ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫН ДҮР СІЛКІНТКЕН «ЧЕМПИОН»
05.03.2024
50
0

Бірер жыл бұрын жазушы-драматург Әлекең – Әлібек Байбол электронды поштама жаңа пьесасын жолдаған еді. Оқып шықтым. Сосын екеуара талқыладық. Сонда ол маған: «Бұл туынды Қуыршақ театрында қойылады», – деп қалды. Авторға ештеңе демесем де, «бұл қалай болар екен» деген күдігім болғаны рас. Енді, міне, сол пьеса ұлы сахнаға жол тартыпты. Шақыру алдық. Театрға келдік.

   Пьеса – қазақтың маңдайына сыймай кеткен әйгілі боксшы Бекзат Сат­тарханов турасында. Көз алдыңа бірден былғары қолғап киіп, қарсыласымен жұдырықтасып жатқан боксшы елестейді. Қуыршақ театрының спефикациясын білгендіктен: «Бұл қойылымды қалай шығарар екен?» – деп ойланып отырдым. Күмән мен үміт аралас ойым шымылдық ашылған соң ғана сейілді.
Жалпы, біздің театрларда соңғы он-жиырма жылдан бері қалыптасқан бір үрдіс бар-тын. Тарихи тұлғалар туралы спектакль қойылады. Жақсы-ақ! Дегенмен сол спектакль бастан-аяқ хронологиялық тәртіпке құрылып, тұлғаның туған сәтінен қайтыс болғанына де­йінгі өмір жолын тұтас сөз қылып, бірсыдырғы өтіп жатады. Қызыл сөзден шаршаған көрерменнің мұндай спектакль­дерден қашқақтайтыны да жасырын емес. Ал мына спектакльдің негізгі аудиториясы – балалар мен жасөспірімдер. Қолындағы смартфонға телміріп, TikTok пен Instagram-ның 1,5-2 минут­тық қысқа видеоларын ғана көретін, қызық болмаса, басқа нәрсеге мұрнын шүйіріп те қарамайтын Alpha-ұрпақ «мұны қалай қабылдар екен» деп отырдым.
Ә дегеннен-ақ спектакль көрерменін баурап алды. Қозғалыс, динамика, ырғақ бар. Қазақтың аңыз-миф желісімен құрылған «Чемпион» ертегісі Бекзат батырдың өмірге келген сәтін, киелі Түркістандай атыраптың қасиетін бірер детальмен ғана сурет­теп өт­ті де, ары қарай оның қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы ең шешуші кезеңі – Сидней Олимпиадасы сахнасына ауысты. Ринг. Ұлт батырының америкалық Рикарду Хуареспен жұдырықтасуы – бала көрерменді қолындағы телефонын тастап, сахнаға қаратқан ең қызықты мезет, сәт­ті көрініс болды деп есептеймін. Ортадағы комментатордың сөйлеу мәнері де қойылымды жандандыра түсті. Ол екпіндетіп, делебеңді қоздыра қайта-қайта: «Бұл – бокс! Бокс! Бокс!» – деп айт­қан сайын көрермен де «енді не болар екен» дегендей ынтығып отырады. 
Драматург пен режиссер (Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) тандемі әбден үйлесіп, бірін-бірі өте жақсы түсінгені байқалады. Боксты рухтар шайқасы деп алған спектакльдегі ең ұтымды әдістің бірі – мифтік танымды араластыру. Бекзат жұдырықтасқанда: «Иә, Аруақ!» – деп, аруағы шалқар ата-бабаларымызға сыйынып, Құдайдан медет сұрап, көкжалға айналып кетеді. Ал қарсыласы америкалық бизон кейпінде келеді. Көкжал да беріспейді. Түрі ұсқынсыз бизон мүйізімен сүзіп, жер тарпып, қара терге түсіреді. Екі боксшының да техникасы мықты. Екеуі де – қуат­ты. Айлалы. Раунд сайын рух та алмасады. Ендігіде Бекзат қазақтың қыраны ретінде шүйілсе, қарсыласы американың ұлт­тық символы – бүркіт болып қанатын сермейді.
