Дариға МҰШТАНОВА. Өлең, сені сағынам, көрінбесең
02.06.2026
30
0

Жыр шақыру

Өлең, сені сағынам, көрінбесең,
Көрінбесең, көктем боп өрілмесең.
Сен болмасаң, кетеді жан жабырқап,
Күрсінеді білдірмей көңіл-көшем.

Сен ше, өлең? Мені іздеп тұрасың ба?
Баяғыдан серік ек, расында.
«Бөктергіге қор болып» кеттің бе әлде,
Қайран басың, «лайық лашынға»…

Өлең, өлең…Беу, өлең… ардағым-ай,
Көктен күтіп ауаны қармадым-ай…
Лүпілдеген жүрегі, қасиеттім,
Жықпаса екен тек сені жарға Құдай.

Кешір, өлең, кірлетсек қанатыңды,
Қанатыңды, періште-жанатыңды.
Жылқы жылы кеп қалды дүркіретіп,
Бақыт жаққа бұруға сағатыңды.

Өлең, сені сағынам, көрінбесең,
Қайда толқып жүресің көбінде сен?
Шарлап Жайық жағасын іздеп келдім,
Болармысың Жыл құсы тегінде, сен.

Абайға хат

Тап солай… Кеткен жоқпыз қырдан ұзап,
Қуратып ғұрыптарды ұрды аңызақ.
Бойлары сіз көргеннен бұлғаңырақ,
Сөздері одан да өткен жылмаңырақ…

Тап солай. Көп өзгеріп жарытпадық,
Бәрі оқып шыққанменен қаріп танып.
Ойпыр-ай, сіз көрсеткен кейіпкерлер,
Қалайша бізге жеткен өліп-талып?

Суайт та сөз сыпыртқан арада жүр.
Шалқайды «жұрт құтыртқан» шала не бір.
«Адам аулап» ойнайды оңашада,
«Байды жаулап» мақтайды шарада кіл.

Саз беріп шартараптан,
О, ғаламың,
Жеткізер емес бізге жобаларың.
«Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ»
қаңбақ ұшар, жел біліп не боларын…

Тағы да Абайға хат

Сол баяғы өмір ғой, сол баяғы,
Өзің көрген,түңілген жол баяғы.
Өлеңіңді жатқа айтып жүргенменен,
Тап өзгере қоймадық ондай әлі.

Өмір басқа болғанда, өлең басқа,
Шамасынан аспайды көлем қасқа.
Ойша жиі сырласам өзіңменен,
Дос таба алмай, ақыры сенен басқа.

Бүлк-бүлк соққан тамыры бұла күннің,
Алдыма әкеп тосады сұрағын мың.
Сендік ұлы жалғыздық әлемінде
Мен де кете-кеткенше құлазырмын.

Сағыныш 

Аспан мынау ашылар ед, ауса мұң
Аңсадым-ау, сол күндерді аңсадым.
Өзіңменен оралмасқа кетті ме
Бұлбұл ұшып менің нәркес бал шағым.

Күз болыпты-ау. Қызыл күрең айналам,
Сыңсиды әне су жапырақ жайраған.
Селдір жауын сен емес пе екенсің,
Тамшы болып кірпігімнен саулаған.

Жусан. Изен. Ана біреу бөтен гүл,
Сен бе екен деп елеңдеумен өтем кіл.
Сол күндерді бізбен бірге сағынып,
Бір тылсыммен үн қататын мекен бұл…

Ауылға

Ал, енді, ауыл қайда! Кеттік, інім!
Ауылға аттанатын кепті күнім.
Тезірек әкет мені. Табысайын
Іздермен жоғалтпаған тектілігін.
Кеттік, інім!
Тып-тыныш таң атырып.
Түн бағайын.
Кезекпен қонақ
қылсын күнде ағайын.
Бадана жұлдыздармен сырласайын
Содан соң жыр жазайын..
жыр жазайын.
Кеттік, інім.
Басайын табанымды шалғынына
Кластас қағытайын «шалды» мына.
Жол күтіп жүрген шығар жеңгелерім
Тезірек жетейінші барлығына.
Кеттік, інім!
Тарт, інім, қара жолмен
ауылға айда!
О, мені сендей ұғар бауыр қайда!
О, менің ауылымдай ауыл қайда!
Сержан-ау, бас қамшыны, ауылға айда!
Ауылға айда!

Ай мен Айсұлу

Айдың жүзін Айсұлу көлеңкелеп,
Аржағында бірдеңе және емпелеп…
Түні бойы телмірген тылсым жұмбақ,
Көрінетін күткендей менен көмек…

Иінінде суағаш, шелек пе әлде,
Тұратын да қоятын ерек халде.
Көз талдырып қарасаң, қозғала ма,
Жұмыр Жерге бір нәрсе демек пе әлде?

Сүттей аппақ Ай ару…Сұлуын-ай…
Қиялымды қияға бұруын-ай.
Қоңыр кештен көз тіккен қоңыр қыздың,
Күбіріне құлақты түруін-ай.

Ай қамаған сұлуды аяп сондай,
Барғысы кеп қасына таяп самғай.
Қоңыр кеште қоңыр қыз отырушы ед,
Ертегісі күнде айтқан аяқталмай.

Сол Айсұлу әлі Айда. Өзгермеген.
Алыстады қиялшыл кездер неден?
…Ай бетіне қарайтын адам да жоқ,
Әр қолда бір телефон бездеңдеген.

Жылқы жылаған

Емес қой естен ел кенде,
Естілік деген шерменде.
Еңіреп сол ес жылайды,
Жылқылар жылап өлгенде.

Тарихы қат-қат теңдерде,
Теңдерден емес ел кенде.
Тұлпарлар тулап қырылды
Туралап нәубет келген бе?

Жауынгер жылқы ежелден,
Жауына найза кезелген.
Жас жуып көзін тұрғаннан,
Жығылатынын сезем мен.

Түсінікті ғой барлығы,
Алланың болса жарлығы.
Жылқыға түсті неліктен,
Кең дүниенің тарлығы?

Боз далаға ол өгей ме,
Өгей деп жолын бөгей ме?
Киіктен қалған қу тақыр,
Талғажау болып демей ме?

…Жылқылар баудай қырылды,
Жол шығар бұл да бұрынғы.
Олар да қазақ сияқты
Мың өлді де…
Мың тірілді…

Ораза-мұң

Ешкімге таңғалмаймын, ештеңеге,
Айтпаспын деп ем осы, ештеңе де.
Түсетін болып алды соңғы кезде,
Ораза тұтқан әжем еске неге?

Жұмысы көп болса да сүрінетін,
Құдайға қаза қылмай құрметін.
Тәртіпті мемқызметкер секілденіп,
Бес мезгіл жайнамазға жүгіретін.

Күбірлеп, жүзі ерекше шуақтанып,
Шуақтан үйдің іші қуаттанып.
Шошайып мінәжат қып отыратын,
Ақ кемпір ақ періште сияқтанып.

Оралып етегіне жиендері,
(Жиендер өзінің де сүйенгені).
Намазбен бірге сонда сезілетін,
Қараша үйге ерекше күй енгені.

Ұқсап бір қасиеттің елшісіне,
Беретін ауызашар көршісіне.
Отыз күн ораза ұстау тиетұғын,
Тек қана үлкендердің еншісіне…

Түгендеп алмаған соң жораларын,
дейтұғын бұрын: ерте жоламағын.
…Айналып көрініске кете барған,
Отыз күн күрсінеді ораза-мұң.

Көңіл

Көл-көсір көңіл, көл-көсір,
Толқиды қанша көлде сыр?
Қалдырып қойсам, байқамай,
Көл-көсір көңіл, сен кешір.

Бір қуаныш та, бір қайғы,
Жалғасып қырда жүр бәйгі.
Өмірдің көші кей-кейде
Көңілге қарап тұрмайды.

Кеткендей бітіп тынысың,
Кей-кейде қиын… құрысын
Қиратып алсаң, құралмас,
Көңілдің нәзік шынысын.

Сен – әйелсің…

Сен – әйелсің. Әйел деген – нәзіктік,
Біз тылсымнан нәзіктікпен саз ұқтық.
Әйел деген – шың басында бір шынар,
Әйел деген – мейір тұнған жазықтық.

Сен – әйелсің. Сұлулықсың о бастан,
Сұлулыққа куә Ай, Күн, көк Аспан.
Қасиетсің – сауыт киіп төзімнен,
Тіршілікке құрсағында жол ашқан.

Сен – әйелсің. Әйел деген – алап-дүр,
Алабыңа бар болашақ қарап тұр.
Сырты сұлу тікен басып кетпесін,
Қарап жүрші, жаға бермей далап құр…

Сезіну

Болғанда өмір – түлкі, құмай – далам,
Көрем деп «қуыспағын» шыр айналам.
Неліктен кісілікті көрген кезде,
Көңілі босап бірден жылайды адам?

Қарасаң, қарауытып көш келеді,
Сол көштің өзгерген бе кестелері…
Жамандық жақсылыққа өш келеді,
Бәрі де сөйте-сөйте екшеледі.

Бола алса адам дана – өмір дана,
Жатыр ма жеткізе алмай көбін дала?
Қабарып қатыгездік жайлағанда,
Мөлдіреп тұрар жалғыз көңіл ғана.

Болғанда өмір жалғыз, жалғыз далаң,
Даланың сырлары көп алғызбаған.
Қашан да «көк дөненнен жүйрік» көңіл.
Лап қойып бір-ақ сәтте андыздаған.
(…осылай сезіле ме жалғыз маған?)

Бірақ…

Болды енді. Жетер… мейлі…
Шаршама бекер. Мейлі…
Несіне күйіп-пісіп,
Сіркең су көтермейді?

Таң жақын. Ұйқы қайда?
Батпағын бүйтіп ойға.
Өткізіп жібер әрі,
Күндерді күйті, майда.

Отырсаң бәрін біліп,
Айтпағын мәлім қылып.
Кейде өмір адамдықты
Қояды сағындырып.

Ай тұнық. Түн ағарып…
Түннен жай сұрамалық
жұлдыз да құлата ма
Бір-бірін тұра қалып?

Жыл өтер, ай жамырап,
Жөн шығар жайрағырақ
..Қалтқысыз сенімді енді
Қайтару қайда бірақ…

Алматы

Алматым, неге қарадың,

Тұнжырай түсіп қабағың?
Алатау қайда, Алатау,
Ақшаңқан, ақбоз алабым!

Аңыз бен толған әнге аты,
Алланың қолда мандаты.
Болмай-ақ қойсын астана
Алматының аты – Алматы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір