Балалық әлемге жол сілтеген жаңа туынды

Қонаев қаласы кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қонаев қаласы және Абай облысы Ақсуат ауданының Құрметті азаматы Алтыншаш Жақиянованың «Бәсіре-жыр» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапхана оқырмандар назарына қаламы жүйрік ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұсынды. Сонымен қатар автордың жаңа еңбегіне орай дайындалған буктрейлер көрсетіліп, көрермендер кітаптың мазмұны мен идеясына жақынырақ үңілуге мүмкіндік алды.
Кітап тұсаукесеріне ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, көрнекті жазушы, әдебиеттанушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, ақын, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Нүсіпжанұлы, Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Абылайхан Раисұлы, ақын, публицист Ізтілеу Тойшыбайұлы, Қонаев қаласы бойынша Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Базарбай Бүркітбайұлы, сондай-ақ білім мекемелерінің педагогтері, кітапхана мамандары, жас оқырмандар қатысты. Кешке арнайы қатысқан Қонаев қаласы әкімінің кеңесшісі Сәуле Қайырлықызы ақынға қамзол кигізіп, қала әкімі атынан құттықтау хат табыстады.
«Бәсіре-жыр» – қазақы тәрбиенің мәйегін, ұлттық құндылықтың нәрін жас буынға жақын, жеңіл әрі жылы тілмен жеткізетін ерекше жинақ. Кітаптың атауы да бекер таңдалмаған, «бәсіре» сөзі – қазақ баласының ең қымбат сыйлығы, ата-дәстүрге адалдық белгісі. Алтыншаш Жақиянова осы ұғымды балалар поэзиясының нәзік үнімен астарлап, әр өлеңін баланың жан дүниесіне арналған рухани «бәсіре» ретінде ұсынады.
Тағылымы мол шараны жүргізген кітапхана басшысы Айгүл Ақтанова ақынға кітапхана атынан есімі жазылған жеке мөрді естелік сыйға тартты.
Даража Жолымбетова,
Қонаев қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі