Илья ЖАҚАНОВ. Элегия… Аңсадым сені…
20.05.2026
53
0

 

1963 жыл. Қазан айының соңғы күндері еді.
Тамыз айының басында қазақ теледидарының жастар редакциясында редактор боп қызмет ете бастаған кезім. Бас редакторымыз – ақын Жаппар Өмірбеков, аға редакторлар, қатардағы редакторлар – ақындар: Әбдікәрім Ахметов, Жақан Смақов, Саттар Сейтқазин, Әли Мұсаханов, Дүйсенбек Қанатбаев, бас режиссер – Сапарғали Шарипов, режиссер Әсмән Дүйімбаев… міне, біз осы шығармашылық топ болып, әдеби-музыкалы хабарларды тікелей эфирге әзірлеп, құлшына тірлік етіп жүрдік. Ықылас-пейілі жарасқан сондай қызықты орта: Жаппар Өмірбеков – мінезі жібектей сызылған, жан баласына салқын қабақпен қарамайтын ізетті, қасиеті мол, көргенді кісі. Редакторлар мен режиссерлер әлмеғайып бір хабардан опық жіберіп жатса, сол жайды жай ғана ақыл-кеңес, ымырамен жөн-жөніне қойып, ешкімді ыңғайсыз күйге түсірмей, қиянатқа қимай, реттей салатыны жан сүйсіндіреді.
Әбдікәрім Ахметов те – байыпты, салдарлы, жан-жағына шуақ таратып, жылы лебізбен үйіре сөйлейтін жүрегі нәзік жан.
Саттар Сейтқазин – мейлінше аңқау, ұмытшақ, не болса соған иланып, сене қоятын, сөзінің алды бар, арты жоқ, шашылып-төгіліп жүретін аңқылдақ, бала сияқты бір зілсіз бітім. Әлмеғайып жаңа өлең жаза қалса, оны бұрқыратып оқиды да «ол қалай?» деп мақтағанды жақсы көреді.


Жақан Смақов – осы әріптестерінің бәріне еркелеп, әрқайсысына әзіл өлең шығарып, шегімізді қатырады. Серілік әдеті де зипа бойына жараса кетеді. Арқаның әндері жайында сөз бола қалса, соноу Біржан сал, Ақан сері заманынан бері қарай қым-қиғаш аңыз-әңгімелерді төгілте сөйлеп, ешкімге дес бермейді. Сөзінің аяғын өзінің елі Жаңаарқаның әншілеріне тіреп, олардың ішінде Игілік Омаровтай әншіге ешбір әншіні теңгермейді. Ал осының бәр-бәріне сын көзбен қарап, бұл да Жақан сияқты жеңіл әзілге бейім, орайлы жерінде бір күлкілі жайды жай ғана шым еткізеді, ішкі дүниесі тап-таза, мөп-мөлдір жан – ақын Әли Мұсаханов.
Осы жайсаңдардың әрқайсысы бір-бір тұлға, біріне-бірі ұқсамайтын бір-бір бітім, біліктілік, іскерлік, ой-өрісі, талант деңгейіне орай бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі жоқтатпайтын, жай сөзі, әзіл-оспағы, әрқилы оқыс мінезі, кейбір күлкі келтіретін әдет-дағдылары ғайыбынан үйлесіп жататын сондай ұйымшыл әріптестер ретінде басқа редакцияларға үлгілі боп, небір тамаша хабарларды тікелей эфирге шығарып отырады. Қазақ телерадио комитетінің төрағасы Кенже­болат Шалабаев біздің редакцияны аялап, әлпештеп, ардақтап, летучка-жиындарда біз жасаған хабарларды дәйім үлгі ғып, көтермелеп, шығармашылық ісімізге ерекше ықыласын төкті. Осы бір кезең менің өмірімнің ең бір сәулелі, қызықты кезеңі болды. Ақын Саттар Сейтқазин «Даниярдың әніне» сөз жазды (кейін бұл әннің сөзін «Жәмилә» повесінің сюжеті бойынша өзім қайта жаздым – И.Ж.), Әбдікәрім Ахметовтің кешегі өткен Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын елестететін бір өлеңіне «Еске алу» (орындаған – Ескендір Хасанғалиев) романсын, Жақан Смақовтың лирикалық өлеңіне «Қарашаш» әнін (орындаған – Өмірзақ Айтбаев) жаздым. «Даниярдың әнінен» кейін іле-шала жас ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың сөзіне «Түнгі серенада…» кейін «Түнгі сыр» деп аталған әнім де дүниеге келді. Қазір өмірдің біраз өткелінен өтіп, сол күндерге сағынышты көңілмен ойлана қарап отырсам, қандай ғажайып ортаға кез болғам!
Осы ғазиз жандардың бірі – ақын Әли Мұсахановтың өлеңдері өзінің пәк жаратылған болмысындай шуақты лирикамен аялаушы еді. Енді Әли жөнінде көкейде жүрген бір сырды қозғап көре­йін: Әли Мұсаханов – орта бойлы, ақсары, қағылез, жұқа кісі. Көп сөйлемейді. Кейде кабинетте бөгде ешкім жоқта менімен сырласа қалса, Бетховеннің «Айлы сонатасын» жайлап қана сұрай береді. Бетховен сүйген Джульетта Гвиччардидің тұрақсыздығын кінәлап, тұнжырап, басын шайқап, күрсініп қояды. Бір кезде осы қалпынан селт етіп оянғандай қайта түзеліп: «Радиодан берілген новеллаң бар ғой, соны Әнуарбек Байжанбаев керемет оқыды. Ол – «Айлы соната!». Осы новелланы телеспектакль ету керек», – дейді. Көңіл дітіндегі осы сөзін айтып, маған ой салғандай болады. Ақыры бір күні «Айлы соната» телеспектаклін жаздым. Оны көркемдік кеңес жақсы қабылдап, Сапарғали Шарипов теледидардан көрсетті. Бетховеннің рөлін Қазақстанның халық артисі Шақан Мусин, Джульеттаның рөлін Қазақстанның халық артисі Зәмзәгүл Шарипова, Терезаның рөлін СССР халық артисі Қадиша Бөкеева ойнады. Спектакль мақталды. Сол күннен бастап, осы спектакльді өзі жазғандай қуанып, Әли ерекше бір жылы сезіммен мені іштарта берді.
Бір жолы, жұмыс аяғы еді, кабинетте екеуіміз ғана қалыппыз. Әли қипақтап, маған көзінің астымен ұрлана қарап, бірдеңе дегісі келді. Жайлап қана сөйледі: «Ана жолы (Айтматовтың «Лениндік сыйлықты» алған бойда Алматыға келген сәті – 11-12 қазан айы. – И.Ж.) Шыңғыс Айтматов келгенде «Даниярдың әнінің» орындалуы есте қаларлық оқиға болды. «Жәмила» повесі бойынша жазылған бұл ән… ән десем, одан терең романс па? Романс десем, жан жүйеңді тебірентіп, биік шырқалады, сонда не, ария ма? Осы әнге Темірболат Шалабаев экстренный худсовет жасап, сол отырыста арнайы шақырылған Евгений Григорьевич Брусиловскийдің «ария» деп бағалағаны есімізден шыға қоймас. Қазір қырғыздардың өзі де айта бастапты бұл әнді. Мұндай дүниелер сирек жаратылады. Сонан кейін «Түнгі серенадаң» бар… сөзі – өзіміздің Дүйсенбек Қанатбаевтікі. Осы өлеңі үшін-ақ Дүйсенбекті нағыз ақын деуге болады… болады! Сөзбен сурет салды, ғажап! Дүйсенбектің бұл өлеңі мені қозғап жіберді», – деп ойлана тоқтады. Өмірі ашылып сөйлеспейтін біртоға жан шешіліп кетті.
Мен үнсіз тыңдадым да отырдым. Бұрышта тұрған қара пианиноның қақпағы ашық еді, ол мені өзіне тартқандай болды ма, мен орнымнан түрегеліп барып клавишын бір-екі рет түрттім де сол үнсіз күйі Әлиге қарадым. Ол да үнсіз… сәлден соң Әли: «Әлгі Серенадаңды», – деді.
Мен «Серенаданы» әр жерінен үзіп-шалып, тұңғиық ойға бата бердім:
«Мөлдірейсің тұнып жатқан
                                көлдей боп,
Мұңаясың нәрестедей сүйкімді», –
деген екі жол мені толқытып жіберді, айсыз түнде үміт сәулесін іздеген жандай әлденеге алаңмын. Түн… түн ғой, бұл… тынық түнде нені көргім келді… нені? О, тоба, көріп отырмын ғой… көріп. Бір ақ сәуле… терезе алдында отыр. Ұмсындырады. Сұқтандырады. Таңғалдырады. Әлгі сөзді іштей қайталаймын, бірақ ол естіді ме, естімеді ме. Сырттай ғана үздіктіреді. Сырттай ғана арбайды. Сырттай ғана ішқұса қылады. Сырттай ғана сұлулық періштесіндей көрінеді, есімді алып.
Терезеден сыртқа қарап, ой құшағында тұрған Әли «іһім» деп жөтелді де маған бұрылып кеп: «Мына бір екі шумақ… бар болғаны осы», – деп тілдей қағазды пианиноның қақпағына қоя салды.
Үн-түнсіз оқи бастадым. Бірте-бірте ойнап отырған «Түнгі серенаданың» әуезі үзік-үзік боп әлсіреп, баяулап, зым-зия жоғала берді.
Мына өлеңді екінші рет қайталап оқығанда қайдағы бір аңсаулы элегияның жүректі діріл қақтырған әуезін ұстап алғандай асық көңілдің аһылаған-уһілеген лебін сездім. Өлеңнің әр сөзі моншақтай тізілген нота болып, әр клавишты ап-анық басқан саусағым еш кібіртіктемей, әлі де болса ыстық лебі басылмаған бұла сезімді ынтықтыра көтеріп, мен:
«Өзіңе ердім,
Жаз гүлін тердім,
Тоғайда.
Алыстап менен,
Кетеді деген,
Жоқ ойда», – деген жолдарды арман мұңы етіп, «кетеді деген» сөзді екі рет қайталап, «жоқ ойда» сөзін байсалды мінезбен ойлана толғап, «А-а-а-а-ай, сол жастық жақсы күнімдей, Хабарың кетті-ау білінбей» деп сарыла сорғалатып, жырақтан елеңдеткен бұлдыр елес секілді бір бейнеге қадалдым да қалдым.
Әли қасымда тұр. Бар-жоғы білінбейді. Үнсіз. Екінші шумақ:
«Сені іздей бердім,
Бейнетін көрдім,
Әр ненің.
Таппақшы едім,
Жетпей жүр менің,
Дәрменім», – дегізіп, Марио Ланцаның күйіп-жанған құштар лебіндей бір ыстық леп жалындай шарпып:: «А-а-а-а-ай, қайдасың, сәулем, бармысың, өзің де мендей зармысың» деген жерде беймаза күйге түскен сезім әлегі еріксіз күрсіндірді.Үнсіз тынып, іштегі бұлқыныс басылғандай болды ма, сәл тыныс алып, қайта ширығып, екі шумақты тұтас айтып шықтым. Әли жүзі алаулап, екі көзі қызыл жиектеніп, қолы дір-дір етіп, алдымдағы өлеңге «Элегия» деген тақырып жазды. Сөйтті де қайтадан терезе алдына барып: «Элегия… элегия, – дей берді, күбірлеп, – алыс… алыстап кетіпті…біздің сөз естілмейді, енді…»
Екі көзім шексіздікке сарыла қадалып, қасымда тұрған Әлиді мүлде ұмытқан жанша, үнсіз мүлгіп: «Мына Әлекең не деп тұр… не деп? Көкейінде не бар? Нені айтты, жаңа? Алыстап кеткені кім?» дедім, демімді ішке тартып. Әли ақсары жүзінде оймақтай ғана нұр ойнап: «Элегия… элегия», – деп арқамнан қақты.

* * *
Кейін бұл «Элегия» теледидар мен радионың қызметкерлеріне екі-үш айдай гу-гу әңгіме боп, маған жоқ жерде айтқызып, қолқалаумен болды. Сондай сәттерде Әли маған ойлана қарап, әлдене айтқысы келіп, бірақ іштей іркіліп, сәл күлімсіреп кеп, оң жақ құлағын жүрегіме басады да, жеңіл күрсініп, сол жымиған күйі ойланып, жөніне кете барады.

* * *
Бір күні концерттік студияда Суат Әбусейітов «Даниярдың әнін» жаздырды. Қасында отырып, әнді қайта-қайта тыңдадым. Жұмыс уақытының аяқталып қалған кезі еді, Ришад Абдуллин кіріп келді. Мені көре салып: «Илья, сен бір элегия жазыпсың, соны Бекен Жылысбаевтан естіп… жүрегіме қона кеткені», – деді бірден. Асығыс-үсігіс қол алыстық, амандастық.
Аң-таңмын. Бекенге біраздан бері жолыққам жоқ, ол кісі ол әнді қайдан, кімнен алған? Не дерімді білмей, дағдарып тұрғанда Ришад: «Ол тек мен үшін… мен үшін жазылған элегия! Нотасы қолыма тисінші, оны дәл осы студияда триомен жаздырам. Рояль, виолончель, скрипка… осы үш аспапқа аңсаулы үнім қосылады. Түсіндің бе? Бұл – аңсау… қапияда жоғалтып алған үмітін аңсау! Елегзіген есіл жүректің аңсауы, білесің бе, сен, Илья, не жаздың, а? Сондай тебіреністі дүние», – деді.
Суат жымиып маған көзін қысып қойып: «Оу, Реке, оны малданбай-ақ қойыңыз, ол элегияны Бекен Бекенович сізден бұрын тез жаздыра салады», – деді, еркелеп сөйлейтін әдетімен.
Ришад мырс етіп:
– Сөзің – сөз-ақ, Суат, Бекен ақсақ қой, ақсақ… ол ағаш аяғын сықырлатып студияға жеткенше қай заман… ән жаздыру маған түк те емес! Жақсы ән менен қашып құтылған жоқ, білесің, оны… әлгі элегияны Ильядан бүгін алсам, ертең-ақ жаздырамын. Сөйтемін… мына Меркен қатырады, бәрін. Дыбыс режиссерінің төресі, бұл! Ал, Илья, нотасын бер, – деді қоңыр көзіне шуақты нұр тұна қалып.
– Беремін, Реке…
– Кешіктірме!
– Мақұл, Реке…

* * *
Осы әңгімеден кейін көп ұзаған жоқ, әннің клавирі қайта жасалды. Енді оны әншіге бере беруге болады. Бірақ мен асықпадым. Ришад Абдуллиннің ойлы үні ойландырды да жүрді. Кейде бұл элегия биік шырқататын тенорға лайық боп көрінеді. Бекен Жылысбаевтың асқақ диапозоны елестейді. Онда Марио Ланцаның құштарлығы бар. Осы құбылыс қызықтырды, асықпадым. Көп бөгелдім. Екі оттың ортасында жүргендей болдым. Арада қанша жылдар өтсе де көз жазып қалған махаббатынан әлі де… әлі де суынбаған, күдерін үзбеген отты жүректің әлекке түсуі бар дүниені ұмыттырғандай әлденеге елеңдеп, елегізіп, алаң боп, алысқа… тым алысқа көз тігіп, жылт еткен үміт сәулесін көргім келеді.
Уақыт өте берді. Элегия қозғаусыз жатты.

* * *
Бір күні Мечников – Шевченко көшесінің қиылысындағы ескі үйден көшіп, он бірінші шағын ауданнан үй алдық. Осы бір көші-қон кезінде абыр-сабыр боп жүріп, біраз қағазымды жоғалтып алдым. Біраз ән сөздерін қат-қат қағаздың қай жеріне тықтым, білмеймін. Соның ішінде Әли Мұсаханов жазған элегия бар. Оны Әлиден сұрауға ұялып, мысым құрыды. Әли кездескен сайын жымиып қана: «Жалғыз қайы­ғыңа» сөз жазған Еркеш Ибрагимдей болу қайда…» – деп шымм еткізеді. Сөз осымен тынады. «Элегияны» сұрамайды. Әдеп сақтаған бір бекзат бітім. Бұл мінез екінің бірінде болса, қане. Осы бір элегиясымен-ақ мені өзіне табындырып қойды. Мен өрелі ақынға… еш пендешілігі жоқ хас талантқа кезіккендей, оның сыпа қасиетіне бек сүйініп, риза боп жүрдім. Ал, уақыт құрғыр өте берді. Бір күні жазмыштың суық хабары дір еткізді. Әли Мұсаханов дүниеден озды… ең жақын адамым пәни жалғаннан жүзін үйірді, жүрегімді талықсытып. Қайран Әли… Әлекең!

* * *
Бірге қызмет еткен сол жылдарда Әлимен етене боп, шүйіркелесе алмап­пын. Өзінің тегі, зәу-заты, отбасы, бала-шағасынан мүлде хабарым жоқ. Жұмыста құдайдың құтты күні жүздесеміз, бірге боламыз. Алайда бір-бірімізбен аралас-құраласымыз болмапты. Иә… иә… «Элегия»… Осы ғана екеумізге дәнекер.

* * *
Кезінде теледидарға келіп, өлеңдерін оқып жүрген үлкен ақындардың Әли жайын­да айтқан жақсы лебіздерін талай рет естідім. Ақын Қуандық Шаңғытбаев бір жолы теледидарда бір хабарға қатысқалы отырғанда: «Ә, Әли, кел, кел… біздің мақтап, не өздерін дәріптетіп, тыраштанып жүрген інілерімізден гөрі сенің «Нутроң (ішкі дүниең деген мағынаны айтып отыр. –И.Ж.) богатый», – деп сүйкімді жүзбен баурай күлімсіреді.
Тағы бірде Сырбай Мәуленовтің: «Біз бүгінде Еркеш пен Әлидің лиризміне түсе аламыз ба? Бұлар өлең мәдениетін биіктетті, мүлде басқа болмыс», – деген сөзі де есімде.
Ғафу Қайырбеков болса, өзінің сарт еткізіп, бетке айтатын қызуқанды қалпымен: «Осы Әли өлеңді сирек жазады. Сонысы дұрыс, Не болса соны өлең ғып бұрқыратып жүрген шіркіндердің ішінде бұл Әли Тютчев пе… әлде Есенин бе… соларша жазады», – деді.
Енді бақсам, Әлидің өлеңдері мен үшін бар құпиясын ішке бүккен тұңғиық бір әлем екен. Оның сырын мен әлі білмейді екем. Әлде бұл сәбилік ой ма? Қалай десең де бір ғана әлгі «Элегиясы»… бір сөзінде ақау жоқ. Өзінің құрылысы да жай өлеңдерден өзгеше, әр жолынан әуез лебі еседі. Қазақ поэзиясында дәстүрлі өлең өлшемінде жоқ өлшем, яғни жаңа! Осы жаңашылдығы Абайға ұқсайды. Ғажап! Құйыла салған саф алтын. Еріксіз музыка жаздырады.

***
Күндер жылжып өтіп жатты. «Элегия­ның» сөзін еске түсіре алмай қойдым. Ол бір сарылтқан сары сана… анда-санда Ришад Абдуллин: «Слушай, Илья, сен ұмыттың ба, берешексің маған. «Элегия» қайда?» – деп мақпалдай жұмсақ қоңыр үнімен кеңкілдеп тұрып күледі. Не дерімді білмеймін. Құтым қашады. Сөзінде тұрмайтын бәтуәсіз біреу секілді ыңғайсызданамын.
Бұл түрткі аз болғандай бір күні Бекен Жылысбаев: «Илья, мен радиоға ән жаздырмағалы қай заман… консерваториядағы сабақтардан қолым босап, шыға алмай, шырмалып жүргенім сол. Ал сенде бір «Элегия» бар, оның нотасын Ғалым Сүлейменов деген оқушым біледі екен. Ол бір жағы өзіңде редактор болып істейді. Маған ол әніңнің нотасын көрсетті. Бірақ сөзін әлі ала алмапты. Ғалымды өзіңе жіберемін, сөзін жазып берерсің», – деді. Дәл осы жерде шынымды айтуға тура келді: «Бекен Бекенович, сөзіңіздің садағасы, сол «Элегияның» сөзін жоғалтып алып, таба алмай ділгір боп жүрмін. Толық жаттап та үлгермеппін. Кейбір жолдары ғана есіме еміс-еміс түседі», – дедім. Сөзімді үнсіз тыңдап тұрған Бекен Жылысбаев: «Тап, оны! Бұл – бұйрық! Басқа біреуге беруші болма! Мен саған мынаны айтайын, Илья, Абайдың аудармасына жазған Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романсын айтам, кезінде «Менмін» деген тенорлардың бәрі таласып бақты. Түптеп келгенде ешқайсысы дұрыстап шығара алмады. Мен айттым! Мен! Радиода жазулы тұр, ол. Ал, «Огни коммунизма» кантатасы және бар, Мұқан Төлебаев жазған. Мұны да менен кейін кім айтып көрді, а? Сен бұл Жылысбаевпен ойнама, Илья, бір күні үйге кел, жеңгеңнің ақбұйра шайын ішіп отырып, сол «Элегияны» көрейік», – деді. Ал, керек болса, Құдай сақтасын, бірі – атақты баритон, екіншісі – асқақ үнді тенор. Екеуі де осы «Элегияға» қадалады кеп.
«Элегияның» сөзі табылмады.

* * *
Жылдар жылжи берді. Кейде бас қосқан бір келісті жиындарда әрқилы әндерді айтып, солардың арасында «Сөзін жоғалтып алдым» деп «Элегияны» да әндетіп қоям. Бір күні радиоға өлең оқуға келіп жүрген ақын Жарасқан Әбдірашев маған ойда-жоқта жолыға қалып, ай жоқ-шай жоқ: «Ілаға, сізде бір «Элегия» бар екен. Оны маған Тиышбай Рахимов деген ініңіз пианинода ойнап беріп, иә, сөйтіп, осы әнге ғашық қып қойды. Сөзін жоғалтып алыпсыз. Тегі мен сіздің әндеріңізге қызығамын, бірақ шығармашылық байланысымыз жоқ. Кешіріңіз, буынсыз жерге пышақ ұрып тұрмын ба, білмеймін, мен сол «Элегияға» сөз жазсам қайтеді?» – деді, иіле сөйлеп. Мен келістім.
Радио мен теледидарға ақын, жазушылар, композиторлар мен әншілер, артистердің көп келетіні белгілі. Олар әртүрлі хабарларға түсіп, өлеңдерін оқып, әншілерге әндерін орындатып дуылдасады да жүреді. Солардың ішінде ақын Жарасқан да бар. Сол кездерде оның өз көңілін барласаң, поэзияда оған теңдес ешкім жоқ. Осы сөзіне мәз боп күледі де: «Ақын біткеннің бәрі классик», – дейді қызара елпілдеп. О, тоба… болмысы солай… шынында Жарасқан алғыр, алымды, шабыт қуаты мығым ақын. Сезімге тиетін ойлы өлеңдерін талай рет оқығам. «Мына элегияны қалай түсінер екен?» деп ойландым да жүрдім. Шыдаммен күттім. Ақыры Тәңірдің бір сәтті күнінде Жарасқанның:
«Күндері жарқын,
Түндері алтын
Жаз қайда?
Кей уақта, жаным,
Бейуақта, жаным,
Жүрегің сенің
Сыздай ма?

А-а-а-ау,
Жаз қайда, жаным,
Жаз қайда?
Көруге қайтіп
Жазбай ма?

Қоңыр күз келді.
Өмір біздерді
Шаршатты.
Шаршадым, жаным,
Аңсадым, жаным,
Соноу бір шақты…
Сол шақты.

А-а-а-ау,
Сол бір шақ қайда,
Сол бір шақ?
Тұмадай тұнық
Мөлдір шақ!» –
деп аяқталған өлеңі осы элегияны жазуға шабыт берген ақын Әли Мұсахановтың өлеңінің екінші түріндей боп әсер етті. Жарасқан менің жүрегімнің лүпілін беріле тыңдап, пернесін дәл басыпты. Ұзақ жыл бойы жоғалтып алған ән сөзі – тап өзі болмаса да осылайша қайта тірілді. Бір сөзіне қалам тигізбедім. Іле-шала біраз әнші, ішінде теноры, баритоны, колоротуралық сопранасы бар – бәрі-бәрі менен «Элегияның» клавирін алып, концерттерде орындай бастады.
Бұл әнді қоярда-қоймай сұраған СССР халық артисі Ришад Абдуллин ән сөзі қолына тиген күні қатты қуанып, радиоға тездетіп жаздырды да: «Ал, Илья, бірінші мен айттым ба? Мен айттым! Бекен Жылысбаев қайда? Ол ақсаңдап радиоға жеткенше қай заман…» – деп, мырс-мырс етіп күліп қойды.
Әншілердің арасында мұндай жарастықты зілсіз әзілдер айтылады да жатады. Ондай сөздерді Қазақстанның халық артисі, профессор Бекен Жылысбаевтан да талай рет естідім. Қадірлі Бекең көрнекті жазушы Мұхтар Мағауинның алпыс жасқа толған торқалы тойында «Аңсадым сені» әнін рояльдің сүйемелімен әуелете шырқады. Осы шат-шадыман шалқу үстінде кей сөзі Қожанасырдың сөзіндей боп ішегіңді қатыратын Бекең маған төгіле қарап: «Шыныңды айтшы, мен көтерілген нотаға анау Ришад Абдуллин шыға алды ма екен, а? Менің үнім Алатаудың асқар шыңы болса, Абдуллиндердің үні соның етегіндегі қоңырқай төбелерде қоңырлап қана жүр. Бұл сөзім текке кетпес үшін мен де бұл элегияны радиоға жаздыруым керек!» – деп қарқылдап тұрып күлді.
Кейін бұл екі ұлы әншінің осы сөздерін бір-біріне қаз-қалпында айтып бергенімде Ришад Абдуллин рақатттана күліп: «Қали Байжанов күркіреген дауыспен «Жиырма бесті» айтушы еді, өзін-өзі «қапы жоқ, қапы жоқ» деп көтермелеп. Қалидың сол вариантын күні бүгінге дейін Бекен Жылысбаевтан басқа ешкім айта алған жоқ! Оның үніне жету тенор біткеннің арманы ғой… арманы!» – деп мені таң-тамаша қалдырды. Ал, Бекең болса: «Ришадтың қоңыр үні мына элегияны ойлы жүрекпен қозғайды, оған терең үңіледі. Мен тенор болғандықтан элгияның қандай дипозоны бар екенін танытуға күш салдым. Айналып келгенде Ришад екеуіміздің илейтін теріміздің пұшпағы бір, ол – «Аңсадым сені!» – деді, бір сөзінен пендешілігі сезілмей.

* * *
Осы әншілерден кейін Кенжеғали Мыржықбаев «Аңсадым сені» әнін жиі орындады. Алматыда опера театрының залында өткен бір концерті жайында журналист Қарашаш Тоқсанбай «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 15 сәуір күнгі санында былай деп жазыпты: «…өнер десе жылы ағыстай жосылатын бір әншіні ата десе, жұрттың аузына, ең алдымен, Кенжеғали Мыржықбаевтың есімі түсеріне еш күмән келтірмес едік.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сомдаған бейнелеріне ұлы Ғабеңнің өзі аса зор сүйіспеншілік білдіріп: «Менің Ақаным, Төлегенім!» деген ағалық марапатына малданып, масайрамай, өнердің құдығын шұқшия қаза берген де осы Кенжеғали еді. «Жаз қайда, жаным, жаз қайда?» деген әнді («Аңсадым сені» әнін айтып отыр. Бұл о бастағы «Элегия». – И.Ж.) шырқап біте бергенде тағы сол қайран Ғабеңнің өзі толғаныстан тоқтай алмай:
«Қоңыр күз келді,
Өмір біздерді шаршатты.
Шаршадым, жаным,
Аңсадым, жаным,
Соноу бір шақты – сол шақты…
Сол бір шақ қайда, сол бір шақ,
Тұмадай тұнық мөлдір шақ», –
деп өлең жолдарын төгіп-төгіп жіберген деседі. «Ән әлемі көкіректің көзін таппаса, қадірлі қаламгер осылайша толқыр ма, еді» деген жұрт арасында айта жүрер асыл сөз қалды. «Мынау елегізудің таза өзі екен. Сен мұны «Элегия» де», – деп әнге алтын айдар тағып кеткен жазушының осы қамқорлығы алып бәйтерекке ұя салған құстың күміс қанатындай көкірегін желпумен, жебеумен келеді».

* * *
Ал бір күні Атырауда ескі папкілерімді реттеп аударыстырып отыр едім, бір газеттің арасынан Әли Мұсахановтың баяғы элегиясы жарқ етіп шыға келді. Жоғалтқан алтыным! Мен үшін алтыннан да қымбат элегия! Әли тіріліп келгендей қуандым сонда!

* * *
«Аңсадым сені» әнінің бар хикаясы осы!
Автор ретінде айтарым, бұл әнді әуел бастағы сөзін жазған Әли Мұсаханов пен одан кейін жазған Жарасқан Әбдірашев екеуінің өлеңімен айта беруге болады. Әли Мұсахановтың сөзін – «Элегия», Жарасқан Әбдірашевтің сөзін – «Аңсадым сені» деп атау керек! Осы ғажап екі ақынның өлеңін осылайша қимай отырмын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір