Бала қиялының бағбаны
22.04.2016
3348
0

Құныпия Алпысбаев,
филология ғылымдарының докторы, профессор


ТобаяковҚазақ әдебиетінің тарихында журналистік қызметін жазушылық қырымен байланыс­тыра отырып, шығармашылығын ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған қаламгерлер аз емес. Олар ұрпақ санасына ұлттық рух орнатып, бойларына ұлттық салт-дәстүр қалыптастыруды көздейтін шығармалар жазып, балалар әдебиетінің өркендеуіне белсенді атсалыс­ты. Солардың бірі – өмір бойы «Қазақстан пионері» газетінде, «Балдырған» журналында, шетелдегі қандастарымызға арналған «Шалқар» газетінде жауапты жұмыстар атқарып, балалар басылымдарының еңбекторысы болған Құрманбай Толыбаев. Ол тірі болса, биыл тоқсанға келер еді. Құрманбай тағдыры өз замандастары тағдырына ұқсас та, ұқсас емес те болатын. Ұқсастығы – кіндігі атақоныс-атамекенінде кесіліп, атамекенде топырақ бұйырса, ұқсамайтыны – ғұмырының ширек ғасырын, балалық шағы мен жігіттік кезеңін шет жұртта өткізіп келуі.

Құрманбай Толыбаев өмірге келген жиыр­масыншы ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың орта кезімен отызыншы жылдары халықты мылтықсыз-ақ қырылуға мәж­­бүр еткен Сталиндік-Голощекиндік нәу­бетке ұласып, аштық пен қуғыннан жан сау­ғалау үшін қалың ел жан-жаққа жапырыла көшкені белгілі. Сол көптің ішін­де жалғыз ұлы – бес жасар Құр­ман­байды арқалап алып, Шығыс Түркістанға тартып отырған Игі­лік би де бар еді. «Малым – жанымның са­дағасы» дегендей, өкі­мет тартып алғаннан қалған мал-мү­лікті түгел жұртқа тастап, өз бас­тарын ғана әрең жеткізгендер тіршіліктің не­бір ауыр азабын кешті. Ұрпағын аман қал­дырып, ұлттық салтын, тілі мен дінін сақ­тау жолында неге болса да көнді. Міне, сол қазақ халқының басына зұлмат әкелген жыл­дардың қияметін тартып, тағдырдың сал­мағын мойнымен көтере, жаншыла жүріп ер жеткен ұрпақтың қатарында бел­гілі жазушы Құрманбай Толыбаев та бар еді. «Мен Асы жайлауында жаз кезінде құрман айт күні туыппын. Сондықтан атымды Құрманбай қойған екен. Бұл қазіргі Алматы облысы, Шелек ауданының территориясы. 1931 жылы салықты өте көп салған соң, осы жылдың күзіне қарай біздің үйдің малы таусылуға айналaды. Одан әрі күн­көріс тіпті қиындай түсетіні айқын болады да, екі түйе, бірнеше атпен екі үйді бастап әкем Қытай жеріне, Құлжаға түнделетe шығып, бірнеше тәулік бойы жүріп әрең дегенде жетеді. Мені тордың ішіне дорбамен жотасына таңып алып өтіпті», – деген еді кезінде Құрекең, әке­сі айтқан әңгімені еске алып. Әрине, ол жақ­та өткен соң да өмір жүгі жеңіл бола қойған жоқ. Ес біліп, етек жабуға жеткізбей-ақ тағдыр салмағы Құрманбай үшін ауырлай түсті. Сегізге толмай жатып 1934 жылы шешесі қайтыс болады. Жасы келіп қалған әке мен жалғыз әпке жанын ауыртып, жү­рек­терін сыз­дат­қан Құрманбай тағдыры еке­ні сөз­сіз. Тағ­дыр ісіне не шара? «Басқа түс­се баспақ­шыл» деген емес пе. Көнбеске амал жоқ. Әй­теуір бір тәубе етерлік жәй – Құр­манбай­дың Құлжадағы үш-төрт ағайын­ды нағашы ағалары сүйеу болады.
Игілік те әдеттегі көптің бірі емес, ел ішін­­де беделі бар, өмірге ойлы көзбен қа­рай­­тын, көңілге тоқығаны көп, салауатты адам болатын. Ептеп ескіше сауаты бар ол жиыр­масыншы ғасыр басындағы қазақ зия­лыларының еңбектерімен таныс болып, қо­лына түскенін жинап та жүретін. М.Дула­тов­тың «Оян, қазақ!» жинағының Игіліктің үйін­де болуы, оны әке аманатындай сезінген Құрманбайдың өмір бойы сақтап, тәуелсіздік таңына жеткізуі соның бір айғағы.
Өзі жете алмаған оқу-білім төріне ұрпа­­­ғым жетсе деп ойлайтын. Сондықтан Құр­ман­байды сол аймақтағы үлкен шаһар Құл­жада оқыта бастайды. Құрманбай да зе­рек, оқуға ынталы еді. Сабақты өте жақ­сы оқумен бірге әдебиетке деген сүйіс­пен­ші­лі­гі ерте оянды. Әдеби кітаптарды, га­зет-журнал беттерін қалдырмай оқып, рухани байи береді.
Жазғы демалысты жайлау төсінде мал ба­ғып, көкпар тартқан қырдағы елде өт­кі­зе­тін болашақ жазушы, қаймағы бұзыл­ма­ған қазақ салтының құшағында ер жетті. Осындай сахаралық өмірдің бел ортасында жү­ріп, қыз ұзату, келін түсіру барысын­да­ғы айтыс, сыңсу, жар-жар сияқты ха­лық­тың өнер үлгілерін көзбен көріп, құ­лақ­пен есту, ежелгі жыр, дастандарды отбасында, ошақ қа­­сында тыңдап өсуі оның кейінгі шы­ғар­ма­шылығына жемісті әсерін тигізгенін көру­ге болады. Осылайша ол бір жағынан ауыз әдебиетінің сан түрлі үлгілерінен тіке­лей сусындаса, екін­ші жағынан жазба әде­биеттің тағылымын танып өсті.
Болашақ жазушының бозбала шағы Шы­ғыс Түркістандағы түрлі әлеуметтік қақ­­ты­ғыстар, қилы төңкерістер кезеңіне сәй­­кес келеді. Жиырмасыншы ғасыр ба­сындағы қа­зақ даласындағы ұлттық ояну дәуірінің, өр­кениетке ұмтылу идея­лары­ның бұл жерде де ұшқын атып, жаң­ғыра бас­таған шағы еді. Ұлт-азаттық үшін күрес­­кендердің, ағар­тушы­лық бағыттағы аза­­маттардың озық идея­лары кейбір кітап­тары көшкен елмен бір­ге барып жүзеге аса бастаған. Туған же­р­­інде аттарын атауға бол­майтын Шәкәрім Құ­дайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев ең­бек­терін бірлі-жа­рымды көзіқарақты зиялылар оқу-ағарту жұмыстарында пайдалана білді. Құрман­бай Толыбаев та осы аяулы аза­мат­тардың аттарын біліп, шығармашылық өмі­рі­н­е ойлы көзін сала бастады, алған білімін, көр­­ген тағылымымен ұштастыруға ұмтыл­ды. Көңіл-күйін, өмір түйінін, тағдыр иінін, заман ты­нысын өлең тілінде көр­сетуге тал­пынды. Ал­ғашқы өлеңдері жарияланып, көңіліне ұя­лаған қуаныш дем бергендей болды.
Өсе келе Құлжадағы түрлі мәдени ша­ра­ларға, газет-журнал істеріне белсене ат­са­­лысты. 1934 жылы Құлжадағы гимна­зия­ға қа­былданып, оның ұйғыр бөлімінің толық орта білім сыныбын 1944 жылы бі­тірген Құр­манбай бірер жыл ауылда болады да, 1945 жылдың күзінде ғана осы қа­ла­дағы қа­зақ мектебіне мұғалім болып ор­­наласады. 1947 жылы «Төңкеріс таңы» га­зе­тіне ша­­­қырылады. 1948 жылы «Одақ» деген әде­би, саяси әлеуметтік журналы ашылып, со­ған ауысады. Белгілі жазушы Бұ­қара Тыш­қан­баев та осында істейтін. 1950 жылы март айында журнал Үрімжіге көшеді де, Құр­манбай бірге кетуге келіспей Құлжада қа­лып қояды. 1950-1951 жылдары «Халық ха­баршысы», «Жаңа жол» газет­терінде іс­тей­ді. «Жаңа жол» 1952 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап «Іле газеті» деп аталады және ал­ғашқы күннен бастап 1955 жылғы 3 та­мыз­да Қазақстанға қайтқанға дейін Құре­кең осы газеттің бас редакторы болады.
Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиеті мен өнерінің көш басшыларының бірі Бұ­қара Тышқанбаев ұйымдастырған ойын-сауық, әдеби іс-шаралардың белсенді мү­­ше­сі болады. Күрекеңнің әдеби өрісінің кеңейіп, жазуын қалыптастыруда алғашқы кез­де осы аға буын жазушының көмегі аз бол­маған. Өмірінің сол бір кезеңі туралы Құр­манбай Толыбаев былайша сыр ағы­тады: «Өзінің қоғамдық жұмысын Үрім­жі­де оқытушылықтан бастаған Бұқара біз­ге қарағанда ысылған еді. Білгенін бас­қаларға үй­ретуге жалықпайтын. Білімін жетілдіруіне қол ұшын беретін. Бір күні маған сары қа­ғазбен қапталған кішкене қолжазба кітап берді.
– Мынаны ешкімге көрсетпей оқып шық.
Ішкі бетінің басында «Шұғаның бел­гісі» деген тақырып тұр. Кімнің жазғаны белгісіз. Ешкімнің аты, жөні жоқ. Ол кезде Құлжа теат­рында «Шұға» атты пьеса жиі ойналатын. Оны да кім жазғанын білмей­міз. Сол «Шұ­ғамен» қатысы бар ма екен деп ой­ладым да, түнімен көз ілмей, отыз-қы­рық бет­тік кітапшаны екі-үш қайтара оқып шық­тым.
– Мынауыңыз тамаша әңгіме екен, кім жаз­­ған? – деп сұрадым ертесіне апарып бе­­ріп. Бұқара әлденеден сақтанғандай сы­быр­лай сөйледі:
– Аузыңнан шығарма. Бұны жазған Бейі­м­­бет Майлин деген кісі. «Халық жауы» бо­лып кеткен…
Ондай «жаулардың» Совет елінде және өзі­­міздің Құлжа қаласында да болғанын бі­­летінмін. Ішім удай ашыды. Бірталай аға­­ла­рымыз, туған-туыстарымыз «жау» боп жойыл­ған. Сондай серкелерінен ай­рыл­ған ха­лықтың жас түлектері енді-енді тү­лей бас­таған-ды».
Осы алғашқы адымдағы түлектердің ал­дыңғы тобын әдебиет саласында Бұқара бас­қарған еді. Бұқараның Құрманбай үшін аға­лық тағылымы Үрімжіге кеткен кезде де то­ластаған жоқ. Бұқара Үрімжіден хат жолдап, Құрманбайдың газетке шыққан өлең­деріне сын-пікір айтып, ақыл беріп отырды. Аға­ның ақылы да бос кетпеді. Іні көңілін өсі­ріп, жетілдіре берді, қанаттан­дыра түс­ті.
Өз елінде ұмытыла бастаған Әсеттің ән­шілік мектебін қайта тірілткен, әншілік өнер­дегі өзіндік өрнегін қалыптастырған қа­зақ халқының ғажайып әншісі Дәнеш Ра­қышевпен бірге тағдырлас өмір кешіп, сол аймақтағы халықтың ән, күй мұрасын, әсі­ресе, Әсет әндері мен өлеңдерін жинауға ара­­ласты. Әсет өмірінен алып жазған «Әсет» ро­манын жазуы сол кездегі ерекше ең­бек­тің нақты көрінісіндей.
Бұл орайда «Шалқы, Сайрам!», «Келші, аяу­лым», «Айнабұлақ», «Мақтанышым, елім», «Аң­саған аяулым», «Саясында ал­ма­ның», «Ту­ған жер», «Достарым» сияқты Дәнеш ән­деріне жазған өлеңдері бір төбе. Сөйтіп, әр­қилы қоғамдық-әлеуметтік іс­тер­ге тың­ғы­лықты араласа жүріп, жазу­шы­лық қада­мын шыңдай берді, тақырып аясын кеңейте түсті. Туған халқының кіш­кентай да болса қажетіне жарауға ұмты­лып, әке үмітін ақтау мен тілегін орындау мақсатында осылайша ер жетті. Алда тоқ­сан тарау жол жатты.
Ал аяулы әкенің көп армандарының бі­рі сә­тін түсірерлік күн болса, туған жермен қай­та қауышу болатын. Алайда, оған жет­педі. Әкесі көз жұмғанша айта беретін туған жер жайлы сыр, оған деген ыстық ма­хаббат Құрманбайдың көкірегіне ұялап, құ­лағынан кет­педі. «Қайран туған жер! – деуші еді, әке­­сі Игілік қамыққан көңілмен, арт­та, алыс­­та қалған атақоныс, атамекенін есіне алып. Қайран Асы, қайран Қарқара! Кө­рер ме екем тіршілікте?» – деп алып, ту­­ған өлке ту­ралы сағынышқа толы сыр төгер еді. Мөл­дір бұлақты, көк майсалы, сың­сыған қа­ра­ғайлы, табиғат көркіне бай сұлу өлкені аң­са­ған көңіл, елжіреген жү­рек­пен толғайтын. Қыс қыстау болатын Ба­қай тауының ете­гі­нен басталып, Шелек өзенінің құярына дейін­гі қорысты шүйгін Іленің бойы, Тораң­ғы­сы мен жыңғылы мол сексеуілді тоғай, ат­ты адам ішіне кірсе кө­рінбей кететін, тіпті адасып әрең жол та­­батын қалың жынысты алқап елдің ырыс­­ты мекені еді ғой. Асқар Ала­таудың қия шатқал, адырлы арналары мен малға құтты өріс, салқын жайлау Асы жайында, қой, жылқы сонылап барып жайы­латын, шыбынсыз жаздың белгісіндей, қы­зығы мол жәрмеңкелі атақты Қарқара ту­ралы әке айтқан әңгіменің әсері Құр­ман­байдың бала көңілін баурап, туған Отанға де­ген сағыныш сезімін үрлеп, қиялына қа­нат бітіре жөнелетін, жер жаннаты сұлу өл­кені өзінше ойға елестететін, қиялға ба­та­тын. Сөйтіп жүргенде, Құрманбайдың бұ­ға­насы қатып есейгенін, жігіт болып ел қа­тарына қосылған зиялы азамат ретінде игі­­­лікті іс атқарған кезін көре алмай әке де өтті өмірден. Ақыры әке жетпеген ті­лектің бірі, атамекенге оралудың сәті оған елуінші жылдардың ортасында туады. Көзі ашық, көңілі ояу зиялылардың қата­рында жүрген Құрманбай алғашқылардың бірі болып ұмтылып, 1955 жылы Қазақ­станға қайта ора­лады.
Осылайша жастық шағын, ширек ға­сырға жуық ғұмырын Шығыс Түркістанда өт­кізген жазушы өз Отанына оралған соң, ере­сек тартқанына қарамай, білім нәрімен те­рең сусындау мақсатында жоғары оқу ор­нына түсіп, Қазақ мемлекеттік универ­си­­тетін тәмамдаған соң, мерзімдік басы­лым­­­дарда ұзақ жылдар бойы қызмет ат­қар­ды. «Қазақстан пионері» мен «Бал­дыр­ған» журналында бөлім басқарды, «Шалқар» газе­тін­де бас редактордың орынбасары болды. Поэ­зия, проза жанрларында бірдей қа­лам тар­татын Қ.Толыбаев үздіксіз ізде­ніп, талмай еңбектеніп өзіндік өрнегі бар танымалы балалар жазушысына айналды. Оның ба­лаларға арналған хикаят, әңгіме-аңыз­да­рының тұтас болмысында белгілі жүйе, автор­лық идея, стильдік өрнек жатыр. Әр алуан табиғат құбылыстары, түрлі аң, құс, жан-жануар өсімдік әлемін көркем образбен бейнелеу арқылы тылсым дүние жұм­бағын ашып береді, бала қиялын өсі­руге, тынымын кеңейтуге әрекет жасайды.
Балалар әдебиеті… Адам өмірінің осынау алғашқы он-он бес жылын бөліп алып, оған бағышталған көркем сөз түріндегі шы­­ғармаларды «балалар әдебиеті» деп атау жай­­дан-жай болмаса керек. Өйткені, әр ұр­­пақтың ес кіре бастаған кезінен есейген ке­­зіне дейінгі аралықта ұлттық сана қа­лып­­­тастыратын, эстетикалық әсер ұяла­та­тын, қо­ғамдық тәрбие беретін ерекше құралдың бірі – сөз өнерінің осы саласы еке­ні әркімге де белгілі. Бұл тұрғыдан кел­ген­де де, бүгінгі қа­зақ балалар әдебиеті жа­­рық дүниеге қыл­тиып көрінген күні-нен бері қарай осындай келелі, көп салалы мақсаттарынан бір жал­тарған емес деуге болар еді. Әрқилы қо­ғамдар, олардың жүр­гізген идеологиясы, ке­зеңдік науқандар қан­ша қақпайласа да, ол өзінің күре жолы – адамгершілік бағы­ты­нан айнымай, қай­та соны кеңейтіп, те­рең­дете берді.
Кешеден бүгінге келуде дәстүр жалғас­ты­ғы болғандығы ақиқат. Барды бағалап, са­­ралай білу көпшіліктің керегіне жарата түсу бүгінгі күннің басты міндеті болмақ. Бір кезде қазақ мектептерінің қысқаруымен байланысты ұлттық балалар әдебиетінің де ығыс­қаны рас. Соған қарамастан жас ұр­пақты туған елін сүюге, табиғаттың сырларын білуге, ұлттық дәстүрін ұстанып, хал­­қы­ның тарихын білуге, асыл арманға же­те­лейтін шығармалар қатар түзегенін ри­за­шылық көңілмен айтуымыз керек.
Міне, осындай шығармалармен балалар әдебиетінің бүгінгі биікке көтерілуіне үлес қосқан қаламгерлердің сапында Құр­ман­­бай Толыбаев та бар.
Байыптап қарасақ, қазақ ауыз әде­бие­тінің біз білетін, көп таралған нұсқалары­нан ба­лаларға арналмағаны кемде-кем. Б­і­рінде ба­тырлыққа баулиды, бірінде адам­­­­гер­ші­лік­ке, жақсылыққа жөн сілтей­ді, бірінде та­биғат сырын білуге, тіршілік әлемінің құ­пия­сын барлауға бағыттайды, бірінде қиял-ар­манға жетелеп, бірінде қа­рапайым ең­бек­ке тәрбиелейді.
Сондықтан ауыз әдебиеті халықтың сә­­билік дәуірінің мұрасы болуымен қоса, ха­­лық қамын ойлап, оларға ерте бастан жан-жақты тәрбие беру мақсатында шы­ғар­маны балаларға арнайы тудырған да сияқ­ты. Сол арқылы түрлі наным-сенім­дер, салт-дәстүр бала көңіліне ерте ұялап, ұлт­тық психология сақ­талып, тұрақты да­­мып отырған.
Бала қиялын баурап алатын, қалыптан тыс жағдайлардың оқиғаға желі болуы – ауыз әдебиетіндегі ұтымды үрдіс… Міне, осы өнегелік сипатты меңгеруге тырысқан ақын, жазушылар өз шығармаларында қиял-ғажайыптық көріністерді, аңыздық са­рындарды мол пайдаланады.
Жазушы Қ.Толыбаев ерекшелігінің бас­ты белгілерінің бірі, шығармаларын ауыз әде­биеті үлгісіндегі аңыздық, хикаят­тық, миф­тік сипатта жаза отырып, бүгінгі өмір ты­нысын кірістіре бейнелеуінде жатыр. Ай­талық, «Құзғын», «Түлкінің табаны», «Есер қар­ға», «Қояндар», т.б. шығарма­ла­рында хайуа­нат жайлы ертегілердегі образдық үлгі алынғанымен, жаңа фило­со­фиялық түйін­дер жасалады. Ал «Әупіл­дек әупілдекті қа­лай үйренді», «Шауқарға», «Сауысқан», «Жар­ғанат неге түнде ұшады», «Жайра» сияқ­ты әңгімелерінде құстар мен мақұ­лық­тардың жеке тіршіліктері сурет­те­леді.
Көлемі бір-ақ бет «Құзғын» әңгімесінде бір ғана деталь арқылы үлкен тәрбиелік мә­ні бар ой тастайды. Құлқын үшін қандай да бір іс-әрекеттен қайтпайтын адамдар то­бының жас ұрпақ қана емес, ересектерді де жаман қылықтан жиренуге шақыратын об­разы жасалған мұндай шығарманың мәні зор. Мысалы: «Құзғынның құлқын құмар­лы­ғы Көкқарғаның құйқасын шымырлатты. Ыза­лана шаңқылдап, іші өр­тенгендей күйін­ді. Оның қаныпезер­лі­гі­нен, қара ниетінен түңіліп, тақылдата таң­дай қақты да, үрей­лен­гендей ұша жөнел­ді. Ал тұқымының өлі­гін қадірлейтін ниет Құзғында болған жоқ», – деп түйін жасайды. Қырда туып өс­кен кім-кімнің болса да, әңгімені оқып шық­қан соң, ес біл­гелі көкірегіне ұялаған Құз­ғын туралы жағымсыз ұғымның сырына ен­ді қанып, мәніне енді түсінгендей болары шындық. Бұл жерде адам кейпінде суреттелген Құзғын бейнесі керісінше Құзғын арқылы елес беретін адам тұлғасы жатыр. Жазушы шеберлігін айқындайтын тұстың бірі осы болса керек.
Құс екеш құсқа дейін өз ұрпағының ке­лер күніне кемел үміт артатынын бейнелеп бере келіп, «Шауқарға» әңгімесінде ав­тор адам­ға тән арман мен тілекті ашып көр­се­теді. Бірақ сол арманның орындалуы текке қатысты, генетикалық негізге байланысты бо­латынын ескеріле бермейтін сияқ­ты өмір­де. Мына «Шауқарға» әңгі­ме­сінің астарында осы бір құбылысты еске салып тұр­ғандай. Көркем сурет жасалып, тартымды тіл­мен баяндалатын шағын әң­гіме оқу­шы­сын зеріктірмейді. Қайта қия­лын тербеп, ой­лануға жетелейді. «Көкек» әңгімесінде кө­кектің атына байланысты халықтық аңыз­ды авторлық баяндау ар­қылы жаңа сю­жеттік желімен байытып, қы­зықты образ, терең философиялық түйін жасайды.
Бір айта кететін нәрсе, Қ.Толыбаевтың кез келген әңгімесінің болмыс-бітімінде муль­­тфильмге арқау болатын сюжеттік желі жатқандығы, мульфильм сценарийіне тән жинақты стильдік өрнек айқынды­лығы деуге болады.
Жан-жануарлар мен жәндіктерді кейде же­ке адам мағынасында алып отырса, кей­де тұтас халық ретінде бейнелейді. Хайуанаттар жайлы ертегілерді еске түсіретін «Қоян­­дар» әңгімесінде жазушы қоянды ха­лық мағынасында ала отырып, өмірлік мәні бар философиялық ойдың астарын кейіпкер бейнесі арқылы ашуға тырысады. Дүниедегі ең қорқақ деген қоянның өзі өмір­лік тәжірибені ой қорытындысына салып, ауызбірлік, ынтымақтастық идеясын берік ұс­тану нәтижесінде жер бетінде құрып кетуге таянған ұрпағын сақтап қалу, әрі қайта өрбіту жолы дәл бүгінгі таң­дағы өз халқымыз үшін ескерту де, өне­гелі қағида да дей аламыз. Қ.Толыбаевтың әрбір әңгімесінде қызықты сюжет, тартымды баяндау шеберлігімен қоса осындай мағыналы ой, тағылымды түйін жатуынан көркемдік сапаны, шеберлік үлгіні кө­реміз.
Жалпы, Қ.Толыбаевтың жазу ерекше­лі­гінің бірі, қысқа қайыру мен бір әңгімеде бір ғана деталь төңірегінде ой қорыту. Ай­талық, «Қыранның ұясы», «Қыран мұңы» әңгімелерінің әрқайсысында қыранның жеке-жеке әр түрлі қыры суреттеледі. Ба­ла­ларға керек танымдық қуат дейтініміз осы.
Ұтымды кейіптеулер арқылы нақты сю­жетке құрылып, жанды бейнеде көр­сетілген «Әппақ қыс», «Көк ала бұлттар», «Са­мал», «Күн бөбегі», «Көк теректер», «Соқ­пақ», «Қаңбақ», «Көлеңке», «Тау мен өзен», «Таулар сөйлейді», т.б. әңгімелер фило­софиялық ойларға негізделіп, бала пси­хологиясын баурап алатын әсері мол ше­берлікпен баяндалады.
Поэзиядағы ұлы Абай салған жаңа әде­би дәстүрдің бірі – табиғат құбылыстарын жанды бейнеге айналдыру үлгісін Қ.Толыбаев өзінің шағын прозалық шығарма­ларын­да ерекше дамыта түскен. Бұл тұста ескертіп айтар нәрсе, қыс құбылысын ұлт­тық бояу, өрнекпен сурет жасап, соныдан соқ­пақ сала қайталанбас бейне сомдаған Абай ізімен кетпейді. Қ.Толыбаев бір мез­гілдің өзін диалектикалық даму, күн санап өз­геру, уақыт ырғағымен ауысу күйін ер­тегілік cипатпен жұптастыра суреттейді. Шығарманың көркем жасалған реалистік бол­мысына қызыға қарап, ертегілік сипатына еліте түсеміз.
Кейіптеуді барынша байыппен қол­данып, табиғат құбылысының бір сәті Ап­пақ қыстың пейзаждық жанды порт­ре­тін былайша көз алдымызға әкеледі: «Біз­дің жаққа Аппақ Қыс түн ортасында жетті.Үсті басы үлпілдеген мақтадай ақ ұлпа, түймедей бір қара меңі жоқ. Алабұрта әкі­реңдеп, буырқана бұлқынбады. Одыраңдай топырламады. Сескене секіріп, секеңде­ме­ді. Манаурай ұйқыға батқан елдің пырдай ұйқысын бұзған жоқ. Қайта тәтті ұйқыдағы әлемнің ың-шыңсыз тынышты­ғы­на секем тудырғысы келмегендей сал­мақ­пен, сабырмен, асқан сақтықпен қи­мыл­дайды. Ақ жібек орамалға көміле оран­ған. Құшағын далита жайып жіберіп, жал­пақ өңірін айқара ашады да, терісін тұрған жел өтіне тосқауыл құрады. Аяғын да шықырлатпай, тықыр шығармай, ақы­рын ғана еппен адымдайды. Кеудесін тік ұстап тұра қалып, төңірегіне суылдата ақ күмістен шашу шашады». Қимыл үстіндегі, жанды әрекет иесі адам кейіпті Аппақ Құс бейнесі осы тұрғыда баяндалады.
Нақты сюжет арқылы тірі бейнеге ай­налған кейіпкерлер, Аппақ Қыс, Сары Аяз, Ақ боран, Күн-ана, Алатау өзара тіл қа­тысу, іс-әрекет үстінде көріну барысында мінез ерекшеліктері ашылады. Өмір заңы­ның бұлқыныс қалпы мен кезекті ыр­ғақ­пен ауысып отыру философиясын көр­сетеді.
Халықтық ұғым-түсінікті табиғат анамен байланысты толғап, сананы танымдық ар­наға бұратын хикая-аңыздың бірі – «Нау­рыз ата және оның балалары» атты шы­ғарма. Алпыс жылдан астам уақыт бойы ұлттық дәстүр ретінде мейрамдау рәсімінен шығып қалған Наурыздың мүл­дем ұмытылып, жоғалып кетпеуіне мұ­рын­дық болған еңбектер деп, негізінен ақын-жазушылардың жазған әр түрлі жанр­дағы әдеби шығармалары мен ауыз әдебиеті оқулықтарын айту керек. Соның бірі – қаламгердің осы аталған еңбегі.
Қ.Толыбаевтың аталмыш еңбегінде Наурыз ту­ралы ұғым қалыпты түсініктен өзге­ше­леу, ауқымдылау күйінде алынады. Жыл мерзімін құрайтын төрт мезгілді Наурыз атадан тарайтын Қыс пен Күз деген екі ұл, Көктем, Жаз деген екі қыз ретін­де суреттеп отырып, әлемнің жаратылу құпиясын қиял-ғажайыптық тұрғыдан көркем бейнелеп береді. Сырлы әлемнің сырын тану­ға меңзейді. Баяндау тәсіліндегі ертегілік стиль тақырыпты меңгеріп, автордың мақ­са­тына жетуіне ұтымды роль атқарып тұр.
Тегінде Қ.Толыбаевтың әңгімелеріндегі сюжет ықшамдылығы, оқуға жеңіл баяндау тәсілі, жазушының бала психологиясын терең білетін қасиетін танытады. Әң­­гімелердегі пейзаж көріністері, қызық оқиға желісі жасөспірім оқырманды алға шақырады. «Күн бөбегі», «Көк ала бұлттар», «Қызыл гүл мен Бұлбұл», «Ақ гүл» әңгіме­ле­рі­нің танымдық қуаты мен әсері айрық­ша. Балаларға құрғақ ақыл айтқан­нан гөрі, осындай мазмұнында танымдық мәні бар әңгімелердің пайдасы зор болмақ. Табиғаттанудың түрлі салалары бойынша жағдай баяндаумен салыстырғанда, аң, құс, жәндік, мақұлықтар мен жануарлар­дың қилы іс-әрекеттерін бейнелеп беруге бай­ла­нысты көрінетін мінез-құлқы, жеке қа­с­иет ерекшеліктері балалардың есінде әл­деқайда жақсы сақталады. Оның үстіне, аң мен құстың жағымсыз қылықтары бала көңіліне бірден жиіркеніш сезімін тудырып, ондай істен аулақ болуға тырысады. Мысалы: «Өз даусына өзі мәз» атты әңгі­меде мағыналы тіршіліктен, еңбек дағды­сынан, әсемдік әлемі, өнер ұғымынан мүл­де хабары жоқ Көкек бейнесі жағымсыз әсер етсе, ондағы Бозторғай, Бұлбұл бей­не­сі өнерлі, еңбекқор, үлгілі мінез иесі болу­ға шақырады.
Жазушының қай шығармасын алсақ та, ойы көркем, тілі жатық, оқиғасы қы­зық, әрі танымдық сипаты мол болып ке­леді. Ол «тоқырау» жылдарының өзінде жат­танды коммунистік тәрбие насихатын жа­самай, жас ұрпақты табиғат аясына ша­қы­рып, қиялына қанат бітіруге, сырлы әлем­нің құпиясын білуге үндеген. Адам­гер­шілік қағидаларын көңілге тоқып, ина­баттылықты қалыптастыруға, еңбек тәр­биесіне, барды бағалай білуге жөн сіл­тейді. Өзінің көркемдік бағасын дер ке­зінде ала алмаған бұл шығармалар ұрпақ­қа талай сырды жеткізіп, талай ойды ұқ­тыра­тыны сөзсіз. Қ.Толыбаевтың шы­ғар­малары шалқар дала төсі мен асқар таулар қой­науы­ның тылсым сырының көркем көрі­нісі, жанды бейнесі деуге болады.
Қаламгер балалар үшін көркем шы­ғар­ма жазумен шектелмей, бала танымын арт­тырып, ойын өрістетуге керекті кітап құрастыруға да уақыт тапты.
Жазушының кейбір өлеңдері және ер­те­гілері орыс, қырғыз, өзбек, түркмен, ук­раин, беларусь, грузин, татар тілдеріне ау­дарылған.
Жазушы азды-көпті ғұмырында артына із тастап, мол еңбек тындырған, тыным­сыз қалам тербеген қажырлы қалып танытты. Жазушының бүгінге дейін жарық көрген он сегізге жуық кітабы соның айға­ғын­дай. Оның он беске жуығы балаларға арнап жазылған. Өнер тақырыбына жа­зыл­ған «Нар идірген», «Әсет» атты кітап­тары Құрманбай Толыбаев қаламының көркемдік қуатын танытқандай. Әсіресе, соңғы «Әсет» (1995) роман-новелласы жазу­шы ағаның әлі де талай айтылар, әң­гіме шертілер сырынан үміт күттіргендей еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір