Нығаң, Сыр-аға және Әнуар
17.12.2024
108
0

Әдеби апталығымыздың редакциясында 1966–1973 жылдары Нығмет Ғабдуллин, Сырбай Мәуленов және Әнуар Әлімжанов сынды үш тұлға бас редактор болған жылдары қызмет істедім. Әуелі, бас редактордың тапсырмасымен іссапарға жіберілетін тілші, одан ке­йін жауапты хатшының «жауапсыз» орынбасары, «Көркем әдебиет» бөлімінің әдеби қызметкері, «Әдеби сын» бөлімінің меңгерушісі болдым. Бірінен соң бірі болған жауапты хатшылар Ғаббас Жұмабаев, Ізтай Мәмбетов, Құрманғали Ұябаев еді.

Нығмет Ғабдуллин

Жұмабаевқа орынбасар болған күні ат­тас ақын ағаға: «Жауапты хатшының «жауапсыз» орынбасары болғаныма қуана-қуана келдім», – дедім. Ол жымыңдай күліп: «Жалғыз Ғаббас кезімде әжептәуір бойшаң сияқты едім, сорайып сен келдің де, «понимаешь», бүлдірдің. Келген ақын-жазушыларға сені «ұзын Ғаббас» деп таныстырамын», – деді. Иә, кейбір аға қаламдастарымыз бізді – «Қысқа Ғаббас», «Ұзын Ғаббас» деп атап жүрді.
Нығаң байыпты, кішіпейіл, қарапайым, ғажап жайдары жан еді. Жұмыс жайында пікірлескеніңде ежелгі жолдасыңдай жылы сөйлесетін. Қабақ шытқанын көрген емеспін. Бірде шақырған соң кабинетіне кірсем, батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы отыр екен, сәлем бердім. Нығаң маған 2-3 бет қолжазбаны ұсынып: «Баукеңнің мақаласы, газет­тің алдағы нөміріне әзірлегін», – деді. «Құп болады!» – деп Баукеңе көз тастадым. Аға маған салқын қарап, мұртын сұқ саусағымен бірер түртіп, зілдене сөйлеп: «Это – усы! С ними шутки плохи!», – деді де, Нығаңа бұрылды. Нығаң: «Понятно, товарищ полков­ник!», – деп жымыңдады. Баукең: «Гвардии полковник!» – деп зірк ет­ті. Нығаң жымыңдай түсіп: «Кешіріңіз, жолдас гвардия полковнигі!» – дегенде, Баукең жайдарылана сөйлеп: «Екеуіңді бір састырдым, ә?» – деді қарқылдап күліп. Біз де қосыла күлдік. Батыр ағамыздың ондай «концерті» болып тұрды.

Сыр-аға

Сыр-аға баламінезді болатын. Анда-санда әлдебір ісімізге ренжіп күркірей қалатыны болса да, көбіне көңілді жүретін. «Жауапсыз» орынбасар кезімде газет­тің келесі санына баратын мақала, өлең, әңгімелерді жинақтап апарғанымда, алдымен, өлеңдерді дауыстап оқып, ұнағанына: «Жақсы екен!» – дейтін де, ұнамағанын қайырып: «Авторына сәлем айт, қайтадан қарап ұсынсын», – деп сөзін жалғап, не Абай мен Сәкен Сейфулиннің, не Ілияс Жансүгіров пен Қасым Аманжоловтың бірінің бір-екі өлеңін қоңыр үнмен күмбірлете жатқа оқып жіберетін. Сол ғадетіне қызығатынмын.
Кейде бір мақалаға немесе арнаулы бір бетке, ішкі қос бетке лайықты ортақ тақырып (шапка), айдар (рубрика) таба алмай қиналғанымызда, Сыр-аға: «Абекеңнен ала салмайсыңдар ма? Өлеңдерінің әрбір тармағы – шапка, рубрика ғой», – дейтін. Абекеңі – Абай. Бір мағына аясындағы жоспарлы материалдарды берген бөлімге, бетке, қос бетке жанрына сай: «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Өлең – сөздің патшасы», «Еңбек етсең ерінбей…», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Орын тап­пай баптанба», т.б. ортақ тақырыпты, айдарды Сыр-ағаның «нұсқауы» бойынша қойып жүрдік. «Е, мінеки! Айт­тым ғой!» – деп көңілдене кеңк-кеңк күлетін.

Әнуар Әлімжанов

Әнуар Әлімжановтың бас редакторлыққа келгені әдебиетшілердің көбі үшін күтпеген жайт болды. Соңынан: «Мәссаған! Орыстілді журналист әдебиет газетімізді басқарып жарытқаны неткені?!» «Газет енді құриды!» дегендей кекесін сөздер судырап ере келді. Ұжымдағы басқалардың қандай ойда болғанын білмеймін, ол сөздер мені де елеңдет­ті. Алайда көңілім көп кешікпей басқаша орнықты, газет ұтылмады. Әнуар ұйымдастыру ісіне шебер екен. Газет­тің өрісі кеңи түсті, одақтық әдебиетпен байланысымыз үстемеленді, қазақ әдебиетінің жетістіктерін әлем әдебиетінің табыстарымен салыстыра бағалауға кірістік. Мәскеу мен Ленинградтан, барлық одақтас республикалардан көрнекті ақын-жазушылар келе бастады. Бәрі дерлік Әнуармен дос-жолдас екен. Әнекеңнің кабинетіне жиналып, танысып, өмір, әдебиет, аударма жайында еркін әңгімелесе шай ішісіп, мәз-мәйрәм болып қаламыз.
Әдебиет пен өнердің онкүндіктері жиіледі. 1973 жылы бізде Азия мен Африка жазушыларының V конференциясын өткізуде, әл-Фараби бабамыздың 1100 жылдық мерейтойының тойлануында Әнуардың ұйымдастырушылық еңбек сіңіргені баршамызға мәлім.
«Орыстілді» Әнуар ана тілінде ешбір қазақтан кем сөйлеген емес. Адами мінез-құлқы десек, өте қарапайым, кішіпейіл болды. Ешқайсысымызды не қабылдау бөлмесіндегі хатшысы, не өзі телефон арқылы өзіне шақырмайтын, бөлімдерді аралап, әзіл қоса әңгімелесіп жүретін Әнекең маған сол тұста әдебиет­тің қайсы мәселесін көтеру керектігі, ол туралы мақаланы әдеби сыншылардың қайсысына жаздыру жөн болатыны жайындағы ойын айтып, жан-жақты, нақты, ашық сөйлесетін. Орынды, өткір сын мақала жаза алатын авторларға кейде өзі «құда түсетін» және сыншы авторымызды «орынсыз сыналған, жала жабылған кейіпкерлерінің» жоғарыға жаудырған арыз-шағымдарынан арашалап алатын.
Бірде мынадай бір «қызық-шыжық» болды. Бөлмеге әдетінше ақырын ғана сылқ-сылқ күле кірген Әнекең алдыма бірнеше бет жазбаны қойып: «Мыналарды асықпай оқып байқа, содан ке­йін пікіріңді айтарсың», – деді де, шығып кет­ті. «Әйтпе» дегенді «әйтуге» құмармыз ғой, әкеліп бергеніне дереу үңілдім. Мен ешқашан естімеген бір әдебиетші, ғылым кандидаты (бүркеншік атпен жазғаны сезілді) «Түгленбаевтың» (аты-жөнін ашпай-ақ қояйын) жақында кандидат­тықты басқалардың кітаптарына «жиендік жасап» қорғағанын айтып, кітаптардың ат­тарын, авторларын анық атапты. «Түгленбаевтың» авторефератын қоса жолдапты. Қызық болды! Екеуін де үйге ала қайтып, аталған кітаптар менде бар еді, салыстырып кеп жіберсем, «бейтаныс» сыншы шындықты мөлдіретіп жазыпты. Ертеңінде Әнекеңе барып: «Мақала авторы бүркеншік атпен жазған сияқты, бірақ ақиқат­ты айтыпты, дап-дайын әдеби фельетон, газетке берейік», – дедім. Ол сылқ-сылқ күліп: «Солай ма?.. Бұл нөмірге мақала бар ғой, мынау ешқайда қашпас, асықпайық», – деді.
Төрт күннен ке­йін Әнекең тағы да күле келіп, тағы да бірнеше парақты ұсынып: «Енді мынамен танысып байқашы», – деп, сықылын күшейте шығып кет­ті. «Бұл не екен?!.» Оны да үйге алып қайтып, «қызыққа кенелдім». Тағы да бейтаныс бір сыншы: «Құрмет­ті редакция! Сіздерге бір «домалақ хат» барған болар, оның авторы «Түгленбаевты» (аты-жөнін жазыпты) «плагиатор» деп жүр, ал өзі – одан да өткен плагиатор! Кандидат­тық авторефератын жібердім, дұрыстап қараңыздар», – деген «сәлем хатын» қосыпты. Ал оның да жазғаны – жүз пайыз шындық!
Ертеңінде Әнуарға мен де күле кіріп: «Әнеке, «асықпайық» дегеніңізде бір гәп болған екен. Анау да, мынау да шашаусыз шындықты жазыпты. Екеуіне де қол тигізбей: «Кімнен кім жымқырған?» деген ортақ тақырыппен екеуінің мақаласын тіркестіріп жариялап кеп жіберейік!» – дедім. Әнекең екі иығы селкілдей қат­тырақ күлді де: «Бұл екі «мықтының» төркіні Ғылым академиясы екені, әлдебір ерегеспен екеуінің де бірінің үстінен бірі «қызыл су жүргізіп жібергені» айдан анық, ендеше, «араның ұясына» жоламайық, ертең есімізді шығарады. Маған ештеңе істемес, сендерге обал болады, ғылым жолына түскендеріңде бөгет жасайды», – деді. Мен: «Ғалым болмақ ойым жоқ, маған ештеңе істей алмас. Әнеке, жариялайық, жалынып жаздыра алмайтын фельетон ғой бұлар!» – дедім. Айтыс-тартыстан тасалан­байтын Әнекең сол жолы қалайда ат басын ірікті, яғни шындығында, бізді – жас әдебиетшілерді бір «құйыннан» қорғап қалды.
Сыр-ағаң мен Нығаңдай, Әнекеңдей азамат, қаламгер ағалардың әдеби мектептерінде шәкірт болғаныма әрқашан ризамын!

 

Ғаббас Қабышұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір