«ТӘУЕЛСІЗДІК. КЕЛІСІМ. БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТ»
26 сәуірде, Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV кезекті сессиясы өтті.
Сессия жұмысына мың жарымнан аса делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық өңірлерден келген ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет елдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда қазақстандық өнер, ғылым қайраткерлері, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, бюджеттік және жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері және басқалар сөз сөйледі.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Питаленко Леонид Николаевичті және ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының құрметті төрағасы Халмурадов Розақұл Сатыбалдыұлын этномәдени бірлестіктерден Ассамблея Төрағасының орынбасары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
Ассамблеяның XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жария етілді.
Сессия жұмысы туралы ҚХА-ның өңірдегі филиалдары өкілдерінің ой-пікірін білгіміз келіп, Қарағанды облысына хабарласқан едік…
Тварионас Виталий Ионо,
Литва Республикасының Қазақстандағы құрметті елшісі, ҚХА мүшесі,
Қарағанды қаласындағы «Литуаника» Қоғамдық ұйымының төрағасы
КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР
ҚОЗҒАЛҒАН ЖИЫН
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXIV сессиясында сөйлеген сөзін үлкен ыждахаттылықпен және қызығушылықпен тыңдадым. Сессия барысында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өркендетудің жаңа сатылары туралы, білім мен экономика салаларының дамуына қатысты мәселелер, бизнес-құрылымдардың мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатуы жайында келелі әңгімелер айтылды.
Елбасы, сондай-ақ, мемлекет қызметін қарқынды түрде жүргізуге бағытталған, жаңа қабылданып отырған немесе өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заңдарға өте мұқият болу керегін де атап өтті. Сессия қатысушыларына арнаған сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы білім саласында жүріп жатқан реформалар туралы да кеңінен сөз қозғады. Бұл, ең алдымен білім алу үдерісі барысында балаларға жүктелер артық міндеттерден арылтып, білім алуды барынша ыңғайлы және пайдалы қылудың бір амалы екенін түсіндірді. Жоғары сынып оқушылары алғашқы кәсіби білімді игеріп шыққаны өте маңызды. Кәсіби еңбек әуелден бастапқы орында тұруы керек қой.
Біздің қоғамның ең басты құндылығы – халықтар бірлігі, біздің елдің әр азаматының отансүйгіштік сезімінің жоғары болуы дер едім. Және біз, Қазақстан халқы Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бағдарламаны қолдайтынымызды айтқым келеді. Бізге артылар бұл міндетті орындау қолдан келеріне сенімдімін.