ТАМЫРЫН ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН…
Қазақтың көркемсөзі мен журналистикасына өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары аралығында бір топ талантты лек келді.
Өмір өзгеріп, қоғам ауысып, әлемнің алтыншы бөлігі атанған Кеңестер Одағы дейтін алып кеңістік әлем-тапырақ болып жатқан кез. Сеңдей соғылысқан дүние… Өзгеріс пен жақсылық атаулының ақ-қарасын айыру қиын… Күні кеше ғана мемлекеттік баспалардың бірінен-бір кітабы жарық көрсе, дүниенің жарты байлығын иемденгендей, кең көсіліп, отбасын екі-үш жыл еркін асырауға жетер қаламақы алатын қаламгерлер қауымының тұйыққа тірелген тұсы.
Жұрттың көбі қара базар жағалап, жан бағыстың соңына түскен «жабайы капитализмнің» құтырынып тұрған кезінде мен осы талантты буынның біраз өкілдерімен ағалы-інілі болып араластым. Жоғарғы Кеңесте депутат болып жүргенде біразының сауырынан сипап, дәуір аламанына түсуіне себепкер болдым. Біразының тұрмыс-тіршілігіне араласып, қолымнан келгенше көмектестім. Мүмкіндігінше қаламының қанаты бар жігіттердің әдебиет дейтін киелі кеңістіктен алыстап кетпеуіне жағдай жасауға тырыстым…
Талаптан осы буынның ішіндегі менімен жақсы, жақын араласқан, тонның ішкі бауындай болып, іні-досқа айналған ақжүрек, адал әріптестерімнің бірі еді. Әуелгіде сырттай көріп-біліп, жазған дүниелерін оқып, сөз дейтін өнердің кеңістігіне өз соқпақ-жолымен адаспай келген нағыз әдебиеттің адамы екеніне көзім жетті. Жеткізген жас жігіттің қаламынан төгіліп түскен тұмадай тұнық дүниелері. Жұмбағы мол, сыры қанық әлеммен кездескендей болдым. Республикалық басылымдардан оқып, көңіл мен ойды қатар қозғаған әңгімелеріне риза болып жүргенімде ойда-жоқ бір кездесуде Талаптанның өзімен танысып қалдым. «Парасат» журналында қызмет істейді екен. Баққожа Мұқай марқұмның орынбасары көрінеді. Тосып сөз сөйлеуі, өзінің хикаяларындағы кейіпкерлері секілді мына аласы мен құласы қатар жүретін өмірге соншама таза, мөлдіреп қарайтыны, ойын жүйелі өріп, сөз дейтін ғажайып әлемнің астарынан шындықтың інжу-маржанын сүзуге ұмтылатыны мені қуантты. Жазуда қалай жауапты, жанкешті, таза болса, Талаптан інім адамдармен жеке қарым-қатынаста да солай кісілік келбетіне селкеу түсірмес бекзат мінезді жан екенін аңғардым. Тұнық жанарымен топ ішінен дараланып көзге түсті… Әдебиет туралы әңгімелері маған ұнады. Алтай, Марқакөл, Күршім секілді табиғаты сұлу өлкеде туып-өскен ұл емес пе? Оның әңгімесінен ел, жер, адамдар хақындағы сөздерінен таулы аймақтың саф самалы есіп тұрғандай болды… Бір кездері өзінің «Қоңыр күз едісімен» қалың қазақты жалт қаратқан Қалихан Ысқақов пен «Мұзтау», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Кербұғы» секілді қуатты көркем дүниелерімен ұлттық прозаны жаңа биікке көтерген Оралхан Бөкейдің жалғасын көргендей болдым. Мен оқыған «Мұң», «Тұма» әрине, өзінің ішкі ағысымен, сыздықтап бойға жайылар өзгеше сарынымен әлгі айтқан ағаларын еске салғанымен, жазу мәнері, дүниетану үлгісі мүлдем ұқсамайды. Талаптанның Нұртасы асқақ сөйлеп, мына жарық жалғанмен отыра қап сырласудан аулақ. Жазушы ақиқаты жер бауырлап жүрген жұмырбас пенделердің ақиқаты! Мұңының төркінінде өмірдің өрті мен дерті, салмағы мен сабыры жатады. Кәдімгі қарапайым, қоңыртөбел тіршілік! Уақыттың рухы мен көрінісі жазушының ішкі жанайқайымен үндесіп, шығарманың көркемдік әріне әр, өмірлік нәріне нәр қосып отырады…
Міне…
Мені қаламдас ағасы, замандас әріптесі ретінде Талаптан осындай өзгеше суреткерлік мінезімен, адамгершілік қалыбымен өзіне тартты. Арамызда байланыс көпірінің орнығуына дәнекер болды. Оның бойындағы қаламгерлік талант пен кісілік талант бірте-бірте екеуміздің ұғысып, түсінісіп, көп жыл Жазушылар Одағында қызметтес болуымызға жағдай жасады. Ол 2002 жылдың сәуірінен өмірінің соңына дейін Жазушылар Одағында Басқарма Төрағасының орынбасары, «Әдебиет айдыны» газетінің бас редакторы қызметтерін қатар атқарды. Ақ қағаз бен қалам алдындағы парызын да есінен шығарған емес. Жаңа дәуір тынысы мен уақыт шындығын шығармаларына арқау етті. Қатал, қатігез қоғамның өзінен кісілік пен кішіліктің, бекзаттық пен тазалықтың сарындарын іздеді. Екі дүние дейтін жұмырбас пенденің ойын орманға жетелеп, қиялын ғарышқа алып ұшар мәңгілік тақырыпқа ұлт топырағындағы жаңа дәуір прозасының шашасына шаң жұқтырмас талантты жүйріктерінің бірі ретінде Талаптан да батыл барып, баяны таза туындылар жазды. «Шәрбат», «Ақ жаңбыр», «Тергеу», «Күнәһар», «Угай, арман-ай!» секілді әңгімелері мен «Айсәуле», «Тозақ оты», «Қылбұрау» секілді повестері осы сөзіміздің дәлелі.
Жасыратыны жоқ, мен Талаптанды көп білдім деп, көлгірсіп, аз білдім деп, ауызымды қу шөппен сүрте алмаймын… Бірақ… Дүниеге мейірлене қарап, қашан көрсең, жанының нұры мен шуағы көзінен шашырап тұратын жайсаң мінезді осы бір жібектей есілген, қолына қалам ұстаса, ақ қағаздың айдынында сәйгүліктей көсілген сөз үшін туған, әдебиет үшін жаралған жанның бейнесі көз алдыма елестеген сайын тазалықты көргендей боламын. Оның бойында жастығына аса жараса бермейтін бір сабырлы салмақтылық пен ұлғайған адамға тән жұмбақ ұстамдылық болатын. Таныс, бейтаныс адамдары жайлы асығыс пікір айтпайтын. «Пәленше қай күні мінбеден басқаша сөйлеп еді… Бүгін басқа сөз, айтты… Бұл қалай?» деген төте сауалға жеңіл жымиып: «Бары сол. Бір сөзді болу қолынан келмесе, қайтеміз?!.» деп, күйініп сөйлеген бір әріптес-ағасына қысқа жауап қайырғаны есімде. Талаптанның мінезіне іштей рахаттана күлгеніммен, сол күні күлкімді де, ішкі сырымды да сыртқа шығармап едім… Өйткені ініміз басқаша сөйлесе, дәл сол күні, сол сәтте әңгіме ауаны өзгеріп кетуі мүмкін еді… Әлгі айтылмай қалған сөз бен жауапсыз қалған сұраққа араға бірер күн салып, оралдым. «Талаптан, сен кейде шалдар секілді сөйлейсің…» дедім әзіл араластырып. Талаптан сәл пауза ұстаңқырап отырып: «Оныңыз рас, Нұраға…» деді жылы жымиып. «Анда-санда бір жас болып желпініп, айналаңды ашумен тұншықтырып алу деген болмай ма?» дедім сұраулы жүзбен. Талаптан бұл жолы ойын қысқа қайырып, сөзін тез айтты: «Жауабын өзіңіз айттыңыз ғой әлгінде…». «Не деп?» «Шал секілді…» деп… «Мен шынында да шалдың баласымын ғой!» деді екі езуі екі құлағына жетіп.
Өңі де, күлкісі де таза…
Қайран Талаптан-ай!
Иә… Ойлап отырсам, Талаптанның бойындағы әлгі жасы ұлғайған ағаларының біразында жоқ ұстамдылықтың тегінен бұйырған сирек қасиет екенін кейін сан мәрте аңғардым. Орынсыз кеуде қақпайтын. «Мен» деп мақтанбайтын. Ол қатал, қатігез ғаламға деген көзқарасы мен наразылығын ақ қағазға ғана сеніп тапсыратын, өзінің ішкі жан әлемін де тек Ұлы Жаратушыға ғана сеніп айта алатын таңғажайып мінездің иесі еді.
2002 жылғы сәуір құрылтайы қарсаңында, мен әріптес інімнің бойындағы осы бір адам баласында сирек ұшырасатын тазалық пен табандылықты анық байқағандықтан, жеке шақырып сөйлестім. «Алда келе жатқан құрылтайда, қарсы болмасаң, төраға орынбасарлығына екі адамды ұсынбақ ойым бар: бірі – Берік Шаханов ағаң, екіншісі – өзің!» дедім. Інімнің өңі боз тартып, бір түрлі қысылғандай болды. Сәлден соң: «Аға, сеніміңізге рақмет! Бірақ бұл қызметке менен де гөрі мықты, лайықты жігіттер бар ғой…» деді қобалжып.
Баяғы тазалық! Баяғы адалдық!
Ұзын сөздің қысқасы, сол жолы, «қиян-кескі майданға» ұқсап алыс-жұлыспен өткен Құрылтай мәреге де жетті. Ұйымдастыру Пленумында мен Берік Шаханов пен Талаптан Ахметжанды орынбасарлыққа ұсындым. Бекең ұйымдастыру және шаруашылық жөніндегі мәселелермен, ал Талаптан шығармашылық мәселелермен айналысатын болды. Съезд екеуін де бір ауыздан қолдады.
Өтіп бара жатқан өмір…
Екі ғасыр тоғысында қалып, тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан со бір тынымсыз күндерге қиялыммен оралған сайын, қиын, күрделі сәт-сағаттарда жалт беріп, жолдан шыға жөнелмей, басына уақыттың қою бұлты төнген қара шаңырақ ұйымының еңсе көтеріп кетуі үшін аянбай тер төккен, дәл осы кезеңде қасымда бірге жүрген Бекең мен Талаптан бүгін есіме түсіп отыр. Екеуі де бүгін арамызда жоқ…
Иә…
Екеуі де, әрқайсысы өз ісіне адал, өз сөзіне берік, екі сөйлеуді білмейтін жаратылысы таза жандар еді ғой. Қандай шараның тұсында да екеуі қол ұстасып қатар жүруші еді… Егіз қозыдай болып жарасып… Талаптан ағасының алдын кесіп, сөз айтпайтын. Жиынның үлкен-кішісінде болсын, қандай мәселеде де Бекеңді алдыға салып отыратын. Жалпы ұлы Абайдың «тосып сөйлеу» хақындағы тәлімі мен тәрбиесі алпыс екі тамырын терең бойлап, сүйегіне сіңген, үлкенді сыйлау дейтін ұғымды өмірінің салтына айналдырған әріптес інімнің бұл қасиетін оны білетін жұрттың бәрі жоғары бағалаушы еді.
Жазушылар Одағында өткен 22 жыл ішінде талай тұғырлы тұлғалармен тонның ішкі бауындай болып араластым, сыйластым. Әрқайсысының ұлт өрісін кеңейтер, ел мерейін үстем етер жақсы қасиеттерін көрдім. Бүгінде «қызыл кітапқа» кіріп бара жатқан сөзге тоқтау, екі сөйлемеу, өсектің жолын кесу, досты сатпау, ұрпақ, ұлт алындағы міндетке адал болу, ұлт үшін тұрысар тұста тұрыса білу секілді ұғымдарға барынша адал болған сол аға буынның арасынан Қасым Қайсеновті бөліп айтқым келеді. Қасым аға күлбілтелеп жатуды ұнатпайтын, тура сөйлеп, тура айтатын адам еді…
Сол кісі бір күні маған телефон соқты.
– Әй, бастық-қарағым, мен саған бір жылы сөзімді айтайын… Осы жолы қасыңа орынбасарлыққа алған екі жігітіңе риза болдым. Берігіңе де, Талаптаныңа да… Екеуі де адал. Қолдарынан іс келетін адамдар. Бұл – менің ғана сөзім емес, елдің пікірі!
– Рақмет, аға.
– Сол үшін телефондап отырмын. Бастықтың уақытын алғым келмейді. Істеріңе сәттілік тілеймін! Басқа айтарым жоқ! – деді де трубкасын қойды.
Кейін…
Қасым аға Талаптанға біржола бауыр басып алды. Барған жеріне Талаптанды жиі-жиі ертіп жүретін болды. Бір жолы, қандай шараға барғанымыз есімде жоқ. Екінші Алматыдан пойызға отырып жаттық. Жігіттер абыр-сабыр… «Қасым аға жоқ! Қасым аға жоқ!» десіп, перронда ілгері-кейін кезе бастады… Пойыздың жүруіне аз қалды… «Келеді! Әне келеді!» десті әлденуақ дауыстар. Көзім біздің вагонды бетке алып, «заулап» келе жатқан жүк таситын «тележкаға» түсті. «Тележка» үстінде – жүк, жүктің үстінде – таяғына сүйеніп Қасым аға отыр. Бір жас жігіт «тележканы» сүйреп келеді. Иығында дәу қара сөмкесі бар Талаптан сұрау белгісі секілді майысып, «тележканы» итеріп келеді. Итеруші де, сүйреуші де ақ тер, қара тер… Жүгіріп келеді…
Бүгін де, міне, осы жолдарды жазып отырып, көз алдыма сол сурет елестеді. Құлағыма Қасым ағаның: «Мына Талабым болмағанда пойыздан қалып қойғандай екенбіз!.. Әй, дорогой, ана жас жігіттің мені таудай қып сүйреген еңбегін ұмытпаңдар!» деген дауысы гүр етіп, аспанды кезгендей болды…
Талаптанмен бірге болған күндер жадымда жаңғырып отыр.
Бір күні түскі асты бірге ішіп отырып:
– Талаптан, сен осы өлеңмен бастап едің ғой… Шығармашылық жолыңды… – дедім.
Талаптан күлді, жымиды.
– Иә…
– Жақсы өлеңдерің бар еді…
– Прозаға жол ашқаным ғой, аға… – деді. – Әлі де жазып тұрамын… Өлеңді жазайын деп, жазбайсың. Ауық-ауық тіл ұшына өзі оралады. Сондайда… Жазылады… – деді.
– Дұрыс! Бунин де өлең жазуды үзбеген… – дедім.
– Өлеңге берілген соң… Ессіз берілу керек, – деді інім. Деді де, күтпеген жерден менің ертерек жылдарда – студент кезімде жазылған бір шумақ өлеңімді оқыды.
– «Ақпан да өтер… Шөлдетер мұң…
Өмір өзге басталар.
Жыр жаңбырын селдетермін,
Сөзімді естір басқалар…» –
деген өлеңіңіз менің есімнен кетпейді. Өйткені, бұл – жүректен шыққан жыр, – деді.
Көз алдыма өзінің қоңыр дауысымен әдемі әңгіме айтып, тыңдаушысын ұйыта білетін, сөзі мен ойы өріліп қатар жүретін Талаптанның бейнесі келді. Үлкен шығармашылық жолын өлеңнен бастаған інімнің мына бір жыр жолдары тілімнің ұшына оралды.
«Көңілім бала қыран,
Шарқ ұрар тоят тілеп.
Бір сәуле жанарыңнан
Жүректі оятты кеп…» – деген тау самалындай таза, тұнық өлең жолдарын іштей қайталадым. Қайталап отырып, Нұрқанат Жақыпбай қойған «Сұлу мен суретші» дейтін спектаклі есіме түсті. Талаптанның пьесасы бойынша қойылған Астана жастар театрының сыры мен сымбаты мол осынау сахналық туындыны көрген сәтте қағазға түскен мына жолдарды қайыра оқыдым. Пьеса мен спектакльге қатар сүйініп, сүйсініп отырып жазылған пікіріммен ойымды түйіндегім келеді.
«… Біресе Аймен, біресе Жермен, біресе көлмен тілдесудің жан арпалысын, жан азабын, жан рақатын қатар кешкен жұмырбас пендеге ғана тән қайғы мен қасірет құндағына таңылған, Абай сөзімен айтқанда, махаббат дейтін «тілсіз тілдің» бақытына бөленген пенделіктен арылу сәт-сағатының қалай «тұтқыны» болғаныңды қайтып ұмытуға болады?!
Мына қатігездігі мен қаталдығы қып-қызыл өрттей лаулап, бет қаратпас дәуірде адамдарға деген үміті мен сеніміне жел тигізбей жүріп, өмірден ерте озған талантты қаламгер інім Талаптан Ахметжанның пьесасы бойынша қойылған «Сұлу мен періште» дейтін спектакльді көріп отырып, өз басым осындай бір аласапыран күйге түскенімді жасырмаймын…» деген сөздерді екі қайталап оқыдым. Оқып отырып, Талаптанмен бірге болған сәт-сағаттарым, қатар отырып, әдебиет пен өнер, өмір мен тіршілік, махаббат пен зұлымдық туралы ой бөліскен, сыр ақтарысқан күндерім көз алдымнан тізіліп өтті… Қарсы алдымда оның тұмадай тұнық жанары тұрды… Құлағыма аурумен алысып жүріп айтқан бір ауыз сөзі келді. «Аға, адам баласына Ұлы Жаратушы өмірді не үшін берді? Ұрпақ сүю үшін. Ұрпағым бар. Шүкір!» деп еді көзі жәудіреп… Осы сөзден соң… Екеуміз де үнсіз отырып ек… Мен «Жазыласың…» дедім. Ол үнсіз басын изеді… Сабырлы жүзінен үміт пен сенімнің нұрын көргендей болып ем.
Бүгін де, міне, сол сабырлы, тұмадай тұнық көз маған үнсіз қарап отыр.
Екінші дүниеден қарап отыр…
Мен үшін мына жерүсті өмірін өзінің айқын үні мен керімсал мұңымен өзгеге ұқсамай, өзінше өрген, тамырын тереңнен тартар қазақтың талантты жазушысы Талаптанның жарқын бейнесі мен көркемдік әлемі осылай елестейді…
Нұрлан ОРАЗАЛИН
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.