ҰЛТ ӨНЕР ЖАЛАУГЕРІ ҰЛТТЫҚ АЙМАҚТАН ТҮЛЕЙДІ…
06.05.2016
1864
0

IMG_1914(Әнші, сазгер Мұратбек Сарбасовпен ой бөліскен едік)

Осыдан он-он бес жыл бұрын арғы беттен оралған Әлімжан деген жігіт отбасының бір қуанышына зиялы топты жинап, оны жүргізуді опера әншісі Мелс Нұқсиев екеумізге тапсырған еді. Кеңестік жүйеден хабары шамалы қандас­тарымызды саяси әзілдеріміз де, үй­рен­шікті ойындарымыз да тұшынта алмаған сияқты.

Билетуге келгенде Қара жорға биін­сіз олардың тойы өтпейді екен. Бірақ би әуенін екеуміз де білмейміз. Амалсыз өздері жиналып, қол шапалақтап би­леуге мәжбүр болды. Әйтсе де, қи­мыл­­дары таныс. Мұндай биді тоқ­са­нын­­­шы жылдары Райымбек ауда­нын­дағы бір тойда қариялардың «Қалмақ биі» деп билегенін көргенмін. Алмания­дан оралып мешіт ашқан бір ағамыз да мұны ат үстінде жалғыз билеп, тосын жаңа­лықпен жағамызды ұстатқан. Би қа­зақтікі ме, қалмақтікі ме? Әйтеуір өза­ра тарихи тектік байланыстағы екі елде де бар қимыл-қозғалысты «Қара ­жор­ға» деген атпен қазақыландырып, ата­жұртта қанат жаюына ат са­лыс­қан­дардың бірі, белгілі әнші, сазгер Мұрат­бек Сарбасов еді.

Оның ағасы Оралбекпен «Қазақ­стан» арнасында бірге жұмыс істесем де Мұратбектің өзімен теледидардан жиі бе­рілетін «Шофердің әні» атты бейне-кли­­пі арқылы ғана таныспын. Кейін той­­лардан кездестіріп жүрдім. Бірде менің жазған өлеңдерім оған сырттай ұнаса керек, бір күні үйіме телефон соқты. Мақсаты – туып-өскен Ақсуат өңірі жайлы ән жазып, оның сөзін жазуды маған жүктемек екен. Ақыры бір-бірімізбен кездеспей-ақ, қайта-қайта телефон арқылы сөзді сарапқа салып, «Ақсуат» әні де дүниеге келді. Мұратбек бұл жақтан бала күнде басқа ауданға көшіп кеткен екен. Десек те, оның кін­дік қаны тамған топырағына деген ықы­ласы өнер тұлпарын ерттеп, сәби күндерге саяхат жасауға жетеледі. Елден ерте кеткендіктен туған жердің қия-жартасы мен қыр-сыры оның толық есінде қала қоймапты. Ересек шағымда оқу қуып кеткен мен оны өз жыр жолдарым арқылы Ақсуаттың талай төбесімен қауыштырдым.

«Абай жолы» романында айтыл­ған­дай Қалбаның теріскейі де, түстігі де қыстың ұзақ мерзімінде қарлы бораннан көз ашпай, елге бірде жұт, бірде құт әкелсе, оның ызғарына сабақтасып, бұй­­раттанып кететін сілемдеріне жал­ғас­қан Кіндікті елді мекені – Мұрат­бек­тің өскен жері.

 …Жадыратқан тірлікті
Базар, Боғар, Кіндікті,
Қарғыбаның бойынан
Түлейді екен кіл мықты,
Пейілдері – ақ шуақ,
Суаттары – нақ шұбат,
Жарқырай бер, қазақтың
Исі аңқыған Ақсуат! – деп, менің сөзіме  жазылған Мұрат­бектің әнінде айтылғандай ішсең суы кәусар бастаулар мен түссең жаныңды рахатқа бө­лейтін тұнық та жып-жылы өзендер шы­ғармашылыққа қатысы барды да, жоқ­ты да шабыттандырып, қиялына қанат бітіреді. Немесе жер жүрегінен бастау алып, аймаққа қоз­ғалыс  сыйла­ған  даланың  күре­тамырына да ұқсап кетеді.

…Қыз жаралса намыстан,
Ұлдары кілең арыстан,
Қазақтығын сақтаған
Біздің дала – данышпан…

Әрісі Қабанбай, Би Боранбайдан бас­тап, берісі Қожагелді батырларға дейін жерімізге жат жұрттың аяғын бас­тырмауға бар күш-жігерін салған екен. Студент кезімде аудан орталы­ғы­нан 120 шақырымда жатқан сол Кін­дік­тіге жете алмай, жолда жеті күн жү­ріп, боранға кептеліп қайтқанымыз да бар. Кептелген тұсымызда Мұрат­бек­тің бір бабасы, елге белгілі әулие – Ыр­ғызбай ата кесенесі бар-тын.

Бүгін де қазақы даланың қазақы тір­лігінен сыр шертетін «Шофердің әні» бейнеклипі барша қазақтың рухани қазынасына  айналды. Әуелі клип­тегі көрініске мән берсек, бала кезде ондағы қара мәшине – «Газ-51»-ден басқа авто­кө­лікті кездестіре бермейтін едік. Оның жүргізушісі киген кең қолтық киім мен басындағы қалпағы да, сол кез­дегі науқандық қызу еңбек те 1960-70-ші жылдарға тән уақыт тынысынан сыр шертеді. Ал әннің мәтіні, әуені, тіп­ті ырғақтарына дейін сол заманның ыңғайына сәйкестендіріліп шығарыл­ған. Мұратбектің кешегі әкелер дәуірі­нен сыр шертетін бейнетуындысы көп­тің назарын бірден өзіне аударған еді. Әкелер дәуірі демекші, 28 жасында Зайсан көліне суға кетіп, мерт болған әкем Әлімғазы айтатын халық әндері мен халықтық мақамдағы бұ­рынғы ком­позиторлардың әндері еміс-еміс есім­де. Соның бірі – кейін естудің ретін тап­пай жүрген халық әні «Жан сәулем­ді» Мұратбектің аузынан есті­генде әкем есіме түсіп, көңілім босады. Көзі тірі­сінде домбыра жасаудың шебері, әрі Арқа әндерін насихаттаушы әкем жұ­мыстан шаршап келіп, теке­меттің үс­тіне ұзынынан сұлап жатқанда бой­шаң­дығы бөлменің қарама-қарсы қа­быр­ғасын жалғайтын. Оның өзі жа­са­ған жұқа домбырасымен «Қалаләку-лилай» деп шырқаған әндері әлі есімде.Осыдан Мұратбек бауы­рымның халық әндерін орындаудың да шебері екенін байқадым. Кейінгі заманауи үрдіс оны эстрада әншісі болуға да мәжбүрлеген сияқты. Әйтсе де, аракідік домбырасын тастағанымен түлкі тымағы мен шапанын тастамай, сахнаның ұлттық шырайын келтіріп жүретініне сан мәрте куә болдым. «Ақсуат» әнінің сөзін м­а­ған жаздыр­ғанда телефон арқылы оның мазмұнына қайта-қайта өзгеріс енгізуді ұсынған ол әр жолдағы дауыс­ты дыбыстардың жуан, жіңішкелігіне дейін әуеннің еркін тыныстауына әсер ететіндігін ескертті.

…Сыр жасырған әр тасы –
Бөртостаған жартасы –
Ғаламда жоқ даламның
Тәңір таққан алқасы, – деген ән мәтініне тиесілі түз даладағы жал­ғыз алып тас – Бөртостағанның сыры ашылмай ғалымдарды әңкі-тәңкі еткеніне де дәуір өткен болар. Зерт­теушілердің бірі оны метеорит болуы мүмкін десе, екіншілерінің Бөртостаған жайлы аңыздарды растайтыны, ұмыт­пасам, кеңестік «Білім және ең­бек» жур­налында айтылғаны бар. Дала құді­ретін саз сиқырымен салмақтай түскен «Ақсуат» әні әнші Қайырбек Мұсабе­ков­тың орындауында Шығыс Қазақ­стан облыстық ән байқауының бас жүл­­десін де қанжығалапты. Мұндай бас жүлдені Мұратбек «Жасасын, қазақ елі!» деген әнімен Алматы облыстық байқауында да иеленген еді. Ал «Ақ­суат» әніне келсек, оған демеуші де та­­б­ы­лып, әнге арнайы клип те түсірілді. Бейне туындыда қазақы ауылдар, оқыған мектебі, бала шақтың көрініс­тері, «Елеке сазы» жайлауындағы бас бер­­­мейтін сәйгүліктер, жанға шипа «Са­­бындыкөл» көлі, тағы-тағылар жүйе­­лі көрініс тапқан. Енді баруға уа­қыт таппай, ел мен жерді сағынғандар болса, туған жердің тау-тасын ғаламтор арқылы көзбен де, көңілмен де шарлап, құлақтан кірген ән бойларын тербейтін болады. Оның мәтіні менікі болған­дық­тан біраз жайтты анықтап алайын деп сұрақ та қойдым:

– Әндерің жақсы. Бірақ ырғақ, иі­рім жағынан өзгенің әніне ұқсап кетеді деп қауіптенбейсің бе?

– Кез келген сазгер бұл мәселеге мұ­қият болғаны абзал. Байқамасаң, ұқ­сап та кетуі мүмкін. Мен шығарған әнімді үйімдегі жұбайымнан бастап, өнерге қатысы бар адамдардың көпші­лігіне тыңдатып шығамын. Кейде 5-10 жылға дейін зерттеу жүргізіп, өз туындым екендігіне әуелі өз көзімді жеткізе­мін…

Ал өзім кәсіби ақын болмаған­дық­тан әніме сапалы мәтін жаздыру үшін Жазушылар одағына барып, бір ақын ағамызға жолыққаным бар. Ол кісі:

– Мен мұндай әннің жүзін жазып бе­ре аламын,– деп, өзімді кекетіп-мұ­қа­тудан басқа түк бітірмеді. Сосын өз әніме өзім сөз жазып, насихаттай бас­тадым. Оның алғашқысы белгілі әнші Майра Мұхамедқызы орындап жүрген «Аяулы анашым» әні еді. Ақын Айсәуле Бейсенханның сөздеріне жазылған 3 әнім, Құдайберген Қазыбековтың сөзі­не жазылған «Жан жарым», тағы басқа әндерім Қазақ радиосы арқылы өз тың­дармандарын тапты. Кейін кейбір ән­дерімнің өзім жазған мәтін­дерін бел­гілі ақындарға қайта жаздыра бас­та­дым. Әндерімді нотаға түсіруге Мұрат Әбуға­зин сияқты өнер иелері де көмектесті, – дейді. Халық өнері жолында көп шы­ғын­данған М.Сарбасов өз үйінің бір жа­ғынан ән жазу студиясын ашпақ ойы бар екендігін де жасырмады.

Ұлтжандылық ұлттық өнерге деген сауап­ты әрекеттен де байқалады. Ол «Сал­күрең» күйінің әуеніне сөз жаздырып, «Қаражорға» биін атажұртқа жет­кізді. Және мыңдаған адамның билеуі­мен Гиннестің кітабына кіріп, қазақта би өнерінің кеш дамығандығы жөнінде­гі пікірді жоққа шығаруға атсалысты. Қазір «Қара жорға» әуенінің түрі көбей­ді. Бірақ Мұратбек шырқаған ән әлем қа­зақтарының рухани игілігіне айналды. Ол орындаған «Қара  жорғаны» қа­зақ түгілі қырғыз ағайындарымыз да­ кө­ші­ріп, бейнеклипке айналдырған екен.

Менімен әріптестікті қалаған Мә­кең бүгін де ана, әке, туған жер, махаббат тақырыптарына арналған ән мәтін­дерін жазуға ұсыныс жасады. Екеуміздің қатар отырып таңды атырған еңбегіміз­дің нәтижесінде бұл мәселе де шешімін таба бастаған сияқты. Сапасын уақыт көрсетеді. Ол маған:

– Екеуміздің де әйеліміз өзімізден әл­деқайда жас. Сондықтан бір жаққа шық­сақ, үйге қайта қайтуды ойлап оты­ра­мыз, – деп әзілдейтіні бар. Әрине, біз үшін көп қаңғырмаудың шығар­ма­шы­лыққа да пайдасы зор. Олар – жұ­байы – Сажида екеуі өздерінің үш ұлын өнер жолына тәрбиелеуде. Мұратбектің орыс тілді тұрғыны жоқ ұлттық аймақ­тан түлеуі – оның ұлт мұрасын жаңғыр­туына да елеулі үлес қосты.

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,
ақын, Қазақстан Жастар одағы
сыйлығының иегері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір