Құмарпаздық құрдымға кетіреді
28.06.2024
88
0

Жекелеген адамдарды ғана емес, қоғамды құрдымға сүйрейтін лудомания дерті асқынып-ақ тұр. Деректерге сүйенсек, дүниежүзінде ересектердің үш пайызы құмар ойынның құрығына іліккен екен. Ең қорқыныштысы да сол, елімізде 40 пайыз ажырасу азарт ойынның арбауында кеткендердің себебінен орын алып отыр.

«Ақылы ауысқанша ойнау» деп аударылатын лудомания жетегінде жүрген жанды жан-жақты қыспаққа алып, шешілместей көрінетін өзге де мәселелерге тап қылады. Алаяқтық пен аярлық, тойымсыздық, қанағатсыздық, өтірік айту – бәрі-бәрі жалғаса келе ұрлық пен ойсыздыққа ұласады. Қыл аяғы, жараны жеңілдетпекке ұмтылып маскүнемдікке, нашақорлыққа салынатындар көп. Мамандар футбол ойындарына, түрлі аламандарға бәс тігудің өзі осы кінәраттың бастауы екенін айтады. Казинода бәс тігіп, шырғалаңға түскендердің көпшілігі о баста осындай кішігірім бәстесулерде бақ сынаудан кенде болмаған. Казиноға аяқ басып, алғашында бірнеше мәрте ұтысқа шыққандар ойнай-ойнай екі есе, он есе ұтылысқа түсіп, бірте-бірте барынан айрылған. Үйін, көлігін, бүкіл мүлкін өз қолымен өзгенің меншігіне айналдырып, отбасынан ажырап кезбелікке түскендердің қарасы аз емес. Бұл тығырықтан шыққандар да, шығар жол таппай баз кешкендер де бар. Азарттың азабын тартып сабақ алғандар бұл ойын­ға мүлде жоламауға, ал бастап қойған жағдайда сол жетіп тұрған жерінен тоқтауға кеңес береді. Оңай жолмен келген қаржының оңдырмайтынын, жалғаса берсе, жақсылыққа жеткізбейтінін алға тартады.
Лудомандармен жұмыс жасайтын мамандар да адам өзі саналы түрде тәубесіне келіп, дұрыс бағытқа бет бұрмаса, мұндай науқастарға дауа жоқ екенін ескертіп, дабыл қағуда. Әдетте осы мәселеге тап болғандар жанашырлықпен қарызын жауып беретін отбасына, ата-анасына сеніп, қараңғылыққа бой алдыра беретінін айтып, жақынынан, танысынан теріс әуестікті байқаған жағдайда бірден психотерапевтке жүгіну керегін айтады. Дәрігерлердің мәліметінше, әлгіндей кез келген ойынға жиі ұтыс тігудің өзі — паталогия.
Әлемде құмар ойынға салыну эпидемия ретінде қарастырылып жүр. АҚШ -та ұтыс жарнамаларына шектеу қойылса, Бразилия елі ұтыс жарнамаларына да, бүкіл ұтыс ойындарына да мүлде тыйым салған екен. Қазақстанда да бұл түйткілдің бетін қайтаруға байланысты бірқатар шаралар жасалып-ақ жатыр. Жарнамаларды беталды көрсету толастаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев талай шаңырақты шайқалтып, талайдың қылмысқа ұрынуына әкеліп жатқан құмарпаздықты түбірімен жоюға арналған жұмыстар жасалып жатқанын да жеткізді. Ел Президентінің мәлім еткеніндей, өткен жылы құзырлы органдар интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған.
Осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан, казинолардың дәурені жүріп тұрғанын ешкім жоққа шығармайды. Көптің көзжасынан байып жатқан казино иелері еліміздегі біршама спорт­тық ұйымдарға демеушілік жасайтын көрінеді. Солардың демеушілігімен лудомания кеселіне шалдыққандарды оңалту орталықтары да жұмыс істеп жатыр деседі. Бұл «отты отпен сөндіру» ме, «жауырды жаба тоқымдаудың» кері ме?! Қайткенде де, қауіпті қатермен қоғам, мемлекет болып күрескен абзал болмақ.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір