Классикалық әдебиет маржандары қайта жаңартылды
06.12.2024
118
0

Қараша айының 20-22 күндері аралығында Алматыдағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында «Ұлы Жібек жолымен – 2024» атты ХІІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өтті. Көрмеде «Smart University Press» баспа үйінің тікелей қолдауымен классикалық әдебиет маржандарының өнер мен білім туралы осыдан 50-60 жыл бұрын жарық көрген қазақ және орыс тіліндегі басылымдарының жаңартылған нұсқалары мен оқулықтардың тұсаукесер рәсімі өтті.


Әлем әдебиеті классиктері Н.Гоголь, Н.Островский, А.Чехов, Лопе де Вега, Ш.Айтматовтың пьесалар жинақтары мен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, жазушы-драматургтер Қ.Бекхожин, Қ.Мұхамеджанов, М.Хасеновтердің еңбектері де жаңартылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда өз салаларында жемісті еңбек жүрген ғылым докторы, профессор Қ.Халықовтың, кинотанушы-ғалым О.Батуринаның, театртанушы-ғалым А.Мұқанның, балеттанушы Л.Сарынованың, кинотеледраматург Ғ.Әбілдинаның ғылыми еңбектері жарық көрді. Аталмыш еңбектердің барлығы Темірбек Жүргенов атындағы ҚҰӨА Ғылыми кеңесі ұсынысымен «Smart University Press» баспасында басылған екен. Көрмеде өнердің драматургия, сценография, қолөнер, балет, хореография, киноөндірісі салаларындағы бағытты қамтитын 50-ге тарта танымдық кітаптардың тұсауы кесілді.

Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ғайнижамал Байқарақызы Әбілдина: «Бүгінде кітап оқымайтын ортаның кітапқа құштарлығын арттыру және классикалық дүниелермен таныстыру үшін кітапханаларда бір-бір данасы ғана қалып, тозығы жеткен кітаптарды өнер академиясының шешімімен қайта жаңартуды қолға алдық. Әсіресе, қазақ тіліндегі оқу құралдарының қатарында классикалық дүниелердің аз екенін білесіздер. Сондықтан бұл оқу құралдарымыз әншілік өнер, сценография, театр драматургиясы секілді түрлі өнер салаларында аса маңызды рөл атқарады», деп классикалық туындылардың қазақ оқырмандарына арналған нұсқасының басылып шыққанын мақтанышпен жеткізді.


 Тұсауы кесіліп, оқырмандар қолына тиген сүбелі еңбектердің қатарында Алма Шаймерденованың да кітаптары бой көрсетті. «Мен еңбек жолындағы әншілердің қазақ әндерінің сөздерін қалай бұрмалап жүргенін өз көзіммен көрдім. Сондықтан «Қазақ әндерінің орфоэпиясы» атты көлемді еңбегімді ұсындым және баспадан шықты. Қазақ тілінің фонетикасын зерделеп, соның заңдылықтарын негізге алып жасадым. Бұл кітапта қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының әндерінің сөздері енгізілген. Екінші әдістемелік-ғылыми еңбегім «Әншілік дауыс тәрбиесі» деп аталады. Ән дауысының физиологиясы мен тәрбиелеу жолдары кітапта айтылған. Осы әншілік дауыс тәрбиесін қазақ тілінде білсе екен, зерделесе екен деген ниетпен шығардым», – деген автор баспа басшылығы мен ұсынысын қолдаған жандарға шексіз ризашылығын білдірді.
Тұсаукесер соңында «Smart University Press» баспа үйінің басшысы Асан Алмаз Талғатбекұлы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өмірінде ерекше орын алатынын және қазақтың ұлттық құндылықтары мен руханиятын жаңғыртуға бір кісідей атсалысқан ұстаздар мен кітап авторларына алғысын айтты.    
Егеменді ел тарихында таразы басында тұрған өнер кеңістігі мен білім көкжиегін тең ұстап келе жатқан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан тек шығармашылық жетістіктер күтеміз.

Дана БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір