Заманбек НҰРҚАДІЛОВ: Қолыма түскен кітапты аялап ұстау өмірлік әдетіме айналды
24.04.2024
92
0

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов қазақтың саяси тарихында биік бітім-болмысымен ғана емес, руханиятқа деген құрметімен де халқының жүрегінде сақталып қалды. Газет редакциясына келіп түскен жазушы Жақыпжан Нұрғожаев пен кесек тұлғалы саясаткердің бұрын еш жерде жарияланбаған сұхбатынан көріп отырғанымыздай, Заманбек Нұрқаділов бірқатар Шығыс шайырларын тұшына оқып қана қоймай, тамылжыта тәржімалаған екен. 

– Зәке, қолымызға тиген мына «Шығыс жыры» атты кітапты оқып, бір жағынан, әдебиетке әуестігі сонау бала кезден басталған азаматтың жазуға деген адалдығына серленіп сүйсінсек, ал екінші жағынан, ескілікті кеңестік-тоталитарлық жүйе қалыптастырған тоғышарлық тоңмойын мінезбен кәнігі саясаткердің басқа емес, Шығыс поэзиясына деген құмарлығына таңырқадық.
– Тіс қаққан саясаткердің саясат сахнасынан түсіп, әдебиет ауылына ат басын бұрып кетуі қалай деген ой келді ме? Әзіл ғой (күліп қойды)… Өзіңіз айтпақшы, менің де Күн шұғылалы Шығыс поэзиясына деген бұл құмарлығым сонау балалық шақта оянды. Бір қызығы, мен кітапты көп әрі өте жылдам оқитынмын. Алдыма бірнеше кітапты жайып тастап, бірінен-біріне көшіп, қазақша болсын, орысша болсын, судыратып оқи беретінмін. Әрине, оқыған кітабымның ішінен өзіме керегін екшеп, талғап аламын ғой. Мектеп бағдарламасы бойын­ша оқуға берілетін көркем әдебиет кітаптарынан бөлек, ауыл кітапханасындағы бар дүниені ақтарып шықтым десем де болады. Кітапқұмарлығым сонша, біреу міндеттеп қойғандай, кейде әлдебір кітапты бір түннің ішінде тауысқан кездерім аз емес. Өзіме қатты ұнаған кітапты оқып бітірмейінше, тапжылмаймын. Сондай кітаптың бірі – «Құрыш қалай шынықты?». Тағы біреуі – Эрих Мария Ремарктың «Үш жолдас» романы. Өмірге құштар, рухы күшті адамдар туралы оқыған өте қызық болатын. Ал классикалық дүниелерден – Пушкинді, Лермонтовты, Чеховты, Толстойды, Золяны, Ролланды, Мопассанды сүйсіне оқыдым. Есениннің әуезді лирикасы жүрегімді тебірентпей қоймады.
Заманбек ылғи да орысша кітап оқыған ба, немене өзі деп таңданып отырған боларсыз (күліп алды)?

– Жасырары жоқ, Зәке, сондай ойда отыр едім, дәл үстінен түстіңіз…
– Қазақтың ақын-жазушыларын оқитыным онсыз да түсінікті ғой. Бірақ біздің кезімізде қазақша кітаптар жеткіліксіздеу болды. Бәлкім, содан да шығар, қолыма түскен кітапты аялап ұстау өмірлік әдетіме айналды. «Абай жолын» айтпағанда, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романын қалай әсерлене оқығаным әлі есімде. Ал енді, поэзияға келсек, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, Абайдан кейінгі пірім Қасым Аманжолов болды десем өтірік айтпаспын. Ақжүрек ақынның өз қызы Дариғаға арнаған жыры оқырманды елжіретпей қоймайды. Қасымның қазасы бозбала менің де қабырғамды қатты қайыстырды. Кейінірек:
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!.. – деп жырлаған жерлесім Мұқағали сол тұстарда «жыр бәйгесіне аттанған» еді.
Міне, қызық, 1961 жылдың маусым айында мектебіміздің құрылғанына отыз жыл толуы мен біздің мектеп бітіруіміз дәлме-дәл сәйкес келгені. Осы отызжылдық тарихта тұңғыш рет алтын медаль маған бұйырыпты. Түлектер кешінде асыр салып билеп жүргенімізде, иығымнан біреу түртті. Сөйтсем, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген апайым екен. Өзі шашы ағарған арық кісі еді, одан сайын бүкшиіп кеткендей.
– Қалқам, Заманбек, – деп, шынтағымнан ұстап, дәлізге қарай жетеледі.
– Не боп қалды, апай? – деп сұрадым, оның мұңайған жүзіне қарап.
– Заманбек, Мұхтар Әуезов о дүние­лік болды, – деді ол жанарында жас мөлтілдеп.
Көзіне мұң ұялап, кеудесін қайғы кернеген апайыма не дерімді білмей, оның жіңішке қолдарын алақаныма салып:
– Сабыр сақтаңыз, апай, – дедім мен, қайғы жамылған жанға айтылатын әдеттегі сөз аузыма түсіп.
– Сабыр сақтаң не?! – деп, сүйікті апайым менің қатқыл алақанымдағы сүйріктей саусақтарын жұлқи тартып алды. – Не деп тұрсың өзің?! Мұхтар ­Әуезов қой ол… Әй, Заманбек,
Заманбек…
Ашуланып, айқайлаған жоқ, жәй ғана айтты. Сөйтті де, теріс бұрылып, кете барды. Мен тұрған орнымда сіле­йіп қалған едім. Арт жақтан музыканың дүрсілі құлағыма жетіп жатса да, дәл осы сәтте апайымның сылбыр басқан аяғының дыбысы жаңғырып естіліп жатқандай сезілді. Сол кезде барып, толыспаған ойыма өзімнің бір ақымақтық жасағаным сыналап кіре бастады. Оны ұғынып болғанымша кеш еді. Апай ұзын дәліздің қараңғылығына сіңіп, жоқ болды (томсарып, үнсіз қалды)…

– Апыр-ай, ә, Зәке, мына естелігіңіз тым әсерлі екен. Менің түсінгенім – апайы­ңыз сізге үлкен үміт артқан болды ғой?
– Иә, өмірімнің осы бір сәті есіме түссе, әлі күнге дейін өзімді біртүрлі жайсыз сезінемін. Мектепті алтын медальмен бітіріп, айхай десеңізші, қиял аспанында қалықтап жүрген албырт кезім. Апайым­ның үкілеп жүрген үміті өзім екенін сезбеппін ғой. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» дегендей, апайым менің бойымнан әдеби қабілет көріп, маған сеніп жүрсе, менің ойым, таңдауым мүлдем басқаша боп шықты.
Бірақ мен ер жетіп, ат жалын тартып мінген азамат болсам да, әдебиетке деген құмарлығым еш суыған емес. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тіпті шет, бөтен сала – құрылыс саласының маманы болсам да, Шығыстың ұлы шайырларының шығармаларын іздеп жүріп оқитынмын. Шығыс поэзиясы маған алтынмен аптап, күмістен саптап тұрғызылған, күмбездері күн нұрына шағылысқан зәулім сарайдай әсер етуші еді. Оның бір құпия-сыры – өзімнің де өлең жазуға ынтызарым ауып тұратын.
Бозбала Абайдың:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммаси,
Мәдет бер, я шағри фәрияд, – деп, Шығыстың ұлы шайырларының аяулы есімдерін аялай еске ала отырып, олардан шалқар шабыт жолында медет сұрап, ерекше қадір-құрмет тұтқаны белгілі. Мен де бала күнімде ұлы ақынның «болмасаң да, ұқсап бақ» деген сөзін өмірлік ұстаным еткім келді.

– Кітаптың «Шындық жыры» деген үшінші бөліміне өз өлеңдеріңізді топтастырып беріпсіз де, мына бір өлеңіңізді эпиграф етіп алыпсыз:
Қарындашты тағы ұштайын,
Жыр арнайын бәріңе.
Жүрегімді тыныштайын
Әуес болман дәріге.

Мәңгілікке сөз қалады,
Бұл – сыйлығы ғұмырдың.
Қазағымның бай тіліне
Тәңірімдей сыйындым!
Осы жырдың астарына үңіліп қарасақ, сіз өлеңді ерте бастан-ақ жазып жүрген адамға ұқсайсыз. Расында, солай ма?
– Бала күнгі шатпақ-шимайларымды өлең деуге келмейді, әрине (мырс етті). «Әу» демейтін қазақ бар ма» дегендей, әсіре қоғамдық белсенділік көрсетіп, қабырға газетіне арнап шығарған мектеп, пионер, комсомол өмірі жайлы ұйқастар өлеңнің жүгін көтере алушы ма еді, тәйірі?..
Рас, сол бір балаң кездегі кіршіксіз сезімдерді сақтап қалу аса маңызды екен. Бір кездерде танымал болған әйгілі әннің қайырмасындағы «Сездіруге батпадым да бала махаббатымды», – дегендей, мен де ата-бабамыздан келе жатқан тума қасиет – ақындыққа, үлкен поэзияға деген бала махаббатымды сездіруге батпай, әдебиет жолына түспедім. Өзімнің ондайлық ұяңдығым да жоқ еді. Шамасы, сол кезде мен өзімнің өжет мінезіммен үйреншікті жолға түспей, үлкен бір асуларды алуды армандап кетсем керек.
Психологияда адамдарды ойлау қабілет-қарымына қарай шартты түрде «лирик» және «физик» деп бөлу бар емес пе? Өз басым бір адамның бойында осы екеуі де болады деп есептеймін. Әйтпесе, «физиктер» поэзияны мүлдем түсінбеуші еді. Жас кезімде «физигім» «лиригімді» басып кетсе керек. Енді, міне, қартайғанда, «лиригім» «физигімнен» есесін алып жатыр (күліп алды)…

