Туған жерге терең жайып тамырын
Былтыр ақын Ертай Ашықбаев «Дәстүр» баспасынан «Өлең мен өмір» дейтін қарасөз кітабын шығарып, әдеби қауымды бір желпіндіріп тастады. «Балыққа таяз судан терең оңай, ақынға қара сөзден өлең оңай» деуші еді ғой, деп кітап бетін тосылыңқырап отырып аштық.
Тоқаш Бердияровтан бастап, Жанна Елеусізге дейінгі ешкімге ұқсамайтын дара сипатты он сегіз ақынның шығармашылық бітімін сөз ететін бұл нұсқалы дүниенің барша бояу-болмысын бір мақалада сипат қылып айтып болмас. Әрбердесін ондағы әдеби мақалалардың нысанаға байлағаны қат-қабат көпмағыналы, көпжоспарлы нәрсе болуы да мүмкін ғой. Қалам ұстаған адам кейде әдебиеттің басқа да саласын жатсынбайтын әмбебаптығын көрсеткісі келетіні болады, не өз саласынан (өлеңнен) жалығып, бір мезет жанр өзгертіп,
«демалады». Сонымен бірге, ақынды кейде әдеби сынға, эссеистік прозаға жағдай, сол жағдайдан туатын ыза да отырғызады. Айталық, бұ күнде өлеңнен бәһре аларлық оқырманның азайып бара жатқандығы, барының жайдақтануы, бір заман зор қиыншылықпен оқушы ретінде қалыптанған қазақ қайтадан тыңдаушыға, көрушіге айнала бастағаны, жазба әдебиеттің кенеуінің кетуімен тіліміздің шұрайлы, шүйгін, рақат тіл жайлауының беті «хош, есен болға» бұрылыңқырағаны, сонымен бірге, голливудтік жазғыштар нағыз әдебиеттің дамуына еш мүмкіндік қалдырмай отырған қазіргідей қысылтаяңда шақпақ тастай жаңа, жас буынымыздың бір бөлігі классикамен жазбағанның өзінде, классикадан үйренудің орнына оны біржола мансұқ етіп, ұғынықсыз андеграундқа біржола көшіп алуы, енді бірқатарының, керісінше, дәстүрден кетпейміз деп баяғыша Айдан алқа, жұлдыздан жүзік іздеп, сылдыраған, сырты сұлу сөзді айналшықтап қалуы, т.с.с. жағдаяттар қолға қалам алғызашақ. Көпке мәлімсіз және бір астары болуы мүмкін.
Адам ғұмырының кезеңдерін Лев Толстой жеті жылмен бунақтаса, Сағди әрқайсысы отыз жылдан тұратын үш бөлікке бөліпті. Оның алғашқысында білім жина, екінші отыз жылда өмірді түсін, ал қалған кезеңде кейінгіге білгеніңді үйрет деп кетіпті жарықтық. Осы орайда «Өлең мен өмір» авторының тұтқиылдан қара сөзге көшкен қылығын сол Сағди айтқан ғұмырының екінші кесегін қорытындылауы ма деп те қаласың. Біз осылай түсіндік. Олай болса, ақын қарасөз кітабын алпыстың зуылын құлағы шалып отырып жазғаны да.
Алпыс жас!
Кеше ғана сияқты еді-ау!..
ІІ
Иә, кеше ғана сияқты еді.
Иірімде иірілген жоңқадай жан-жақтан ағып кеп, ҚазМУ-дің бесінші жатақханасында тоқайласқанымыз. Осы оқу орнының табалдырығын 1978 жылы аттаған елу өренжі – бой-сойының өлшемі әр түрлі, жас айырмашылығы әрқилы болуының үстіне болмыс-бітімі, табиғаты жағынан бір-бірінен алшақ жатқан ондаған бейне-тін. Тетелеп теңесіп, ортайып кеңесіп кеткеніміз кейін ғой, ал әуелім «школьник» деп ат қойылып, айдар тағылған бақа-шаян мен «стажникпіз» деп дүрсініп тұрған екінші өзара топ тосырқап, бірі айбына, бірі айбынта қараған. Соңғыларының дені университетке солдаттың айыл доғалы жалпақ белдігін шеше сап келгендер екен. Осы жайды Ертайдың өзі «Әскерден келген студент» өлеңінде былайша суреттейді: «Аламын еске мен енді, /Айтушы ек аңыз-өлеңдей: /Әскерден келдік дегенді /Аспаннан келдік дегендей… /Қыздарды сөз қылғанда, /Өзімізше өлшеп өбектеп, /Сықиған біздер тұрғанда, /Сарыауыздарға не жоқ деп…».
Осы рас. Қазіргілерді қайдам, ол кезде атақты бесінші жатақхана балық үлескендей у да шу болып жататын. Әр жер-әр жерде тас түлек құстай шаңқылдап жыр төгіп, өлең оқып тұрған біреу. Соған сай «бұқа қарап жүрміз» деп тойға төтеннен келе беретін баяғының қазағы сияқты бір-біріміздің бөлмемізге тура тартып кіре беретінбіз. № 212 бөлмеге ғана жоламаймыз. Екі бөлмелі бұл секцияны серітап бес салқам – қалған қырық тоғызымызға да біраз ағалығы бар, ажал ортамыздан мезгілсіз алып кеткен Абдул-Хамит Досыбаев, тағы мысықтай шақар Мұрат Талдыбаев, ілгегі жоқ ақ көйлектей Аманғали Әбуов, әділ сөзі төбелестей Жолдасбек Ақсақалов және тылсым патшалықтың жұмбақ өкіліндей Ертай Ашықбаев мекендейді. Бұл жағдайды Ертай ақын сол тұста: «Есік ашық шыққанға, кіргенге де, /Бес азамат тұрамыз бір бөлмеде. /Қиялымыз сияқты бесеуміздің – /Бес құрлықты айналып жүрген кеме», – деп өлең өрнегіне түсіргені бар.
Жалпы, біздің курс біртүрлі курс болды. Алдымыздағы курс һәм өзімізден кейінгілер сияқты министр шықпады біздің қатарымыздан. Есесіне, жал-құйрығын тараған жүйріктері мол олардан бір ерекшелігіміз – біздің жігіттер ауық-ауық алып қоюдан ешкімге дес бере қоймады. Ұңғыт Бауыржан (Омарұлы) жазғандай, «сыраны басқалардан көбірек іштік». Жауырды жаба тоқымдап қайтеміз, – біз құдайды ұмытқан, құдай да бізді ұмытқан бір заман еді ғой, – тастаңқырап алатын әлгілердің жуан ортасында біздің Ерекең де жүруші еді. Бір жерде әріптестерімен қауқауласып, өжектесіп, ала-шоласында алмас жырларын жарқылдатып, нәтижесінде жатаққа «жүз қой айдап» қайтатын.
Мұндайда Иманбайдың құдайы беріп қалады. Хұдауанда, құмалақ салып біле ме, «Ойбо-ой, Ертай Ахатовичты құдай ұрып қалыпты ғой», – деп көз жанарына шырай бітіп, қуана жымыңдап, өп-өтірік бірдеңе сұраған кісі болып № 212 бөлмеге арсалаңдап еніп бара жатқаны. Ағасының нырық бұзғанына қуанғаны неткені?!
Сөйтсе, сарт айтпақшы, мұнда «гәп» бар екен.
Енсіздеу, ұзын бөлме. Терезе жақтағы қарама-қарсы қойылған екі кереуеттің бірінде миынан сүйегіне шейін аристократ Жолдасбек кітап көріп, ал Аманғали күнде айтатын «Бойдайталайы» – «Ты моя отраданы» созылта шырқап жатыр. Олардан төменірек төсекағашқа Ерекең жайғасқан. «Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі, болып кетті баладай» демекші, әшейінде сөйлеуге көп құлшына қоймайтын, сыр айтуға сараңдау жігіт ішкенде екі жұдырығына екі сутегі бомбасын қондырып алатын «удары қатты» Мақсот Ізімұлының антиподына айналады, – мұндайда Ертайдан кішіпейіл кісіні табу қиын және бір ғажабы, көп жалындырмай тып етіп жата кетеді. Бірақ жатуы тез болғанымен, ұйықтауға қамдануы – ертеңіне Имаш көкпардың атындай ойнақыланып отырып таратар бір сүре әңгіме.
Ерекең жай өмірде баяғы әскери машықпен жүріп-тұратын жігіт. «Болған емес костюм – жыртық, көйлек – кір, /жинақымын… жадыраймын ой кеп бір» деп өзі жазғандай, әлде үйде, әлде Венгриядағы оңтүстік кеңес әскер тобында сыпалыққа, тазалыққа әбден үйретілгені сонша, студент шағында да өмірі шалбарының қыры сынып көрмеген. Галстугі қаңылтырдан қиғандай, бұрыш-бұрышында мін жоқ. Бірақ «жүз қойлы» күндері солардың бірде біреуі шкаптағы өз орнынан табылмайды. Дұрысы, Ерекең мұндай күндері, әсіресе, шалбарын ерекше әспеттеп, қырын шығара бүктейді. Енді асқан ыждағатпен отыз бүктеу, қырық қаттаудан өткен қайран ыстанды шкаптағы үйреншікті сөресіне апарып қоятын шығар деп күтесің. Бекер үміт – иесі сол отырған күйі төсекағаштың астына атып ұрады. Спартандық жатақтың жайдақ еденінде қайбір жібектен гүлін торлаған асфаһани кілем жатады дейсің… шаң бұрқ ете қалады. Ал Ерекең болса, Жұбаевтың өкпелігіне өткір көзін сұқтана сұғынып біраз отырады да, кенет бота ойнақтағандай ойран-топан төсектің үстіне тулақтай тарс етіп құлайды. Шабаш, енді құлағының тап түбінен Талдыбаевтың атышулы наганымен атсаң да оянбайды.
Әлхисса, бұл осылай ұйықтай тұрсын, ендігі сөзді сол кездегі өлеңнің, жалпы руханияттың жағдайынан естіңіз.
Кешегі кеңес дәуірін екі аяқты «приматтар» заманы көретін кейбір кейінгі буын өкілдерінің құлағына алтын сырға, біз қалам жасақтай бастаған 1980-ші жылдары экономикада тоқырау болғанымен, мәдениет, өнер салалары тоқырап көрген емес-ті. Қырға барсаң қой семіз, ойға барсаң ой семіз болатын. Әлбетте, ол кезде де топан өлең, топан проза болды, десек-дағы санның сапалдырық заңымен жаман жыр төрге озбай, жақсы жыр жерде қалмай, нәтижесінде тәуір дүниелер іріктеліп шығып, жалпы әдеби үдеріске өң берер еді. Және көбінесе ондай жылан қарағы студенттік ортадағы өнер сайысулардан, жақсы мағынадағы бәсекелестіктен, бүгінше қайырғанда мүшәйралардан, ол кезше әдіптесек, тосыннан тауып төгілте жырлаулардан бастау алып жатар-ды.
Біз білетін Ертай Ашықбаев әуелгі жырларын осы үлгіде, яғни қағазға жазып шығарғанымен, соңыра жаттап айтатын. Сол себепті, өлеңдерінің жазбаша асыл нұсқалары дәл Абайдың, Шәңгерейдің басында болғандай бірте-бірте жоғалып, ауызша тарады. Мынаған қараңыз, атақты Нұртуған өзінің таң ұзағына таусылмас жазба қиссаларын жадуалдай жаттап алған Жәметімен қандай бақтияр болса, Ерекең қашанда көңілінің түндігі ашық жататын Темір Құсайынмен бірге оқуымен де бақытты дер едік, – сынықты бүтіндеп жүретін әдемі мінездің иесі Темкең Ертайдың тыңдаушы құлағын «дың» еткізер талай өлеңін табан астында ұғып алып, біржола жоғалып кетуден сақтады. Әрине, қызды-қыздымен бір-екеуін бойжеткендер алдында өз өлеңі ретінде жариялап жіберген шақтары да болмай қалған жоқ, бірақ обалы кәне, кейін баспасөз бетінде атап тұрып, заңды иесіне қайтарды. Жоғалып табылған сондай өлеңнің бірі – «Мейрам күнгі мұңды өлең». 8 Наурызда «Мотор Джексон» (Серік Жексенбаев) сияқтылар қынабы алтын қырқаларын сайлап, бір-бір шоқ өсімдіктерін ұстап, Қыз ПИ-ге аттанып жатқанда (қыздар жомартты сүйеді ғой), қызға онша ебі жоқ, яки Алматының көз тұндырған көп сұлуы көңілін елегізете алмаған ақынның бөлмеде жалғыз жатып, тағдырына налып айтқан толғауы. Сонда бүй дейді: «Не шара бар, бізден де өтті кінә, /Көріп тұрмын көңілді топты мына, /Мен мұңайдым Наурыздың сегізінде, /Гүл сыйлайтын қызымның жоқтығына. /Көп қыз кетті-ау мойынын бұрмай бірі, /Өз қолымнан жасаппын бір қайғыны, /Дастарқаны жаюсыз жадау үйге, /Қамалуға бола ма мұндай күні?!».
Ол заман жоғарыдағы жолдар Ерекеңнің талантына табынушылар үшін «Титаниктен» тараған SOS секілді еді. Сол шақтағы (кейінгі кітаптарында жарық көрді) Алматыда қалып кеткен көңілқостарына арналған сүйіспеншілік жырлары ақынның қиялындағы сүйікті арулардың жиынтық образы – амальгама екендігін түйсікпен шамалаған олар бір нәрседен қауіп иледі: белгілі шындық – өзі арлы болғанымен, жігіттің арсыздау болғанын ұнататын қыз шіркін жігітке өз аяғымен келмейді, ердің бағы талаптанса ашылады. Аққұбаның өңдісі бола тұра, «Анда-санда келетін шабыт құсап, анда-санда көңілді түртеді қыз» деп жазуын жазғанымен, Ерекең жағынан ондай талап шамалы. Аманхан Әлімұлынша «Бал іздеген бағынан арадайын, / Қызды өлкеге қалайша жоламайын. /Бірақ мені сүюге жарасаңдар, /Мен сүюге қалайша жарамайын», – деп жар салуға әсте жарамады. Енді айта беруге болады, осыдан келіп біз ақын ағамыз сыбағадан құр қалар ма екен, яки келіншек әкеп, әке-шешенің іргесін қыздырмай қоя ма деп, дәлірегін айтқанда, бағзы Ньютон, Шопенгауэр, Нобель, Леви Страус, Шәңгерей тәрізді бұл өмірден қаратон өтіп жүре ме деп қатты қорықтық. Әйтеуір түбі хайыр.
ІІІ
Әңгімені неден орталап ек?!
Е, студенттік шақтағы булығулар мен шулығулар, әсіресе, ұдайы төгілдіріп жыр оқу дәстүрі талай бозымның ойкөзін ашты ғой. Ол жылдары студенттік ортада бізден екі-үш курс жоғары оқыған Аманханның, Мәди Қайыңбаевтың, сықақшы марқұм Бейсебай Кірісбаевтың аты дүркіреп тұрды. Бір ғана біздің курстан Ертайдан басқа Жомарт Игіман, Бөгенбек Аймаханов, Мұратбек Дүйсенбеков сынды поэзияда өз үні бар ақындар шықты. Жомарт бірден шыға шабар шабағаншыл өлеңге ауыл-үй қона алмайтындығымен білінді, ал «Сүріндім, құламадым, /Көз жасын бұламадым. /Кесірім көп болса да, /Кешірім сұрамадым. /Жүр деме, бағы ашылмай, /Күн кешпен, – аласұрмай, /Не қойып, не істемедім, /Патшаның баласындай», – деп келетін, еш жерде жарияланбаған (тағы да Темкеңнің жаттампаздығының арқасында бізге жеткен) өртке тиген дауылдай өжет жырлардың авторы Бөгенбек өмірдің соққыларынан басылып қалды ма, әйтеуір кейін көрінбей кетті, ал Ертай «Сықақтарың қып-қысқа,
/Себебін айт, шошыма. /Оқырманың ұққыш па, /Әлде барың осы ма?» деп қағытатын Мұратбек тағдырына уланған ақындардың қатарында бақи дүниеге арамыздан ерте көшті. Бұлар Мұқағалиды, Жұматайды, Өтежанды, Оспанхандарды ұлығ ұстаз тұтты. Олардың, жалпы бәріміздің бағымызға қарай бізге бірінші курста «Әдебиет теориясын» Қадыр Мырза-Әлінің (ол кезде Мырзалиев) өзі оқыды. Сол жылдары жұрт Қадекең Овидийден аударған «Ғашықтық элегияларын» пышақ үстінен үлесіп әкетіп жататын. Ақынның «Сөз сиқыры» эссеистік проза кітабын курста қатты насихаттаған Ертай Ашықбаев болды (өз басым Расул Ғамзатовтың «Жақсы оқырман жақсы ақын бола алады» дейтін сөзінің шындығын Ертайдан көргендей боламын). Аузымен құс тістеген лектор, жаны жәннатта болғай Қадекеңнің сол жылдары Ертайға тигізген шапағатты әсері айқын. Ол одан пішімді мазмұнға бағындыруды, ой арқауын ширатып-ширатып келіп, өлеңнің соңында бір-ақ дік еткізуді, сөзді артық ысырап етпеуді, сосын балаларға арнап жазуды шығармашылықпен үйренгені байқалады. Қадекең дәріс үстінде Жұмекеннің «Сынып түссе бір бұтақ, /қабырғама қараймын» деген тіркесін шендестірудің классикалық үлгісі ретінде үнемі мысалға алушы еді, осыған ұқсас образдарды кейін Ертай өлеңдерінен де ұшыраттық. Айталық, «…Осып өткен секілді қос бетімді, /Қонбай кеткен құстардың қанаттары». Қалай жеттіктірген десейші, екі ақынның екеуі де, – қапелімде қабырғаң қаусағандай, яки көзіңе қамшы тигендей шімірігіп қаласың.
Ақынның сүйек-сүйегі шыңылдап, жұлын тұтамы шымырлап, қаламын қағаз бетінен алмай кідіріссіз жазар ессіздеу сәті көбінесе жастық шаққа тән. Ол да өзіміз сияқты пенде, тек Алла тағала ақынға бірнеше минөттен тұратын артықшылық берген, соның көпшілігі бірді екі, екіні сегіз ететін жас кезіне келетін тәрізді ғой.
Төртінші курста ғой деймін, бір күні Ерекең тал түсте қолына шам ұстап, адам іздеген Диоген сияқты аудиториядан мені тауып алып, оңаша алып шықты да, шағындау қолжазба ұстатты. «Жалынның» жабық конкурсына қатысып, күні кеше ғана үшінші орынды жеңіп алыпты,
мынау – сол жүлдегер шығарма, енді осыған жабық рецензия сияқты бірдеңе керегіпті. Тапқан екен рецензентті. Бірақ ағама олай десем, жалқаудың жасырынбағы көруі мүмкін ғой деп, жүрексіне тұрып келістім. Кейін ойласам, студент шағымнан түртінектеп, «мәселе кітап» қарап жүретінімді талантқа тән қырағылықпен ұзақ аңдап, терең барлап кеп, маған тоқтағаны екен ғой. Жазбай гөр ендеше.
«Болашақтың бақшасы» деп аталатын қолжазбаны кешкілік бір деммен оқып шықтым. Гутенберг түбіне жеткен кешегі ауыз әдебиеті тіріліп кеп, көз алдыма тартылып тұра қалғандай болды, – бір қалыпта лекілдеп келіп отыратын редиф ұйқас, еспе қайталаулар, жыршылық формулдар, монорим… өлең осылайша ұлттық бұла бояудың қасиетімен тамыр байлап жатқандықтан шығар, базбіреулерше бет алды теңеу қуып, эпитет аулайтын ескі сырқауға орын да қалмаған. Бірақ форма мағыз, мазмұн – маңыз. Автор жырау болуды мақсат етпейді, олардың поэтикалық арсеналын керегінше пайдаланады. Ертайдың кейінгі жазғандарындағы қарапайымдылықты қарабайырлық емес, күрделі сұрақтардың қарапайым жауабы деп қарау керек, ал күмпимей-күймей піскен отының алды, суының тұнығы – «Болашақтың бақшасы» Ашықбаев шайырдың ақындық қуатын жалт еткізе бірден көкке шаншылтып, талант табына шыжғырған саф таза туынды болатын. Ертай атын әдеби ортада дереу дүр еткізген де сол микропоэмасы.
Біз дабырлап жатқанда бірақ «лито» қалғымапты. Ол кезде шығашақ кітапты міндетті түрде әлгі мекеме үшкіріп беретін. «Болашақтың бақшасы» жүлдегер шығармалардан құралған жинаққа қосар шақта қаламгердің бойын жаздырмайтын цензураның қайшысына түсіп, қидаланып қалды. Содан да ғой Ертайдың: «Харам болды ішкенім, /Арам болды – думаным. /Өлеңімнің шумағын / Цензурамен турадым», –дейтіні. Толық күйінде микропоэма соңыра Ертайдың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ғашықтар мектебі» кітабына енді. Кейінгі кезде қағаздарының басын қосып, жиып-түйіп қоюды әдетке алған Ерекеңнің мұқияттылығының арқасында менің сол жолғы рецензиялық «шатпағым» да әнеу бір жылдары Шархан Қазығұловтың редакторлығымен шығып тұрған «Айқара» газетінде жарияланды. Екі жігіттің бұл ісін өз басыма көрсетілген ізет деп түсіндім. Африн ниеттеріне.
Лито қидаласа қидалағандай, «Болашақтың бақшасы» өз кезі үшін батыл жазылған дүние еді. Мән мәтінінде қазақы көзжұмбайлық емес, автордың азаматтық қыжылынан, күрескерлік қызуынан туатын әлдене бір батылдық байқалатын. Ұлттық сана-сезім түбінен ырғалып, рухани ұстындар шайқатылып жатқан алмағайып шақтың ақыны дәл бұлайша «Кімді бізге бересің, бала-бақша? /Саудагер ме… отырар санап ақша, /Саналы ұл ма… ойлайтын елдің қамын, /Мейлі… жүрек, жаныңа жара батса…» деп дік еткізер алдында қаламына көп-көп ақылдасып алуы керек болатын. Әрбердесін мұндағы гәп: Ертай бақшада көрген нәсіл-несібіміздің шынымен де жылдар аралатып «торгаш» делінетін компрадорлық буржуазия санатын құрағандығында ғана емес (ақынды сәуегей емес деп көрші), жеті бөліктен тұратын осынау футурлық шығарманың кіріспе бөлімінің («Босаға») бірдеңе-бірдеңесімен Алашты, яғни ол заман көпке мәлімсіз Мағжан «Алқасының» кіріспе тарауы – «Табалдырықты» еске салуында еді.
Дәркүмән негізсіз емес-ті: сексенінші жылдардың студенттері Мағжан өлеңдерімен біршама таныс еді. Главпочтамп алдында «сыбырлақ кемпірге» (Мағжанның зайыбы Зылихаға) тобылғы түсті сырасы толқып жататын «Шахтаға» деп алып қойған бес сомын ойланбастан ұстатып, ақынның мәшіңкеге басылып, қолдан түптелген өлең жинағына алғаш қол жеткізгендері аз болған жоқ. Оның үстіне, Сейдолла Ордалиев сияқты кейбір батыл лекторлар Мағжан атын жасқанбай айтып отыратын. Сол шамада ғой Ертай «Төлегеннің көргенде серілерін…» деп басталатын белгілі өлеңін қаламынан шамырқана қорытып шығарғаны. Арқан ұзарыңқырап, тұсау шамалы кеңігендіктен бе, бәлки Фариза Оңғарсынованың батылдығынан ба, әлгі өлең апай қол қойып отырған «Пионер» журналына күзелмей-түзелмей жарияланып кеткені, оның аяғы біраз у-шу болып басылғаны есте. Енді ше: «Төлегеннің көргенде серілерін /Қособадан (есімде) жерігенім. /Қырандардың ұясын көрейін деп, /Алатаудың қасына келіп едім. /Ол ма? Бұл ма? Сол қыран кім шынында? Біреулер жүр қыран деп қырсығын да. /Сол қырсықты көргенде ыршыдым да, /Алатаудың қасына келіп едім… /Байғыз отыр заводтың тұрбасында, /Көкек отыр антенна сырғасында. /Келсе егер: «қасыңа алшы мені» /Орын болмай қалды, – деп, – шың басында». /Отырғызып қояды өз қасына /Сауысқандай сұмпайы сырласын да, /Жапалақтай жарым ес құрдасын да…».
Жүйе жиырма бестегі жас жігіттің ақиқатшыл алаулы жүрегінен шамырқана құйылып түскен үшбу жолдармен таныса келе мұны жазған адамның пұшықты қыр мұрын деп жәркелештене алмайтынын, оны айтасыз, әсте «төселмелі өсімдік» бола алмасын ағатсыз ұқты.
ІV
Ертай алғаш Алматыға келген қарсаңда «Аралап осы қауымды, /Табамын қазақ Баянын. /Саялап Алатауымды, /Тамырларымды жаямын» деп үміт еткен-ді. Бірақ жүре-бара, бір кезде алдына үй мәселесімен келген Әзілхан Нұршайықовқа үстел құшақтап отырып: «Жазушы деген Шолохов сияқты деревняда тұруы керек қой» дейтін «былғары бастар» бойын жаздырмасын сезіп, Төлеген сынды ер-тоқымын далаға сақтап, көнекті сыртқа сала бастады. Ақыры жұртты «Қазақ әдебиетіндегі өлең-очерктер» атты ғылыми жұмысымен және бір елең еткізіп, қатырма қағазы қолға тие салысымен елдің алды болып ауылға қайқайды. Нәсіп екен айдап барған, біз – айранды ішкен күйінде, тауықты піскен күйінде көретін қалалық атанып, күзде туған дүбәра бұзау сияқты әр жағаға бір бас соғып, қызмет тепкішектерінен өтіп жатқанда, Ерекең Ақтөбенің қоңыраулатқан сармасасының ішінде отырып, «алуа асап, ішті бал, жая шайнап, жеді жал». «Қарыстан сүйем жуық, маған осы қызмет те жарайды» деп, облыстық газетінде көп қозғалмай отырып-ақ, аз қимылмен көп іс тындыруға машықтанды. Келмеске жыламады, жетпесті қумады. Ешкімге жалынбады, қорынбады. Жүрегіндегі жамандықтарды жойып, жақсылықтарды арттырды. Айналасына көңілі жібіді. Қайғыны әркім-ақ бөлісе береді. Шынайы қуанып, қуанышыңда құттықтай алған – нағыз адам, шын дос. Ерекең еліне арқасын тіреп отырып, бойына осындай қасиеттерді жинақтады және сол ниетінің өтеуіне біздің ішімізде бірінші болып тұлғалық деңгейге қол таластыра алды. Газеттің қара қамытынан мойны босағанда, әйтеуір бір шығар деп еңбек терапиясын – өлең жазуын әсте үзбеді. Жым-жырт оңашада қазақтың қара сөзін ұршықтай ойнатып, тігінен де, жалпағынан да қалап, өлеңи тәжірибелерін жасай берді. Дегенмен, осы жылдарғы ең басты табысын айтайын: «наконец-то» әдеби ортаға күтпеген жаңалық сыйлап үйленді және басқа жердің емес, өз қорығының аққуын алды. «Нет нелюбимых женщин, – есть невстреченные» деген ақын сөзі шылғи рас. Ерекеңнің үйден бесінде кетіп, түн ортасы ауа оралатын жиен қызға шығарған «Боран күні» дейтін өлеңі «Жылы сезім әкелдің бөлмемізге, /Қайтесің сол, ақтала берме бізге. /Бір боранда осы үйге келіп қалған, /Туған үйін таба алмай… жеңгеңіз де…» деп аяқталады. Сондағы «адасқақ» қыз – қазіргі Күләй жеңгеміз, Ертай ақынның ниетіне қарай тапқан адал жары. Білген адамға
әйел – басыңдағы бағың, астыңдағы тағың ғой, патриархаттың арқасына он екі пышақ ұрылған біздің заманымызда мұның үлкен маңызы бар. Десек-дағы бәрінен бұрын, боранды түні Күләйдің Ерекең үйіне келіп, қайта алмай қалып қойғаны қазақ поэзиясы үшін қаншалықты олжа болғанын айтсайшы. Сонда ғой ақынның хафизшілеп, қалыңдығының қалың малының өтеуіне әр меңіне екі-екіден атап бірден Қазақстанның төрт қаласын «сыйлап» жіберетіні. Бағына қарай, Хожа Хафизді алдына алдыртып, асфаһани алдаспанын суырып алып: «Сен, қаңғыбас шайыр, мен мына алмас қылышымның жүзімен бағындырып, сән-салтанатқа бөлеген Бұхарым мен Самарқанымды қайдағы бір түрік қызының меңіне айырбастағың келеді екен, қақшып алайын ба басыңды?!» – деп кәрленетін Ақсақ Темір сол түні бұл дүниенің жүзінде жоқ болуы себепті аман қалды ғой Ерекем.
Не керек, Ертай ақын содан соң-ақ он жылда қалам ұшынан алты роман, үш жүз новелла, толып жатқан мақала көк түйнектей домалаған бағзының Мопассаны, яки жылына бір кітап беріп, қарап отыратын бүгінгінің Пелевині сынды қамшыны басты: 1988 жылы тұңғыш кітабы «Қос мең», 1991 жылы балаларға арналған «Жақсы баға» жинағы жарық көрсе, жаңа мыңжылдықтың парағы ашыла сала «Ұя» (2003), балаларға арналған «Ашық сабақ» (2003), «Ғашықтар мектебі» (2004), «Қаңтардағы құс»(2007), «Қобыландының қонысы» (2008) және «Шырақ пен шуақ» (2011) жинақтарымен көрінді. Былтырғы «Өлең мен өмірді» айттық, осы жылы қос томдық таңдамалысы және басылым көрді.
Асылы, осының бәрі құдайдан берілетін қабілеттің, жұбайдан болар баптың ғана арқасы емес шығар. Ақынды табаны жерге тисе күш алып, дес бермей кететін Антейдей аспандатып тұрған бір құдірет бар.
V
Дағыстандықтар «бізде еркек бала күрестен 3-ші разрядпен туады» деп әзілдейді. Сол айтқандай, біздің Ертай жеті атасынан жыршылық үзілмеген шынжырау шайыр болмағанымен, өлең қонған, сөз дарыған өлкеден.
Бүгінгі ғылым кейіпкеріміз өкілі болып саналатын қазақтың кете руын көне эфталиттерден таратады. Эфталит десе бағзы Парфия жеріндегі көшпелі парна – апар тайпасы мен тохарлар, сондай-ақ, осы жерден Кіші Азияға кетіп, Аркадия (кейінгі Галата) жерінде айбынды ел құраған хетт тайпасы ойға оралады. Хетт (кете) – пеласг, этруск, дардан, илирия сияқты арғы нос-
трат түркі тілінің диалектілерінде сөйлеген, яғни біздің түпкі ата-бабаларымыз. Хетт тілі көне грек, көне еврей лұғаттары қатарында мәдени тілге жатады.
Кетенің үлкен бір тармағы ақкетелер озалдан өре басын Мұғаджардан алып, Жайыққа қарай есіліп аққан Ойыл өзенін және оның бір саласы Қобданың бойын жайлаған. Бұл екі аралықта осынау қос судың артериясымен тыныстайтын ірілі-уақты өзек пен көл көп-ақ: көздің шарасындай тұнып жатқан Жекенді, Құттыкөл, Тамдыкөл, оның сыртында Жетікөл аталып, біріне-бірі жалғасқан Қандыкөл, Сапақкөл, Жалаңашкөл, Қожакөл, Қаракөл, Шоңқайлыкөл, Қарақұнанкөл және толқындары ұмар-жұмар ұмтылған Ащы Ойыл, Қиыл, Қайыңды, Ащықұмды, Шилі, Қандыағаш, Жарлы, Батпақты, Бабатай, Шағырлықұмды, Ащыөзен, Қарасай, Қуырдақты, Қарағанды, Құмды, Кенжәлі, Қаңбақтысай өзендері, бұлардың барлығы да салаланып барып, анасы Ойылға қосылады. Осылардың ішінде жарыса аққан Бабатай мен Қайыңдының бойы – ағайынды жыршылар, атақты Жаскелең мен Бақы ақынның, екеуінің кіндігінен ұзаған Бекберген мен Бітегеннің құтты қоныс, құйқалы атамекені. Соңғылары да сөз баққан өнер иелері, Бітеген – белгілі Нұрпейіс Байғанинге жиен.
Бабатайдың бойы алдына қара салмайтын жыршыларды ғана емес, шығанда бір кездесетін әншілерді де құндақтаған. Солардың бірегейі – заманында атырапқа аты кеткен өзі сері, өзі жортуылшы, өзі әнші, өзі ақын Тұрдалының Қызылы (Шымкенттегі қызылқұмдық Қызыл жыраумен – Мырзабек Байжанұлымен шатастырмау керек). Қызылдың аты бүкіл Кіші жүзде Тәңірберлі Молдабайдың, Әкімгерейдің, Мұхиттың есімімен қатар аталады, себебі, Қызыл сияқты кең дауысты әнші сирек екен. Бір жолы оның Алтықарасудан шыға беріп бебеулей, шырқай салған асқақ әнінің дабысы Кенжәлі өзенінің бойына, демек жиырма бес шақырымға жетіпті. Қазақ әншілері метро-ырғақтық дауыс көлемін бәлен тұсқа жеткізу дегенді міндетті өлшем санамаған, ол әншінің жеке қабілет-дарынына байланысты. Сол «Сары ирек» әні «Ауылым Бабатайда, атым Қызыл, / Ән толқып, жыр көмейден сеңдей бұзыл» деп басталады.
Жауһардың ұшып түскен жаңқасы да жауһар. Жасында Ертай Қызыл атасынан аян күтіп, Қадырдан оқымай-ақ ақын болып кетемін ғой деп ойлаған. Қызылдың әнінде есімі өзен атымен сақталған ауыл Бабатай – Ертай ақынның да туған жері ғой. Мұны «Бабатай өзені» дейтін өлеңінде өзі де айтады: «Мешін жылы Бабатайда туғалы, /Біздің бастан біраз өмір зулады» деп. Атасы Ашықбай көзі ашық, көкірегі сезімді, төңірегі түгел білетін адам-тын. Бабатайдың бойында «Ашықбай сайы» дейтін, жазда шөл шорым болып, шөбінің қоры үзілмейтін құйқалы сай бар, сол атасының ескі көңі. Ашекең 1937-нің алатопалаңында шатылып, «контрреволюциялық-ұлттық ұйымға қатысты» деген жалған айыппен он жылға еңбекпен түзеу колониясына кесіліп, сонда жүріп құбылаға бас берген (нағашы атасы Хасен де сегіз жылға айдалып кетіп, қайтып оралмаған). Ертайдың «Атамның суреті» өлеңінде: «Атасымен ұл көрсем қатар өткен, /Бүйіріме бір сұрақ батады еппен. /Болмаған соң өз атам, /Есейгенмін /Басқалардың атасын «ата» деп мен», – дейтіні сол себептен.
Өз әкесі Ахат соғыстан жарадар боп оралады, ұзақ жыл Бабатайдағы ферма орталығында еңбек еткен. Ерекең бұл жайында «Оқ сынығы» өлеңінде: «… Алып келді әкеміз қорғасын оқ. /Қорғасын оқ. /Бірақ ол денеде еді… /Сол бір оқтың мыңнан бір түйіршігі /Жүрген шығар менің де денемде деп», – сыр аңғартады.
Сол Ақаңның үйінде бұдан тұп-тура алпыс жыл бұрын көгілдір сәуле кілкіген сәуірде дүние есігін ашқан үрпек бас сары балаға әлде ауылдың ақсақалы, әлде молдасы кітап көтеріп, Ермұхамед (Ертай) деген есім беріпті. Сөйтіп, ата-ананың бірінші борышы – балаға ұнасымды ат қою хаққысы әдемі орындалыпты. Жалпы, Бабатай – ежелден имандылық ұйыған мекен. Ол – заманында Бұхар медресесінде сегіз жыл «он екі фән жадығатын фәһлім етіп келген» белгілі Жиенәлі хазіреттің де отаны. Хазірет 1900 жылы ауылында саманнан өріп, 1906 жылы ағаштан қиып медресе салдыртып, бала оқытқан. Мария Шоқай-Горина 1918 жылы жазда Мұстафа екеуі Дутовтан қашып, Жұрын стансасы арқылы Ойылдағы Халел, Жымпитыдағы Жаншаны іздеп келе жатқан бетте осы Жиенәлі ишан үйінде мейман-тоқтауда болғандарын, соның алдында қысас қылып өлтірілген хазіреттің ұлдары Қайыр мен Шираж тарапынан үлкен сый-сияпат көргендерін тәптіштеп жазады. Жиенәлі Ізбасарұлы сонымен қ атар, домбыра алып топқа түскен адамды жазғырған молдекеңдерді «Өлең айтса айтсын, оның ризығы өлеңнен болар» деп тоқтатқан ойшы кісі болғанға ұқсайды. Мұнысымен ол «Ендігәрі өлең айтылмасын, шын шеберге тұсау жоқ, жолды өзі табады, ал менің мына бұйрығым өлеңнен бәһре ала алмас жамандарға тоқтау» деген Шәміл имамның кемеңгерлігімен бір ізді басқандай. Ендеше Ермұхамед баланың жасынан өлеңге бой ұрып, жетіле келе жөрмелеп жыр жазуы бір есептен Жиенәлідей қасиет шалған хазіреттердің алқауымен де байланысты екен. «Тұлпар ізі жоғалмас».
Осыдан үш-төрт жыл бұрын кешегі Күнбатыс Алаш Орданың туы қолдан сұлаған жер – Ойыл өңірін аралаған сапарымызда Бабатайды, Ерекең жасырақ уағында торы атымен қой жайған бұрынғы кеңшар орталығы Қайыңдыны көш жөнекей бүйірлеп өттік. Заманында жоғарыдағы Жиенәлі ишан Бабатайдың суын бөгеп, арық шығарып, тары ектірген, башқұрт жерінен себеткімен көктеректің көшеттерін алдыртып, отыз кез қып өсіріп, ну орманға айналдырған екен, қазір содан дым қалмапты. Осыны Ертай ақын: «Қайыңдар жоқ құба бел, құла дүзде. /Сұрап ізде, мейлі, енді жылап ізде. /Қайыңдар жоқ, /Қайыңды деп қойылған /Атың ғана жетіпті… мына бізге…» деп қайырады да қайғырады.
Айтса айтқандай, шынымен де дала қатты тусырап кеткен екен. Шөбі шабылмаған көлдерді қопа басыпты. Бір кездегі дүңгірлек өзендер құрғап кетудің аз-ақ алдында, – саршатамызда көкшәйі аспанның астында Ойылдың қай саласынан да үзеңгі қайырмай өтіп жүрдік қой. Ағыны жеті аунап, өзін адалдап тұрар су қашқан соң бір кездегі бамбук джунглиінен де айбарлы нар қамыс селдіреген. Бетке түскен жалатпадай ақтаңдақ сордың ішінде өскен мен үшін соның өзі жасыл төскей, бұраңбел өзен, бірақ жердің ажарының таюы атамекенінде болып жатқанның бәріне өзін жауаптыдай сезінетін Ертайдың жан-жүрегін «қонбай кеткен құстың қанаты секілді осып» жатады екен. Ақынның өзі тамырын терең жайып отырған туған жеріндегі келеңсіздіктерді жүрегіне тым-тым жақын қабылдауы заңды. Ондай қамығулары мен шамырығуларын бір жерге жиса, жеке бір том құрауға қаптал жетер еді. Бірақ соның қажеті бар ма?! Бір кезде қанатты сөзге айналған «Тұрған жер де туған жердей» деген тіркес қай жерде жұмыс істесең, сол жер үйің деп үйрететін заманауи циркуляцияның оң жамбасына келіңкірегенімен, кіндік қаны тамып, шілде суы төгілген өтенінен табан көтере бермейтін қазаққа қаншалықты дәл келетінін мен білмеймін. Білетінім, ел елден артық болмас, десе де неше милләт жұрт көрсең де, бәрі жиналып кеп туған жеріңе жетпейді екен. Уылдырық жаққан бутерброд жеп, бозторғайдың тілінен жасалған паштет асап, черри қосқан корнишонмен бастырық жасасаң да, баршасы жинала кеп ауылыңдағы құдықтың долықпен тартып ішкен лайлау суына, ошақтың қоламтасына көме пісіріп жеген собалағыңа жетпейді екен. Біреудің жері біреуге бәрібір мекен болмайды екен. Әкеңнің терсіңді бөркін ештеңеге айырбастамайтының сияқты, қаласы азған, даласы тозған қалпымен-ақ туған жеріңде іш-бауырыңды елжіретер талай нәрсе бар екен. Ендеше заманымыздың сұңғыла ақыны Аманхан Әлімұлы сонау студент кезде-ақ «зор саяси өрлеу үстінде» отырып, асқан көрегендікпен болжап кеткеніндей: «Қай жерде жатып-тұрсақ та, оралу керек қалайда, туған
жер – туған құрсаққа»…
Сөйткен Аманхан бірақ Отырарына оралмады, есесіне оның досы Ертай өмірдің белі мен белесінен, өрі мен ылдиынан, қайқаңы мен ойпаңынан қайсарлықпен өте отырып, «Ақын провинцияда туып, Парижде өледі» деген еуропалық қағиданың қазақ үшін әшейін сөз ойнату екенін әдемі дәлелдеді. Сұлу әріптер жазылып жатқан таза парақ – Астана жаққа да ауаланбады (өйткені, өз астанасы бар еді, – Дешті-Қыпшақ заманында Қарасу өзенінің Ұлы Қобдаға құяр сағасындағы кент-қала дәл осылай аталған). Өмірін мінезіне жеңдірген, бірақ тағдырының тізгінін қолынан шығармаған қалпында, «су шелегі суда тесілер» деп Ақтөбесінен табан аудармады. Былайғы жұрт атақ-даңқтың соңынан қуып жүргенде, атақ-даңқ, ізет-үрмет мұның соңынан өзі қуды. Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім атындағы, Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтары, Президенттің стипендиясы, Ақтөбе мемлекеттік пединститутының құрметті профессоры… тізіп айтқанның өзі біраз уақытты алады. Осының бәрі халықтың «Мен төс ұрғым келмейді, / Сен мықты бол, ағайын. / Сен мықты бол… / Мен мейлі / Белгісіз боп қалайын» деп отырған тілекші ұлына көрсеткен құрметі.
«Ықылас – халас».
Сенкевич мерейлі жасқа жеткенде дүйім поляк ортадан ақша шығарып, жазушыға имение сыйлапты. Сол кезде қаламгердің әдебиетке араласқанына он бес-ақ жыл болған екен. Сондағы арнаулы мерейтой комиссиясының айтқан уәжі: «Поляк халқының сүт бетіндегі қаймағы – заңгері, саясаткері, экономисі… бәрі-бәрі осы дәрежеге қолдары жеткендері үшін алдымен ақын-жазушыларға қарыздар».
Көрген түстей болмай, оқтай зулап жылдар да өте шығар. Лауреаттық-сыйлықтық қатырма қағаздар да архивтің мүлкі болып шаң қауып жатар. Аспан астында өзгермес ештеңе жоқ, – шартақ-усадьбалар да бір күні құлап, тып-типыл болар. Бірақ заманнан заманға өшпей жалғаса беретін бір нәрсе бар. Ол – озалғы бабаларымыздың тасбақаның қабыршағына, малдың қу жауырынына тырнап түсіріп кеткен жады, кейіндегі ақынның ақ қағаз – табуларасаға бедерлеген хаты.
Біреулердей күрек тісім ақсия,
Іздемеймін басқа орманнан жақсы ұя.
Күндемеймін басқа ұяның кеңдігін,
Басқа құстың шоқымаймын теңдігін.
Балапаны ем осы ұяның кеше мен,
Осы ұяның торғайымын мен бүгін, –
деген өлең жолдарының соңына еш атақ қоспай, тастұғырдың үстінде маздаған дара шырақтай «Ертай Ашықбаев» деп қана қол қоятын ақынның Болашақтың бақшасына аманат қылып жолдаған хаты – мәңгілік…
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.