Алматыда Ермек Серкебаевқа ескерткіш ашылды
Алматы қаласында Халық артисі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевқа ескерткіш ашылды. Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде министр Аида Балаева: «Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау», – деп, Алматының төрінде осынау монументтің ашылуы елінің қазақ өнерін шартарапқа паш еткен дара дарын иесі, ұлт перзентіне деген құрметі екенін атап өтті.
Ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда ұстаздық етіп, ғибратты ғұмыр кешкен көрнекті опера әншісі, актер Ермек Серкебаевтың бейнесін қоладан шеберлікпен сомдаған мүсіншілер Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Ақылбек Орманбеков және Қуаныш Асылбайларға өнерсүйер қауым ерекше алғыс білдірді.
Өнер жолын 1947 жылы классикалық «Абай» операсындағы Абай рөлін орындаудан бастаған біртуар әнші Опера және балет театрында алпыс жылдан аса қызмет еткен уақыт ішінде отандық және әлемдік классикадағы басты музыкалық партияларды кемеліне келтіріп орындады.