Ш.Елеукенов: Ұлттық кітаптану мәселелері
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны ҚазҰУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов ашты. Жиынды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай жүргізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде: «Ол табанды еңбегі мен ізденістерінің нәтижесінде, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған ғалым Шериаздан Рүстемұлы қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес», – деді.
Филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақып өз баяндамасында Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы жолын арқау етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса, қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Профессор Темірғали Көпбаев Шерияздан Рүстемұлының көптомдығын толық шығару керек екенін айтып өтті. Ғалымдар Нұрдәулет Ақыш, Серікқазы Қорабай, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындылардың өміршең екенін тілге тиек етті. Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.
Қырғызстанның Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мұхаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтің қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, әдебиеттанудағы, кітаптанудағы қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл әлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді.
Конференция барысында Шериаздан Елеукеновтің 95 жылдығына орай арнайы шығарылған жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты конференциядағы баяндамалар, ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған деректер, мақалалар енгізілген. Мәнді де мазмұнды өткен жиын аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.
Анар Қалибекқызы,
баспагерлік-редакторлық
және дизайнерлік өнер кафедрасының
аға оқытушысы