КҮЛДІРІП, ОЙЛАНДЫРАТЫН ТУЫНДЫ
Қазақ сатирасында мүйізі қарағайдай, бүгінде мұқым елге танымал сықақшыларымыздың бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлықтарының лауреаты, Шона Смаханұлы атындағы сықақшылар байқауының бас жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты Мұхтар Шерімді білмейтін қазақ жоқ десек, артық айтқандық емес. Төрттомдық жинағы мен «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен қоштасу», «Біз ұялмаймыз» кітаптарының авторы Мұхтар Шерім биыл оқырмандарын елең еткізетіндей жаңалық әкелді. Алматы қаласындағы «Тоғанай-Т» баспасынан «Супер бетсіздер» сатиралық романы жарық көрді.
Сараптап қарасақ, тәуелсіздігімізден кейін жазылған тұңғыш сатиралық роман екені көңілге қуаныш әкеледі. Сегіз жүзден аса беттен тұратын қалың романның көтерер жүгі қандай? Сатиралық роман жанрына жауап бере ала ма?
Романның бірінші бетін оқи бастағанда-ақ сол баяғы Шерімнің стилі өзіне баурап алады. Сатиралық сөз саптаулары, диалогтер, кейіпкерлер қақтығысы, кейіпкерлер бет-бейнесі ерекше екені байқалады. «Айғыр да сөйлейді» атты тарауы «Бірдеңе тасыр-тұсыр ете қалды! Көңіл тоқта, ойда жоқта, бірдеңе дүңк ете қалса, жүрегің жүгіріп кететіндей, дүрсілдеп ала жөнеледі емес пе?» деп тосыннан басталады. Ауылдағы жылқы ұрлайтын ерлі-зайыпты баукеспелердің қитұрқы тірліктері күлкінің шаңын қаптырады, кейін басты кейіпкер Майра пысықайлығының арқасында аудан әкімімен әмпей-жәмпей болып, әуелі ауыл әкімдігіне тағайындалады, одан аудан әкімі, облыстық Мәслихаттың депутаты, тіпті Денсаулық сақтау министрі болып шыға келгенде де, қазынадан жымқыруын қоймайды.
Романда алуан тақырып тоқайласқан, нашақорлық, жемқорлық, парақорлық, сатқындық, екіжүзділік, жағымпаздықтың небір айласы төбедегі шашыңды тік тұрғызады. Бірінен соң бірі ауыл әкімі бола кететін Нартай мен Қалқабайдың тартысы, Мақсат пен Гүлдинаның махаббаты шынайылығымен, юморға басым диалогтерімен ерекшеленеді.
Сатиралық романда баспасөз қызметкерлері-тілшілерінің қым-қуыт тіршілігі қисынды әзілдермен өрнектелгенін айта кеткім келеді. «Барыс» газетінің тілшісі Мақсаттың шындыққа ұмтылып, сот, прокуратура, Ішкі істер басқармасындағы әділетсіздікті, парақорлықты әшкере етуде көрген қорлықтарына жүрегің ауырады, жүрегің ауыра отырып, шолақ белсенділердің әжуа-бейнесіне қайран қалып, күлкіге шомыласың. Нашақорлардың түрмедегі күлкі шақыратын оқиғалары өз алдына.
Кейіпкерлері сайдың тасындай, учаскелік инспектор, маскүнем Нартай, Қалқабай, Крутой, Кислота, Шаман, Майра – нағыз сатира кейіпкерлері. Әдетте, сатиралық дүниелерді оқи бастағанда, қара дүрсін жазылған болса, жай бір лирикалық әңгімелерге ұқсап кететіндіктен, кітаптың бетін жылы жауып қоя салатынымыз бар емес пе. Мұхтар Шерімнің сатиралық романының әр беті тұнған күлкі, ащы сарказм, шымыр диалогтермен өрнектелген. Оқиғалар желісі бір-бірінен ауытқып кетпеген, қайта ұштасып, «енді не болар екен?» деген ойдың шырмауында қаласың.
Кейіпкері Майра бетіне пластикалық операция жасату мақсатында Израильде жүргенде, онда соғыс басталып кеткендіктен, Газада тұтқында болған штрихтары, сатиралық детальдары керемет суреттелген, ал күйеуі Ерболдың Ресейге қолдан-қолға өткен қазынаны іздеп барамын деп, ақырында Ресей полицейлерінің қолына түсіп, Авдеевкадағы соғысқа жіберілуі, ол жақта карта ойынын ұйымдастыруы, Ресей Украина соғысының от-жалыны, әлем таңдаған бейбітшілікті кейіпкерінің аузымен
уағыздауы, бүгінші күннің шынайы шындығын көз алдыңызға әкеледі.
Сатиралық романда еліміздің спорт саласындағы былықтар ащы кескінмен келемежденеді. Кейіпкер олимпиадаға қатысып, одан қала берді қала әкімі олимпиададан алтын-күміссіз келген қатысушылардың өзін жаппай марапаттауы қызықтың көкесін көрсетеді. Демек, Мұхтар өз сатирасында гиперболаны пайдаланудың хас шебері. Автордың жайма-шуақ әзілдері диалогтерден көрініс табады. Мысалы: «Сен құрметті қонақ келгенде былай сөйле: «Аса мәртебелі, қамқоршымыз Нұржайна Бекділдәнұрмұқанбетасан Үсеновна! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Сеніміңізді ақтаймын. Дәмнен алып отырыңыз!» Қане, қайталашы!
Ол күйеуіне, күйеуі жерге қарады.
– Аса мәр… Аса қамқоршымыз… Быдыбыдыновна…
– Ойбай, не деп кеттің!
– Фәмілесі пойыз екен.
– Қайтала. Өй, аузынан сөзі түскен шошқа! Осы отырған жеріңде білегіңді тістеп алайын ба?
Күйеуі міңгірледі.
– Нұржайна ханым! Сізбен танысқаныма қуаныштымын! Сеніміңізді әктеймін…
– Ақтаймын де!
– Кірәскілеймін… Атауыңызды ішіп отырыңыз…
– Ойбай, не деп кеттің?
– Өзің маған «атауыңды іш, шошқа!» дей бересің… Үйреніп қалыппын…»
Бұл Мұхтардың өзіне тән стиль ерекшелігі. Диалогтер арқылы кейіпкерлерінің кім екенін тани қоясың. Бәрін айт та, бірін айт, қазақ сатирасы тарихына қосылған Мұхтар Шерімнің «Супер бетсіздер» сатиралық романы – биылғы жылдың басты жаңалығы. Бұл жөнінде биылғы сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағында өткен Жыл қорытындысында Мұхтар Шерімнің романына үлкен баға берілді.
Иә, шын мәнінде, «Супер бетсіздер» романы – шымыр жазылған туынды. Сатирик-жазушы қоғамымыздағы орын алған келеңсіз жайларды, екіжүзділікті, сатқындықты, дүние десе қойнындағы әйелін, қарт ата-анасын сатып кететін дүниеқоңыздардың жылтыр-жымысқы бейнелерін ашып, найзамен аяусыз түйрейді. Әкесін танытып қамшымен сабайды.
Романды оқып отырып, күлкіге қарық боласың, кейде кейіпкерінің арамза істеріне түңілесің. «Біз қайда кетіп барамыз?» деп дөңбекшіп, ойға батасың.
«Супер бетсіздер» романының әдебиетсүйер
қауымның ыстық ықыласына бөленіп, кітап сөресінің төрінен орын алатынына сенімдімін.
Доқтырхан Тұрлыбек,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның Еңбек
сіңірген қайраткері