– Кітабыңыздың құрылымына зер салсақ, атауының өзінен көрініп тұрғандай, бірінші һәм ең қомақты бөлімі тұтастай Шығыс жырларына арналыпты да, он бір ақынның әрқайсысына бір-бір тараудан беріліпті. Тағы бір ерекшелігі – әр тарау­дың өз атауы бар екен. Ол атауларды сол ақындардың өз сөзі деп түсінуге де болар еді, бірақ «Өмір қысқа емес пе?» деген атаумен берілген Әбу Абдолла Рудакидің жырларынан оның осы іспетті сөзін ешбір жерден кезіктіре алмадық. Тіпті керегіңді тауып беретін ғаламторға жүгініп көрсек те, шықпайды.
– Осы бір кішігірім құпияны дұрыс байқапсыз. Әзілдеп айтсам, ақынның артына тығылған менің «қулығымды» ашып қойыпсыз (мырс етті). Ол сөзді Рудакиден алмағаным рас, иә. Бәлкім, Рудакидің осы мағыналас сөзі бар да шығар. Ал анығында, бұл – Омар Хайям­ның сөзі. Кітапта:
Бәрін өзі шешетін
Көкпен анау теңеспе,
Ақылдың жоқ керегі,
келмейді ешкім кеңеске.
Тұтқыны боп бос сөздің
сен қашанғы жүресің,
Бір-ақ аршын есеп бар:
өмір қысқа емес пе? –
деген рубайы бар «шарап пен «кәйіпті» жырлап өткен ақынның. Дәл осы жерде мен өзімше Омар Хайямды «шарапқұмар ақын» дейтін тоғышарлық тар көзқарасты мысқылдап отырмын. Байқасаңыз, мен Омар Хайямның шарап туралы айтқан өлеңдерін аудармауға тырыстым. Есіңізде болса, Мұқағали Мақатаевтың «Оқышы Омар Хайямды» деген өлеңі бар емес пе?
...Бәрібір бізді
Ішкіш деп жүр ғой, аяулым,
Көтеріп жібер,
Көңілің неден қаяулы?
He деген екен?
Несі бар осы заһәрдің?
Оқышы тағы, оқышы Омар Хайямды! – деп аяқтайды ол өлеңін. Сырт қарағанда, сағыну мен торығудан туған осы жыры арқылы Мұқағали ұлы бабасына мұңын шаққандай болады. Асылы, ақын екі заманды салыстыра отырып, үлкен бір астарлы ой тастайды. «Сіз көрген қиянаттарды көрмей біз, рахаттарды кешіп жүріп-ақ шөлдейміз», – дегенде, азаттықты аңсаған адамның кейпін танытатын сыңайлы. «Тірі пенденің тілін алмаймыз, көнбейміз» деуінде де бүлікшінің сипаты аңғарылатындай. Өз замандасына «оқышы Омар Хайямды» дей отырып, Мұқағалидың одан: «Көңілің неден қаяулы?» – деп сұрауында бір мән бар. Әрине, бұл жерде ішімдік деген – негізгі айтар ойдың көлеңкесі ғана.
Осы орайда, Шәкәрім Хожа Хафиз­дi тәржімәлағанда, оның «арақ» деген сөзін неге «қымыз» деп аударып алғанын былайша түсіндіреді: «Хожа Хафиздiң «арақ» деп жазғанын мен көбiнесе «қымыз» деп жазамын. Оның «арақ» («қымыз») дегенi – ақыл, ғылым, Хақихатта «жар» – дос дегенi, Алла тағала hәм табиғаттың көркемдiгi». Дегенмен дұрысы – арақ емес, шарап.
– Сіздің аудармаңызда «шарап» сөзі Хафизде жиі кездеседі екен, әрі ең көп аударғаныңыз да осы шайырдың жырлары көрінеді.
– Енді, «қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» дегендей, жалғыз Омар Хайям емес, шарапты Хафиз де, Рудаки де, Науаи да, басқа да Шығыс шынарлары шабыттана жырлаған ғой. Бірақ біз бұл сөзге тым шұқшия бермей, Шәкәрімнің әлгі нұсқасын қабылдайық.
Омар Хайямның өз шығармашылығында рубайды өлеңнің негізгі түріне айналдырып, оның тамаша үлгілерін жасағанын айта кетейін. Ал енді осы «рубай» дегеніміз не? «Рубай»
(рубаят­, рубаи) арабша «төрттік» (төрт жол, төрттаған) деген мағынаны білдіреді екен. Шығыс поэзиясында кең таралған лирикалық өлеңнің бұл түрі араб, парсы халықтарының ауыз әдебиетінде мол ұшырасады. Классикалық рубай төрт жолдан тұрады да, ұйқасы ааба немесе абаб болып келеді, кейде ұйқасқан әр жолдан кейін бір сөз қайталанып отырады. Әдетте, рубай философиялық мазмұнға құрылып, аяқталған бір ойды білдіреді. Рубайды парсы-тәжік жазба әдебиетінде алғаш рет Рудаки қолдана бастаған. Тіпті бұл туралы қызық аңыз да бар.
Аңыз бойынша, бозбала Рудаки Самарқанның тар көшелерін кезіп келе жатса, айырықша әуезді өлең естиді. Бұрылып қараса, жаңғақпен ойнап жүрген балалардың бірі әндетіп тұр екен: «Домалай-домалай, жаңғағым, шұңқырға түсерін аңдадым…» Баланың қара-
пайым шығармашылығынан әсерленген ол туған қаласының әдемілігі туралы, Зарафшан тауының етегіндегі үйінің әсемдігі туралы әуезді жыр жолдарын айтып, қалай күбірлей жөнелгенін өзі де байқамай қалады.

– «Домалай-домалай, жаңғағым, шұңқырға түсерін аңдадым»… Пәлі, Зәке, шамасы, бұл аңызды да өзіңіз аударып алғансыз-ау.
– Иә, дәл таптыңыз (масаттана күлді)… Осы ретте, айта кету артық болмас, тәжік әдебиетінің негізін салушы, тәжік һәм өзбек тілі мен әдебиетінің білгірі Садриддин Айни Рудакиді ұлы ұстаз тұтқан екен. Ол әдебиеттану ғылымына тәжік әдебиеті деген ұғымның өзін енгізе отырып, тәжік әдебиетінің басында Рудакидің тұруы үшін орасан зор еңбек сіңіріпті. Ол өз ұстазы туралы: «Егер біз ұстаз Рудаки поэзиясының сиқыры – оның данышпан қарапайымдылығында десек, қателеспеген болар едік», – деп, шығыстық мінез танытып, ізет білдіре, жылы ілтипатпен жазған.
Рудакиден кейін рубай жанрын Омар Хайям, Мехсети Гәнжәуи, Бабыр сынды сөз саңылақтары биік шыңға шығарды. Түркі жазба әдебиетінде рубай Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» дастанында ұшырасады. Оның үлгісін дамытуға ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи да өзіндік үлесін қосқан. Шығыс шайырларының рубайларын Сыр мен Қаратау өңірлерінің Мәделіқожа, Майлықожа тәрізді ақын-жыраулары жатқа айтып, олардың философиялық ойларынан, кемел пікірлерінен өздеріне рухани нәр алған. Ал ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне келсек, осы рубай жанрында Сәбит Мұқанов «Өмірбаяным», «Егделік», «Табиғат тақырыбына», «Көрікті көріністер» атты бірнеше көркем туынды берді. Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев шығармаларында да рубайлар кездеседі.
Мен арман қуып, Алматыға оқуға келген алпысыншы жылдары қазақ ақындарының Шығыс поэзиясына аңсары айырықша ауа бастады да, Шығыс шайырларының шығармаларын қазақ тіліне аудару кеңінен қолға алынды. Әлі есімде, 1965 жылы Омар Хайям рубайлары «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып басылып шығып, тез-ақ тарап кетті. Оны қазақтың белгілі ақыны
Қуандық Шаңғытбаев аударған болатын.
Асылы, сонау Абайдан бастап, қазақтың небір дүлдүл ақындары Шығыс шайырларын қазақ тілінде сөйлетуге аз атсалысқан жоқ. Олардың ең үздік аудармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан мәңгілік орын алғаны анық.

– Зәке, ендігі кезекте, Шығыс шайырларын қазақ тіліне аударуға өзіңіздің келу жолыңызды әңгімелеп беріңізші.
– Былтыр осы уақытта, нақтырақ айтсам, 2004 жылдың 18 ақпанында, мен аяқ астынан қатты тұмауратып, төсек тартып жатып қалдым. Таңға жуық уақыт болатын. Аян түс дейміз бе, білмеймін, сол түсімде:
Мен Шираздың пәк сұлуын тәңіріме
теңер ем,
Бір меңіне Самарқанд пен Бұхараны
берер ем,–
деген әйгілі жыр жолдарымен бүкіл әлемге танылған Хожа Хафиз шайырдың өзін көрдім ғой. Үстіне зерлі шапан киіп, басына сәлде ораған ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, мұрны қырлы, көзі нұрлы, сақал-мұрты аққұба өңіне әдемі үйлескен сұлу кісі маған көз қырын салып тұр екен. Мен оны бірден таныдым да, төсекте жатқан жерімнен қарғып тұрдым. Ұлы шайыр үнсіз сәлем бергендей, иегін қағып, маған күлімсірей қарады да, өзінің жыр кітабын ұсынып жатып:
– Уа, Заманбек, тыңдашы мені. Бәлкім, сен өз бағыңды сынап көрерсің?.. Мына кітаптың кез келген бетін ашып, сондағы ғазалды маған дауыстап оқып берші. «Оқи алмаймын ғой» деп еш тартынба. Сен өзің де байқамастан, оқып жүргеніңді білмейсің. Сол ғазалдың саған арналғанын һәм ол сенің болашақ тағдырыңды айқындайтынын мен біліп тұрмын, – деді биязы дауыспен.
Мен алғашқыда аң-таң болып, не істерімді білмей, аузыма сөз де түспей, абдырап қалдым. Өзімді құдды бір ұстаз алдындағы шәкірт баладай сезіндім. Есімді жиыңқырап, шайыр ұсынған кітапты екі алақанымды жайып, ақырын ғана қолыма алдым. Зер салып қарасам, уақыт табынан кітаптың шеттері мүжіліп, беттері әбден сарғайып кетіпті. Бір ғажабы, кітаптың беті өздігінен ашылып кетті. Сол сәтте «Отыз алтыншы ғазал» деген көне жазу көзіме оттай басылды. «Пәлі, мен мына жазуды оқып, түсіне де алады екенмін ғой» деген ой келді. Тамағымды қырнап қойып, әлгі ғазалды дауыстап оқи бастап едім, өз дауысымнан оянып кеттім. Көзімді ашып: «Ұлы
шайыр қайда ұшып кетті?» – деп, жан-жағыма қарап қоямын.
Сосын «О, отыз алтыншы ғазал!» – деп, орнымнан атып тұрып, жазу үстелімнің үстіндегі Хафиздің кітабына жармаса кеттім де, ашып қалып едім, міне, ғажап, «Отыз алтыншы ғазал» деп тұр!..

– Хафиздің кітабы орыс ьтілінде ғой?..
– Иә деймін. Қызығы сол, мен оны бірден қазақ тілінде оқып тұрмын ғой!.. Өзінен-өзі тіліме үйіріліп тұр. Отыра қалып, қағазға көшіре бастадым.
Ақ жүзіңді ашшы, қалқам, толған айдай сұлуым,
Тұла бойды жаулап алған сенің кербез қылығың.

Кеше ғана мен шал едім, бүгін жаспын, медет бер,
Ұқсап кеттім мен майшамға жанып кеткен кенеттен.

Қуат берген бар кәріге ұлы достық қорғаны,
Сөнген майшам қайта жанса, ол – махаббат қолдағы.

Сөз науаты жанды баурап, сыйға шырын ұсынды,
Өткен қимас сәттерімді ет жүрегім түсінді…
Міне, осылайша Хафиздің орыс оқырманына да белгілі ғазалы менің ана тілімде де еркін сайрай жөнелді. Осыдан бастап шексіз рухани кеңістіктегі «Тәңір, өмір, мәңгілік, уақыт, ғалам, махаббат» деген қасиетті ұғымдар менің кеңи түскен санамда жаңғырығып тұрып алды.
Айтқандай, осы аян түсімді – осы бір естен кетпес оқиғаны мен дәл сол күні-ақ өз жырыммен боямасыз баян еттім.

– Иә, «Мен Хафизше жырласам…» (Хафиздің 36-ғазалына арнау) атты жырыңызды сіз кітабыңыздың 360-бетінде жазылу уақытын көрсете отырып беріпсіз. Ал енді осы аты ғажап «ғазал» дегеніміз не?
– Ғазал парсы поэзиясының дәстүрлі формасы ретінде Хафизден бір ғасыр алдын жерлесі, Шираздан шыққан Саади шығармаларында қалыптасқан екен. Ғазал деген – бір қатары екіге бөлінген бәйіт­тен тұратын шағын өлеңнің түрі. Ол бес бәйіттен он екі бәйітке дейін болады да, өзінің мазмұны жағынан ерте замандағы жапонның танкасына не ортағасырлық Еуропаның сонетіне ұқсас боп келеді. Ғазал жанрының төркіні – араб әдебиеті. Оның арабша мағынасы «өлеңде әйелді жырлау» дегенді білдіреді. Ғазалда
шайыр соңғы жолдарға міндетті түрде өз атын қосып жазады. Айталық, парсы-тәжік поэзиясының пырағы Рудаки былай деп зарыға жырлайды:
Қанша тағы ұмтыласың «мен» деуге сен, қайран жүрек?
Салқын темір селт ете ме
соққаныңмен, ләззат тілеп?

Жүрегім бір дән секілді, махаббатым
таудай саған.
Дән жүрегім езілмей ме, сенің тауың
ауса маған?

Ал, келіп көр, Рудакиді – жансыз
жатыр тұл денесі,
Тау жанышқан, қансыраған.
Бұл – өзім сүйіп оқитын Қалижан Бекхожиннің аудармасы. Мен Рудакиді көп оқысам да, оны көп аударған жоқпын. Ұлы шайырдың «Үш жейдеге арналған көне нақыл оқыдым» деп басталатын ғазалын қасиетті Құрандағы аңызбен толықтыра, еркін аударғанымды айта кетейін.

– Зәке, байқауымша, оны әрі өзіңіз де ашық мойындап отырсыз, сіздің аудармаларыңыз көбіне еркін боп келеді екен. Осы қаншалықты дұрыс?
– Кітаптың кіріспе сөзінде «Мен кәсіби аудармашы немесе қазақтың қара сөзінің ұстасы, танымал ақын, иә жазушы емеспін» деп ақталғандай болғанымды байқаған шығарсыз (мырс етіп күліп, терең ойға кетті)…
Таяуда Мұқағалидың төрт томдық шығармаларын оқи отырып, оның Дантенің «Құдіретті комедиясын» аударуына байланысты жазған хатына көзім түсіп, таң-тамаша қалдым. Ол былай депті: «Жасыратыны жоқ, ұлы дастанның орысша аудармасы (менің соқыр сезімімде, итальян тілін білмеймін ғой) маған жолма-жол (подстрочный) аударма сияқтанады да тұрады. Поэзиялық дүрсіл, поэзиялық толқулар аз сияқты. Сондықтан да орысша аудармадағы кейбір әлжуаз төңірегінде қалмай, еркінірек кеткен де жәй бар. Поэзиялық шығарманы аударуда, ең бастысы, ойға көбірек көңіл бөлуді ойлаған жөн ғой дедім. Түпнұсқадағы автор ойына жете түсінсең, әдемі поэзия жасауға да болады ғой, бар сөздің бірін қалдырмай, қазақшалау шарт емес-ау деп ұғындым. Басқа тілдің ерекшелігінен айнымайын деп отырып, өз тіліңнің ерекшелігін еркін пайдаланудан қашуға болмайды ғой».
Мұқаң тұп-тура менің ойымның үстінен түскендей! Бұдан артық айта да алмайсың. Қысқаша айтсам, менің де аудармадағы ұстанымым осындай.
Әлгінде айтқанымдай, Мұқағали Омар Хайямға бір ғана өлеңін арнаған. Соның өзімен-ақ ол ұлы ақынға деген шексіз сый-құрметін, ыстық ықыласын жеткізе білген ғой. Ақиық ақынымыз Омар Хайямды барынша терең түсініп, оның түрік қанынан шыққанын еске ала отырып, соншалықты жылылықпен «баба» деп бауыр тартып, қазақ оқырманының жүрек қылын шертеді.
Менің де шын тілегім – қалың қазағым Шығыс жырларымен сусындаса екен. Кейде маған біздің жастарымыз батыстық шығармаларға бой алдырып, өзімізге әлдеқайда жақын Шығыстың асыл жауһарларынан іргесін аулақ сала бастағандай көрінеді. Бәлкім, бұл құбылыстың есейген біздер үшін түсініксіз, өзіндік бір сырлары бар да шығар. Қалай десек те, біздің түп-тамырымыз Күн шұғылалы Шығыстан нәр алады…

(Сұхбат 2005 жылдың басында алынды)
Әңгімелескен
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
публицист-жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір