Алаш мұрасы
Ұлт тұлғасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы Алматы мен Астанада аталып өтті. 15 сәуірде Алматыдан басталған шара 20 сәуірде Астанада «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық конференцияға ұласты.
ӘЛИХАННЫҢ АСТАНАДАҒЫ КҮНДЕРІ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Халықаралық ТҮРКСОЙ түрік Мәдени орталығы және ҚР Ұлттық мұрағатымен бірлесіп өткізген шараға ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары, ТҮРКСОЙ өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар мен Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қатысты. ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан Әлихан тойының Астанадағы екі күнге ұласқан жиыны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөзімен басталды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қ.Уәлиев, Ахмет Иассауи университеті өкілетті Кеңес төрағасы М.Йылдыз, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысы Әсел Өтегенова, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры М.Әбсеметов құттықтауларын жеткізді.
Конференцияда Гази университеті «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Хүлия Касапоғлу Ченгел «Түркологиядағы зұлмат және Қасым Тыныстанов», тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Аманжолова «Әлихан Бөкейханның саяси мұрасы», ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ш.Құрманбайұлы «Алаштың Әлиханы және ұлт тілі», философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай «Әлихан Бөкейханның зайырлылық концепциясы туралы көзқарасы», Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры
С.Аққұлы «Алаш идеясы: отаршыл Ресейден тәуелсіз Қазақстанға дейін» тақырыпта баяндама жасады. Шара аясында «Әлихан Бөкейхан» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Алашқа қатысты алуан тақырыпты баяндамалардың қатарында мінберге шыққан Алаш зерттеушісі, ғалым Сұлтан Хан Аққұлы тың ақпараттарымен бөлісті. Біраз бұрын, Сенат депутаттарының Ә.Бөкейханның тарихи тұлғасын көрнекілендіру бойынша үкіметке жолдаған сауалына вице-премьер Дариға Назарбаева жауап қайтарыпты. Онда – Астана қаласының сол жағалауына орын тепкен мектептердің біріне Әлиханның атын беру, ескерткішін орнату және саябақ ашу мәселесі белгіленген тәртіппен пысықталуда делінген. Мәскеу қаласындағы Ә.Бөкейханның топырағын Астанадағы ұлттық пантеонға жерлеуді пысықтау жөнінде Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берілген. Ә.Бөкейхан туралы фильм түсіру, мемориалдық кешен орнату және Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімін беру жөнінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті шаралар қабылдауға байланысты тапсырмалар беріліпті.
Ұлттық банк тарапынан Әлиханның портреті салынған монета шығару, Қазпошта тарапынан марка әзірлеу ұсыныстары айтылған еді. Бүгінде пошта маркасы шығарылу үстінде екен. Ал Ұлттық банктен әлі жауап жоқ көрінеді. Сонымен бірге, Алматы қаласындағы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш метрополитенге, Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне немесе Астанадағы Ұлттық университеттердің біріне Әлиханның есімін беру және Әлихан туралы көп сериалы фильм түсіру ұсыныстары айтылыпты. Ғалым осы ұсыныстарды Қазақстанның ЮНЕСКО, ИСЕСКО-ның өкілдері мен Мәдениет және спорт министрлігі ескерсе деген тілегін білдірді.
Түс ауа халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар тарих ғылымының докторлары Х.Әбжанов, М.Қойгелді төрағалығымен «Әлихан Бөкейхан және Қазақ мемлекеттілігі», ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Д.Қамзабекұлының төрағалығымен «Әлихан Бөкейхан және жаһандық өркениет үдерісі», филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Жұртбайдың төрағалығымен «Әлихан Бөкейхан және қазақ рухани әлемі» бойынша үш секция бойынша жұмыс жасады.
Конференцияға қатысушылар мәдени-көпшілік іс-шаралар аясында мемлекет қайраткері Смағұл
Сәдуақасұлы және Кенесары жасақтары жерленген «Бабалар қорымында» болып, бабалар рухына құран бағыштады. ҚР Ұлттық мұрағатында «Әлихан Бөкейхан – Алаш көшбасшысы» тақырыбында өткен «Дөңгелек үстелге» қатысып, «Әлихан және Алашорда» мұрағаттық құжаттар көрмесін, белгілі суретші Е.Айтуаровтың «Тәуелсіздік үшін күрескен Әлихан» атты көркемсуретінің тұсаукесерін, Алаш қозғалысына арналған экспозицияларды, Алаш әскері және Ә.Бөкейханға арналған көрмені тамашалады.
АЛАШ МҰРАСЫ
15 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы
Г.Н. Әбдіқалықова,
Алматы қаласының әкімі Б.Қ.Байбек, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.М.Оразалин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов және ғылым, білім, мәдениет қайраткерлері қатысты.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Әлихан Бөкейханның азаматтық ұстанымы мен өмірлік мақсаты Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болғанына ерекше тоқталды. «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университетінің профессорлары Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері күрескен тарихи кезеңге «Мәдени ренессанс дәуірі» деген баға
берген. Әлихан Бөкейхан, Сұлтанмахмұт ақынша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» Ұлт қайраткері. Кезінде Әлихан Нұрмұ-хамедұлы: «Алған білімін өз халқының өмірімен бірлестіре алған адам ғана бақытты, оның жиған білімі баянды» деген келелі ой айтқан еді. Олай болса, сол білікті білімді орнықтырар еліміздегі көшбасшы білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осындай ұлы тойдың басы-қасында болу мәртебесіне ие болып отыр», – деп, конференция жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөз кезегін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызына берді.
Гүлшара Әбдіқалықова: «Әлихан Бөкейхан «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының басшылығына келіп, ұлттық мемлекетті қайта жаңғырту қажеттілігі идеясының негізін қалап, мақсатқа жету жолдары мен негізгі міндеттерді айқындады. Ә.Бөкейхан кезінде қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуын, оның ары қарай дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-әрекеттері ұлттық тарих шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Бұл «Алаш» қозғалысы мен оның көшбасшысының ұлт тарихындағы ролін айқындайды», – деп атап өтті.
Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Елбасы бағыттаған көшімізге сын келтірмей бой түзей білсек, Әлихан идеясын ақтауға қосқан үлесіміз. Дәл осылай, ЮНЕСКО аясында аталып өтетін бабамыздың мерейтой шаралары аясында да қаламызда кең ауқымдағы жиындар мен өнер шеберлерінің мағыналы концерттері, түрлі танымдық кездесулер, жасөспірімдерге арналған арнайы сабақтар өткізіліп, Әлихан шығармашылығынан сыр шертетін кітаптарға тапсырыс берілмек. Алаш ардақтысының мерейтойы аласапыран тойға емес, керісінше бабамыздың өз өсиетіне сай жас ұрпақты ойға жетелейтін тойға айналуы мақсат», – деді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Ораз-
алин конференция үшін арнайы даярлаған баяндамасында Әлиханның тұлғалық болмысы мен сол уақыттың бары мен жоғына назар аударды.
«Жиырмасыншы ғасыр басындағы қырғын соғыстар мен сана атаулыға салмақ салған саяси ахуалдар алып Ресейді тығырыққа қалай тіресе, оның салқыны қазақ ұлы даласына да тиіп жатты. Еуразия кеңістігінде жан берісіп, жан алған көзсіз қырғын миллиондардың өмірін қиды.Көшін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш Орда үкіметі осындай күрделі кезеңде өмірге келген еді. Алаш идеясы көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялыларының басын қосты. 1917 жылдың күзінде Орынбор қаласында өткен қазақтардың алғашқы жалпыхалықтық құрылтайы Алаш Орда есімді автономия жайлы мәселені күн тәртібіне ашық қойды. …Әрине, шағын сөзге Алаш жұртының алыбы хақындағы көңіл төрінде жүрген ойдың бәрін сыйғызу мүмкін емес. Орайын келтіріп, Әлихан Бөкейханның әлем әдебиетінен жасаған аудармалары туралы, әдебиет, қоғам хақындағы ойлары мен ұлт, ұлыс тарихынан сыр толғайтын көзқарастары жайлы таратып пікір айтуға да болар еді… Өйткені, бұл тақырыптардың қай-қайсысы да ұлт ұстазының «сегіз қырлы, бір сырлы» жаратылысын тереңірек тануға себі тиер, тұлға болмысын аша түсер жеке-жеке салалар. Әлихан Бөкейханның әлемі – тәуелсіздік үшін күрескен алаш жұртының әлемі!», – деді
Н.Оразалин ұлт тұлғасына арнаған баяндамасында.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы республика көлемінде Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың мәні мен маңызын, өту барысын, нәтижелері мен мәселелерін сөз етті.
Конференция барысында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеуге бағытталған баяндамалар оқылып, еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан қозғалыс көшбасшыларының ерен еңбектері сөз болды. Ғалымдардың пікірінше, Президент алға тартқан «Мәңгiлiк Ел» идеясы «Алаштың» негізгі ұстанымы – қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатыр.
Конференцияда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан «Ұлттың ұлы тұлғасы»; Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Ә.Бөкейхан және ұлттық тарихты зерттеу методологиясы»; ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Әлихан Бөкейхан – Қазақ Ұлттық қозғалысының көсемі»; Мемлекеттік сыйлық иегері, академик О.Сәбден «Алаш идеясы арқылы өркениетке жаңа қадам» атты баяндамаларын оқыды.
Конференцияның секциялық мәжілістерінде Әлиханның тек саяси қайраткерлігі ғана емес, сондай-ақ, қазақ халқының тарихын, экономикасын, пәлсапасын, әдебиет пен мәдениетін танытудағы ролі жан-жақты талқыланды.
1911 жылы алаш зиялылары бастап шығарған «Айқап»журналын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұжымы 2016 жылы қайта қолға алып, жаңа мазмұнмен жариялады. Конференция аясында салтанатты түрде «Айқап» журналының тұсауы кесілді.