Қайта жаңғырған Жаппасбаев мұрасы
03.10.2022
1131
0

Қазақ халық аспаптары оркестрінің дамуына мол үлес қосқан күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаев жайында бүгінгі жас ұрпақ жақсы біле бермейді. Өйткені оның шығармашылық мұрасы да, өмірбаяны да кешегі күнге дейін аса көп зерттелмей келді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фолькорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, қауымдастырылған профессор Мүсілім Әмзе ардагер күйші-композитордың шығармашылық жолын зерттеп, туындыларын жаңаша көзқараспен қайта зерделеп, «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты кітап жазып шықты. Төменде айтулы өнер мамандарының осы оқу құралы жөніндегі пікірлерін ұсынып отырмыз.

Құнды мұра

Айтқали ЖАЙЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Астана академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері

Бұл кітаптың авторы – менің шәкіртім. Кітапты оқып шығып, шәкіртімнің еңбегіне «Өте жақсы!» деген баға қойдым. «Қазақ әдебиеті» арқылы шәкіртіме деген ризашылығымды да білдіргім келеді. Архивтен 30-40 жылдардағы ақпараттарды іздей отырып, кітап жазып шығу оңай емес. Бұл орасан еңбек өз алдына бір төбе, оның кейінгі ұрпаққа қалатын мұра екенін ескерсек, мен баға қоюда қателеспедім деп ойлаймын. Кітапта көбіне-көп композитордың өмірі баяндалып, көзкөрген адамдар туралы естеліктер жазылған.
Мәлік Жаппасбаев – Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидилердің өзі дирижерлыққа дайындаған алғашқы қарлығаштардың бірі. 1934 жылы құрылған Құрманғазы оркестрінің мүшесі болған. Оның екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан шебінде жүрген Рамазан Елебаевтың өз аузынан «Жас қазақ» әнін тыңдап, бүгінге жеткізгені де – елеулі еңбек. Содан бері «Жас қазақ» әні әлі күнге дейін тыңдарман жүрегінен орын алып келеді.
Ал енді композитордың музыкалық шеберлігі мен жетістіктеріне тоқталсам, әндерінен кәсіби деңгей көрінеді. Патриоттық әндерін тыңдап отырып, «Еліміздің барлық азаматы Отанды осыншалықты сүйсе ғой…» деп армандаймын. Кітаптың бас кейіпкері қазақ ән өнерінің жолын кәсіби түрде жалғағандықтан, дәстүрлі әндер мен осы заманғы әндердің арасында тұрған көпір іспетті. Оның Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрінің конференциясында «Сәлем» деген әні орындалғанын білем.
Ертеректе қазақ сазгерлерінің көбі Мәскеу консерваториясының студиясында оқыды. Ол кезде Мәскеу консерваториясы жанынан өзге социалистік елдердің азаматтарына арналған қосымша курс ашылған-ды. Әйгілі қылқобызшы Жаппас Қаламбаевтың өзі сол курста Мәлік Жаппасбаевпен қатар білімін жетілдіріп, кейінірек дирижер болды… Сол кездегі сазгерлердің көпшілігі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза таппаса, қазақ даласын сазға бөлейтін әндер көбірек болар ма еді?.. Ал біз – солардың өнердегі ұрпағымыз. Олар болмаса, біз осы күнге дәл осылай жетпес едік.
Қысқасы, Жаппас­баевтың өзі қазақ ән өнеріне қаншалықты олжа салса, Мүсілім Әмзенің композитор жайлы жазған кітабы да – танымдық жағынан соншалықты құнды мұра.

Дина апамыз талантын таныған екен

Мейрамгүл Махпутова,
зейнеткер-ұстаз, ­М.Жаппасбаевтың жиені
Мәлік Жаппасбаев – менің нағашым. Бірақ анамнан естігенім болмаса, ол кісінің көзін көрмедім. Өйткені мен 1957 жылы өмірге келдім, ал нағашым 1943 жылы майдан даласында дүние салған екен. Анам жарықтық ес білгенімнен бастап ағасының қандай керемет күйші болғанын, еңбектерін айтып отыратын. 1960 жылы Пәмти Ибрагимова деген кісі келіп, анамнан Мәлік Жаппасбаевтың суреттерін алып, ол туралы сұхбат алып кетіпті. Сол жылы «Жауынгер композитор» деген кітап шыққан. Оның ішінде соғыста марқұм болған бірнеше композитордың өмір жолы мен шығармашылығы қамтылған. Содан соң бір жылдары «Жас қазақ» деген кітап жарық көрді. Онда да қыршын кеткен нағашымыз туралы деректер бар.
Анам жарықтық өнерден алыс болмағанымен, бала-шағаның қамы деп жүрді ме, ол кісінің әндері туралы айта бермейтін. Әйткенмен кейінірек телеарналардан М.Жаппасбаевтың «Сәлем» әнін беріп жатқанда үй ішімізбен көгілдір экран алдына жинала қалып, ұйып тыңдайтынбыз. Менің естігенімде, ол әнді алғаш әнші, профессор Люция Төлешова, одан кейін Нұрғали Нүсіпжанов айтты.
Уақыттан уақыт озды. 1991 жылдың басында анам қайтты. КСРО құлады. Нағашыларымнан ешкім қалған жоқ. Мәлік Жаппасбаевтың есім-сойын ешкім атамай кетті. Тіршілікті күйттеп жүріп мен де іздеу салмаппын. 2015 жылдары Мүсілім Әмзе менің нағашыма, қазақтың Мәлігіне арнап мақала жазған екен. Сол мақалаға ойда жоқта кез болып, көңілім босады. Анам айтатын деректерден бөлек, шын таланттың тасада қалған, жұрт көп біле бермейтін қырларына қалам сілтепті. Автордың электронды поштасына алғысымды айтып хат жаздым.
Қолдарыңыздағы кітапты жазу үшін Мүсілім Әмзенің талмай еңбектеніп, тынбай ізденгені көрінеді: әндері, біз білетін де, бізге беймағлұм боп келген дүниелер де, кәсіби талдаулар да осы жинақтың ішінде самсап тұр. Кітап келер ұрпаққа, қазақ музыка өнеріне құтты болғай.
Сөз реті келгенде айтайын, Мәлік Жаппасбаев аса дарынды күйші болған. Анамның айтуы бойынша, Дина Нұрпейісованың өзі жоғары бағалағанға ұқсайды. «Бірде – дейді анам, – Дина Нұрпейісовамен бір үйде отырғанбыз. Күй сұрадық. Сол кезде жан-жағына барлай қараған Дина шешей «Мәлік қайда?» – деп сұрады. «Арғы бөлмеде», – деп жауап бердік. Содан кейін барып бірнеше күйді төкті. Сөйтсек, апамыз күйінің нотаға түскенін және оны біреудің жаттап алғанын қаламайтын кісі екен. Ағамның құймақұлақ екенін де таныпты, музыкалық сауаты бар екенін де біліпті. Бірақ ағам қабырғалас бөлмеде тыңдап отырып, жазып алған көрінеді».
Иә, осындай кісі туралы ұрпақтың біліп өсуі, еңбектеріне қанығуы – болашаққа деген үмітімізді үкілейді.

Үлкен ізденіс жемісі

Айжан Бердібай,
философия ғылымының докторы (PhD), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертанушы:
– Автордың «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» кітабы – үлкен ізденушілік еңбектің жемісі. Қазақ тілінде шыққан музыка өнеріне байланысты кітаптардың ішінде бұл бағыттағы алғашқы еңбек болуы мүмкін. Барлық тараулардан автордың алдына анық мақсат қойып, тиянақты жұмыс істегені сезіледі. Сөз қоры бай, мәтін жатық тілмен жазылған, жеңіл оқылады. Көптеген сирек тарихи фотолар мұрағаттан алынған. Тараулардың көбінде текстологиялық талдау бағыты анық, анық логикалық желісі байқалады.
Еңбек мазмұны 1930–1980 жылдардағы қазақ музыкасының тарихы бойынша (1930–1940 жылдардағы Сыр бойы күйшілік дәстүрінің даму деңгейі, Алматы қаласының музыкалы-мәдени өмірі, Құрманғазы оркестрі қалыптасуының алғашқы жылдары, Қазақ радиосының соғыстан кейінгі репертуар саясаты) қосымша дерек береді.
М.Жаппасбаев туындыларын музыкатану тұрғысынан зерттеу үшін және композиторлардың шығармашылық тәжірибесі үшін құнды материал жарық көрді. Композитор дүниеден өткенімен, әндерінің басқа мәтіндермен болса да орындалуы – оның шығармаларының ұлттық негіз бен өз заманындағы бұқаралық музыка ерекшеліктерінің табиғи сабақтастығына байланысты болды. Музыка жазатын басқа композиторлар болса да, саяси-идеология тақырыбындағы әндердің М.Жаппасбаевтың дүниеден өткеннен кейін түрлі аранжировкаларда насихатталуы – оның музыкасының сол заманға сәйкес екенін, сол дәуірге қажет екенін білдіреді. Қазіргі заман композиторлары мен дирижерлері жазған түрлі партитуралар М.Жаппасбаев мұрасының кеңірек насихатталуы үшін жасалған.

Таным көкжиегін кеңейтер керемет еңбек

Үмітжан Жұмақова, өнертану
докторы, профессор
Қазақ оркестрі туралы сөз қозғалса, әлбетте, назарымыз қоғамда үлкен қызмет атқарған Ахмет Жұбановқа ауатыны анық. Бірақ оның айналасында идеясын жүзеге асыратын талантты музыканттар ғана емес, сонымен қатар шығармашылығын дирижерлік қызмет және халық аспаптары оркестріне арнап музыка жазумен байланыстырған әріптес шәкірттері қалыптасты. Нұрғиса Тілендиев феномені осы оркестрден бастау алғаны белгілі. Бірақ оның ел ықыласына бөленіп, танымал еткен өнері кейіннен ашылды. Осы қатарда әйгілі есімдердің тасасында қалған, алуан себепке байланысты көпке бейтаныс, жете зерттелмеген тұлғаның бірі – Мәлік Жаппасбаев. Дирижер әрі зерттеуші Мүсілім Әмзенің жақында шыққан «Мәлік Жаппасбаевтың музыкалық мұрасы» кітабы сол кісінің шығармашылығына арналған.
Мәлік Жаппасбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап оқу құралы жанрында жазылған. Еңбекте оқу-әдістемелік құрал талаптарына сай әдебиет тізімі, нота материалы, семинар сабақ тақырыбы, глоссарий, тест сияқты көптеген атрибут бар. Автордың таңдаған тақырыпты ашу үшін, өзінің зерттеу нәтижесіне сүйенгені қуантты. Зерттеу еңбектен білім мен ғылым интеграциясының нәтижесі көрінеді.
Кітаптың одан әрі тереңдетіп, ауқымын кеңейтуді қажет ететін ғылыми аспектілеріне тоқталайын. Бүгін біздің қоғам факті мен оқиғаны сол күйі қабылдамай, шынайы білімге, бүкпесіз шындыққа мұқтаж. Сол себепті, тарихты зерттеуші ғалымдар шындыққа жету үшін дереккөз бен сенімді дәлелге сүйенеді. Осы тұрғыдан орындаушылық мол тәжірибесі бар дирижердің ғылыми қызметті қоса атқарып жүргені – құптарлық. Архивтегі жұмыс нәтижесінде М.Жаппасбаевтың көптеген фотосуреті, қолжазба мен ескі басылым көшірмелері табылып, дирижердің ортасы мен өмірбаяны тарқатылып, әндері туралы мол материал жиналған. Еңбектің басым бөлігін М.Жаппасбаевтың әндері құрайды. Олар үш түрде берілген: ән әуені, басқа композиторлар өңдеген клавир және оркестрлік нұсқа. Шамасы, композитордың музыкалық мұрасы әлі де толық жинақталмаған, себебі кітап аннотациясы мен мәтінінде Мәліктің күйшілігі сөз болғанымен, күйлердің мысалы келтірілмейді. Күйші репертуары сақталмаса керек.
ХХ ғасыр басында кәсіби музыка өнерінің даму кезеңінде көптеген музыканттар сияқты Мәлік Жаппасбаев композиторлық, орындаушылық және дирижерлік өнерге ден қойған. Бірақ өмірі өте қысқа болып 29 жыл ғұмыр кешкен (1914–1943). Кәсіби өнерді енді ғана игере бастаған қыршын жастың дәурені соғыс уақытымен сәйкес келіп, көздеген мақсатына жете алмады. Бұл жөнінде кітап мазмұнынан оқырман нақты мағлұмат ала алады. Кім білсін, егер тағдыры басқаша болғанда, кітаптың мұқабасындағы фотода фрак киіп, жағасына көбелек пошымды көркем галстук таққан, қолында дирижер таяқшасы бар көзәйнекті жас жігіт қазақ музыка мәдениетінде айтулы тұлға болар ма еді…
Ғылыми тұрғыда тарих үшін танымал тұлғалармен қатар, есімі елеусіз қалған, аты белгісіз өнерпаздар шығармашылығы да маңызды, терең зерттеуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, М.Әмзенің дәл осындай музыкант туралы жазған, сапалы типографиялық басылымда шығарған кітабын 1930–1940 жылдардағы Қазақ­станның музыка өнері туралы таным көкжиегін кеңейтетін деректі еңбек деп білемін.

Зерттеушінің тиянақтылығы тәнті етті

Сәуле Өтеғалиева,
өнертану ғылымының докторы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
– Дирижер мұрасын дирижердің зерделеуі еңбектің маңызын арттыра түседі. Кітап негізгі зерттеу бөлімі, қолжазба мен афиша, көне фото бөлім және М.Жаппасбаев әндерінің ауқымды нота қосымшасынан тұрады. Автор бұрын-соңды жарияланбаған ҚР Орталық мемлекеттік архив және Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатындағы деректер мен ертеде жарық көрген мақалаларды жинап, оларды жаңа көзқараспен зерттеп, тосын тұжырым жасаған.
Әндердің түпнұсқасы мәтіні мен жаңартылған үлгісі, әншілер үшін жеке әуені, клавирі мен екі бірдей оркестрге (эстрада-симфония және қазақ халық аспаптары) арналған партитурасының қоса берілуі оқушы қауымға ыңғайлы. Әртүрлі мұрағаттан табылған қолжазба партитураларды компьютерлік нота редакторымен жаңарту жұмысы оңай емес, дегенмен цифр үлгісіндегі нота жазбасын көргенде зерттеушінің тиянақтылығына тәнті болып, көңіл марқаяды.
Мүсілім Әмзенің «Мәлік Жаппас­баев­тың музыка мұрасы» оқу құралы «Орын­даушылық өнер тарихы», «Қазақ музыка әдебиеті», «Оркестр класы», «Ансамбль», «Дирижерлік өнер», «Аспаптану» мен «Аспаптандыру» пәндері үшін пайдасы мол құнды еңбек деп есептеймін. Егер кітапқа осы шығармалардың қосымша аудио-видео нұсқасы берілгенде жақсы болар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір