Оны аудармашы «Однако есть ли на свете кто либо, более несчастный, чем я?» деп дұрыс аударған (әсіресе «Они только и заняты тем, что фальшиво смеются и называют свою поддельную радость словом «счастье»» деген алдыңғы сөйлемде айтылғанның ыңғайын­да «несчастный» деуі құптарлық). Осы арнамен жүріп отырып, «диуана хал» дегенді де «обездоленный», «одинокий», «жалкий», «бедняга», «беспомощный» мәнінде жеткізуге болар еді. Дәл солай «Бұл жауап бақайесеп тәрізді естілсе де, келісімімді бердім» дегендегі «бақайесеп» «странный» болып, жайдақталып кеткен: «Этот ответ показался мне странным, но я все же дал согласие». Бұл сөздің баламасы барын ескерсек, «Этот ответ показался мне расчётливым…», «В этом ответе чувствовался расчёт…», «Ответ показался неискренним, продуманным — как будто с расчётом…» деп аударуға болады деп ойлаймыз.
Сол сияқты, түпнұсқадағы кейбір, әсіресе оңай аударылатын сөйлемдердің мүлде аударылмай қалғаны біз үшін жұмбақ. Мысалы, «Бақыт­тымын! Әсіресе Сұлушаштың өзіне тілеген жақсылық атаулыны маған тілегені. Басым айналып барады» деген жеріндегі «Әсіресе, Сұлушаштың өзіне тілеген жақсылық атау­лыны маған тілегені» деген тұтас сөйлем «Счастливец! Особенно… Даже голова закружилась» деп орта тұстан аударылмай қалса, «Жеті атасын тексермей, қыз алысып, қыз беріспейтін қазақ қой ол» деген маңызды сөйлем мүлде аударылмаған. Әлде «артынан аударып қосам» деп ұмыт қалдырған ба деген де ой туындайды, өйткені жалпы осы жинақтың тамаша аударылуына қарап көз жеткізгеніміздей, детальдарға сақ, мағынаға ықтият­ты аудармашының ондай салақтық қылуы мүмкін емес сияқты.
Түпнұсқада мынандай сөйлем бар: «Сұм өмір абақты ғой саналыға», – деп ыңырси өлеңдетіп үйіме кірдім», ол орысшаға «Напевая под нос: «Коварная жизнь – она же острог для сознательного», – я вошел в дом» деп аударылыпты.
Осы жерде сәл шегініс жасап, мынандай жайт­ты айта кету керек. Аударманың барлық түріне жүретін қағидалардың бірі – тырнақша ішінде келетін атаулар, нақыл сөздер, деректер, т.б. автор сырт­тан алып пайдаланатын мәлімет-мағлұмат­ты аудармашы аударуға асықпауы тиіс. Әуелі міндет­ті түрде оның өзіне де­йінгі аудармасын іздеп, тауып, соған сілтеме жасап, пайдалануы керек. Егер ондай аудармасы бұрыннан бар болса, оны аударуға қақысы жоқ. Ол неғұрлым кең таралған, ел аузындағы танымал сөз, т.б. болған сайын, соғұрлым абай болуы керек, өйткені ол аударылған болуы кәдік. Тек аудармасы жоғына көз жеткізген немесе іздеп, таппаған жағдайда ғана өзі аударуына болады.
Жоғарыдағы жолдың Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан алынғаны белгілі: Демек, атақты ақынның басқа шығармаларымен қатар, бұл поэма да аударылғанын жобалау қиын емес. Ол әлбет­те, аударылған. Интернет­ті шолған адам оның екі қаламгердің қолынан шыққан орысша нұсқасын табар еді. Бірі – орыс тіліне көптен көп аударма жасаған Әуезхан Қодардың нұсқасы:
«О, сердце мое, тот, кто ранен, к страданью привязан.
Жестокая жизнь, как тюрьма, для имеющих разум…».
Екіншісі – Райхан Алдабергенованың нұсқасы:
«Я говорю по праву – жизнь – тюрьма,
Другим меня учила сострадать…»
Осыған үйлес, түпнұсқаның «Ал Абай ескерткішінен жауап болмады: «ұстарасыз аузына мұрты түскен» қазағын көрген данышпан да менімен бірге жылап тұрғандай» деген тұсы бар. Оның аудармасы: «Но от памятника Абая ответа не последовало. Мудрец словно оплакивал вместе со мной своих казахов, о которых он сказал когда-то с горечью: «О, казахи мои, ах, мой народ!… Где зло, где добро – разум твой не поймет…» Әдеби дәстүр бойынша, орыс тілінде Абай өлеңінің бірнеше нұсқасы бар. Аудармадағы жолдар солардың бәрінен өзгешеленетініне қарағанда, аудармашының өзі аударған нұсқасы сияқты (оның үстіне, өзіне де­йінгі нұсқалардың бірін пайдаланса, сілтеме жасар еді). Ал аударма теориясының қағидасына сай, ресми тапсырыспен аударылған, ресми жарияланған нұсқалардың бірін алуы тиіс. Олардың ешбірін жақтырмаған жағдайда сілтеме арқылы «аударма – біздікі» деп бастап, бір ауыз сөзбен онысын негіздеп, өзінің олардан артық, яки түпнұсқаға ең жақын, ең көркем нұсқасын ұсынуы тиіс.
Түйіндей айт­қанда, жоғарыда қарастырылған аударма кітаптар мен жинақтардың бір қайнауы ішінде. Көбіне түпнұсқа материалды жете түсінбей, аударуға асыққандықтың кесірінен, редакторлық жұмыстың жеткіліксіздігінен шалалыққа ұрынатыны байқалады. Тасқа басылған дүниені өзгертуге, алмастыруға келмейтіндіктен, бұндайда асығыстық жүрмейтінін тағы бір еске салғымыз келеді.
Кеңесіміздің қарауына келіп түскен бұдан өзге Сайпеден Сидагалиевтің «Ақсақ кемпір» ғұмырнамалық хикаяты орыс тіліне «Хромая старушка» деп, сондай-ақ татар әңгімелерінің жинағы «Жаныңның бір бөлшегі», моңғолша жазылған Зян Руннің романы «Қасқырлар құпиясы» деген атаумен қазақ тіліне аударылған. Өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысының түпнұсқасын таба алмадық. Тек салыстырусыз шолып шыққанда, сауат­ты, әдемі жазылған (аударылған) дүниелер екенін байқадық. Осыған байланысты келешекте аудармашылар аудармаларын түпнұсқасымен бірге өткізсе деген ұсыныс айтқымыз келеді.

 

Айнагүл САДЫҚОВА
Жазушылар одағының мүшесі,
Көркем аударма кеңесі
төрағасының орынбасары,
аудармашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір