«Қансонарды» қайта оқығанда
01.08.2025
153
0

     

Абай өлеңдерінің ішінде оқшау тұрған «Қансонарда бүркітші шығады аңға» болса, бұл туындының аңшылыққа арналғаны, ал аңшылықтың «қазақ халқының ежелгі кәсібінің бірі, күнкөріс құралы болса, бертін келе спорт­тық, саяткерлік өнер түріне айналғаны» бұрыннан белгілі жайт. Ұлы ақынның осы өлеңді жазуға саналы түрде баруының себебі, дәл осындай аңшылық ләззатын, оның құмарлық құпияларын бұрынғы әдебиет өкілдерінің сөз етпегенінен емес, қансонар арқылы да қазақтың мінезін сомдап, елдің саятшылық өнеріне елең еткізуді ойлағанында. Аңшылық, саятшылық кәсіпке, өнерге Абайдың айрықша мән беріп жырға қосуы қалай болғанда да тегін емес, ұлт­тық болмысымыздың табиғатын да аңдатқандай қансонар қыс мезгілінің ерекше бір сыйы іспет­ті. «Қансонарда» өлеңі табиғат аясында, қысқы сахарада өтіп жатқан ежелгі саятшылық өнерінің қыр-сырын, баптап түлкіге салған қыран құстың тегеурінін, алпыс екі айлалы алтайы қызыл түлкінің арпалысын қимыл, қозғалыс үстінде жандандырып сурет­теген ақын көп нәрсенің астарына да үңілуге итермелейді, ой салып өтеді.
Ит пен құстың өзін қолына үйретіп шаруасына пайдаланып келе жатқан ата-бабаларымыз жан-жануарлардың да мінез-құлқын, тіршілік-тынысын зерт­теп зерделегені сонша қыран кұстың, ителгі мен қырғидың өзін құс болса да қолына үйретіп, баулып, баптап күтім жасай білген, бұл – кұстың да тілін білген деген сөз. «Қансонарда» халқымыздың бай этнографиялық қазынасының көп жәдігерлік көріністерін ақын поэтикалық тілмен түйіндеп кетеді. Оқырман сырт­тай ғана емес, ұлт­тық болмысымен, ұлт­тық таным-түсінігімен қабылдайтын аңшылық көріністің картинасы кең полотнолы сурет­тей көз алдыңда тұрады. «Қыран құстың» қызығы ақынның өзін де, оқырманын да елітіп, еліктіріп, желпіндіріп те жібереді. Сонда онда не сыр, не кұдірет болғаны?
        Саятшылық өнерге, соның ішінде, саят құстарына қатысты деректерді реті келіп тұрғандықтан келтіре кетейік. Өйткені Абай жырлап отырған құсбегілік өнердің табиғатын, қыр-сырын аша түссек, өлеңге тақырып болып отырған объектіні де кеңірек түсініп, тани аламыз. Саят­шылар кұс атаулыны желбесін құстар, тұяқты құстар деп екі топқа бөледі. Желбесін құстар етін жейтін, жүнін мамық ретінде пайдаланатын кұстар тобы. Оның өзі су құстары (аққу, қоңырқаз, қоқиқаз, бірқазан, қалбағай, аққұтан, көкқұтан, керқұтан, әупілдек, шағалалар), қыр құстары (дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, оқпақ, қарабай, тырна, шыңырау, тарғақ), судың бойы мен қырды бірдей жайлайтын құстар – қырғауыл, құр, шіл, ұлар, тау­құдірет, орақтұмсық, сатауық, бөдене, бұлдырық сияқты түрлері бар. Тұяқты құстардың өзі «қыран зат­ты», «керексіз зат­тылар» болып бөлінеді, соңғысына әртүрлі қарақұстар (көкжөре, күшіген, балтақұстар, сақалтақ), субүркіт, саңқылтақ, сарышағыл, саржала, жалмансары, бөктергі, кезқұйрық, құладын, күйкентай, ақсары, ақүкі, жапалақ, сондай-ақ құзғын, қарға, сауысқан осы топқа кіреді. «Қансонарда» Абай желбесін құстарды емес, болат тұяқты қыран құстың аң аулау тәсілін сурет­тейді әрі қызықтайды. Тұяқты құстардың ішінде «ақылдысы» әрі адам қолына үйренуге икемдісі, әрі пайдалысы, түйсігі мол қыран зат­тылар, ол өте сезгіш әрі сезімтал құс. «Тумысынан аң, құс алып кәделі қызмет атқаруға лайықталып жаралған қыран құстардың негізгі тұқымы үш түрлі. Олар бүркіт, қаршыға, сұңқар тектес қанат­тылар. Бұл көрсеткен үш текті құстың жаратылысы өзге құстан бүтіндей басқа. Олар түз құсының ішіндегі ең қарулысы, тегеуріндісі әрі ұшқыры және олардың тұяқ, тұмсық бітісі де басқа құстан өзгеше келеді. Сондықтан оларды саятшылар тілінде «қыран құс» деп атайды» деп жіктеп, салалап түстеп жазады Ә.Марғұлан «Саят кұстары және олардың жаратылыстағы ерекшеліктері» деген мақаласында. Қыран құстардың қыр-сырын аңшылықпен көп уақытын өткізген, саятшылық кұрған ақын өте жақсы білген, өзі басынан өткерген. Қыран құстар биікке самғап, көбіне қалықтай сыза ұшады, оның дене бітімі сұрапылдай ағызып, сыпырта, сыпылдап ұшуға ыңғайлы. Қаршыға, лашын, сұңқар көбіне кенет­тен жоғарыға атылып, не төменге қарай құлдилап, сорғалай, не қырындап бұлдырап ұшады, ол өте жылдам ұшатындықтан жемін қандай жағдайда да іліп түседі. Ал қыран бүркіт­тің аңға шүйлігуі бөлек, ірілік сезілетіндей:
Төмен ұшсам түлкі өрлеп кұтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға.
       Ақын қыран құстың түлкінің қай бағытқа қарай қашарына де­йін аңдып білетін сергек қырағылығына тоқталады. Абай бүркіт­ті батыр бейнесінде сипат­таса, енді бірде паң қалпында сурет­тейді, қыранға кейде адамға тән іс-әрекет­ті бейімдеп жырлап, табиғи сипат­та жымдастырып жібереді. Айла-тәсіл, әдіс қолдану қыранның түйсікпен дағдылы түрде іске асыратын қару-машығы. Түлкі жоғары өрлеп құтылып кетпес үшін қыран лезде аспанға қайқаң етіп көтеріледі. Жаратылысынан түйсігі мол жануардың бұл тәсілін саналы жанға тән қимыл әрекет­тей сурет­тейді. Енді биікке көтерілген паңның, батырдың қолындағы қаруын ақын:
О дағы осал жау емес қыран паңға,
Сегіз найза қолында, көз аудармай
Батыр аял қылмайды ертең таңға, – деп бедерлеп, айшықтап сурет­тейді. Өте әдемі бейнелеу, алайда сегіз найзасы не нәрсе? Бұл ақынның тапқырлығы. Бүркіт­ті батыр кейпінде жырлап отырған ақын, енді оның қолында сегіз найзасы бар деп бұрынғыдан да күшейтіп сипат­тайды. Сегіз найза жан шыдата ма? Сегіз найза деп бір жағы жұмбақтап отырғандай бейнелеп өрнектеуі, бұл – қыранның ең мықты қаруы сегіз тұяғы. Саятшылар бірден ұға кететін әдемі әрі бұрын сөйлеу машығында ұшыраспайтын тың тіркесті теңеу. Сөз зергерінің бүркіт­тің ең мықты қаруын сегіз найза қолында деп жырлауы ұтқыр да ұтымды шыққан.
Академик Ә.Марғұлан жоғарыда келтірген мақаласында былай деп жазады: «Ылғи аңмен алысып күн өткізетін саят құстарының тарамыс бітісі де басқа хайуандікінен өзгешерек. Бұлардың тарамысы жембасар (алға қарай кеткен үш саусақ) мен тегеуріннің (артқа қарай біткен саусақ) бауырын ала иректеле бітіп, оның әрбір ирегіне шодырайған сіңір қыры дәл келіп отырады. Сөйтіп, тұяқты қысып-жазғанда мықты тарамыстың ирегіне буындағы сіңір қырының дәл келіп отыруы құстың тегеурініне ерекше күш береді. Соның нәтижесінде, оның шеңгеліне түскен желбесін құстар темір қысқыштың арасына түскендей жаншылып отырады». Көктен сорғалап құйылған қыранның серпімді болат тұяғының шеңгеліне іліккен түз тағысы әп-сәт­те-ақ ғаламат күшпен сығымдалып жаншылып кетеді. Адам тісі стоматолог ғалымдардың зерт­теуіне қарағанда 80 кг де­йін күшпен қыршып тістейді екен. Бүркіт­тің шеңгелінің аңның бел омыртқасын қаусатып жіберетін сығымдау күшін соған қарап-ақ шамалауға болар. Одан әрі ақын:
Қанат, құйрық суылдап ысқырады,
      Көктен қыран сорғалап құйылғанда, – дейді. Көзді ашып-жұмғанша, әп-сәт­те найзағайдай жарқ ете қалған сұрапыл жылдам қимыл-қозғалыс. Жылдамдық барған сайын үдей түскені сонша қанат, құйрық суылдап ысқырып зулап, ауаны тіліп барады. Ақын соншама дәл, нақты сурет­тейді. Атылған жебедей ғаламат шапшаңдық. Сорғалап құйылған бүркіт­тің болат тұяғының тегеурініне жемі қарсылық көрсете ала ма? «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дейді халқымыз. Қыран құстың қанат пен кұйрық бітімі, дене құрылысы басқа құстардан мүлде өзгеше. Айталық сұңқар мен лашын оқтай атылып, сыпыра ағызып ұшады, ешбір құс олармен тең келе алмайды. Саятшылар мен ғалым-орнитологтардың бақылауына қарағанда, саят құстары секундына 11-12 метр жылдамдықпен, лашын жемтігіне төнгенде секундына 75 метр жылдамдықпен құлдилайды екен. Ұшу жылдамдығы өте жоғары. Ұлы ақынның бүркіт­тің көктен құлдилауын сипат­тауында асқан байқампаздық көзге ұрып тұр. Сұлу сурет, жан дүниеңе, адам сезіміне әсер ететін сырлы полотно, аңшылық рақатынан адам бір жасап қалатын әсем көрініс.
       Аңның да, құстың да мінез-құлқын, ерекше қасиет­терін қапысыз тануы жағынан Абай кәнігі саятшыдан да асып түседі. Қыран бүркіт­тің әдемі, келісті қимыл-қозғалысын шеберлікпен әрі шабытпен сипат­тауы соның айғағы. Абай «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңінде жануардың ішіндегі сұлу түлік жылқыға берген сипат­тамасы, сыны қандай ғажап болса, «Қансонарда» қыран құстың да бойынан сондай бір өзге жануарларға ұқсамайтын ерекшеліктерді танып, соны өлең тілімен тамаша мөлдіретіп өрнектей білген. Ақынның қыранды сурет­теуінің астарында Абайдың өзі қанық болған, бізге бүгінде беймәлімдеу этнографиялық құндылықтарға айналып бара жатқан астарлы дүниелер табиғатының беткі көрінісі сипат­талып өткендей болатыны сондықтан. Ол көрініске үңілсең дала табиғатының мінезін, халқымыздың этномәдени мұрасын, этнографиясын, тұрмыс-салтын тануға алып барады. Ақынның бір сөзбен көп дүниенің басын қайырып кететіні, көріністеріне де­йін сыр шертіп тұратыны сондықтан.
     «Қансонарда» Әуезовше айт­қандай, Абайдың «жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады». Ол қандай мәдениет, ең алдымен, орыс классикалық поэзиясының дәстүрін сіңіру, солай бола тұра орыс поэзиясына тікелей еліктеу де жоқ, бұл – таза қар жамылған қысқы далада өтіп жатқан аңшылық, саятшылық, ұлт­тық болмысымызға тән құсбегілік өнер. Құсбегілік өнердің қызық та қызығарлық сәт­терін ақын өзі де оқиға ішіне еніп кеткендей етіп еліктіріп сурет­тейді. «Қансонар» ақынның табиғат­ты да көркем сурет­теген, бүркіт­тің қимыл- қозғалысын, бүркітшінің ширақ әрекетін, томағасы сыпырылған қыранның биіктен сорғалап түлкіге шүйілгендегі көріністер аңшылықтың тұтас картинасын береді. Абай «Қансонарда» даланы, тау мен тасты нақты сурет­тейді, реалистік дәлдікпен бейнелейді. Оқиға табиғат аясында, Абай өзі талай саятшылық құрған қысқы сахарада өтеді. Бүркіт пен түлкінің арпалысқан сәтін бейнелегенде Абай «жеке батыр шыққандай қан майданға» деп, дәстүрлі теңеуді де қолданып өтеді. Одан әрі ақын: «қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, ұқсайды хасса сұлу шомылғанға» деп батыл теңеу қолдана сипат­тайды. Аппақ қардың үстіндегі қара бүркіт пен қызыл түлкінің тайталасқан, қарбалас қалпын «хасса сұлудың шомылғанына» ұқсатып жіберуі ақын танымының, көркемдік әлемін қабылдауының биіктігін, образдылығын көрсетеді. Табиғат­тың көркін ерекше түрлендіре сурет­теген өлең – осы «Қансонарда». «Қансонар» табиғат лирикасының ең бір гауһары десе де болады. Аңшылық өнер, саятшылық бұл бір жағынан спорт өнері де. Егер ақын:
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда,
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда», – десе бұл шумақтан, біріншіден, өлеңнің таза ұлт­тық сипаты аңғарылады, «үйі­рімен үш тоғызды» жасы үлкенге сыйлау – қазақ дәстүрі. Ал салт пен сана, тұрмыс, әдет-ғұрыптар – ұлт­тық мінез қалыптасуының қайнар көздерінің негізі. Үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпей, айт­қанын екі етпеу – ұлт­тық сезім ғана емес, мінез де. «Құсы да иесіне қоразданар» деген жолдар сәл нәрседен мәре-сәре болатын аңқылдақ, бала мінезді халқымыздың бейнесін беріп тұр.
        «Қансонарда» өлеңінде орыс халқының өмірінен, не орыстың классикалық поэзиясынан тұп-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір сырт белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз қазақ халқы мекен еткен қысы қарлы, табиғат. Бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданылмайтын бүркіт аңшылығы сурет­телмек»… деп жазған еді М.Әуезов.

 

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір