Елеусіз өткен есіл ер
22.04.2016
1546
0

85698Әлемді  шарпыған дағдарыс тек қана шикізат экспорттайтын  елдердің бәрін  сорлатты. Мұның  қашан  аяқталатынын да  ешкім  дөп  басып  айта  алар  емес. Капитализм  заңы  бойынша бұл  дағдарыс әлсін-әлсін  қайта оралып, қамсыз  елдерді  есеңгіретіп  кететін  көрінеді. Дағдарыстан  құтылудың  ең басты  жолы – импортқа  тәуелсіз  болу, өз еліңнің  ғалымдары  ойлап тапқан  жарағыңмен  өндірген дайын өніміңді  шетелге  сату. Осыдан  жиырма екі   жыл  бұрын  Президент   Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жыл, 30  қаңтардағы «Экономикалық  реформаны одан  әрі жүргізуді  жандандыру жөніндегі  шаралар  туралы»  қаулысына  негізделген  «импорт  алмастыру» тапсырмасына  талпыныс  болған.

Бәрі де аяқсыз қалды. Әрине, қазақ елінің қазақ өнертапқышы ойлап тапқан жаңа жарақпен өнер ғылымы жетілген елдерді мойындату оңай шаруа емес. Ал әлемдік деңгейдегі жарақ ойлап тапқан өнертапқыш қазақтың жасалымын қолдауға тиіс сала ғалымдарының басшысынан қосшысына дейін өре түрегеліп, оны орға жығып тынды. Себеп, біріншіден, сол саланың шенділерінің айтқанына көніп, айдауына жүрмеген, екіншіден, ойлап тапқан жаңа жасалымына шенділерді «міңгестірмеген». Көп айтылатын әділдік, шындық, ақиқат көп жағдайда әлсіздер жағында бола бермейді. Осылайша кеңес өкіметі ғалымдарымен отыз жыл, егеменді елінің ғалымдарымен он бес жыл арпалысып «бойкүйез қазақтан түңіліп, көрсоқыр қазақтан жеңіліп» соңына «Арпалыс» атты дастан қалдырып, өмірден арманда өткен, елеусіз өткен, өнертапқыш қазақ Сейілбек Қышкашұлының дүниеге келген күні сәуірдің 15 жұлдызы. Сейілбек көкеміздің жасалымдарына барлық ғалымдар түгел қарсы болды десе, жаңсақ пікір болар еді. Мәселен, Одақ деңгейіндегі кей ғалымдар, екі мәрте Еңбек Ері, академик Кошкин, Бастонов оны қызу қолдады. Мәскеудегі Көмір өнеркәсібі министрлігінің бас маманы Бастонов С.Қышқашұлына: «Сенің бұл шегірткедей эксковаторың Екібастұздың көмірін қазбайды, ондағы біздің пілдей эксковаторымыздың көрін қазады», – деген. «Қазақфильм»-нің сценаристері Сайранмен, Сағатбек академик Кошкиннің қатысумен Сейілбек Қышқашұлы туралы «Ищу секунданта» атты деректі фильм түсірді. Бірақ жергілікті «Батыраштар» оны дегеніне жеткізбеді. Сейілбек Қышқашұлының өзгелерден бір ерекшелігі, ол атақ, даңқ, ақша жолындағы аламан шабыста қызыл танау боп білгішсініп, дидарайнаның төрінен түспей сұңқылдап сұхбат бергіштерден емес еді. Ол туралы «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Кривобоков: «Много лет … он ведет бесплодную переписку. Обращается в разные ведомоства, пишет в различные станции, требует. …чего он требует, чего он добывается? Более просторной квартиры? Льготной путевки в дом отдыха? Каких то материальных благ? Нет для себя он ничего не просить, – деген еді. Ал «Караванның» тілшісі Ковалев өз мақаласында: Сейілбек Қышқашұлының Қазақстан үшін қандай жарақ ойлап тауып өліп- өшіп жүргенін, бірақ оларды Қазақстанда ешкімнің керек қылмайтынын айта келіп, «Мы живем в мире большая и сильнейшая – часть которого хотела бы впредвидеть нас слабыми, зависимами, продолжающими ежегодно тратить миллиарды на покупку за границей техники и продукты питания. Им не нужен сильный Казахстан. Он нужен Кишкашеву», – деп жазды. Сейілбек Қышқашұлы өзі сияқты жаратқан иенің берген ерекше қабілетін өз елінің тәуелсіздігін нығайтуға ұмтылған өнертапқыштарды баспасөз, ақпарат құралдары арқалы танып-біліп, оларға да қолдау көрсетуге тырысты. Солардың екі-үшеуін айта кетейік : Бірінші, Сейдахметов Кеңес. Қостанай облысы, Әулиекөл ауданынан, автомобиль ойлап шығарған. Егер биліктегілер қолдағанда, Кеңес жасаған автомобиль өз зауытымызда шыққанда, жылына триллион теңге пайда әкелер еді. Екінші, Оспанов Сансызбай Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, ұшақты ойлап тауып сызбасын жасаумен шектелмей, жеңіл ұшақ жасап шығарып, өзі ұшқан. Егер Сансызбайдың ұшағы Қазақстанда жасап шығарылғанда жылына 68 миллиард доллар пайда тапқан болар еді. Ал біздің Қарағанды облысындағы бәленбай миллиард теңге талан-таражға түсіп, жалғыз ұшпайтын ұшақ шығарған зауыт, сол Сансызбайдың ұшағын шығарғанда ғой деп бармақ тістеп, бас шайқап қала бересің. Үшінші, Алматыда Әмзехан Кенжебай Сапанұлы деген қазақ сәмбі талдың орнына темір шыбық пайдаланып қазақы киіз үй жасап шығарған. Бірақ тапсырыс беретін мекеме жоқ. Алматыдағы «Массагет»-тің сол кездегі бастығы Тілеужанов Мейрамғали Қазақстандағы барлық облыс әкімдеріне, барлық министрліктерге Әмзеханның темір сүйекті киіз үйі туралы хат жазды: «Біздің зауыт осындай үйді жасай алады, тапсырыс беріңіздер» деп. Ал осы хатқа мәу деген бір әкім, бір министр болды ма, болған жоқ. Қызылағаш, Темірлан, Орал, Көкпекті, Атбасар, т.б. су тасқын-ынан зардап шеккендерге Әмзеханның темір сүйекті киіз үйі ауадай қажет болатын. (Биыл да ТЖМ-нің мәліметінше 807 ауылды су басу қаупі бар дейді). Еріксіз бас шайқайсың. Біз Сейілбек көкемізді әлі ұзақ жылдар бойы еске алатын боламыз. Себебі, Солтүстік облыс­тарда соңғы төрт-бес жыл қатарынан астық жинау науқаны ауа райының қар аралас жаңбырлы күндеріне тап келіп, дихандарды орасан зор шығынға ұшыратуда. Шетелден бәленбай мың долларға сатып алынған, тұрпаты танкідей шетелдік комбайндар қар аралас жаңбырдан ми батпаққа айналған егіс даласына кіре алмай қаңқайып тұр. Дихандар жаз бойы тырбыңдаған есіл еңбегінің зая кеткеніне, табиғат қаhары алдында дәрменсіздігін үнсіз мойындауда. Мүмкін, оларда осындай қарлы жаңбырға қарамай, бір түйір де дәнді ысырап қылмай егін оратын Сейілбек көкесінің комбайнын талай-талай армандаған шығар. Құдіреті күшті Алла тағаланың рахымымен жаныңыз жәннатта, нұрыңыз пейіште шалқысын, Сейілбек көке! Біз әлі сізді көп-көп еске аламыз.

Нысанбай
Қуанәлиұлы.

Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір