«Шекпен» – интеллектуалдық туынды
Шығармашылық даму мен үздіксіз ізденісті әрдайым басты назарда ұстайтын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары тағы бір өзгеше қойылыммен толықты. Сәуір айының 25-26 күндері қуыршақ әлемінде баурап алар көрікті келбетімен қатар, озық бағытымен ерекшеленетін Грузияның астанасы – Тбилиси қаласынан режиссер Николаз Сабашвили арнайы шақыртылып, классик жазушы Николай Гогольдің «Шекпен» повесін театр төрінде қуыршақ бейнесі арқылы жаңаша форматта сахналап, көрерменге тарту етті.
Кішкентай балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған қойылымдарды сахналау – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының жұмыс тәжірибесіне енгізілген негізгі міндет. Оның жарқын үлгілері ретінде әлемдік және отандық әдеби, драматургиялық шығармалар арасынан іріктелген әрі халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болған «Ана жүрегі», «Ана – Жер ана», «Ромео мен Джульетта», «Макбет. Иллюзия», «Мен – бір жұмбақ адаммын… Абай», «Өмір – өзен», «Шал мен теңіз», «Чемпион» қойылымдарын айта кеткен жөн.
Сәуір айының 25-26 күндері сахналанған «Шекпен» қойылымы да ерекше режиссерлік шешімімен, терең философиялық астарымен, естен кетпес қуыршақ бейнесімен ерекшеленді. Спектакль режиссері әрі суретшісі – Николоз Сабашвили, балетмейстері – Ринат Билибаев. Ал қойылымдағы басты рөлді қуыршақ театрының дарынды әртісі Шохан Құлназаров сомдады.
Жаңа жобаларға әрдайым дайын екенін білдірген режиссер, актер, педагог, Грузия қуыршақ театрлар бірлестігінің басшысы Николоз Сабашвили «Шекпен» повесінің ерекшелігі мен оны қойылымға айналдырғандағы мақсатын былай деп жеткізді: «Бұл қойылымда әлемдегі жалғыздық кейпі көрініс табады. Жалғыздық күйін кешкен адамдарды шынайы өмірде жиі кездестіруге болады, олардың барлығы кедергілерге қарамастан, қоғамда өзіндік орнын табуға ұмтылады. Гоголь повесінде адамдардың ішкі сезіміне баса назар аударады. Бұл қойылым – саясаттан да, жекебастық қарым-қатынастардан да тереңірек. Өкініштісі, мына жиырма бірінші ғасырда адамдардың арасында байланыс пен қарым-қатынастың жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан қойылым өте өзекті мәселені көтереді», – деген режиссердің қойылым сахналауға келіскен сәтінен дұрыс таңдау жасағанына еш күмәнданбағанын байқаймыз.
Театртанушы Бақыт Нұрпейіс: «Атақты Гогольдің «Шекпен» деп аталатын туындысы дүниежүзінің көптеген елдерінің театрында қойылған. Режиссер нақты өзінің оқылымын жасаған, яғни басынан аяғына дейін Гогольдің идеясын сақтай отырып, мына дәуірдегі кішкентай адамдардың тағдыры туралы өте нақты ойларға жетелетіндей спектакль тудыра алған. Режиссердің ойындағы дүние метафоралық тіл арқылы спектакльде бейнеленді. Бұл спектакль алыс-жақын шет елдермен жұмыстың үздік көрсеткішінің бірі болады деп есептеймін», – деп қойылымға оң бағасын берсе, «Театр КZ» журналының редакторы, театр және кино актрисасы Рабиға Ағманова жаңа бір жаңалықтың куәсі болғанын жеткізе отырып: «Қойылымды балалар түсіне алар ма екен деп ойлап едім, бірақ спектакль адамды өзіне қарай тарта алды. Әсіресе қойылымның ксенографиясы мен режиссерлік шешімі ұнады және қуыршақ театрының актерлеріне алғыс айтамын», – деп ризашылығын білдірді.
«Шекпен» – аудиторияға жай ғана көңіл-күй сыйлайтын
спектакль емес, талғамы мен талабы биік көрерменнің көңілінен шыққан көркемдік сынақ әрі интеллектуалдық туынды. Шабыт сыйлар, толғандырар өнер құбылысының жарқ еткен толқындары тоғысқан қуыршақ театрында мағыналы да мәнді қойылымдардың премьералар легі толастамаса екен дейміз.
Дана САДЫРҚАН