Әуезовті көрген алты сәт
Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Сағымдай бұлдырап тез өткендіктен бе, жоқ әлде ес-түссіз берілген көңіл күйдің әсерінен бе, маған осы бір уақиға өткенде көрген түс тәріздес сезіледі. Бірақ бәрі де соншалықты айқын, шынайы, аса бір оқшау суреттей көз алдымда…
Құж-құж қатпары мол қарт Шыңғыстың әр тасы аңызға бөленіп, сонау көкшіл перде жамылған Орданың, алыстан қарауытқан Қарауылдың, тік шаншылған Бөрлінің өзіміз күнде көрсек те аңғармайтын сырын жыр еткен кітап біздің көз алдымыздан ғажайып дүние есігін ашушы еді. Сол дүниені тамашалауға күнде кешке таман Құндызды өзенінің сағасындағы кішкене ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналатынбыз.
Кітапты қашан да ымырт қараңғылығы түскенге дейін дауыстап оқимыз, кейде еркіңді билеген осы бір сырлы дүниеден ел ұйықтар мезгілге дейін айрылыспайтынбыз. Кей сәтте сексен жылғы барлық пен жоқтықтың не алуан жүгін көтерсе де мойымаған Әшекей қарт бастатқан бәріміздің де көзімізге жас келетін, не мәз болып масайрасып, дуылдап күлетінбіз, әйтпесе «япырай, шіркін дүние-ай!» десіп, үлкендер таңдай қағысатын еді.
Тіпті, осы жұрттың өзі топырағын басып отырған бұрынғы Кішекең баласы, Жөкең жері деп аталған Құндызды, Жүрекадыр сағаларының суретін кітаптан оқығанда жұрт маңайларына көз салып, сол әсемдікті өздерінің қалайша байқамағандықтарына таңданысатын да, есесі кетпегенін түсініп, туған жердің көркіне риза болысатын.
Ал мен (6-сынып оқушысы) осы тарихты, ел өмірін өзім оқығанда көз алдымнан өткен қызық хикаялар, ғажайып суреттер мен бір-біріне ұқсамайтын тірі адамдарды шынында да «біреу жазды-ау» деп ойламаушы едім. Оқиғалар қиялда қайта тіріліп, ләззатына шомғанда маған осы кітапты адам емес, құдіретті бір күш жаратқандай танылушы еді. Дәл сол өмір-сурет ішінде өзім қатысқандай жүрегім лүпілдей сезінетінмін, тіпті, Әуезов барлығын есіме де алмайтынмын.
Күн сайын кітапты оқығанда Әшекей қарттың сонау алыста жалдана біткен көкшіл Орда жаққа қарай отырып: «Әй, данышпаным-ай, асылым-ай десеңші!», – деп сүйсінетін сөзін мен кітаптың басты кейіпкері Абай жөнінде ғана айтатын болар деп ұғатынмын. Басқа тыңдаушылардың да аузынан шыққан жан сырындай жақсы сөздерін тек Абайға бағыштайтынмын…
Міне, біздің «Абай жолы» романына байланысты әңгімелеріміз талай күндерді осылай өткерді…
Мың тоғыз жүз елу жетінші жылдың қыркүйек айының орта шенінде, әдебиет пәнінің мұғалімі Сембаева Битай Аягөз стансасынан Алматы-Новосибирск поезі арқылы енді үш күннен кейін Мұхтар Әуезов өзінің алпыс жасқа толуына байланысты Семейге өтетінін айтқанда, біз соншалықты қуандық. Бала күннен бері қиялымызға қанат бітіріп, ләззатқа батыратын ардақты «Абай» романдарын жазған Мұхаңды көру өлшеусіз бақыт еді. Ол кісі біздің қиялымызда Гомер жазған Олимп пайғамбарларындай алыстан сағымданатын.
Біз қатты әбігерге түстік. Бірде Мұхаңды өзінің туған күніне арналған мектептегі (№ 243 теміржол мектебі) кешімізге шақырмақ болдық, біресе сол кештің алдында оқитын бір-екі ауыз сөз жазғызып алмақ едік. Бірақ оның бірінің де реті келмейтін болды. Бар бітіргеніміз – фото-үйірменің балаларынан «фототілшілер» сайлап, оларды вокзалдың ең жақсы көрінетін, оңтайлы тұрғыларына орналастырмақ болдық.
Мектеп дирекциясының шешімі бойынша, ең озат оқушылардың бір тобына Мұхаңа гүл шоғын беру тапсырылған. Гүл шоғының арасында мектеп атынан Мұхаңды құттықтайтын хат бар еді.
Біз вокзалға келгенде перрондағы халық иін тіреседі. Сол жерде бізді қорқыныш биледі, енді Мұхтар атамызға гүл шоғымызды тапсыра алмайтын болдық қой деп қауіптендік. Әйтеуір, жан ұшыра жүріп, поезд келгенше «Мұхаңдар мінген вагон осы жерге тоқтайды-ау» деген мөлшерге жеттік. Бірақ амал не, дәл сол кезде саңқылдаған репродуктор поездің үш сағат кешігумен келе жатқанын хабарлады. Жұрт қатты ренжіді. Бірі жол бастығын, бірі машинисті, бірі тағы біреулерді сөгіп жатты. Поездің кешігіп келетініне қатты кейіген бір жастау жігіт жанындағы тұрған қарт әжейге: –
– Ай, апа-ай, осы келмей-ақ қой десем де көнбедіңіз, ал енді үш сағат тұра аласыз ба мына жерде? – деді.
Ажымды ажары өзгере қалған қарт:
– Е, қазақтың маңдайына бақ жұлдызындай боп біткен тірі Абайым келе жатса, онымен дидарласу менің де өмірімдегі бір қуанышым емес пе?! Үш сағат түгіл үш күн кешіксе де көрмей кетпеймін, тосамын! – деп байлауын бір-ақ айтты. Ыңғайсызданып қалған жігіт әжейді құшақтап, вокзалдың ішіне кіргізіп әкетті.
Менің көз алдыма осы сәтте төрт-бес жыл бұрынғы қоңыр кеште Құндызды сағасындағы жиын келді. Әшекей қарттың сырға толы ойлы сөздерін жаңағы әжей қайталағандай көрдім. Мүмкін, сол қарт Орда жаққа сүзіле қарап, «данышпаным-ай!» дегенде Абаймен қоса Мұхтарды да еске алған шығар-ау деп ойладым.
Асыға, тағатсыз күткен халық поезд тоқтасымен-ақ «Мұхаңды көреміз ғой», – деп ойлаған еді. Бірақ бірнеше минуттар өтті. Осыншама халыққа таңырқаған жолаушылар, барлығы да вагон терезелерінен анталаса қарасады. Көпшілігі жүгіре шығып, қалың топқа қосылып жатыр.
Жұрт тынышсызданып кетті. Арттан біреудің «Мұхтар! Мұхтар аға!», – деген айғайы естілді, оған бірнеше дауыс ілесті де, артыншы жалпы ду-дүрмекке айналды. Вагон тамбурында осыншама жұрттың неге жиылғанын түсіне алмай, есі шыға таңырқап тұрған кондуктор әйел жаңа ұққандай артына жалт бұрылып, вагонға жүгіріп кіріп кетіп еді, артыншы асығыс кие салған сұр макентошы бар, жалаң бас Мұхаң көрінді…
Дуылдата ұрған алақан үнімен «уралаған» дауыс, «Мұхтар аға! Жасасын Мұхтар!» деген айқайлар бір-бірімен астасып, үлкен бір толқынды шу болып бірнеше минутқа созылды. Дауыс тынысымен вагон баспалдағына көтерілген сол кездегі Аягөз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тобағабылов бүкіл аудан еңбекшілері атынан Мұхаңды алпыс жылдық мерейтойымен құттықтады. Бірнеше жұмыскерлер сөйлеп, жалынды махаббатын сүйікті жазушысына арнады. Домаланған бір кішкене қыз бала келіп, Мұхтар атасының бетінен сүйіп, мойнына пионер галстугін байлады.
– Күтпеп едім… сіздердің бұлай тосып тұрғандарыңызды білмеп едім, – деп бастады Мұхаң сөзін даусы дірілдей шығып. – Рахмет сздерге! Сіздердің осы бейілдеріңізді ендігі қалған өмірде сондай бейілмен ақтай алсам…
– Мен де осынау елден, сонау белден оқу іздеп аттанғанда, – деді Мұхаң ойлы көздерін көкжиекпен астасып жөнді көрінбейтін Шыңғыс таулары жаққа қадап, – осыншама бақыт табамын деп ойлап па едім?! Оқы, қарағым оқы! – деп жанында тұрған бір кішкене баланы басынан сипап, бауырына тартты.
Мұхаң сөзін бітіргеннен кейін жанында еріп жүрген Қ.Қуанышбаев, Е.Ысмайылов, Ғ.Орманов, М.Сармурзина, т.б. серіктерін таныстырды. Сонау ақшалмалы Алатаудың баурайындағы Алматыдан Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндердің елге сәлемін жеткізді.
Мұхаң вагон баспалдағынан жерге түсісімен-ақ лап берген халық, оны ілезде өз іштеріне сіңіріп әкетті. Бірі арнаулы сыйын, бірі бар махаббаттары оралған гүл шоғын ұсынса, енді біреулері қолын алып, аяулы сөздерін айтысып жатыр.
Осы кезде Қалибек көпшіліктің бар назарын өзіне аудара дыбыстап:
– Айналайын жұртым-ау, жалғыз Мұхтарларыңды ғана аймалай бересіңдер ме? Мына жақта мен де тұрмын ғой! – деді күле әзілдеп. Жүзінде де әзіліне сай күлкі шақырар артистік құбылыс бар еді. Жұрт ду етіп, мейірлі бейілмен сүйсіне күліп жіберді.
Поездің жүруіне бес минут қалғанын хабарлады.
– Мұхтар Омарханович, вагонға шығып тұралық, жүріп кетсе үлгермей қалармыз,–деді кондуктор келіншек.
Аса бір қимастықпен жұрттан әрең бө-лінген Мұхаң вагон баспалдағына көтерілісімен халыққа қайта бұрылып:
– Ән айталықшы, бәріміз қосылып, бір-екі Абай әнін айталықшы, – деді.
Сүйтті де, жанындағы Қалибекке: – Қалеке, бастаңызшы, өзіңіз бастап, көп болып қосылайық, «Өзгеге көңілім тоярсыңды» бастаңызшы.
Қалибектің үніне перронда сығылысқан жүздеген дауыс қосылды.
Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың.
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла қызыл тіл…
Мұхаң тапжылмай үнсіз тұр. Ішкі жүрек толқынынан да, өңінен де айқын құбылыс сезіледі. Әлде, ыстық отымен өзін шарпи сүйетін осынау халық махаббаты көңілін қозғағандықтан ба, әлде сонау ғасырда елімен емес, әнімен ғана сырласып, арманда өткен шерлі Абай есіне түсті ме, Мұхаңның көз шарасы мөлтілдеп жасқа толып тұр еді…
Бұл күйінен тез серпілген ол даусы дірілдей келесі әнге қосылды, Қалекең бастаған «Айттым, сәлем қаламқас» тағы бірнеше әндерге өзі дирижерлық жасады.
Поезд жүруге ыңғайлана бастасымен-ақ ән тоқталды да, перронды толқыған халықтың қатты шуы басып әкетті. Әркім дауысы жеткенше: «Мұхтар аға, қош! Қош Мұха!»
– Аман-сау көріскенге дейін!
– Абайдан қайтарда да келіңіз!
– Күтеміз!..
– Мұхтар аға! Қош, қош! – деп айқайлап дабыстайды. Сүйікті жазушымен айрылыса алмаған жұрт та, поездбен бірге ұйтқи қозғалды. Ал біз, балалар, вагонмен қатарласа жарасып, өкпеміз өшкен жерге дейін бардық.
Мұхаң мейірлене күліп, бізге де гүл бұлғап бара жатты…
Қаншама асыға, аңди күтсек те, Мұхаң қайтар сапарында Аягөзде аялдай алмады. Алматыдағы өткізілетін мерейтой күні тақап қалғандықтан, асығыс ұшақпен кеткен екен.
Осы бір ұмытылмас сирек күннің белгісіндей боп біздің альбомдарымыздың бетінде сол күнгі аянбай қимылдаған «фототілшілеріміздің» көмескі болса да, жүрекке ыстық суреттері қалған еді…
Адамның тағдыры Алланың қолында ғой. Ес білгелі естігенім – Абай мен Мұхтар, көргенім – ақ ақағаздан бас алмай кітап жазып жататын Кәмен ағам. Менің әдебиетшіліктен басқа мамандық таңдауым екіталай сияқты. Бірақ өмір жолын жаңа бастап, мектеп бітіргелі тұрған жас адамның өрекпіген көңілі қайда шалқымайды. Физика, математика пәндерін де өте жақсы оқыдым. Ұстаздарым «қызыл сөзді қуып қайтесің, техникалық оқуға бар» деп ақыл да қосты. Сол пікірге иланған кездерім де есте. Мектепті күміс медальмен бітіруші ретінде оқу бөлімі Москваның электротехникалық институтына жолдама да ұсынды. Бірақ Аягөздің теміржол бекетінде Мұхаңды тұңғыш көрген күн менің тағдырымды шешкен еді. Жазушылықтан асқан қасиетті іс жоқ деген байламға келдім де, Алматыдағы қазақтың мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түстім. Бұнда Мұхтар Әуезовтен бастап, қазақтың бетке шығар әдебиетші-ғалымдары сабақ береді екен. Одан артық не керек?! Көкейдегі арман сол емес пе?!
Аңсап келген оқу басталған күні-ақ көңліміз су сепкендей басылды. Бірінші курсқа түскен елу баланың он екісі мектеп партасынан келгендер болатын. Қалғандары екі-үш жыл жұмыс істеген, кейбірі әскери борышын өтегендер орташа бағамен-ақ студент атанды. Ал біз бір орынға 25 баладан таласып, қиямет-қайым бәсекеден өтіп келсек те өмір көрмеген бозөкпе ретінде кешкі бөлімге ауыстырылып, күндіз қара жұмысқа жегілдік. Сөйтіп, әуре-сарсаңмен бір жылды жоғалтып, екінші курста ғана толық студент атандық.
Университеттің қайнаған өмірі білімге сусаған бізді өз толқынымен тез үйіріп әкетті. Әдебиет, өнер, ғылымға байланысты Алматының қай түкпірінде жиын болса содан қалмаймыз. Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, Республикалық кітапхана – бәрі сүйікті орнымыз еді. Ал Мұхаңның дәрісі тек үшінші курста ғана басталатын болды.
Бірде университеттің дәлізінде төртінші курста оқитын Мұхтар Мағауин кездесе кетті. Қай мұғалімге бара жатқанымды сұрап алды да: – Өй, оның кеуек сөзін қайтесің, таста, жүр менімен, – деді. Кіші акт залында Мұхтар Әуезов дәріс оқитын көрінеді. Мені қолымнан жетектеген қалпы сонда алып кірді. Зал іші адамға лық толыпты. Студенттерден басқа ересек адамдар да бар. Алдыңғы қатарда басы қазандай, мойны қылдырықтай, бұйра шашты, қараторы жігіт Мұхтарды тосып отырса керек, бізге ығысып жанынан орын берді. Мен екеуінің ортасына отырдым. Мұхтар жаңағы жігітке қарап: – Кекілбаев, танысып қой, мына жігіт – Сұлтан Оразалин, медалист, әдебиетті жақсы біледі, екінші курста оқиды, – деді. – Ал мынау – Әбіш Кекілбаев, ақын, сыншы. Оразалин, есіңде болсын, өзіміз сияқты Кекілбаев та келешекте классик болмақшы.
Біз Әбіш екеуміз қол алыстық. Осы кезде Әуезов те кірді. Ол кісі залды шола бір қарап шығып, әлдекімдерге бас изеп амандасты да, көп кешіктірмей дәрісін бастады. Мен Аягөзде көргендегіден сәл қартайғаны болмаса, көп өзгермепті. Алғашқыда тамағын қайта-қайта кенеп, столдың қасында отырып сөйлеген еді, қыза келе түрегеліп, арлы-берлі жүріп, байыпты ағатын терең өзендей толғанды. Ұмытпасам, бауырлас халықтар әдебиеті туралы айтты-ау деймін. Қолымда дәптерім болмағандықтан сөздерін жаза алмадым. Бәрін көкейіме түйіп алмақшы болып, зейін салып, тапжылмастан сілейіп отырып қалыппын. Түйдек-түйдек ойлар, Шығыс ақындарының құдіретін басқалармен салғастырғанда жатқа айтылған жырлар, мақпалдай қоңыр дауыс бәрімізді әлдилеп қиял жетпейтін ой биігі мен сұлулық өлкесіне алып шықты. Зал сілтідей тынған. Мұхаң алдыңғы қатарда отырған біздің жанымызға жи келеді. Келген сайын жұпар иісі бұрқ ете түседі. Бойына құйып қойғандай сұр костюмінің иығы кең, төсі шалқақ. Сәнді салтанат, зиялы кербездік танылады. Қоңырқай жүзі далаға көп шықпағандықтан сұрғылт тартқан. Бетінің әжімі аз, көздері ұялы, шықшытты маңдайы жазық, бас бітімі үлкен, ешкімге ұқсамайды екен. Кейінде мен дүниенің талай атақты қасқалары мен жайсаңдарын көрдім, бірақ Мұхаңның бас бітіміне ұқсасына кездеспедім. Біз уақыттың қалай өткенін аңғармай қалдық. Мұхаң жөткірініп, қабағын сәл шытып, әңгімесін аяқтады…
Көп ұзамай Мұхаңды халқымыздың тарихындағы елеулі күндердің бірі – ұлы Абайдың алып ескерткішінің Алматыдағы ашылу салтанатынан кейін көрдік. Ескерткіштің ашылатын уақытын естіп отырсақ та, дәрістен босай алмай кеш шықтық. Бір курста оқитын Назарбек Қанафин, Зәкім Жәйлібаев үшеуміз қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы орналасқан біздің бас корпустан жаяу-жалпы жүгіріп келе жатып, жолда Әбіш Кекілбаевты кездестірдік. Ол да солай қарай бет алыпты. Төртеуміз Абай атамыздың басына жеткенше жиын аяқталып, жұрт тарқай бастапты. Ол кезде «Қазақстан» қонақ үйі де, Республика сарайы да, «Арман» кинотеатры да жоқ, ескерткіш тұрған жер ашық алаң болатын. Қазіргі Абай даңғылы енді ғана бой түзей бастаған. Абай атамыздың мүсіні көзімізге тым зорайып, Алатаумен бой таластырғандай, асқақтап көрінді. Бірден көңіліміз толып, мақтаныш сезімі оянды. Енді әр қырынан қарайықшы деп ескерткішті айнала бергенімізде қарсы алдымыздан Мұхаң шыға келді. Жанында сәнді қара костюм-шалбар киген, орта бойлы қараторы адам бар. Әбіш таниды екен, Мұхтар Жанғалин деген аудармашы көрінеді. Мұхаңның ерекше қуанышты екені бірден байқалды. Жанындағы адамды қолтықтап, оны ескерткіштің біресе оң жағына, біресе сол жағына сүйрелеп, кейде алыстап кетіп қарап мәз болып жүр. Кейбір сөздерін біз де естіп қалдық. – Қарашы, қарашы, – дейді Мұхаң. – Абайдың өзі емес пе? Нағыз өзі. Алатаудың бауырында аяғын нық басып, өзінің Шыңғысын аралағандай жүріп бара жатыр ғой, жарықтық. Ұлы адамның қуанғаны да қызық. Тіпті, зор тұлғасына қарамай жеңілтектеніп кеткен сияқты. Бізбен екі рет амандасты. Жүрісі ширап, қимыл-қозғалысы жеңіл, жүзі жадырап, арман-мақсаты мүлтіксіз орындалған адамның кейпін көрдік…
1960 жылы Мұхаңның абырой-беделі өзінің шарықтау шегіне жеткен болатын. Бір жыл бұрын Кеңестер одағының ең беделді Ленин сыйлығын алды. Халқының шексіз махаббатына бөленді. Алматының төрінде өзінің ұлы кейіпкері – Абайға ескерткіш орнатылды. Бірнеше шет елге барып, Америкада ақыл-парасатымен «шығыстың данышпаны» деген абыройлы атқа ие болып қайтты. Міне, осы күндерде, дүние жүзі үндінің ұлы перзенті Рабиндранат Тагордың жүз жылдық мерейтойын тойлап жатқан. Қазақстан да шет қалмай, Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы бірігіп конференция әзірледі. Өлеңдері мен романдарын қазақшаға аударып басып шығарды. Осы істе Мұхаң ерекше белсенділік танытты. Өйткені, Шығыстың екі данышпанының бір-біріне ұқсас істері көп еді. Конференция Ғылым академиясының акт залында өтетінін естіп, курстас достарым Назарбек Қанафин, Зәкім Жәйлібаев, Бақтыбек Қозыкеев төртеуміз соған келдік. Залға адам әлі жинала қоймапты. Алдыңғы жақта үш адам отыр екен, солардың арт жағына жайғастық. Алдында байқамаппыз, отырған соң бір-ақ көрдік: үш адамның бірі – Мұхтар Әуезов, екіншісі – өзіміздің ҚазМУ-дің ректоры, академик Темірбай Дарқанбаев,
үшіншісі – көрнекті мемлекет қайраткері Асқар Закарин еді. Олар өзара қызу әңгіме шертіп, бізге көңіл бөлген жоқ. Қайта тұрып кетуге қолайсыз көріп, байқамаған адамша басымызды бұғып, үн-түнсіз отыра бердік. Мұхаң сөзін жалғастырды:
– Академияда жаңа институт ашатын болдық, – деді ол. – Тіл институты қара орнында қалып, жаңадан әдебиет пен өнер институты шаңырақ көтереді. Бәрімен келістім. Қаныш азамат қой, қолдады. Димаш Ахметұлына кіріп, қаржысы мен штатын белгіледік. Енді ашылуы ғана қалды.
– Өзіңіз директор боласыз ба? – деді ректор.
– Жоқ, Темірбай, өсіп келе жатқан жас ғалымдар бар. Соларға жол беру керек.
– Оныңыз бекер. Сонда кім болады? – деді академик тағатсыздана, қылтанақсыз жылтыр басын орамалымен сүрткілеп. Мұхаң оған бір қырындап бұрылды да, «осының өзі қандай адам?» дегендей тесірейе қарады. Сонда да сабыр сақтап:
– Мүсілім Базарбаев деген бір жас ғалым бар. Екі тілге бірдей жүйрік. Еңбектері де салиқалы. Соны қоюға Қанышпен келістім. Өзім енді таза шығармашылықпен айналыссам деймін. Бүгінгі өмірден көп томды роман жазбақпын. Соған кірісемін.
Мұхаң мойнын созып жан-жағына қарады. Залдың іші толып қалыпты.
– Момышұлы келген жоқ па? – деді дауыстап. Бүгінгі баяндамашы сол болатын. Мұхаң сағатына қарап қойды да, әңгімесін қайта жалғастырды. – Бұл Тагор деген
адам – жан-жақты талант иесі, – деді байыппен. – Тамаша ақын, прозашы, ғалым, көсемсөзге де шебер, ірі-ірі қызмет те атқарыпты. Сөйтіп тарихтан ойып тұрып орын алған.
Осы кезде сөзге тағы да Дарқанбаев килікті.
– Мұха, Тагорды көп қызмет атқарған деп айтып отырсыз. Сіз де тарихта қалу үшін ең болмаса, факультеттің деканы болмайсыз ба? – дегені.
– Өй! – деп оқыс дыбыстаған Закарин ректорды тоқтатып үлгерген жоқ, Мұхаң кең кеудесімен Дарқанбаевқа шұғыл бұрылып, бүркітше шүйілді.
– Әй, Темірбай, сен ақылды ма деп жүрсем, өзің неткен шолақ ойлайтын адамсың! Мен жаңа ғана айттым емес пе? Маған сенің ректорлығың да, директорлығың да керек пе?! – деді. Академик шағын денелі, тығыршықтай адам еді, Мұхаңа қошемет жасаймын деп жаңылып, шарасыз күйде, ыржиып күле берді.
Мұхаң орнынан сілкіне тұрды.
– Қайда әлгі Момышұлы? Бұлар әдеп пен тәртіпке қашан үйренеді? – деді қабағын шытып. – Жиналысты бастай береміз! Ол президиумға қарай бет алды. Дарқанбаев жан-жағына айыпты баладай жаутаң-жаутаң қарап, орнында отырып қалды…
Сол 1960 жылдың желтоқсан айының соңында университетте Мұхаңмен кейіннен тарихқа айналған ғажайып кездесу өтті. Алматының зиялы қауымы ұлы жазушымен болатын кездесуді түгел естіп, көпшілігі қатынасты деуге болады. Өйткені, біздің бас корпусымыз орналасқан, бұрынғы үкімет үйінің кең акты залында ине шаншар орын қалмады. Мен бұл жиынның болатынын күнібұрын естігем. Оны ұйымдастырып жүрген Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин – күнде көріп, араласып, сырласып жүрген достарым. Олардың бірі – Кекілбаев әдеби бірлестіктің бастығы, екіншісі – Мағауин «Шағала» атты сала құлаш қабырға газетінің редакторы. Бұл сол кездегі біздің ұғымда недәуір беделді қызмет, тек жоғарғы курсқа барғанда ғана қол жететін мансап. Олай дейтінім, төртінші курсқа келгенде біз де бірлестік пен газетке белсене қатынастық. Менің өзім ұзындығы жеті метр «Шағала» газетінің екі-үш санына бас редактор болдым. Соңғы санында досым Бақтыбек Қозыкеевтің тентектеу, еркін жазылған өлеңдерінің топтамасын жариялаған едім, КГБ-нің қырағы қызметкерлері газетімізді тәркілеп, көзін жойыпты.
Сонымен кездесу желтоқсанның 26-да ашылды. Біз әдетімізше, ертерек қамданып, үшінші қатардан орын алдық. Алдыңғы қатарға атақты ақын-жазушылар келіп отырып жатты. Жиынның алдында Мағауин айтқан, Әбіш жастар поэзиясы туралы баяндама жасайды, одан кейін Мұхаң сөйлейді деп. Көпшіліктің арасынан Қадыр мен Тұманбайды таныдық. Менің жанымда Рымғали Нұрғалиев отырған. Ол жас ақын-жазушыларды біледі екен, маған сыбырлап әрқайсысының шама-шарқына баға берді. Залдың іші абыр-дабыр, у-шу. Бір кезде «Мұхаң келе жатыр» деген дауыстар шықты. Залдың есігі президиумның екі қапталында, біз отырған жерден дәлізде жүрген адамдар көрініп тұрды. Сол тұстан жанында бір топ адамы бар Мұхаң шықты. Топтың арасынан әппақ манардай сұлу бойжеткен, үшінші курстың студенті Бануды, одан сәл кейініректе қара костюм-шалбар, ақ көйлек киіп, сәнді галстук таққан, толқынды шашы көмірдей қара, сымбатты жігіт – Сәкен Жүнісовты таныдық. Басқа кімдер барына мән бермеппін. Мұхаңды зал үлкен қошеметпен қарсы алды. Бану біздің қатарымызға келіп отырғанда, оның курстасы Рымғали әдетінше өткір әзіл айтып еді, сұлу қыз, асқан ізеттілікпен: – Бауырым-ай, апайыңа еркелемесең отыра алмайсың-ау, – деді. Ал Сәкен туралы: «Мұхаңның сүйікті аспиранты, талантты жазушы» деген сыбыр-күбірлер естіліп қалды.
Әбіш баяндама жасады. Өте жақсы сөйледі. Мұхаңның жүзі бал-бұл жанып, шәкіртін ықыласпен тыңдап, қоштағандай басын изеп отырды.
Мұхаң өз сөзінде тек әдебиет қана емес музыка, бейнелеу өнері саласындағы жас толқынды қоса қамтып, жаңа буын, талантты топтың ішінде ақындар Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, композитор Шәмші Қалдаяқов, суретші Қанапия Телжановтардың атын атады. Өнерде «шала Шекспирлер» мен «толыспаған Толстойлар» болмаса, танылмай, көрінбей қалатын таланттың жоқ екенін айтты. Сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде таяуда ғана Нобельдік сыйлық алған Борис Пастернактың «Доктор Живаго» романын талдап, әдеби тұрғыдан құны төмен шығарма екенін дәлелдеді. «Пастернак жақсы аудармашы, бірақ романы нашар шығарма. Нобель сыйлығы саяси есеппен берілген» – деді. Мұхаңның көсіле шалқыған сөзінің ішкі мәні терең еді. Кең кеудесі күмбірлеп, аталық арман, ағалық ақыл, азаматтық парасат пен асылды қиядан танитын көрегендігі бәрімізді тәнті етті. Оның дуалы аузына іліккендердің бәрі бір-ақ сәтте абыройдың биік баспалдағына көтерілгендей әсер қалды. 26 желтоқсан әдебиетіміздің тарихындағы айтулы күндердің бірі ретінде университетте көп жылдар бойы аталып, жас таланттардың бас қосып, бағын сынайтын қасиетті күніне айналды. Бұл – Мұхаңның нұрлы жүзін тірісінде көрген соңғы күн еді…
Мұхаңның өмірден баз кешкенін оқыс, тосын жағдайда естіп, есім шығып кетті. Дүкенбай Досжанов екеуміз жалдамалы пәтерде тұратынбыз. Маусым айы, емтихан тапсырып жатқан кез. Таң атысымен кітапханаға тартамыз. Мен екеумізге тиесілі шағын бөлмедегі радионы қосып қалып едім Москвадан жаңалықтар беріліп жатыр екен, диктор Мұхтар Әуезовтің қайтыс болғанын хабарлады. Оқыс, сұмдық хабар тосыннан найзағай жарып өткендей әсер етсе керек, есеңгіреп отыра кеттім. Дүкенбай болса, әдепкі самарқаулығына салып, «Москва шатасып тұрған шығар, Алматының хабарын тосайық», – деді. Көп ұзамай Мұхаңның Москвада ауыр науқастан қайтыс болғаны туралы Қазақстан үкіметінің ақпаратын Әнуарбек Байжанбаев соншама қасіретті дауыспен жеткізді. Көзімнен жас парлап, іші-бауырым езіліп, төсекке жата кеттім. Ең жақын, ең қадірлі адамымнан айрылғандай күйде едім. Дүкенбай кетіп қалды. Кеш бата бойымды жинап, Мұхаңның үйіне барсам, адам көп, абыр-сабыр, біреуді-біреу біліп болмайды. Қазақ үй тігіліпті. Мұхаңның денесін әкелуге Москваға Ғабит Мүсірепов бастаған делегация кетіпті, ертең қайтады екен. Мен жатын орныма қайттым.
Ертеңінде келгенде бірінші көргенім – Кәмен аға. Жыласа керек, көзінің айналасы қызарып, өңі қуқыл тартыпты. Мұхаңның денесін табытымен кабинетіндегі жазу столының үстіне қойғанын сол кісі айтты. Ол жерге тек бір-екі адамның баруына ғана рұқсат берілген. Соның бірі – өзі. Ауық-ауық кіріп, мәйіттің бетін ашып, табыттың маңайындағы мұзды реттейтін көрінеді. Таң атқанша ұйықтамай күзетіп шықпақ.
Бұл – Мұхаң алдындағы інілік парызы. Маған да кетпе деді. Ұлы адамның жүзін оңашада көріп қалғанымды жөн санады.
Іргедегі киіз үйде негізінен алыстан келген қарт адамдар отырды. Менің танығандарым – Әрхам ақсақал мен Кенен ақын. Абай, Мұхтар туралы, ел оқиғаларын екеуі кезек-кезек әңгімелеп отырды. Қалған жұрт соларды тыңдауда. Бір кезде, түн ортасына таман «ой, бауырымдаған» дауыс пен ат тұяғының тасыры естілді. Қырғыз ағайындар екен, күні бойы атпен жүріп, жаңа жетіпті. Ішінде бір зор денелі адам ұзақ жылады. Көз жасы тиылып, беті-қолы жуылған соң әлгі адам сабырмен отырғандарға көңіл айтты. Енді тіктеп бір-біріне қарасып, жөн сұрай бастағанда жаңағы қырғыздың көзі қасында отырған Әрхам ақсақалға түсіп кетті де: – Әрхам аға, сізсіз бе? – деп дабыстай ұмтылды. Әрхам да таныса керек, орнынан атып тұрып көрісті. Екеуі ұзақ құшақтасып, қайта-қайта төс қағыстырып, мауықтары басылған соң ғана тізе бүкті. Әңгімені қырғыз шалы бастады.
– Осы ғасырдың басында, шамасы, 15-16-шы жылдары болса керек, – деді ол. – Әбден зорлығы өткен, туған-туыс, әке-шешеме де тізесі батқан, мені құрту үшін тұзақ құрып жүрген бір бай адаммен өштесіп, қапысын тауып атып өлтірдім де тау арасына қашып кеттім. Бар-жоғы он сегіз жаста едім. Бірақ қырғыз жері пана болмай, содан Сарыарқа асып, Шыңғыстаудың құз-қойнауларын паналап екі жылдай саяқ жүріп, өмір өткіздім. Бір күні, тау арасында достарымен аң аулап жүрген Мұхтарға кездесіп қалдым. Ол менің әңгімемді тыңдап болған соң ауылына апарды. Аты-жөнімді өзгертіп, құжат әперді. Елдегі бір қызға қосылып, балалы-шағалы болдым. Заман түзелген кезде еліме қайттым. Әрхам аға, менің тағдырымды жақсы білесіз. Ұзақ уақыт хабарласа алмағаныма кешірім сұраймын. Мұхтардың атақ-даңқына сырттай малданып, қуанып жүруші едім, суық хабар жеткенде жата алмадым. Ең болмаса топырақ салып, басымды иіп, көзім тіріде кеш те болса ұрпағына алғыс айтып қалайын деп жеткенім осы.
Осы кезде тағы бір топ адам келді де мен сыртқа шықтым. Кәмен аға мәйіттің қасында деген соң үйге кірсем, Мұхаңның бетін ашып қойыпты. Ұлы адам ұйықтап кеткен тәрізді. Нұрлы жүзі көгілдір тартып, танауы қусырылған. Оң жақ шекесіндегі ұсақ меңдері айқындалып, біреуі, тіпті, зорайып көрінді. Мұхаңның мәйітінің жанында тұрғанда қатты толқығандықтан болар, денем түршігіп, сыртқа қайта шықтым. Бірақ зердемде соңғы бейнесі қалып қойды.
Мұхаңның денесі Опера және балет театрының екінші қабатына қойылды. Театрдың ішінде зарлы музыка толассыз ойналып, «Қыз Жібектегі» жоқтауды айтқан Күләштің таспадағы даусы сай-сүйегіңді сырқыратады. Ара-арасында Бибігүл Төлегенова, Шабал Бейсекова, Ришат, Мүсілім Абдуллиндер мен Ермек Серкебаевтар әр түрлі операдан жоқтау әндерін өздері айтты. Бүкіл елді ерекше толқытқан Аналықтың зары айтылғанда театрдың іші күңіреніп кетті. Мен елмен бірге өтіп бара жатыр едім, сол жерде қызмет көрсетіп жүрген Есмағанбет Ысмайылов тоқтатып, марқұмның ағайындары, сырт қонақтар отырған жерге апарып, білегіме шеті қызылмен көмкерілген қара шүберекті байлады да: – Сен Мұхаңның ұрпағы емессің бе, туыстарының ішінде бол, – деді. Мұхаңның жұбайы – Валентина Николаевна, қыздары Мұғлима, Ләйла, ұлдары Мұрат, Ернар,
күйеу баласы Асқар, Абай ауданынан келген туыстарының ортасына мен де қосылдым.
Мұхаңның табытын қазіргі Абылай хан көшесінің бойымен қалалық зиратқа қарай алып жүрді. Мыңдаған адам қаралы топқа ілесті. Ал көшенің екі қапталында иін тіресіп тұрған халықтың санын ешкім білмейді. Біз Мұхаңның табыты салынған катафалктің соңында бірінші келе жаттық. Бұрынғы Үкімет үйінің тұсына келгенде Дінмұхамед Қонаев бастаған бір топ үкімет адамдары қосылып, бізден кейінгі қатармен жүрді. Күн шыжыған ыстық еді. Сол кезде қайғыдан әдбен қалжыраған Валентина Николаевна мен Мұхаңның туған қарындасы – Үмияны бір қара «Волга» келіп алып кетті. Зиратқа дейін жаяу ұзақ жүрдік. Бұдан кейінгі оқиғалар жұртқа мәлім. Қабірдің басындағы Қаныштың, Ғабиттің сөзі Мұхаңсыз жетім қалғандай еңіреп тұрған халықтың жүрегін тебірентті.
Сол күнгі кеште Мұрат әкесінің менің ағам Кәмен Оразалинге дүниеден өтерінен қырық сағат бұрын жазған соңғы хатын көрсетті. «Қымбатты Кәмен! – деп бастайды Мұхаң, одан әрі өзінің ұлы Мұратты таныстырып, «әкесі туған жерді, елді көруге» баратынын айтады. «Өзіңнің үйіңе түсір, өзің елді аралат», – деп өтінеді. Туған жерге, елдегі бар ағайынға сәлем жолдайды.
Даналықтың бір тылсым сыры – өз тағдырын алдын ала сезінуінде ме деп ойлаймын. Мұхаң дүниеден өтерін білгендей ең жақын дос-жарандарымен, туған жері, ағайын-бауырларымен түгел бақұлдасуға үлгеріпті. Дәмі таусылар соңғы сағатта өз басын емес, алыстағы елі мен халқын ойлап жатқаны таңырқатады…