Көкпар. Бала Бекзат­тың ат жалын тартып, көкпар ойнаған кезі. Ұлт­тық ойынды ойнаған сәт­тегі балалардың рухтанып, атой салуы, бабаларымыздың тіл қатуы – символдық мәнге ие образдар.
Жас көрерменнің қолында қазақтың Көк Туы (жалау) бар. Комментатор: «Қазақ­стан!», «Бекзат Сат­тарханов!» – деген сайын балалар эмоцияға беріліп, орнынан тұрып, қазақтың туын желбіретіп отырды. Хуарестің қат­ты соққысынан Бекзат құлағанда балалалар да төрешіге қосылып: «Бір, екі..!» – деп санай бастайды. Осы мезет­тегі тағы бір қызықты көрініс – лирикалық шегініс арқылы бала Бекзат пен батыр Бекзат­ты бір-бірімен сөйлестіру. Бала Бекзат: «Бір дегенім – бірлік», – деп санамақ айтып, рух шақырып, батыр Бекзат­тың намысын оятып, жігерін жанып, орнынан тік тұрғызады. Көрермен залы у-шу. «Бекзат! Бекзат!» – деп жақтасып жатыр.
Ең соңғы раундта Бекзат 22\14 есебімен қарсыласы Хуаресті құлатқан көрініс көз алдымнан кетпейді. Төреші орныңнан тұр дегендей белгі беріп, санап жатқанда, залдағы жас көрермендер: «Фу!», «Тұрма!», «Саудаң біт­ті», – деп шулап жат­ты. Ал Бекзат чемпион атанып, Көк туды жамылып шыққанда, бәріміздің көз алдымызға аңызға айналған Сидней Олимпиадасы елестеп, делебеміз қозып, көзімізге еріксіз жас алдық. Міне, сахнаның құдіреті. Өнер құдіреті.
Мемлекет­тік Қуыршақ театры репертуарға өте бай. Театр ұжымы тек ертегі, балалар қойылымдарымен ғана шектелмей, үлкен драма театрларының өзі жүрексіне қоятын Шекспир, Ш.Айтма­тов шығармаларын сахналап, қуыршақтар арқылы жаңа образ шығарып, талай мәрте халықаралық деңгейдегі фестивальден жеңімпаз болып оралды. Түркияның Конья қаласындағы кезекті бір өнер додасында Қуыршақ театры Шекспирдің «Макбетін» ұсынып, түрік ағайынды таңғалдырғанын өз көзіммен көріп, театр ұжымына риза болғанмын.
«Чемпион» спектаклінде Бекзат – Шоқан Құлназаров, Хуарес – Ерсұлтан Тезекбай, Комментатор – Ұлықпан Юсипов, Төреші – Айдын Жақыпбаев, Бекзат­тың бапкері – Бақытжан Қаюов, Хуарестің бапкері – Алтай Тәуекелов бастаған артистер өздеріне жүктелген рөлді ерекше орындап шықты. Драманың ең басты қағидасы – іс-қимыл, әрекет. Көп оқып, көп ізденетін Әлібек Байбол – жан-жақты қаламгер. Әдебиет­танушы ретінде қазақ және әлем әдебиетін, антика кезеңін жата-жастана оқыған ол осы шығармасына да жаңа тосын ой қосып, балалар жүрегіне жол тауыпты.
Драматург ретінде өз сүрлеуін тапқан Әлібек Байболдың драмалары Астана, Алматы, Шымкент мегаполистерінен басқа Қызылжар, Кереку, Талдықорған, Өскемен, Түркістан театрларының репертуарын молайт­ты. Алдағы күндері қаламгердің «Олар…», «Ясыны іздеу», «Жалғызбын демеші…», «Журналист. Қарамерген», «Уақыт­тың үні» және тағы басқа философиялық, лирикалық туындылары сахнаға дайындалып жатқанынан хабардармыз.
Сөзімізді жинақтай айтсақ,
«Чемпион» спектаклі – кассалық спектакль­ге сұранып-ақ тұрған қойылым. Декорациясы мен реквизиті аз қойылыммен гастрольдік сапарға шығу да оңай. Бекзат туған киелі Түркістаннан бастап, барлық қаланы қамтып жүріп өтсе, аймақтағы балалар мен жасөспірімдерге патриот­тық тәрбиені сахна тілімен жеткізу салмақты болар ма еді…

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір