Нұрсұлтан ҚАЛИЕВ, қолөнер шебері, суретші: АҒАШҚА ТҮСКЕН ӘР ӨРНЕКТЕ МӘН БАР
08.10.2024
180
0

Қарапайым ғана ағашты ғажайып дүниеге айналдыру үшін еңбектен бөлек шыдам, төзім, ептілік сынды қасиет керек. Алғашқы бұйымын жасағанда Нұрсұлтанның жасы 12-де еді. Мектептен келіп, отын жаратын ойын баласы алдында жатқан ағаштарға қарап отырып, қиял әлеміне еніп кететін. Бірде құс, бірде аң бейнесі көз алдында көлбеңдеп, сәлден соң жарған ағашы сан түрлі кейіпте қолында тұратын. Пышақпен жонып жасаған қыран құстың мүсіні еңбек сабағында жоғары баға алғаны талант­ты оқушының талабын жаныды. Бүгінде ол – елімізге белгілі қолөнер шебері. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жеке бренд. Қолөнерші Нұрсұлтан Қалиевпен сұхбатымыз да осы тақырып аясында өрбіді. 

– Ағаш пен темірден түйін түйіп, қолөнер, кәдесый, зергерлік бұйымдар жасайтын әр шебердің өзіндік бір ерекшелігі болады. Нұрсұлтанның қолтаңбасын айқындайтын қай еңбегіңізді алдымен айтар едіңіз?
– Иә, әр бұйымның өз тарихы бар. Мысалы, «Шебер қолдар» деген жұмысымды алсақ, бір күні даладан пішіні ерекше ағаш тамырын тауып алдым. Алғашқы келген идея – жұмыс үстіндегі шебердің қолы. Алақанымның ізін түсіріп алып, ағаштан ойып, осы бұйымды жасап шығардым. Менің әр көрмемнің төрінде бойтұмарымдай болып тұрады.

– Сіздің жұмысыңыздың ерекшелігі деп атап өтсек болады, әр бұйым – бірегей, эксклюзивті туынды. Кәдесыйларды кәсіп көзіне айналдыру туралы ой болды ма?
– Қолөнер де өнердің бір түрі болғандықтан шығармашылықты талап етеді. Сондықтан қандай да болсын дүниені қолға алғанда оның құны қанша, қаншаға сатамын деген ойдан алыстайсың. Әр процестен жаның тыныштық табады. Ағашқа түскен әр өрнектен мән іздейсің. Әр оюдың астарына үңілесің. Әрине, көркемдік деңгейі жоғары авторлық туындылар арзан тұрмайды. Егер жұмысымыз лайықты бағаланып жатса, тек қана қуанамыз. Мүмкіндігім келгенше көрме, жәрмеңкелерге қатысып тұрамын.

– Қандай бұйымдарға сұраныс көп?
– Кәдесыйлар, қобдиша, картиналар жақсы өтеді. Тапсырысқа да жасаймыз.

– Ал жұмысқа керек материалдарды табуда қиындық жоқ па?
– Жүрген жерімнен ағаш іздеп жүретін әдетім бар. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген. Ұнаған нәрсемді сұрап та, сатып та аламын. Кейде ағашты сүйек­пен, былғары, темірмен қаптаймын. Арнайы тапсырыспен күміс, мельхиор алдыртамын. Атырауда өсетін ағаштардың барлық түрі шеберханамда бар деп айтсам да болады. Бөрене, ағаш діңі, бұтағы, тамыры – бәрін материал ретінде пайдаланамын. Бір жұмысты дайындап шығару үшін бір аптадан бір жылға дейін уақыт қажет. Бір қызығы, көзіме түскен ағаштың өзі «сөйлеп» тұрады. Сипатына қарап, одан қандай дүние жасауға болатынын түсінемін.

– Жуырда Астанада өткен көшпенділер ойындары аясындағы көрмеден сіздің жұмысыңызды байқадық.
– Бұл – менің қатысқан үшінші халықаралық көрмем. Этноауылдағы жәрмеңкеге «Қылқобыз», «Шебердің қолы», «Ұршық» сынды ерекше композицияларымды апардым. Шетелдік қонақтарға тері, ағаштан жасалған бұйымдарды ұсыну арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабардар еткім келді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының теріден жасалған эмблемасы – халықаралық бәйгенің экспозициялық символы болды деп айта аламын.

– Қазақ дүниетанымында кие ұғымының ерекше мәні бар. Осы ұғым арқылы ұрпағын қасиет­ті жерлерді, тіршілік иелерін қастерлеуді үйретеді. Сіздің «Киелі ағаш» деген туындыңыз хан ордалы Сарайшыққа арналыпты.
–«Киелі ағаш» Сарайшықпен байланысты. Сарайшық – қазақ даласындағы киелі мекендердің бірі, әулиелер жерленген қасиет­ті орын. Бала кезімде «Сарайшықта үлкен алма бағы бар» дегенді естіп өстік. Өкінішке қарай, қазір сол бақтан із де қалған жоқ. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде ауыл халқы тал-теректі кесіп, отындыққа пайдаланды. Содан кейін ауылда өлім-жітім көбейіп кетіпті деседі. Бір қарияның ақылымен бақтағы ең ескі ағашты қазып алып, жұрт зиярат ететін жерге апарып отырғызғаннан кейін ел іші тынышталыпты. Сол ағашты арнайы барып, көріп келдім де, осы жұмысты жасап шықтым.

– «Ұлы жол» деген жұмысыңызға да Сарайшық арқау болған екен.
–Иә, жалпы әр адамның өмір құбылысын, тылсым әлемді қабылдау түйсігі әртүрлі болады ғой. Мені Сарайшықтың тылсым тарихы, бабаларымыз жүріп өткен шежірелі жол қызықтырады. Тұңғиығына тартады. «Ұлы жол» – үлкен шабытпен, ізденіспен келген дүние. Теріге ежелгі қаланың көрінісі, киелі ағаш, жеті ханның жерленген жерін салып шықтым. «Жібек жолы» бойындағы көне шаһар мәдениетімен, қолөнерімен, сауда-сат­тығымен танымал болған. Сарайшықта қолөнер шеберханалары болған, онда қыш шеберлері, темірден түйін түйген ұсталар мен зергерлер, сүйек оюшылар, құрылыс шеберлері жұмыс істеген. Соларға да бір ескерткіш болсын деп осы жұмыста бейнеледім. Композицияда ағаш, тері, металл пайдаланылды.

– Сіздің көпшілікке танымал туындыңыздың бірі – «Қос жүзік». Бір ерекшелігі, ол алтын-күмістен жасалған зергерлік бұйым емес, ағаштан ойылыпты.
– «Қос жүзік» – бір-бірімен мәңгіге жалғанған ажырамастықтың белгісі. Оны махаббатпен де, достықпен де, ағайын-туыстықпен де байланыстыруға болады. Қазақ халқы қолданбалы өнерді қазынаға балаған. Қолдан жасалған әр бұйымда шебердің энергиясы ғана емес, ұлт­тың болмысы жатады. Мысалы, осы «Қос жүзіктің» он данасын жасасам да, әрқайсысы бірегей болар еді, себебі қолға құрал алғанда әр кез әртүрлі сезім, түйсік, шабыт билейді.

– Жаһандану дәуірінде ұлт­тық өнерге, ата мұра – асыл қазынаға деген құрмет­ті арт­тыру өте маңызды. Осы бағыт­та қандай шаралар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Ұлт­тық құндылықты өскелең ұрпаққа мирас етуге баршамыз да жауаптымыз. Әр адам өз үлгісімен, ел игілігі жолындағы жұмысымен үлес қосуы керек. Қолөнерге бейімі бар жастарға бағыт-бағдар беруге әрдайым да дайын­мын. Атырауда оқу орындарына, музейлерге барып, арнайы шеберлік сағат­тарын өткізіп тұрамын. Ұлт­тық бұйым­дар, аспаптар жасауды бұдан да үлкен көлемде, жаңа деңгейде үйреткім келеді. Сәндік-қолданбалы өнерді дамыту, қолөнер дәстүрін дәріптеуге қатысты жобаларға қызығушылықпен қараймыз. Жасаған әр бұйымымыз көркемдік жағынан ғана емес, сапалық тұрғыдан да көптің көңілінен шықса, біз үшін ең үлкен жетістік – сол.
-Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбат­тасқан Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір