ҚҰРАН ӨРТЕГЕНДЕР ҚҰРДЫМҒА КЕТЕДІ!
05.06.2023
436
0

Күні кеше Волгаградтағы мешіт қасында Құран Кәрімді өртеген Никита Журавель деген ұсталып, екі айға қамалды. Бұл әзірге тоқтамай тұрған Шығыс Еуропадағы соғысқа май құйғандай оқиға болды. Соғыс ортасында жүрген шешен әскерінде дүрбелең басталды деген сыбыс та естіліп қалған.

Ресей жағы Журавель қасиет­ті Құранды Украин қауіпсіздік қызметінің тапсырысы бойынша өртеді, деген ресми мәлімет берді. Ал Украин жағынан әзірге оған келіскен, яки келіспеген жауап жоқ. Мәселе әбден ушыққан жағдайда, әңгімеге халықаралық ұйымдар араласқанда (оған әсте күмән жоқ) ғана екі тарап арасында бір-бірін қаралау басталатын сияқты.
Шешенстан Республикасының ұлт­тық саясат министрі Ахмед Дудаевтің айтуынша, Журавель сот­талған жағдайда жазасын Шешенстанда өтемек. Дереккөздеріне қарағанда, Журавельдің ісі Шешенстанға федеральды билік органдарының пәрменімен беріліп отыр. «Журавельді Шешенстанда сот­тайды, себебі ол діндарлардың сенімін қорлады» дейді ресми дерек.
Бұл да ерекше жаңалық болып тұр. Бұған дейін христиан дініндегі Батыс, оған еліктеген орыс билігі де мұндай теріс әрекет­терді барынша қорғаштап, мәселені жылы жауып келді. Оған бәрінен бұрын Салман Рушди оқиғасы дәлел.
Құран Кәрімді қорлаған күнәһардың шариғат талаптары қатаң ұсталатын елдегі мүшкіл хәлін көзге елестете берсеңіз де болады…
Дегенмен министр Дудаев мырза «Журавель бізде жазасын заң ауқымында өтейді» дейді. Ал қазіргі қоғамдық-саяси жағдайдағы «Заң ауқымында» деген анықтаманың қанша деңгейде қадағалануы мүмкін екені айтпаса да белгілі.
Бұл жерде бір ғана мысал келтіруге болады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Варшавадағы көтерілісті асқан қатыгездікпен басқан Дерлавангер деген қанішер болған.
Соғыс аяқталған соң одақтастар тұтқынға түскен қанішерді өзі ойран салған поляктардың сотына тартпақ болып, солардың қолына берді. Онда да мәселенің біз айтып отырған «заң ауқымында» шешілетініне кепілдік берілген.
Алайда Дерлавангердің поляк түрмесіндегі ғұмыры екі күнге де жетпеді. Күзетшілер оны қарсылық көрсет­ті деген желеумен текпілеп өлтірген.
Қысқасы, бір-біріне үздіксіз жалғасқан ислам өркениетіне, оның діни сеніміне қарсы күнәһар әрекет­тер жазасы осыдан бастап ауырлауы да ықтимал сияқты. Он сегізінші ғасырдағы дінбұзар Бекович-Черкасскийдің басын найзаға қадап, отаршыларға қарсы соғысып қайтқан түркімен сарбаздары көзге елестейді…
Ахмедияны Батыс қорғап қалды. Осыдан жарты жыл бұрын шешен қанжарынан оңбай жарақат­танған Рушдидің өлі-тірісін ешкім білмейді. Батыс ақпарат құралдары ауыздарына құм толтырып алғандай үнсіз. Соған қарағанда… әлдеқашан «сайтандар әлемінде» жүруі де мүмкін.
Сонымен, ағайын, соңғы кез­де белең алған құран өртеу әрекеті құныкерінің жазасын тұңғыш рет зардап шегуші тарап шығармақ. Әлбет­те, ол мәселенің әбден ушығып, асқынғанын көрсетеді. Одан басқа амал да қалмаған сияқты.
Ал Құран Кәрімнің өзіне келсек, ол – әлемдегі мандат моноатеистік түбі бір негізгі үш діннің бас кітабының бірі. Миллиардтан астам адамның рухани жарғысы. Ең бастысы негізгі жоғарыдан түскен төрт кітаптың ішіндегі реформацияға ұшырамаған, әміршілердің саясатына орай бұрмаланбаған бірден-бір кітап та осы – Құран Кәрім.
Інжіл мен Таурат­тың күнәһарлықпен неше рет қайта жазылып, өзгертілгенін бір жаратушыдан басқа ешкім білмейді. Тіпті «сайтанның Інжілі» деген де бар… Әрі христиан әлемінде ондай әрекет­терге жол берілген замандар да болған.
Ал исламның бас кітабын ше? Оны өзгерту, бұрмалау әрекет­тері болды ма? Болған! Пәкістандық Ахмед пайғамбардың орнына өз атын айтып, кәлимаға келтіру әрекеті үшін өлім жазасына кесілді. Құран қағидаларын бұрмалаған Салман Рушдидің жайы айтпаса да белгілі…
Ең бастысы – әзірге ислам әлемі Інжілді де, Таурат­ты да өртеп, қорлаған емес. Вандализм басқа тараптан көрініс табуда. Әрі ол онсызда ушығып тұрған әлемдік саясатқа кері әсерін тигізуде.
Ендігі мәселе бас кітабын қорлаған қылмыскерге мұсылман елінің қандай жаза кесуінде. Басты мәселе белгілі болып қалған сияқты. Осыдан бастап, діни кітапты қорлап, миллиардтаған адамның ашу-ызасын тудырғандардың жазасы ауыр болуы ықтимал. Басқаша айт­қанда, Құран өртегендер құрдымға кетеді!.. 

Өмірзақ МҰҚАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір