Тұғыры биік тұлға
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер, көркемсөз шебері Оразбек Сәрсенбайдың дүниеден өткеніне бір жыл толды. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт, қайта айналып келмейтін қайран өмір!.. Осыны ойлағанда, бұдан қырық жылдай бұрын Орекеңмен бірге өткізген күндер жарқ етіп көз алдыма келеді. 1974 жылдың мамыр айының әдемі бір күндері Алматының қақ ортасынан, Есентай өзеніне жақын жердегі Мұратбаев көшесінің бойынан газет-журналдарда істейтін бір топ қаламгерлер мен баспахана қызметкерлері жаңадан салынған көп қабатты үйден бір-бірден пәтер алып, қаланың түкпір-түкпірінен көшіп келіп, орналаса бастадық.
Қоныс тойын тойлаушылардың алды сол кезде елуді алқымдаған Танаш Дәуренбеков болса, қалғандары 30 бен 40 жас арасындағы Оразбек Сәрсенбай, Ахат Жақсыбаев сынды ақын-жазушылар, журналистер еді. Ал университетті бітіргенімізге екі-үш жыл ғана болған біз олардан да кіші болатынбыз. Ол кездегі пейіл-ықыласымыз қазіргіден мүлдем басқаша болды ма, әлде күнделікті жұмыста бәріміз қаламгерлікке жақын жүргендіктен бе, жаңа үйге орналасқан көршілер лезде жақын араласып кеттік. Әсіресе, біздің Оразбектің отбасымен қарым-қатынасымыз ерекше болды. Оның себебі, менің де Орекең сияқты Сыр өңірінде туып-өскендігімнен шығар; оның үстіне Оразбек Сәрсенбай деген жас ақынның бұдан он жылдай бұрын «Лениншіл жас» газетінде «1961 жыл» дейтін дастаны жарияланып, оның соңы кәдімгідей у-шуға айналғанын мектепте оқып жүрген кезімізден шет жағалатып білетін едік. Бір шығармасымен бүкіл республиканы шулатқан сол жас ақынмен болашақта бір қалада көрші тұрамын деген ой ол кезде, әрине, менің қаперіме де кірмеген. Және бір таңқаларлығы, бұл кездегі Орекең сонау алпысыншы жылдары аты шыққан ақын Оразбекке мүлдем ұқсамайтын. Әдетте, біз білетін ақындардың бәрі жұрт алдына шықса саңқылдап сөйлеп, шабыттана өлең оқитын. Ал Орекеңнен мұның бірі де байқалмайды. Тіпті, оны баяғыда өлең жазып, жұртты шулатқан ақын болды дегенге сену де қиын. Керісінше, ол ешқандай артық сөзі жоқ, не айтса да ойланып-толғанып, асықпай, сабырмен сөйлейтін, барынша салихалы, салмақты азамат. Отыздың ортасынан жаңа ғана асқанына қарамастан жасы тоқтасқан жігіт ағасы сияқты. Және ең бастысы, проза жанрында бірнеше кітап шығарып, қара сөз жазатын қаламгерлердің ортасынан өзінің лайықты орынын алып та үлгерген. Яғни бұрыңғы ақын Оразбек пен проза жанрына қалам тербеп жүрген қазіргі Оразбек Сәрсенбай екеуі мүлдем екі басқа адам сияқты. Сондықтан шығар, кездескен сайын біздің әңгімеміз көбіне әдебиеттің проза жанрының төңірегінде өрбитін. Орекең ара-арасында проза жанрына қалай келгенін, қаламгер ретінде қайтіп қалыптасқанын айтып қалады. Және не туралы сөйлесе де, әңгімесінің аяғы міндетті түрде туған жеріне барып тіреледі. Ол өңірде кезінде қандай оқиғалар болған, қандай белгілі тұлғалар өткен – солар жөнінде сөз қозғайды. Осыған қарап, Орекеңнің бүкіл шығармашылық жолы, суреткерлік қабілет-дарыны, ұғым-түсінігі, дүниеге деген көзқарасы өскен ортасы мен туған жеріне тығыз байланысты екені бірден аңғарылатын.
Бұл кездейсоқтық емес еді. Оразбек Сәрсенбайдың туып-өскен жері Сыр бойы, оның ішінде, әсіресе, Шиелі жері – ежелден жыршылық, әншілік, орындаушылық мектебі ерекше дамыған өңір. Мұнда ілгерілі-кейінгі заманда өмір сүрген Бұдабай, Құлыншақ, Нартай сынды атақты ақын-жыраулар жұртшылыққа жақсы мәлім. Орекең бала күннен осылардың өлең-жырларына қанығып өскен. Нағашысы Құлан да, үлкен әжесі Жақсықыз да белгілі ақындар болған. Ал әкесі Сәрсенбай шежірені, көне сөздерді, шешендік қайырымдарды жақсы білетін, дінге жақын, сопылық қасиеті бар кісі екен. Міне, осы жағдайлардың бәрі жас Оразбектің үлкен әдебиетке келуіне айрықша ықпал еткен.
Осы орайда, Орекеңнің қаламгер болып қалыптасуына ықпал еткен және бір кісіні айта кеткен жөн. Ол – Орекеңнің әкесі Сәрсенбайдың туған әпкесі Бәтима. Ол кісі арқалы ақын болған, жақсы ән де салған, кезінде Нартай ақынмен де айтысқа түскен. Орекең бала кезінде Шиелі кентіндегі мектепте осы Бәтиманың үйінде жатып оқыған. Ол кісі Орекеңнің қолына домбыра ұстатып, жыр айтуға баулыған. Соның нәтижесінде бала Оразбек те өз жанынан өлең шығаруға машықтана бастаған. Сондай алғашқы өлеңдерінің бірі 4 сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған.
Яғни Оразбек Сәрсенбайдың әдебиет әлемінде биік деңгейге көтеріліп, бүкіл халыққа танымал, тұғыры биік тұлғаға айналуы, ең алдымен, Сыр бойының топырағынан дарыған қабілет-қасиеттің, сол өңірден бала күннен көрген, естіген оқиғалардың жан дүниесіне, жүрек сезіміне сіңіп, қалыптасуының нәтижесі еді.
Ал кейін КазГУ-дың филология фа-
культетінде оқыған студенттік жылдары қаламгердің әдебиеттегі қалыптасу кезеңі болды. Мұнда Орекең Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды кейін қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарына айналған дарынды жастармен бірге оқыды. Ұлы Мұхтар Әуезов бастаған ғұламалардан дәріс алды. Бұл репрессия құрбандарын ақтау мен әдебиеттегі жаңашылдыққа қарсы күрес қызу жүріп жатқан кезең еді. Оразбек те өзі қатарлас жастармен бірге осы күрестің қалың ортасында жүрді. Соған орай, алғашқы шығармалары қатаң сынға да ұшырады. Жалғыз Оразбек емес, сол кездегі әдебиетке жаңадан қадам басқан жас толқынның басым көпшілігі осындай жағдайды бастан кешірді. Әйтсе де бір таңқаларлығы, сол жастар үшін мұндай сынап-мінеу ақыр соңында зияннан гөрі әлдеқайда пайдалы болып шықты. Уыздай жас кезінде сынның небір ауыр түрлерін естіп, көріп өскен Оразбек те, өзге жастар да барынша шыңдалып, қаламгерлік жолдағы қайтпас қайсарлыққа үйреніп, соның нәтижесінде кейін әдебиетіміздің алып бәйтеректеріне айналды.
Сөз реті келгенде, осындай қиын кезеңде әдебиеттегі жаңа толқынға сол кездегі республикалық жастар ұйымының басшылары Өзбекәлі Жәнібеков пен Камал Смайыловтың да ерекше қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
Оразбек Сәрсенбай университет бітіргеннен кейін туған жеріне барып орта мектепте екі жыл ұстаздық қызмет істеген. Бұл да болашақ қаламгер үшін үлкен мектеп болды.
Міне, осындай шығармашылық жолда жан-жақты шыңдалудан өткен Оразбек Сәрсенбай прозалық шығармаларының бәрін дерлік өзі туып-өскен Сыр бойына, Шиелі өңіріне арнады. Бұлардың арасынан «Таңбалы тас», «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары мен «Сағым», «Бақыт құсы», «Жиде гүлдегенде», «Жақсының көзі», «Уәде», «Менің мекенім» повестер мен әңгімелер жинағының, «Өмірнама» мемуарының алар орыны ерекше. Бұл шығармалардағы кейіпкерлер – өмірде болған, осы Сыр бойында ғұмыр кешкен, аты-жөндері халыққа жақсы танымал тарихи тұлғалар. Мысалы, 1985 жылы «Жазушы» баспасынан шықан «Уәде» жинағына «Ыбырай түбегі», «Уәде», «Тамыр» атты үш повесі топтастырылған. Мұндағы «Ыбырай түбегі» повесінің басты кейіпкері Күзембай Жақанов аталғанымен, шын мәнінде оның прототипі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев. Ал «Уәде» повесіндегі күйші Өсербай, «Тамыр» шығармасындағы Бұдабай ақын да өмірде болған тарихи тұлғалар. «Шамшырақ» романының басты кейіпкері Нартуғанның прототипі – Сыр бойынан шыққан атақты ақын Нартай Бекежанов.
Оразбек Сәрсенбай сын мақалаларды да көп жазған. Олардың арасында Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов,
С.Бақбергенов, Н.Серәлиев секілді прозашылар, А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Ө.Нұрғалиев сынды ақындар шығармашылығы туралы жазғандарын кезінде әдеби қауым жылы қабылдаған.
Оразбек Сәрсенбай «Құран Кәрім» «Мұхаммед пайғамбардың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару, басып шығару ісіне белсене атсалысты.
Ал рисала жанрына келгенде Оразбек Сәрсенбай алдына жан салмайтын тұлға. Қаламгердің мұндай шығармалары өмірдің танымдық, тәрбиелік, білім берушілік тұрғыларын сөз етеді.
Оразбек Сәрсенбайдың шығарма-шылық-қоғамдық еңбегі дер кезінде лайықты бағаланды. Соған орай, қаламгерге «Шеңбер» романы үшін 2000 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сондай-ақ, ол «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Әрине, мұндай биік марапат, ерекше құрметке кез келген адамның қолы жете бермейтіні, оған тек халықтың шынайы құрметіне бөленген тұғыры биік тұлғалардың ғана ие болатыны анық. Оразбек Сәрсенбай да көзінің тірісінде осындай тұғыры биік тұлғаға айналған еді. Бірақ соған қарамастан Орекең өзін-өзі насихаттап көрсетуге мүлдем көңіл бөлмейтін, оған ешқандай ықыласы да жоқ еді; тіпті өзге әріптестері сияқты мүшел тойларын да дүрілдетіп өткізген емес. Тек баяғыда, сол Мұратбаев көшесінде тұрғанымызда қырық жасқа толғанын өз үйінде атап өткені ғана есімде қалыпты. Бұл шағын басқосуға Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов бастаған бір топ замандас қаламгерлері жиналып, әдемі бір кеш өткізген еді. Содан кейінгі зымырап аққан жылдарда Оразбек Сәрсенбайдың өзіне арнап мұндай басқосу өткізгенін көрген де, естеген де емеспіз.
Орекең ұзақ жылдар бойы бар ғұмырын, бүкіл күшін жұмсап, көз майын тауысып, жоғарыда айтқанымыздай, өзі туып-өскен өңірдің тарихи тұлғалары туралы небір жақсы шығармалар жазды. Сол арқылы өмірден баяғыда өтіп кеткен Сыр бойының небір асыл азаматтарын қайта тірілтіп, өз халқымен қайта қауыштырды. Мұның бәрі міндет етуге тұратын, құрметтеуді қажет ететін қадірлі еңбек екендігі даусыз. Егер Орекеңнің орынында өзінің туған жеріне осындай еңбек сіңірген басқа біреу болса не істейтіні, қандай мәселе көтеріп, нені талап ететіні қазіргі жұрттың бәріне жақсы мәлім. Оған нақты мысал келтіріп, бәрін тізіп айтудың өзі ыңғайсыз. Ал Орекең болса, өз еңбегін ешкімге бұлдаған емес; мерейтойым болатын еді, соған байланысты маған анау керек, мынау керек деп, жоғары-төменгі орындарды жағалап, біреуден бірдеңе сұрапты дегенді көрген де, естіген де емеспіз. Басқаны былай қойғанда, тіпті, Орекеңнің өз ауылына ат-
басын бұруы да өзгеше еді; ешкімге білдірмей барып, ешкімге байқатпай қайтып кететін.
Оразбек Сәрсенбайдың мұндай ұстанымы, көзқарасы кімге де болса үлгі-өнеге болуға әбден жарасады. Яғни Орекең қаламгер ретінде де, қарапайым азамат ретінде де бүкіл ғұмырын өзгелерге пайдасын тигізіп, шамасы келгенше жақсылық жасаумен ғұмыр кешті. Көрші болып тұрғанда бұған да айқын көзіміз жеткен. Орекеңнің үйі елден келген қонақтардан бір сәт арылмайтын. Шиеліден, Қызылордадан шыққан ағайындардың бір тобы Орекеңе сәлем беріп, үйінде жата-жастанып, шаруаларын бітіріп, риза көңілмен қайтып бара жатса, тап сол күні Орекеңді іздеген және бір жаңа қонақтардың төбесі көрінетін. Бұл ретте Орекеңнің жанжары Шара туралы да ерекше айта кеткеніміз жөн. Шара Асанқызы барынша ақжарқын, кеңпейіл, дастарханы әрқашан да жаюлы, қонақжай жан еді. Бұл жағдай да Орекеңнің елге, ағайын-туысқа барынша беделді болуына өз әсерін тигізді. Шараның дастарханынан дәм татып, Орекеңнің қамқорлығын көргендердің арасында Орекеңнің өзі інілері Әбілқасым мен Исабек те бар. Көрші тұрған жылдарда бұл екі баланың ауылдан Алматыға келіп, Орекеңнің үйінде тұрып, оқуға түскендеріне куә болғанбыз. Қазір сол Әбілқасым – белгілі суретші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы алдыңғы қатарлы ұстаз. Ал Исабек жоғары білім алып, ауылға барып, қызмет істеп, Сәрсенбай әулетінің қарашаңырағына ие болып отыр.
Осындайда мен өзімнің де Орекеңнің қамқорлығын көргендердің бірі екендігімді айта кету – парызым. Мен шығармашылық жолымды ақындықтан бастағаныммен кейін бірыңғай қара сөз – прозаға бет бұрдым. Орекеңмен көрші болатыным да, міне, осы кез еді. Проза жанрындағы «Алтын сағым» дейтін алғашқы кітабым жарық көргенде Орекеңе қолтаңба жазып, апарып бердім. Арада бір аптадай уақыт өткенде Орекең арнайы шақырып, менің кітабым туралы әжептәуір ұзақ әңгіме айтып, жылы пікір білдірді. Кейбір кемшіліктеріме де жан-жақты тоқталды.Және болашақта қаламгер ретінде менен үлкен үміт күтетінін де жасырмады. Кейін Орекең бұл пікірін баспасөз бетінде бірнеше рет қайталап айтты да. Мен ол кезде Орекеңнен өз кітабым туралы осыншалықты жылы пікір естимін деп мүлдем ойлаған жоқ едім, оның үстіне, өзімнің жазған шығармаларымды жан-жақты талдап, жетістік-кемшіліктерін тайға таңба басқандай кеңінен талдап берген әңгімені бірінші рет естуім еді – сондықтан қуанғанымнан таңырқағаным әлдеқайда басым болды. Сол күннен бастап проза жазуға деген құлшынысым бұрынғыдан да күшейіп, қаламгерлікке шындап кірісуге ден қойдым. Кейін қарап отырсам, Орекеңнің сол демеуімен проза саласында оншақты кітап жазып, біраз жерге барыппын.
Әрине, Оразбек Сәрсенбайдың шығармашылық салада шынайы қамқорлығы мен қолдауын көрген мен сияқты жас толқын аз болмаса керек. Бұған бір жағынан, Орекеңнің сол алпысыншы жылдардың ортасынан бастап «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты мерзімдік басылымдарда қызмет еткені де өз әсерін тигізгені даусыз. Өйткені, ол кезде бұл басылымдар әдебиеттің бүгіні мен болашағына айрықша назар аударатын, қолына жаңадан қалам ұстаған жас талапкерлерге ерекше көңіл бөлетін. Мұнда қызмет еткендер сапасыз дүниелердің жарық көруіне жол бермейтін. Оқырманға ұсынылатын әрбір жаңа шығарма қатаң талдау мен сараптаудан өтетін. Қазіргідей кім көрінгеннің жазушы атанып, не жазса соның бәрін кітап етіп шығара беру ешкімнің өңі түгілі, түсіне де кірмейтін. Ал бір шынайы көркем туынды жалт етіп көрінсе, оны бүкіл әдеби орта үлкен оқиға ретінде жылы қабылдайтын. Осындай ортаның тәрбиесін көріп, қалыптасқан Оразбек Сәрсенбайдың әдебиеттің шынайы жанашыры, жас толқынның қамқоршысы болуы заңды да еді. Орекең кейін бұл жанашырлығын Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жүргенде де, «Жазушы», «Өнер», «Қайнар» баспаларында басшылық қызметте отырғанда да үзбей жалғастырды.
Оразбек Сәрсенбай барша қазаққа танымал, атақты қаламгер болып қана қойған жоқ, сонымен бірге отбасында да бақытты, абыройлы ғұмыр кешті. Жанжары Шара екеуі Сабыржан, Гүлназ, Бауыржандай ұл-қыз өсіріп, олардан тамаша, тәтті немерелер сүйді. Яғни соңында өзі сияқты жақсы ұрпақ қалдырды. Егер Шара жеңгеміз өмірден ерте озбағанда, Орекең ағамыз да ортамызда әлі күнге жүзі жайраңдап, аман-есен жүре беруі әбден мүмкін еді. Бірақ бәрі тағдырға байланысты ғой…
Оразбек Сәрсенбай туған жерден дарыған қасиет-дарынының бәрін өзімен мәңгілікке бірге алып кетпей, шынайы көркем туындыларға айналдырып, мөлдіретіп ақ қағазға түсіріп, баға жетпес мол мұра етіп артына қалдырды. Соңғы демі таусылғанша өз еліне, өз халқына жан-тәнімен қызмет етті. Сөйтіп, көзінің тірісінде перзенттік парызын толығымен өтеді.
Ал туған жері, елі мен халқы осындай аса дарынды, шынайы патриот азаматының мұрасын қалай бағалайды, еңбегі мен есімін қайтіп құрметтейді – ол келер күндердің еншісіндегі мәселе.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ.
Тақуалық
Табынған Құдіретке, тазалыққа,
Бас иген биік Рух, даналыққа.
Ұрпағы пірәдар мен сопылардың,
Жараған салиқалы саралыққа.
Ой толғап ілімнен де, ғылымнан да,
Іздеген дәру-дәрмен шыбын-жанға.
Ақиқат тек Алланың ақ жолында
Екенін жеткізсем деп ұғынғанға.
Құдайсыз қоғамдағы қорлықтарды
Әшкере етуден ол қорықпады.
Табынған жеке басқа сатқындарды
Кезінде жырыменен құрықтады.
Елімен еркін жайып қанаттарын,
Ұлықтап сипаттарын Жаратқанның.
Тұңғиық дүние сырын түйсінсем деп,
Ақтарды ол парасат парақтарын.
Жазылды рисаласы – жан ғажабы,
Сана мен Рух жайлы Ар-ғазалы.
Ағамыз армандаған кемелдікке
Жетсе екен деп тілейік бар қазағы.
Жадыра Дәрібаева, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.