Соғыстан соңғы сойқандар
Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры – әлемдік тарихтың ең қасіретті парақтарының бірі. Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Тек 1942 жылдың ақпанына дейін немістерге тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің саны 3.9 миллион адамға жетті, солардың 2.8 миллионы қырылып қалды. Бұл сұмдық факті көпке дейін бүркемеленіп келді.
Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899, 1907) және Женевада (1929) әскери тұтқындар туралы конвенция қабылданған болатын. Бұл конвенциялар шарты бойынша, соғысушы мемлекеттер бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарауға тиіс болатын. Бірақ Кеңес өкіметі ұстанған қағида бойынша: «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар», – деген желеумен миллиондаған тұтқындардың тағдыры тәлкекке ұшырап, сұмдық та ауыр зардаптарын тигізді.
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен пара-пар азапты бастан кешкенін архив деректері айғақтайды. Майданның алғашқы айларында түркістандықтарға (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ) жетіп жатқан жағдайда ғана қару берілді. Себебі олар екінші сорттағы жауынгерлер ретінде есептелді. Өмірі қолдарына қару ұст
амаған 19 жас шамасындағы Орталық Азияда жасақталған жауынгерлер бақайына дейін қаруланған герман әскерлеріне қарсы қойылды, осылайша, тура ажалға айдап салынды.
Сонымен бірге майданға кірген жауынгерлердің көңіл күйіне, әлеуметтік жағдайына, қазақ елін езіп-жаншыған Кеңес өкіметінің саясатына онша мән берілмеді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда кеңес қоғамы саяси да, этникалық не әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан біртұтас болмады. Елдегі ауқатты шаруаларды тәркілеу, ауылшаруашылығын күштеп ұжымдастыру, діни қауыммен күрес, саяси қуғын-сүргін және Кеңес өкіметінің басқа да іс-шаралары ұрыс барысында жауынгерлерге теріс әсер етті. Әкелері немесе туыстары арнайы геноцид саясаты салдарынан аштықтан өлген немесе Сібірге айдалған, «әлеуметтік тазартуға» ұшыраған солдаттардан жанқиярлық ерлік күтуге бола ма?! 19–20 жасар бозбалалар Кеңес өкіметінің игілігін сезініп те үлгерген жоқ-ты.
Соғыстың алғашқы күндері майданға республикадан көп адам жөнелтілді. Адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған алапат соғыс үлкен зардаптарға ұшыратып, миллиондаған жандардың өмірін қиды. Ұлы Отан соғысынан 350 мыңнан аса қазақ еліне қайтпады, олардың біразы тұтқынға түссе, көпшілігі майдан даласында шейіт болды. Архив деректеріне сүйенетін болсақ, тек Атырау облысы бойынша соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан жиырма алты мыңнан астам жерлестеріміздің тізімі жасақталған.
Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар жөнінде және Түркістан легиондарында қызмет еткен (әрине, көпшілігі өз еріктерімен емес) жерлестеріміз жөнінде өте аз білеміз. Алдағы уақытта осы кезеңдегі «ақтаңдақ» беттерінің бірі – тұтқындар туралы тереңірек қарастырған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары әлі жүргізілген жоқ.
Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге деген көзқарастан айқын байқалады. Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де, емдеу пунктіне қабылданбады, не басқалардан кейін, ең соңынан қабылданды. Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, аяғы трибуналға да жеткен.
Жаудың қоршауына ұшырап, қолға түсіп қалған жауынгердің тағдыры қатты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырыққабат пен қабығы ашылмаған картоптан тұрды. Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, одан кейін кеңестік лагерьлерде қорлық көрді. Осы кеңес тұтқындарының тағдыры туралы әлі де сөз болмай келе жатыр. Әр адамның тағдыры өз алдына бөлек, ол ойыншық емес. Оның көргені тіпті ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Міне, сондықтан олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ.
Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айналысады, қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыстар жүргізуде. Тұтқындардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат алып, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы, соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмағанын байқатса керек.
Кейбір тұтқындар соғыстан кейін Отанына оралды, оларды лагерьлерде ұстап, тексергеннен соң және адалдығына көз жеткізгеннен кейін ғана еркіндікке босатты. Дегенмен де бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны жасырын емес. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды да, өкініштің уын ішіп күн кешті. Оның бір мысалы, Финляндияның Ұлттық архив қорынан табылған құжаттарда 1939–1940 жылдары кеңес-фин соғысында тұтқынға түскен Құрманғазы ауданының тұрғындары Нұрым Сарахметов, Сайын Зиналиев, Валит Ермаханов, Кемет Сарсенғали, Кәрім Жүнісов, Сатыбалды Иманғалиев туралы деректердің болуы («Жағаға қайтқан толқындар». «Егемен Қазақстан» газеті. 22 сәуір, 2014 жыл).
…Сол сұрапыл жылдары Мұстафа Шоқайға қолына түскен бір жапырақ қағазға жазып берген жерлесіміздің өтініші- не назар аударалық. Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған мына бір құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жасының өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты тыңдап көрелік: «Сәлем бердік! Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.
Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым – оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім (мұғалім болар). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп… менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды. Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен, «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын! 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.Х.41» (Есмағамбетов К. А.Ахмет. «Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында» // «Егемен Қазақстан», 9 мамыр 2012 ж.).
Осы тағдырлас жерлес соғыс тұтқындарының қилы тағдырларына тоқталсақ. Түркістан легионының құрамында болған көктоғайлық Берекет Кенжебаев, таңдайлық Амандос Есенов, бақсайлық Ғайпен Бейісов, таңдайлық Бөтеш Байсұлтанов (Коми АССР-інде тұрды), индерліктер Тұқпатолла Қалымов, Айғали Көпжанов (Ресейдің Қорған облысында тұрды), Соғыс тұтқындарының бірі – жылыойлық Құрайыш Таңатаров (1924–1961) соғыстың алғашқы жылында-ақ тұтқынға түскен. Фашистердің концлагерінде екі жылдай болып, жан азабын шеккен боздақтардың бірі. 15 жылға сотталып, Магадан облысында алтын өндіретін лагерьде ауыр жұмыстарға жегілген. Ал тұтқында болған индерлік Сейілхан Ғабдуллиннің қилы тағдырын тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Ол кісі туралы 2007 жылы А.Жұмашұлы мен Н.Дүкенбайдың «Қилы тағдыр: Өмірнама» атты кітабы жарыққа шықты.
Индерліктер Жолдыбай Ахыбаев (1924–1994), Жұмагелді Баймұқанов (1921–1990) махамбеттік Биғали Есмағамбетов (1922–1998) және Б.Тетебеков (Солтүстік Қазақстан обл), Нұрлыбек Негиматов (Ақтөбе обл) 1942 жылы Харьков қаласы үшін болған шайқаста, яғни 22–30 мамыр аралығында қоршауды бұзу операциясы кезінде тұтқынға түскен. Бұл қоршауда 239 мың кеңес жауынгерлері жау қолына тұтқынға түсуге мәжбүр болды. 1945 жылдың сәуір айында оларды неміс концлагерінен америкалықтар азат етті. Соғыс тұтқындары ретінде америкалықтар оларға тамақ, киім беріп, лазареттерге орналыстырып, естерін жиғызған. Кейін бұл лагерьге әр елдің әскери өкілдері келіп, тұтқындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Кеңес тұтқындарын олар өз тарапынан Америка, Аустралия, Канада, Англия, Франция елдеріне баруға шақырған. Бірақ олар Отанына қайту туралы шешім қабылдайды. Арнайы тексерістен соң өкінішке қарай Молотов облысының (қазіргі Пермь өлкесі) Гремячинск поселкасындағы көмір шахталарындағы каторгалық жұмыстарға жіберілді. Олар туралы ардагер шахтер А.Ф.Глушков өз естелігінде: «Соғыстан кейінгі жылдары поселкаға соғыс тұтқындарын әкеле бастады. Көпшілігі Қазақстан, Орталық Азия халықтарының өкілдері еді. Әскери тұтқындар № 62 шахтаның ауласындағы барактарда қатаң күзетте өмір сүрді. Оларды ең ауыр да азапты жұмыстарға жекті. Кейбіреулері туған өлкелеріне қашқанымен ұсталып, жазаланды, атылды», – дейді (Н.Песков Жизнь, как она есть (из записок краеведа), Гремячинск, 2004. с.47.). Пермь өлкесінің Гремячинск қалалық архив қорында туған жерінен жырақта, шахтада азапты жұмыстар атқарған Ж.Ахыбаев, Ж.Баймұқанов, Б.Есмағамбетов, Е. К. Тушовский, Б.Текебеков, Р.Зорманов, Б.Ерімбетов, О.Әлиақпаров, Ж.Бигшаев, Б.Мұхаметжинов (Мұхамбежинов), Б.Сабанқұлов, М.Төлендин сияқты жерлестеріміз бен отандастарымыз туралы мәліметтер сақталған. Олардың көпшілігі туған жерінен жырақта ауыр жұмыстардан, аштықтан, шахтадағы апаттардан қайтыс болды. Көбі туған жеріне жете алмай «Отанын сатқан», «сатқын», «тұтқын» деген жала мен қорлық таңбаны ар көріп, сол жақта мәңгілікке тұрақтап қалуға мәжбүр болды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында жұмысшы күші жетіспегені белгілі. Соғыс тұтқындары ну орманда ағаш кесу, шахта қазу, жол салу, жаңа салынып жатқан қалаға аса қажеті аурухана, мектеп, клуб, әкімшілік, тұрғын үй ғимараттарын салу жұмыстарына да қатынасты. Техника жетіспегендіктен, көптеген жұмыс қол күшімен атқарылды. Соғыс тұтқындары әдеттегідей қара жұмысшы ретінде пайдаланылды. Тұтқыннан оралғандардың жағдайы өте ауыр болды, аштық, суық, жұқпалы аурулар адамдарды баудай қырды. Гремячинск аймағында әр кезеңде 17 көмір шахтысы жұмыс жасады. Олардың жұмыс жасаған уақытында 800 млн тонна көмір өндіріліп, шахтерлардың үш ұрпағы өсіп, тәрбиеленіп жетілді. Осы шахталарда жұмыс жасаған жерлесіміз индерлік Ж.Ахыбаевқа берген анықтамаға назар аударсақ, Пермь өлкесінің Гремячинск қалалық әскери комиссиариатының 15 қазан, 1990 жылғы № 822 анықтамасы бойынша, қатардағы жауынгер Жолдыбай Ахыбаев 1924 жылы туған. 1941 жылдың 11 маусымы мен 1942 жылдың 15 қазан аралығында Кеңес армиясының қатарында қызмет етті делінген. Ал 1993 жылдың 31 тамыз күнгі «Кизелуголь» өнеркәсібіне қарасты «Западня» шахтасының директоры В.Вахрущев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Л.Аникиннің Жолдыбай Ахыбаев туралы қатынас қағазында Ж.Ахыбаев 1921 жылы туған. Зейнеткер. Аталған шахтада 1946–1980 жылдар аралығында жерасты тау-кен жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс атқарды. Жұмыс жасаған кезеңдерінде шахта әкімшілігі тарапынан бірнеше рет мадақталды деп жазады. Гремячинск қалалық архиві қорындағы 1949 жылдың 20 сәуірінде толтырылған жеке карточкасында «1924 жылы Куривская (архив құжатында солай, өз қолымен толтырылған болуы керек) облысы, Исвольский (Есбол) ауданында туған. 1 кластық білімі бар. Қазақ. Қатардағы жауынгер. Шахтада жүк тиеуші» деп толтырылған (Архивный отдел администрации города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1172, л.6). Зейнеткерлікке шығуына байланысты 1979 жылдың 29 қаңтар күнгі толтырылған мәлімет бойынша, 1924 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданының, Аққала ауылында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі 1946 жылдан басталған. Бір қызығы, архив қорында бұл кісінің жұбайы Гүлжиян (Гүлжиһан) Шайхимарданованың (Ахыбаева) (1927 ж.т.) жеке карточкасы да сақталған. Ол кісі Татар АКСР-нің Чишма ауылында дүниеге келген. 3 кластық білімі бар. Шахтаға 1950 жылдың 10 шілдесінде жүкші болып орналасқан.
Тағы бір жерлесіміз, индерлік Жұмагелді Баймұқановқа 1948 жылдың 3 наурызында толтырылған жеке карточкада, 1921 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы, Степан Разин колхозында туғандығы көрсетілген. Қазақ. 5 кластық білімі бар. Толтырылған карточкадағы мәлімет бойынша, шахтаның №2 учаскісіне 1948 жылдың 27-наурыз күні тасқалаушы болып алынған. Ал архив деректеріндегі 1948 жылдың 30 қарашасындағы мәлімет бойынша, махамбеттік Биғали Есмағамбетов 1922 жылы Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жамбыл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 3 кластық білімі бар. Мақаттық Евгений Карлович Тушовский 1918 жылы туған. Орыс. Гурьев облысы, Мақат ауданы, 8 кластық білімі бар, мамандығы жүргізуші. Жалпы еңбек өтілі 1937 жылдан басталады. Шахтада бұрғышы, слесарь, қазушы болып жасаған (Архивный отдел администрации города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1185, л.38).
Бұлардың кейінгі өміріне қысқаша тоқтала кетсек, өмірдің заңдылығына сай жерлестеріміз сол жақта жүріп өмірлік қосақтарын тауып отау құрған. Азапты жылдарды бастарынан кешіріп, кейбіреулері туған жеріне оралса, кейбірі сол жақта қалып қойды. Мысалы, индерлік Жолдыбай Ахыбаев Ресейдің Пермь облысының (қазір өлке) Гремячинск қаласында тұрып, татар қызы Гүлжиһанмен отау құрып Әмина, Дінмұхаммед, Дәулетбай, Зульфар, Фарид есімді ұл-қыздарын өсіріп, көмір шахтасында жұмыс жасап зейнеткерлікке шығып, 1994 жылы 70 жасында қайтыс болды. Балалары Дінмұхаммед (Гремячинск), Дәулетбай (Воркутада), Зульфар (Кузбасста) шахтада жұмыс жасаған. Ал 13 ауылдық Биғали Есмағамбетов татар қызы Ғалиямен бас қосып, 9 ұл-қыз тәрбиеледі. 50-жылдардың басында елге келіп, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып, 1998 жылы бақилық болды. Ал индерлік Жұмагелді Баймұқанов 1949 жылы башқұрт қызы Сәкина Ғабдуллинаға үйленіп, өмірге 3 ұл, 5 қыз әкелді. Елге 1951 жылы оралып, ұзақ жылдар Индер борат руднигінде жұмыс жасады. 1990 жылы 69 жасында өмірден озды. Бүгінгі күндері қыздары Жұмазия, Қалғыз, Әсия Саратов қаласында тұрып жатыр. Әкесінің шаңырағына Салауат атты баласы ие болып отыр.
Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен Кеңес жауынгерлері өмірі мен ерен ерлігін, мұңы мен қайғы-қасіретін, жан күйзелісі мен үміт-арманын өздерімен бақиға ала кетті. Олардың көпшілігі өле-өлгенше өз елдерінде майдангер ретінде ардақталмай, бұйығы өмір кешіп, өмірден озды. Кейінгі ұрпақ оларға мәңгілік қарыздар екенін естен шығармай, ауыр тағдырына мінәжат етіп, бастарын иіп өтсе, азаматтық парыздарын өтегендік болған болар еді-ау.
Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың көбі мына дүниеде жоқ. Оларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, қазақ халқының тұтастығы үшін, болашақ үшін керек. ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шекен тұтқындарын саяси ақтайтын мезгіл жетті.
Аққали Ахмет,
тарих ғылымының докторы,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры