Бала жүректі, баба тілекті тектіміз еді
«Жағасы жоқ, жеңі жоқ,
Жадағай жейде кидің бе…
Терезе жоқ, есік жоқ,
Түнек үйге кірдің бе!».
(Қазақ халқының жоқтау сарыны).
Зейнолла Серікқалиев деген есім естілген жерде кешегі әділ билердің сарқыт көзіндей болып жүрген бір текті тұлға көз алдыға келуші еді. Жұртшылық көкейінде жүрген бар нәрсені, көпке мәлім нәрсені одан асырып көріктендіре айту қиындау болар. Дегенмен, осынау хан-қараға бірдей, әрбір жазушының сүйікті сыншысы Зекеңе деген сағынышымызды білдіре жүру міндет тәрізденіп отыр. Оған деген менен өзгенің де дұғай-дұғай ілтипаты, қақ жарылған ақ тілек құрметі бар екені белгілі. Солар қатарында біздің де шарға бойымызды кернеген шалқар ойымыз бар, соны айтпақпын. Еркімізге би болып, борышымызға құл болып, соны жеткізуді парыз санаймын.
З.Серікқалиевтің күллі оқымысты қауым ой елегінен өткізіп болған әдеби сын жөніндегі шығармашылық ауқымын даралап жату артық болар. Сыншының соңынан жазушы қайтадан жөргем салып, білгіреу тырмаланып болған жерге қайта тағы боразда тартқандай әурегершілік. Яғни иі қанған ұлпадай терінің пұшпағын жұрт көзіне шалдыра қайта уқалап, көлгіреуге жатады. Бет қалқып айтқанда, әдеби сынымыздағы дүбірі дүмпулі Зекеңнің айнала жұртты тәнті етіп өткен туылыс-жаралысы жөнінен сөз қозғағанда қазақ атамыздың «отырса от басында көсем, көшсе көш басында көсем» дегенін айтқың келеді. От басында көсем болатыны – қазақ әдебиетінің түренін тарту үшін сіңірген ұшан-теңіз еңбегін от басында отырып бітіргені. Көш басында көсем болатыны – бітіргендерін қазақ әдебиеті керуеніне теңдессіз тарту етіп өткені.
Өзінің туылыс-болмысынан мінезге бай, кісілігі биік сол Зекең салауат ұясындай дарқан табиғатындағы ешқандай табысқа, ешбір қошемет-құрметке желп етпей, бағы заманның көпке жаққан алпамса биіндей, берекелі қалпынан бұлжымай жүретініне өз-өзіңнен жүрегің жұмсарып, ішің жылып кететін еді. Бақтың өзі де көтеретін адамға жақсы болатыны Зекеңнің өн бойынан көрініп тұратын. «Аузы кіші, қарны үлкен қой семірсе көтерер, қарны кіші, аузы үлкен ит семірсе құтырар» демекші, «менменсіген жігіт азынаған айғыр мінеді» демекші, бітіргені бір тоғыз, бітеу жатқаны тоқсан тоғыз бала тұрып, тындырған ісінен бұрын «атақ-даңқын» азынатқысы келетіндер аз емес. Шығармашылығымен бұрын алдыға түсіп, өзі жүргісі келетіндер, сөйтіп мардымсыз қабілетін өзі сүйрейтіндер Зекеңдердей болып өткен үлкен тұлғаларды бір рет болса да, еске алып, іштей болса да бой түзегісі келсе, ол да бір әбі-құдай, сауапкершілік іс болар еді. Зекең мінезге бай дедік, бірақ мінез байлығы үнемі жұмсақ жайдарлықтан, ұдайы кең байтақ жайма-шуақтықтан тұрмайды ғой. Адамға, досқа деген мейірбандық бірыңғай жылы алақаннан ғана бола ма? Әсіресе, шариғатта достық болмайтынындай, әдебиет деген жүрек мәселесі болғандықтан, оған шындап жаны ашығанын әділ сынға алудан да тұрмай ма.
З.Серікқалиев күнделікті өмірде сырт көзге аңыздағы мамырайхан заманының адамындай жайдарман көрінгенмен, әдебиеттегі өзінің таным дүниесіне сыймайтын олқылықтарды көргенде істің көзін, қисықтың тезін табатын кешегі көшпенді қазақтың бет-жүзіңе қарамайтын таскесер қазыларындай бөксеріп түсетін. Біз бүгін соған зәруміз. Бет жыртпастық, екіжүзді жүзкөйлек жайлап болды. «Мәстектен жығылғанды тұлпарға мінгізіп» иесіне жараспайтын, қабілеті көтермес сыйлықтарға қол жеткізеді. «Жарамсақ хан қасында, қазы-би жыр басында» болып қала береді. Әрбір қазақ қаламгерімен сыйласып жүретін ілік-шатысы бар, ешкімді алалап бөлмейтін қарымды, әділ сыншы әдебиетіміздің кедір-бұдырын да, үздік жетістігін де тамыршыдай басып табатын. Әрі ол тек рецензияшыл, мақалшыл сыншылардан емес, қуат ауқымы барынша кең болатын. Алымды шабыт аумағында бап күйіндегі қапысыз қырандай төне зерделеген кітабы бақайшықтарына дейін паршаланып, қырнаудан, отадан (операциядан) өтетін кінәрат қай тұста сыздап тұрған бөрткен, қай маңайда авторға, оқырманға күдік-күмәнсіз аршып айтатын. Және әр тұстан шолып, тізбелеу арқылы емес, шығарманың негізгі тірек-фонынан қозғап, әдебиетіміздің көсегесі қайткенде көгеретіндігі жағынан келіп, өгей жерін сылып алатын. Жеке жазушының жанын ауыртып, сынап қадалмай, көркем шығармашылығымыздың әлеуметтілігін қатыстыра қарастырып, соның ұлттық азықтық құнын (колоритын) экранға шығаруды көздейтін. Оның «Ақжол» («Жазушы», 1990), «Дүниетану даналығы» («Білім», 1994), «Тағдыр және біз» («Ана тілі», 1996), «Сын кітабы» («Жазушы», 1997) кітаптарының қай-қайсысын оқысаңыз да, жоғарыда аталған әдебиеіміздегі халықтық ой-өріске куә боласыз. Біздің заманымыздағы қазақ көркем әдебиетінің қауымдық, қоғамдық, ұлттық рухани өресінен асу сайын із шалып, сүрлеу тастап отырады. Айтарын сақаға құйған қорғасындай тас бекіте, әдіптеп шегелейтін. Серікқалиевтің қаламынан шыққан лебізге наразы болған авторды ұшырата алмайсыз. Біз сияқты риза болып алқағаны ананың ақ уызындай да, кейбіреулерге «мына бір тұстары…» деп, көкей көзіне көлденең тартқаны, баяғының қазы-билерінің айтқанындай дуалы. Әулие деген жазушыңның өзін де бір сүріндіріп, екі ұғындырып, бір күйдіріп, екі сүйіндіріп, өресіне жеткізетін. Ол сынаса байбаламшыл деген жазушының өзі қыл мойнынан бұғалық түскен асаудай, жуасып тұрады. Өйткені, Зекең әлдекімдерге тісін басып жүретін екісөзді, айыр тіл сыншыларша шымбайыңа батырмай, келелі ойлармен майдасылап, жұлын-тұтаңды қауып, буыныңа түсіп жазады. Көркем шығармадағы желімдей тұтып жатқан құян жел кінәратың болса тәуіптей қағып, ұшықтап, құлан-таза жағаға алып шығады. Ақау бар тұсты ауыртпай сылап алады. Мақтайтын авторларының аты қойын дәптерінде жүретін «сыншының» жәдігөйлігі онда жоқ. Екінші сөзбен айтқанда, З.Серікқалиевтің әдебиетшілерге деген мейірбандығы ота-операция үстеліндегі хирургтің адам шама-салмағына қарай қолданатын наркөзі тәрізді, аса сақтықпен нақ бағышталатын. «Ер – жетпейін демейді, бақ жеткізбейді, су – жетпейін демейді, жар жеткізбейді» демекші, қолына қалам ұстаған ақын-жазушы оза шауып, алдыға шықпайын демейді. Бірақ қаламгерлік жол жеңіл жол емес, азабы ауыр – жүрек жолы. Соның ауыртпалығына көніп, төзген ақыл иелеріне шынайы қамқор сыншы кім еді десе, екінің бірі-ақ әдебиетіміздің салауат жүзді, алпамсадай көрікті, ор-қарасұр қазысын көз алдыға келтірер еді. (Жазушы болсам, бірегейінің өзі болсам дейтін талапты жастарымыз Серікқалиев кітаптарын жастанып жатып оқыса, ұтылмайды).
Әрине, қалай сипап, қасылап дәріптесең де, сын жанрының ауыр жағы да болмай тұрмайды. Өйткені, «аш итке тамақ құйса, тоқ ит қыңсылайды» дегендей, жаңа шыққан біреуді мақтаса, бұрыннан аты шығып жүрген кәрі шоряқтарға жақпайды. «Сыбаға үлестірген не өзі мақұрым қалады, не қарғыс алады» деген бар. Зекең біздің заманымыздағы, яғни ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемінде сол сыбаға үлестірушінің үлкені болып өтті. Өзі және әдебиет өркенінде айтары бар әділ пікірлі Әлия Бөпежанова сияқты соңына ерген қабілет иелеріне бауырмалдық байқата, ішке тартып, адами достық орнатып жүретін. «Талқыдан өтпеген хан тұрақтамайды, талқыға түспеген пән тұрақтамайды» дейтін болсақ, Зекеңнің талқы дүкенінен өткен кітап оның көрсетуімен қайта жазылса, ешкімнің тісі батпайтын дүние болып шығар еді. (Ол қарап үлгермеген дүмбілез дүние аз емес). Сыншы жолы ауыр жол дейтініміз «шыбыш желіндегенді білмей, лақтағанды біледі» демекші, әдебиетке «желіндемей, толғатпай», дайындықсыз келетін жастау жазушылар ұшырасуы да мүмкін. Ол әлі ашылмағанмен, түбінде бір нәрсе шығаратынына көзі жететін, тайды басар бөрідей дәмесі бар, талабы таудай шығар. Соларды дер шағында аңғарып, кең толғап, аңдап отыру – Зекең тәрізді даңғайыр сыншыға жеңіл жүк емес еді. «Жүк ауырын нар, ел ауырын ер көтереді» деп, нар сыншы, қазылы қаламгер, соның бәріне өзін борышқор санайтын қазақ әдебиетіндегі бір сабаз маманымыз еді. Бұрынғы көшпенді кезеңнің ел ағаларына жүктелген бір міндет «мал бақсаң өрісін сайла, ел бақсаң қонысын сайла» деген болса, біздің бүгінгі қаламға бағынып, қағазға табынған заманымызда, соның орны З.Серікқалиевке байланғандай. Олай болатыны, ақын-жазушы атаулы былайғы жұрттың, яғни өз халқының ақылы, миы, өз ұлтының ой басшысы, рухани өресінің жетекшісі болса соған, соларға бағыт-бағдар бере алған замана данасының бірі – Зейнолла Серікқалиев деп айта аламыз. Басқаша айтқанда, әлгі әдебиеттегі қонысымыз бен өрісіміз Зекеңнің көп жылдардан бергі жазған кітаптарында қорғалып, томдықтарында мекендеген. Тегінде Зекең жалпы өмірдегі күнделікті жай қарапайым орнын алып қарасақ та, ол нәпсі тізгінін тартып ұстаған кісі еді. («Нәпсі тізгінін тартпаса, адамдық кетеді» деген бар). Ол өзі бір кезде Алматыдағы Жоғарғы Кеңесте лауазымды қызметте отырғанның өзінде, шығып жатқан кітаптарына қаламақы сұрамаған. Мыңдаған таралымды, жүздеген бума текше кітаптар баспаханадан шыққан бойы Майра жеңгейдің «қазынасы» ретінде, үйінің бұрыш-бұрышында жиюлы тұрғанына көзі тірі куә болғанбыз. Атағанымыздай, Жоғарғы Кеңесте отырған шенеунік әрі бір басына парасаты жететін, елге-жұртқа сыйлы адам аудандардағы кез келген әкімдерге емеурін байқатса, кітаптары сатылып, айтқаны орындалмас па еді. Майра жеңгей бөлменің аузы-мұрнынан асып тұрған текшелердің орнына, уыстап, көкала қағаз ұстамас па еді. Бірақ өз шығармашылығының құнын білетін Зекең әдеби сын кітаптары ауылдағы қарапайым жұртқа ақша үшін тарағаннан гөрі, ерте ме, кеш пе, қаламгер қауымның қолына тигенін артық санады. Тегі қай-қашан да, ел-елден қалса, ерге сын болатынындай, сол елдің бап талғамас ерлері елінің атын шығарып, басын оңға қаратуға әрекет етіп жүрген. Қазақ әдебиеті Орта Азиядағы, тіпті әлем жұртшылығындағы елдердің қай-қайсысымен салғастырғанда да, шоқтығы биік екеніне ешкім көз жұмбайды. Оған проза жанрында сыншы ғалымымыз Зейнолла Серікқалиевтің үлесі жоқ дей алмаймыз. Әр буын қаламгер алдыңғы келелі сынға және жақсы жазушыға қарап, аяқ басады. Өйткені, «бала қыран парлап ұшады, баба қыран барлап ұшады». Әдебиет әлемі солай өрбіп дамымақ. Олай болса, Зекең өмір сүріп өткен олжалы жылдарда қаламгер қауым мақтан тұтқан З.Серікқалиев романшы, хикаятшы, әңгімешілеріміз үшін қанатының асты саялы, ұлттық рухани биігіміздің деңгейін танытатын әдебиеттегі сом тұлғамыз еді демекпін.
…«Адам мен адамның табысуы – айырылысудың басы» болса, Серікқалиевпен табысқан, заманы бір болған әрбір жазушы өзіне тиісті үлесін алып айырылды.
Жанат АХМАДИ.