ҚАЗАҚСТАН – ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ МҰРАГЕРІ
18.06.2024
658
2

«Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінен

Адамзат тарихында бүкіл әлем мойын­даған, жарты әлемге үстемдік жүргізген көптеген империялардың болғаны белгілі. Мұндай империялардан қазақ даласы да кенде болған жоқ, кем қалған жоқ. Әлімсақтан бері қарай Еуразия кеңістігінде үстемдік құрған, ұзақ уақыт бойы тікелей Қазақстан территориясында өмір сүрген, өте үлкен аймақтарды алып жатқан, Еуропа мен Азияда бірнеше мемлекеттердің түзілуіне аса зор ықпалын тигізген ірі империялардың үшеуін біздің ата-бабаларымыз құрған болатын. Олардың біріншісі – Ғұн империясы, екіншісі – Түрік қағанаты, үшіншісі – Жошы ұлысының негізіде құрылған Алтын Орда мемлекеті. Алтын Орда бірнеше хандықтардың (мемлекеттердің) құрылуының негізін қалады. Оның ішінде, ең алдында Қазақ хандығы тұр!
Ғұн империясы туралы сөз қозғағанда Қазақстан территориясында Сақ, Үйсін, Қаңлы мемлекеттерін ешқашан да айналып өтуге болмайды. Бұлар, кезінде кеңестік заманның идеологиясы оқытқандай, жай ғана тайпалар одағы болған жоқ. Олардың әрқайсысы бес-алты ғасырдан өмір сүрген, «мемлекет» деген түсініктің бес түрлі атрибутына (белгісіне) жауап беретін, белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жерде өмір сүрген халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғары дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы бола алды.
Бұл мемлекеттердің бес негізгі атрибуттары:
1) халқы
2) территориясы
3) шекарасы
4) заңы
5) осы заң негізінде ел басқаратын билеушісі толыққанды болды. Сондықтан да олардың өмір сүруі ұзаққа созылды. Олардың мықты мемлекеттер қатарында болғанын сол кездегі аса қуат­ты, ірі мемлекеттердің басқыншылары Македонскийдің, Кирлер мен Дарийлардың Сақтардың даласына жасаған жорықтарының сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс табуынан айқын көре аламыз. Үйсіндер мен Қаңлылар да осындай қуатты мемлекеттер болғаны һақ!
Енді Еуразиялық кеңістікке үстемдігін жүргізген түріктік империяларға тоқталайық. Алғашқысы Ғұндар біздің жыл санауымыздан бұрынғы, тарихта «Ғұн үйінің өрлеуі» деп аталатын 209 жылы Мөде хан билікке келгеннен бастап, біздің заманымыздың 454 жылы ғұндардың Ұлы билеушісі Еділ (Аттила) батырдың кенеттен қайтыс болған кезге дейін 563 жыл, яғни алты ғасырға жуық уақыт өмір сүрді. Тарихи деректерде Ғұн мемлекетінің құрамында 24 тайпадан тұратын түріктілдес тайпалар болды. Ғұндардың территориясы әртүрлі кезеңдерде белгілі тарихи оқиғаларға байланысты өзгерістерге ұшырап, мемлекет дамуының шарықтау кездерінде шығыста Хуанке өзенінен батыста қазіргі Италия, Франция, Германия, Венгрия және тағы да басқа мемлекеттердің жерлеріне дейін созылып жатты. Олар көптеген Еуропалық мемлекеттердің негізінің қалануына орасан зор ықпал етіп қана қоймай, мемлекеттік құрылымның өз заманындағы озық үлгісін де көрсетіп берді. Ғұндардың аса қуатты екеніне, көрші мемлекеттер олардан қатты сескенетініне бір ғана мысал келтірер болсақ, қытайлықтардың ғұндардың жауынгерлік құдіретінен қорқып, шабуылдарынан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын салуын айтсақ та жеткілікті болады ғой деп ойлаймыз. Тіл мәселесіне келетін болсақ, тіл ғылымының диахрондық, синхрондық және тарихи салыстырмалы әдістері арқылы жүргізілген зерттеулері мен тарих, археология ғылымдарының жетістіктері Ғұндардың сөйлеу тілінің түркі тіліне жақындығын дәлелдеуге негіз болды. Ғұндардың алдындағы сақтардың тілінің де көне түркі (прототюркский) тіліне жататынын лингвист ғалымдардың басым көпшілігі өз еңбектерінде әлі күнге дейін жалықпай дәлелдеп келеді.
Ғұндардан кейінгі Еуразиялық кеңістікте өз үстемдігін құрған – Түрік қағанаты. «Жаралғалы қара жер, Жаралғалы көк аспан, Естеми мен Бумынның, Адамзаттан бағы асқан!», – деп Мағжан ақын жырға қосқан біздің заманымыздың 552 жылы Бумын қағанның Түрік қағанатының тағына отырған кезінен бастау алып, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік басына келген уақытқа дейін Орталық Азия мен Қазақстан аумағында бой түзеген көптеген ортағасырлық мемлекеттердің әлемдік тарихта алатын орны мен рөлі ерекше қағанат. Түрік қағанаты, Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттары, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қарахан, Қыпшақ хандықтары, Наймандар, Керейіттер, Жалайырлар, осы мемлекеттердің барлығы да Еуразиялық кеңістікте бұрынғы сақтардың, ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың тікелей мұрагерлері болды десек еш қателеспейміз. Орталық Азия мен Қазақстанның ба­йырғы халқы ешқайда жойылып кеткен жоқ. Мемлекет атаулары өзгергенімен сол аймақты мекендеген халықтардың кейінгі ұрпақтары ата-баба жерлеріне ие болып, ұрпақ сабақтастығы өз жалғасын таба берді. Мысалы, біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда өмір сүрген 24 тайпалы «Ғұн үйінің» құрамында болған қыпшақтардың этникалық атауы осы уақытқа дейін сақталып, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының құрамындағы ең саны көп рулық бірлестік – қыпшақтар болып отыр. Осындай ойлардан кейін Түрік кезеңіне тән ерекше бір мәселе сол, дәл осы ғасырларда «Мәңгілік Ел» түсінігі қалыптасты. Мәңгі билеу­ші, мәңгі мемлекет емес, халықтың мәңгілік екенін меңзейтін ұлы қағида. Бұл ғасырдың тағы бір үлкен жаңалығы – VIII ғасырдан бастап Орталық Азия мен Қазақстан территориясына мұсылман діні ене бастады. Бұл үрдіс қоғамдағы біраз құндылықтардың өзгеруіне әсер етті. Қала мәдениеті өркендеді, ғылым дамыды. Әл-Фараби сынды ғұлама ғалымдардың үлкен шоғыры ғылым көшін алға сүйреп, біздің бабаларымыздың аса талантты халықтың ұрпақтары екенін жалпақ жұртқа мәшһүр етті.
Ал Еуразиялық кеңістікте үстемдік жүргізген түріктілдес халықтардың үшінші империясының тарихы тікелей Шыңғыс хан және оның ұлы Жошы бастаған ұрпақтарының есімдерімен тығыз байланысты. XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында Орталық Азия мен Қазақстан даласындағы саяси жағдайы күшті көшпелі тайпалар одағы билеушілерінің арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы күрестің күшеюімен сипатталады. Осы күрестің барысында монғол тайпасының өкілі Темучин (1162-1227 жж.) Орталық Азия тайпаларын біріктірді. Сөйтіп, ол Орталық Азия даласындағы ең құдіретті жаулап алушыға айналды. Шыңғыс хан –моңғолдың борджигин руының батыры Есукейдің ұлы. Анасы – Қоңырат тайпасының қызы Өлэн (Оэлун) эне Есукейге төрт ұл, бір қыз сыйлайды. Тұңғышы –Темучин. Аса көрнекті зерт­теуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының («Қазақ мемлекеті және Жошы хан». Алматы, «Елтаным» баспасы, 2014) айтуынша, Темучин тоғыз жасқа толғанда әкесі Есукей қайын жұртына келіп, қоңырат Дэй шешеннің қызы Бөртеге атастырып, құдаласып қайтады. Қайтар жолда татарлардың тойында ішкен тамақтан, татқан дәмнен уланып, ат жалын құшып үйіне әзер жетіп көз жұмады. Өмірі аттан түспеген Есукей батыр осылайша опасыздықпен мерт болады. Аристократтар әулеті, қаншама қан кешті өмірді басынан кешіріп жүрсе де ата-бабаның ұрпақ жалғастық салтын ұмытпады. Әкесіз ғұмыр, іште қайнаған кек Темучинді тым ерте ер жеткізді. Бала Темучин он бес жасында қолына қару алып, алғаш атқа қонды. Темучин өзінің қайсар інілері мен етене жақын достарымен топтасып елеулі күшке айнала бастағаны осы тұс болатын. Хан болсын, қара болсын оның келешек тағдыры отбасы өмірінен басталатыны белгілі. Темучинде ақылды ана, алып інілері, айбынды серіктері бар еді. Өз отын өшірмес үшін оған енді өмірлік жар қажет болды. Жасы 17-ге толған шағында, 1178 жылы іргелі қоңыраттар еліндегі кезінде әкесі айттырып, құда түскен Дэй шешеннің қызы Бөртеге үйленеді. Қоңыраттың әпкелі-сіңлілі қыздары, бірі ене, екіншісі келін болып, болашақ алып империяның билеушілерін дүниеге әкеліп, оларды тәбиелеп өсірудегі ерен еңбектерін ерешке атап өту керек. Темучиннің батыр ұлдары мен қаған ұлдары осы киелі шаңырақта дүниеге келіп, ана сүтінің қасиетімен жетіліп, Өлэн ене мен Бөрте анадан тәлім-тәрбие алып өсті. Осындайда қазақтың «Батыр Анадан туады» деген қанатты сөзі ойға орала береді.
Өмір сүрген заманы, ата салты, жылдан-жылға арта түскен аруақ салтына орай Темучин ресми түрде төрт мәрте төсек жаңғыртты, яғни төрт әйел алды. Әуелгі некелі бәйбішесі Бөрте ханым (үжин) еді. 1202 ит жылы татар жорығында жүріп, татардың тайпабасы Их-Череннің әпкелі-сіңлілі Есуген және Есуй атты екі қызына үйленеді. 1204 жылы кіші батыс жорығында жүріп меркіт Дайыр Үсеннің қызы Құлан бикемен жастық қосады. Осы ресми әйелдерінен кейбір деректерге қарағанда жиырма шақты ұл, бес қыз сүйген. Осылардың ең үлкені қазақ даласында Ұлық ұлыстың негізін қалаған Жошы болды.
Жошы Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, белгілі қолбасшы, әрі батыр, әскери сыналған стратег болды. Бөртеден туған Темучиннің төрт ұлы да бірінен- бірі өткен батыр, ержүрек адамдар болатын. Осындай ұлдарының арқасында, Тоғорыл, Жамуха, Мұқали сияқты сол заманның аса ірі мемлекет қайраткерлерінің қолдауымен Темучин Орталық Азия мен Қазақстан аймағындағы тайпалардың басын біріктіріп, үлкен мемлекеттің негізін қалау мүмкіндігіне ие болды.
1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің сағасында Темучинді жақтайтын көшпелі шонжарлардың құрылтайы өткізіліп, сонда ол тоғыз құйрық қыл байланған ақ ту желбіреген жағдайда салтанатты түрде Ұлы хан деп жарияланды. Сонымен бірге Құрылтай Темучинге Шыңғыс хан атағын бекітіп берді, бұл оның өз есімінің орнын басты. Темучин-Шыңғыс хан былай деп мәлімдеді: «Мен… түрлі мемлекетті ақиқат жолына бағыттап, халықтарды өзімнің біртұтас билігіме қараттым». Мүмкін ол сол мезетте батыс пен шығысқа жасаған жорықтарының нәтижесінде өзінің қандай шыңдарға шығатынын білмеген де болар, алайда көп уақыт өтпей-ақ, оның өзі және балалары мен немерелерінің жаугершілік соғыстарының арқасында жарты әлемнің билеушісі болатынын сезгендей көрінеді. Шыңғыс ханның жаулап алу жорықтары туралы мыңдаған еңбектер жарияланғанын, олармен оқырман қауым жақсы таныс екенін ескере отырып, біз әңгімемізді Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға, оның құрған мемлекеті Жошы ұлысына байланысты жалғастырсақ жөн ғой деп ойлаймыз.
Жошы ұлысы – басында моңғол, кейін түркіленген, шамамен 1240 жылы Русь княздықтарын жаулап алған Моңғол империясының батыс бөлігінде орналасқан хандық. Жошы – Шыңғыс ханның алғашқы әйелі Бөртеден шамамен 1182 жылы туған үлкен ұлы. Шыңғыс хан Бөртеден туған төрт ұлына барлық жерін үлеске бергенде Жошының еншісіне Ертіс өзенінен бастап батысқа қарай Қыпшақ даласы түгел тиеді. Жошы (1179-1227) – аз ғұмырына қарамастан 60-тан астам ірі шайқасқа қатысты, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалын бағындырған әйгілі қолбасшы. 1207 жылы Сібірдегі орман жұртын қантөгіссіз бағындырып, 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып, Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалды басып алған. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Әкесінен Қыпшақ даласын үлесіне алып, тарихта бұл жерлер «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталды.
Ұлытау – қазақ үшін айрықша қасиетке ие, құтты мекен. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан «Ұлытау» атанған киелі мекен. Дәл осы жерде болашақ қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Сол қазақ мемлекетін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерген айбарлы Абылай да осы топырақта ақ киізге отырып үш жүздің ханы болды. Сол секілді қазақтың хандық дәстүрінің соңғы буыны Кенесарының тәж кию салтанаты өткен жер де осы қасиетті Ұлытау даласы еді.
Бұл жерде барлық қазақ хандарының атасы саналатын Жошы ханның және аты алғашқы түркі тайпаларының басын қосып ел еткен Алаша ханның мазары бар. Едіге мен Тоқтамыс ханның зираты жатыр. Рас болса, Ақназар ханның жатқан жері де осында. Домбауыл, Хан ордасы, Алтыншоқы, Басқамыр, Аяққамыр, Болған ана, Теректі әулие және Ерден мазары бар. Ұлытау ауданы бойынша 680 тарихи-археологиялық және архитектуралық ескерткіштер орналасқан, яғни Ұлытау – Еуразия төріндегі ең маңызды оқиғалар болған тарихи орын.
Жошы ұлысы – дүниенің төрт бұрышына билігін жүргізген Шыңғыс ханның өз иелігіндегі жерлерін төрт ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне тиген аса үлкен территориялық аумақ. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген екен. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен.
Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды, яғни Жошы әкесі Шыңғыс хан секілді әлем тархында 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда атты ұлы империяның негізін қалап кетті. Жошы қыпшақ даласына келіп өз ұлысын құрғанымен моңғолдық дәстүрмен жүрген жоқ. Жергілікті қыпшақ халықтарының ділі мен дініне еркіндік берді. Көп ұзамай Жошының ұрпағы жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысына қарай икемделіп, біржолата сіңісіп кетті. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының еңбектеріне сүйенсек, «Олар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған, яғни, сол кез­дің өзінде мұсылмандықты қабылдап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен», – деп жазады ол.
Шыңғыс хан ұлдарына бөліп берген территорияларды моңғол ұлыстары деп атау – тарихта әдетке айналған ұғым. Әйтсе де, Шыңғыс хан құрған империяның да, кейіннен оның ұлдарының құрған ұлыстарының халқы негізінен түріктілдес тайпаларды құрайды. Аса көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны» (Алматы, 2015) атты еңбегінде Шыңғыс хан империясын негіздеуші тайпалардың барлығы дерлік түріктілді рулар мен ру бірлестіктері екенін баяндайды.
Тура осындай ойды Жошы ұлысына қатысты зерттеуші ғалым Зардыхан Қинаятұлы да өз еңбектерінде айтып өтеді. Жошы ханның мазарын зерттеушілердің айтуынша мазар қабырғаларында тікелей қазақ халқының құрамына кірген 26 рудың аттары аталады екен.
Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге – Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлініп кетеді.
Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді.
Жошы хан дүниеден өткеннен кейін оның ізін екінші ұлы Бату хан жалғастырды. Осы кезеңнен бастап Жошы ұлысы тарихта Алтын Орда деген атаумен жазыла бастады. Алтын Орда деген атаумен тарихта қалған ұлы империяның алғашқы билеушісі әрі исі қазақ хандарының атасы (қазақтың хан ұрпақтарының барлығы да Жошы әулетінен тарайды) Жошы 46 жасында дүниеден өткен. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында жатыр.
Енді осы Жошы хан құрған ұлыстың қандай аймаққа таралғаны туралы айтар болсақ, Еуразия кеңістігінде үстемдік жүргізген бұл империяның XIII-XIV ғасырларда қамтыған аумағы орасан зор болған. Тарихшы Вадим Леонидович Егоровтың «Историческая география Золотой Орды в XIII-XIV вв.» (Москва, 1985) деп аталатын монографиялық еңбегіне сүйеніп айтар болсақ, Жошы ұлысының тікелей мұрагері Алтын Орданың қалаларының қай жерлерде орналасқанына көз жеткізуге болады. Прут және Днестр өзендерінің аралығында Аккерман, Килия, Костешти қалашығы, Старый Орхей қалашығы, Днестр мен Днепр өзендерінің аралығында Маяк, Великая Мечетня, Безымянное, Солоное, Аргамакли-Сарай, Ақмешіт, Балыклей (Балықты) қалашықтары, Днепр сол жағалауында Кучугур, Тавань, Конское қалашықтары, Қырым жарты аралындағы Қырым қаласы, Қырық ер қаласы, Воспор (Керчь), Кафа, Солдайя (Судак), Чембало (Балаклава), Федорово қалашықтары, Дон өзенінің жағалауындағы Краснохуторское, Павловсое, Тишанское, Дурновское, Глазуновское, Кумылженское, Ситниково, Азак қалашықтары, Еділ өзені жағалауындағы Булгар, Джукетау, Биляр, Сувар, Кашан, Кременчук, Иски-Казань қалалары мен ондаған қалашықтар мен елді мекендердің Алтын Орданың қалалары екенін зерттеуші нақты деректермен дәлелдеп жазады. Бұл қалалар Алтын Ордаға тиесілі қалалардың оннан бір бөлігі ғана. Солтүстік Кавказдағы, Еділ-Жайық өзендерінің аралығындағы, Сібірдегі, Хорезмдегі Алтын Ордаға қарайтын қалалардың санында есеп жоқ. В.Л.Егоровтың еңбегіндегі қала атаулары – қазіргі күндегі елді мекендерге берілген атаулар.
Жошы ұлысының тікелей мұрагері Алтын Орда екенін айта келе, қазіргі таңдағы Алтын Орданың тікелей мұрагері Қазақстан екенін баса айтқымыз келеді.
Жошы ұлысының тарихын зерттеген кезде Шыңғыс ханның Шағатай мен Үгедей ұлдарына бөліп берген территориялардағы құрылған ұлыстардың тарихын ешқашан естен шығармау керек. Өйткені бұл ұлыстардың да орналасқан жерлері – әлімсақтан бері қарай мекендеп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған атамекені. Бұл һақ!
Әрине, бір мақала жазу барысында Жошы ұлысына қатысты барлық мәселелерді қамту мүмкін емес екені белгілі. Әсіресе көпшілік оқырманның көкейінде жүрген Шыңғысханның жерленген жері қайда, Жошы – Темучиннің ұлы ма, Алаша хан мазарында жерленген кім екен, Шыңғыс ханның бейіті Бұхтарма су қоймасының астында қалғаны рас па деген сияқты сауалдарға жауап табуды алдағы күндердің үлесіне қалдыра тұрайық.
Қорытындылай келе мынаны айтуды жөн санап отырмыз, кейінгі уақыттарда тарихтан хабары жоқ әлдекімдердің аузынан қазақ даласында тәуелсіздік алғанға дейін бір де бір мемлекет болмаған, шекарасы белгіленбеген деген қитұрқы сөздер мен теріс пікірлер айтылып қалуда. Оларға соққы беру үшін тарихты деректерге сүйене отырып жазу керек, айту керек. Бұл – қазіргі заманның талабы.

Талдыбек НҰРПЕЙІС,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,

Тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының академигі

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 26.06.2024 | 19:23

Автор дұрыс жазып отыр. Тек моңғол емес моғол шығар

Қонақ 23.10.2024 | 07:27

Несі дұрыс, мына сақау орыстың өзінше шүлдірлеген қалалар атауын жазып миын су болған шығар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір