Жазушының жүрегі немесе досыммен сырттай сырласу
Кәкесі, сенің кезекті мерейтойыңның қарсаңына орай, қатар өткен өмір кешулері ойыма түсіп отыр. Менің үш жылға созылған әскери міндетімді өткеріп, үстімдегі сарбаздың сұр шинелін шешіп, 1960 жылдың шілдесінен 1962 жылдың қарашасына дейінгі аралықта қызмет істеген «Лениншiл жастағы» ортама қайта оралған кезім.
Арада екі-үш ай өтіп, 1967 жылдың қысқы күндерінің бірінде су жаңа әдеби қызметкер болып қызметке қабылданған сенімен таныстым. Сен онжылдықты бітіріп, елде екі жыл жұмыс істеп барып университетке оқуға түскен, өмір көріп, тіс қаққан жігіт екенсің. Содан да болар, бір-бірімізбен тез тіл табысып, алаңсыз араласып-құраласып кеттік. Көп ұзамай ортамызға Серік, Кәрібай, Оралхан, Ақселеу келіп қосылғаны есте. Міне, содан бері елу жылдай уақыт өтіпті. Алтауымыздың жұбымыз жарасып, бір үйдің баласындай бауырласып, жастық шақтың шулы-дулы базарының қызығын бастан өткеріп, жазған-сызғанымыздың газетте жарияланғанына төбеміз көкке жеткендей қуанып, жарасып қатар жүрген кезіміз қандай ғажап еді. Кейінірек ортамыз Бексұлтанмен толысты. Оралханның ұсынысымен жеті жетім атандық. Оның өзіндік сыры бар-тын. Шын жетім қалған үшеуіміз ғана едік. Ал біздің жетімдер атын жамылуымыздың жөні басқа, яғни біреулердің сүйеніш-тіреуінсіз, өз бетімізше тырбанып, өз тіршілігімізді жасап, еттірлігімізбен ел қатарына қосылып, адам болғанымызды айғақтағымыз келген. Мұны естіген ел құлағдар болсын деген ниетпен айтып отырғанымды өзің біліп отырсың ғой… Менің білуімше, сен студент кезіңде атыңды шығаратындай көп дүние жазбаған сыңайлысың. Алайда, алған білімің, көп оқып, көңіліңе тоқығаның, өмірлік тәжірибең шығармашылық қабілетіңнің барлығын бірден байқатты. Келе сала көсілтіп жазуға кірістің. Жастар газетінің жазу мәнерін, тақырып тапқырлығын, ой орамын тез меңгеріп кеттің. Сөйтіп, қаламынан жел ескен жорналшылықтың арқасында абыройың асып, сый-құрметке бөлендің. Қаламгерліктің қыр-сырына қанығып, кемелденіп, келе-келе жазушылық жолға түстің.
Әрине, көркем әдебиет көрінгеннің ермегі емес, жазушылық өнердің өресі биік төресі. Сөз білетін, әрқилы әңгімеден, ауызекі көрген-естіген оқиғадан сюжет өрбітіп, шығарма жазуға машықтанып, қаламгерлікке ұмтылғандардың көбісі шамасын білмей шатасқан, талапкерлік деңгейдегі «толыспаған толстойлар» санатында. Ал сенің жөнің де, жолың да басқа. Елде ержетіп, өмір танып, әлем әдебиетінің үздік шығармаларымен жете танысып, оқығаныңды көңіліңе тоқып, жорналшылық іс-сапарларда талай санаңды саралап, ойыңды қорытып, тума талантыңның арқасында сандаған әңгіме, хикаят, романдар жаздың. Нәтижесінде, қазіргі қазақ прозасына олжа салған суреткер жазушылардың бірегейі болып, ел-жұртқа танылдың. Оған жазылып, жарияланып, том-том кітап болып басылған, оқырмандарының жүрегіне жетіп, жылы лебізіне бөленген шығармаларың дәлел. Бұл пікірді мен досым болғаның үшін мейлінше мақтап, әдейі әспеттеп, бағаңды асыру мақсатында жазып отырмағаныма арым куә екендігіне оқырман қауым қалтқысыз сенеріне күмәнім жоқ. Жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының шынайы да шырайлы шығармаларын оқыған кісілердің бәрі де осындай ойда деп кесіп айта аламын.
Кәкесі, сенің жазушылық жолыңның алғашқы «Ашылмаған сырда» әңгімесінен сәтті басталғаны айдан анық. Осынау кездейсоқ кезіккен кейіпкердің – Ұлы Отан соғысының мүгедегі тұтқынға түсіп, қашып шығып, кейін сол үшін сотталған бейтаныс кәрияның тосын да қиын тағдырлы өмірінің сырын ашуға, оның мейрамханада Огинскийдің «Полонезін» қайта-қайта тапсырыс беріп, құмарта тыңдайтынына таңғалған жорналшы Серіктің әңгімесі оқырмандарға ой салатын, мөлдір сезімге бөлейтін шағын да болса шалқар мазмұнды шығарма еді. Бұдан кейін де бұрқыратып көптеген әңгімелер жаздың. Солардың ішінен «Балабура», «Соңғы шабыс», «Арқарқара», «Марал оты», «Қара қасқыр» деген әңгімелеріңді, «Аюдың өті», «Жетім қонжық», «Иттер де жылайды» аталатын хикаяттарыңды ерекше бөліп айтар едім. Бұл сенің табиғат пен адамдардың ара-қатынасына, хайуандар тіршілігінің тылсым сырларына қатысты жазылған шығармаларың. Бұл әңгіме-хикаяттардағы кейіпкерлеріңнің түрлі мінез-құлқы, адамгершілігі мен аярлығы, зұлымдығы мен зияткерлігі нанымды, сенімді іс-әрекеттері, ой-пікірлері, жүріс-тұрыстары арқылы әсерлі әңгімеленулерімен көкейге қона кетеді. Ойландырады, толғандырады, санаңа сәулесін түсіріп, сезіміңді сергітеді. Аталмыш шығармаларың сенің жазушылық шеберлігіңнің шыңдалып, суреткерлік талантыңның толысқандығын жазбай танытатын туындылар.
Сенің жазушылық қолтаңбаңның ерекше сипатын танытқан қазақ халқының өмір-тағдырларының үш кезеңіне арналған үш романың. Ұлттық болмысымыздың бояуы қанық, алуан сырлы қадыр-қасиеті осы романдарыңда шалқар шабытпен,
қарасөзбен төгілте жырланған.
Мысалы, «Беласқан» романы кешелері қазақ сахарасы басынан кешірген жаугершілік заманның зар-мұңын, тағдырлары тәлкіге түскен адамдардың қилы өмір-тіршілігін, кісілікті іс-әрекетімен, ел-жұртына жанашырлығымен есімдері ел есінде сақталған батырлар мен билер, солардың төңірегіндегі қарапайым жұртшылықтың ғұмырнамасын баяндап, сыр шертетін шоқтықты шығарма. Бұл романыңның тағы бір кереметі – ұлтымыздың бүгінде көңілден көшіп, көзден тасалана бастаған дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын тірілтіп, сол кезеңнің келбетін кестелі тіл, көркем суретпен баяндап бергенің. Сөйтіп, бүгінгі жас ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға, рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқаның дер едім.
Ал «Жол» романы болса кешегі Кеңес заманы орнаған, сонау 20–30 жылдардағы қазақ елінің өмір-тіршілігін, сол мезгілдегі өнер-білімге талпынған қазақ жастарының көштен қалмауға ұмтылысын көркем сөзге көшірген көшелі туынды. Қысқасы, қазақ елінің кезеңдік өмір жолының хикаяты, көркем шежіресі.
Биік талғам, көркемдік шеберлік тұрғысынан бағалағанда орны алабөтен, тамаша туындының бірегейі – «Біз қалада тұрамыз» романы. Шығармада жоғары оқу орнын бітіріп, Алматыда қызметте қалған жастардың әркімнің босағасын сығалап, баспанасыз жүргені, отбасының көрген тұрмыс тауқыметтері туралы шындықтың шырайын келтіріп-ақ жазғансың. Өйткені, сен суреттеген өмір хикметтерін өз замандастарың да, өзіміз де бастан өткердік қой. Оның сыртында соғыстан соңғы жылдары басқа елдерден түрлі себептермен ауа көшіп келіп, Алматыға қоныстанған басқа ұлт өкілдері мен жергілікті қала тұрғындарының қилы тағдыр кешулерін де ұмыт қалдырмай, сабақтастыра өрнектегенің де өте орынды, табылған тәсіл екендігін айту парыз.
Мені ерекше қуантатын жағдай – сенің қаламыңның қарымдылығы, яғни дара дарындылығың. Жасың ұлғайып, ақсақалдық белеске көтерілсең де жазуыңнан жаңылған жоқсың. Оған беріректе жазылған «Жоғалған жұлдыз» хикаятың нақты дәлел. Сүйіспеншілік сынды мөлдір сезім мен өмірлік өкінішті баяндайтын осынау хикаят адамгершілік, адалдық, жақсылық пен жамандық туралы жастарға арнаған өмірлік өнегесімен қымбат туынды. Расыл мен Кәмилаштың – қос ғашықтың қосыла алмауына байланысты өзекті өртер өкініші сезімі сергек, жүрегі жұмсақ, қай адамның да жанын жабырқатып, кейіпкерлеріңе қосыла уайым-қайғыға батары анық. Мұндай жан-жүректі қозғайтын, егілтіп-елжірететін, сол арқылы санаңа ізгілік сәулесін түсіріп, көңіл кірін кетіретін, ар алдындағы адалдықты дәріптейтін шығармаңды оқыған әр адам саған ризашылық пейілін айтары ақиқат.
Сенің соңғы жылдары жазылған бір топ эссе-естеліктеріңді оқи отырып, өткен өміріміздің елестері еске түсті. Әсіресе, әке мен шешенің, ағаның асыл қасиеттеріне деген қимас көңілің арқылы балалық шағыңның, ертеректегі көзің көріп, басыңнан кешірген ғұмыр жолыңды жарқырата жазыпсың. Қарапайым, шаруа баққан адал еңбектерімен елге сыйлы болған осы кісілердің қазақы тәлім-тәрбиесінің ғұмыр бойы жаныңа азық, өмір-тіршілігіңе қазық болғанын емірене есіңе алуыңның да мән-мәнісі зор. Сол арқылы да сен кейінгі жас ұрпаққа ұлағатты ой салып отырсың. Ұрандатпай-ақ, ұтымды пікір, өнегелі қағидаттармен бөлісіп отырғаның қандай керемет.
Енді бір есте сақталатын дүниең – достықты дәріптейтін, сыйластықты сағындыратын, татуластыққа табындыратын бала кезден бауырласқан, елде жүргендегі ежелгі достарың Мұрат пен Әскербек жөнінде жазған эсселерің оқырманын ойлантып, жүректерін жылытатын, көңілдерін босатып, толғантатын туындылар. Ал екеуіміздің де жан сырымызды бірге бөліскен ортақ достарымыз, өмірден ертерек көшсе де, жүрегімізде өзіміз өлгенше сақталатын, қияметтік қимастарымыз Оралхан, Кәрібай, Ақселеу, Серікке деген сарқылмас сағынышымызды да жалпақ елге жарияладың.
Сөзімді аяқтар алдында сенің соңғы жазған осынау эссе-естеліктеріңнің ерекшеліктеріне тоқтала кетпекшімін. Бұл қазіргі шақтағы сенің қаламыңның қарымын көрсетудің амалы. Сенің көркем шығармаларың хақында шамам жеткенше ой-пікірімді білдіріп, бірнеше мақала жазғаным есіңде ғой. Сондықтан өткен ізді шиырламай, соны сапар – соңғы хикаятың мен эссе-естеліктеріңді талдап-таразылауға тырыстым.
Кәкесі, сенің бұл жазбаларың өмірдің өз шындығынан алынғаны белгілі. Солай бола тұра, қаламгерлік жазу мәнеріңнен айнымапсың. Деректі, дәйекті әрі көркем кестеленген. Әр эссенің өзіндік өрісі, өзіндік жазылу жүйесі, өзіндік түйіні, алар тәлімі бар. Ендеше, осы сөзімді тірілтетін азды-кем мысалдар келтіре кетейін.
Сенің әңгімең әкең қайтыс болар алдында бала-шағаңды алып, елге барғаныңнан бастау алған екен. Сондағы әкеңнің айтқан өсиеттей сөзін есіңе алыпсың. Кезінде жетім қалған әкеңді қанатының астына алған Дәулетжар деген ағайыны дүниеден көшерде туған-тумаған ұлдарын жинап алып, былайша өсиет айтса керек. «Ала жіп аттағандарыңды адам көрмесе де, Алла көреді. Пайда да табыс. Табыс еңбекпен, адал жолмен келсе ғана бойға жұқпақ. Өзгенің есебінен мал таппақ – пайда емес, пайдакүнемдік. Бұл да ала жіп аттау. Анаң екеуміздің осы өсиетті өмірлік темірқазық етіп ұстағанымыз ақиқат. Олай болма, былай бол демей, айтқан өмір шындығынан алынған тәмсілдерім ертеңіңе сабақ болсын деп едім. Сенің әкеңнің осы өсиетіне адалдығыңа біз – достарың куәміз. Ал аяулы анаңды есіңе ала отырып, суық тиіп ауырып қалған сәттегі мойнына көгеннің бұршағын салып, ағыл-тегіл жылағаны, құлынымның жанын қалдырып, өзімді ал Алла деп жалбарынғаны есте қалыпты… Бәлкім, суішерлік ғұмырымды ұзартып бергені шешемнің шын тілеуінен болар» деген сөзіңнің де жаны бар. Баласы үшін жанын қиюға даяр тұратын қарапайым қазақ әйелінің қадір-қасиетін жақсы жазыпсың. Анасын аялай алмай жүрген жетесіз жүгірмектерге бұл сөзің сабақ болса игі. Ал аға туралы әкеден кейінгі жаны бөлек жанашыр, қаны бірге қамқор жан деген түйінді, тұщымды сөзіңе алып-қосарым жоқ. Ардақты ағаның соңғы оншақты жылы суқараңғы болса да «Кәдірім, сенің келгеніңді жүрісіңнен-ақ сеземін деп құшағына қысатын сәтіңді көре алмайтынымды мойындау қандай қиын еді, жан Аға» деген еске алу сенің бауырыңа деген ыстық ықылас, сарқылмас сағынышың екендігі кәміл.
Ақселеудің Ернары, Оралханның Айханы, Бексұлтанның Бейбіті, менің Дулатым, сенің Алтайың барына шүкіршілік ететінбіз. Ол қыздарымызды қомсынғанымыз емес еді, әрине. Бәріміз де оларды еркелетіп өсірдік. Алайда, ұрпағыңды жалғайтын ұлың деген қанға сіңген қасиеттен ада еместігіміз рас. Сен қырықтың қырқасына енді шыққанда жүрек талмасынан қапияда қайтыс болған Алтайыңды жоқтап, көп жыладың. Біз де қайғыңды бөлісіп қасыңда жүрдік. Ажалға ара түсер амал қанша. Әйтсе де Алтайдан бір ұл, бір қыз бала бар – тұяқсыз емессің.
Жалпы, сен тіршіліктің тауқыметін аз тартқан жоқсың. Әке-шешеңді, ағаңды, апа-жездеңді қимай жүріп, қинала жүріп мәңгілік мекендеріне аттандырдың. Одан бұрында ұлың Манардан айрылып, аңырап қалған қапалы күндер де есте. Бір қыз, бір ұлды болып, үкіметтен үй алып, енді етек-жеңіңді жинай бастаған кезде алғашқы жарың Баян өтті өмірден. Көп ауыртпашылықтың арты оңалып, Ғайшаға қосылдың, одан үш қыз сүйдің. Қанша тіршілік тауқыметін тартсаң да тозбадың, төздің. Қанша қиындық басыңа түссе де, жүрегің жылы, жаның жұмсақ жаратылысың қайғы-қасіреттің тереңіне батырмай, көрер қызық, татар дәміңнен айрылмай жүріп жатырсың. Көркем сөздің көрігін қыздырып, мезгілсіз өмірден озғандарына қамыға отырып, олардың әрқайсысының кісілік қасиеттерін, жазушылық дарындарын даралай талдап жазған эссе-естеліктерің Оралхан, Ақселеу, Кәрібай, Серік сынды біздің ғана емес, жалпақ қазақ елінің сүйікті аяулы азаматтары туралы толғанысты топтамаларың да шынайы достарымызды шын жүректен шыққан сырлы сөздермен кестелегенің анық. Бұл адал достыққа арналған сөзден соғылатын ескерткіш десем, артық айтқандық болмас. Сенің өмірдің ащы-тұщы небір қилы кезеңдерін адами және жазушылық нәзік жүрегіңнен өткізе жүріп, қабырғаң қанша қайысса да мойымай, майыспай соншама шығармалар жазып, ізгі жанды кейіпкер бейнесін сомдаған қаламгерлік қуатыңа тәнтімін. Жүрегі жақсылықтан, ізгіліктен жаратылған сендей жақсы досымыздың барлығына шүкіршілік.
Айтқандай, сенің жазушылық өнеріңе қоса ұлтымыздың ұмыт бола бастаған қазақы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын саралай суреттеп жазған сан алуан этнографиялық әңгімелерің де танымдық қырымен, тәлімдік сырымен есте сақталары, жадымызды жаңғыртары сөзсіз. Көркем шығармаларыңның шырайын келтіріп, қызықтыра оқытатын сол жазбаларыңдағы бәйгеге ат қосу, палуандар күресі, құс салып, аң аулау, ұлттық той-жоралғылар жөніндегі қызықты әңгімелерің. Осы орайда арнайы жазылған «Қазақ дастарханы» деген үш тілде жарық көрген кітабыңның құндылығы айтпаса да аян. Ал осының бәрі сенің қазақтың өмір-тіршілігін жетік білетіндігіңнің белгісі.
Күні ертең ағайын-туыс, дос-жарандар ортасында аталып өткелі отырған жетпіс бесің – жетіп-піскен жемісті жасыңа жақсы жеттің, жан досым! Пендеуи өміріңде де, жазушылық өнеріңде де абырой-атаққа бөленіп, Құдай берген ғұмырды баяғыша тату-тәтті өткізе беруімізге жазсын. Өткен өмір көкірегімде қоңыр сазымен күмбірлеп тұр. Әлі де айтылар әңгіме, ақтарар сырым аз емес. Әйтсе де әзірге сөзімді осымен аяқтай тұрайын…
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі