Сарайшық – Жошы ұлысының жауһары
1559 жылы 19 тамызда Сарайшықта болған Энтони Дженкинсон бұл кезеңде қаланың бұрынғы экономикалық өрлеуінің мүлде әлсірегенін атап өтеді. Ол: «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы Сарайшық деген қалаға келдік. Қаланы орыс патшасымен достық қатынастағы татар князі Исмаил басқарады екен. Бұл жерде еш сауда жоқ. Халқы ақшаны қолданбайды. Олардың барлығы жауынгерлер және малшылар» деп жазады.
Энтони Дженкинсон (1529–1610/1611) – Англияның Мәскеу патшалығындағы алғашқы елшісі. Ол Мәскеу патшалығында 1557–1571 жж. төрт рет елші болды. Елшінің Сарайшық туралы ақпараты шындыққа жанасады деп есептейміз. Өйткені архив құжаттарымен Ноғай ордасы тарихын зерделеген зерттеуші В.Трепавлов бұл кезеңде Маңғыт империясы ішкі аласапыранмен толығымен жойылды деп есептейді. Исмаил би 1553 жылы Жүсіп биге: «Сенің адамдарың саудаға Бұхараға барса, менің адамдарым Москваға барады», – деп мәлімдейді. Мұның өзі ноғай билерінің ішкі алауыздығын және саяси бағыттарының екі жаққа бағытталғанын дәлелдейді. 
ХІV ғасырдың екінші жартысындағы Жошы ұлысының саяси-экономикалық дағдарысына Әмір Темірдің де ықпалы болды. Өйткені соғыс кезеңінде Жайық – Еділ аралығындағы қалалар түгелге жуық талқандалды. Ал Сарайшық қаласы Әмір Темір әскерінің талқандалуына ұшырады ма? Оған нақты дәлел жоқ.
Ортағасырлық араб тарихшысы, әдебиетші, Әмір Темірдің тұтқынында болған ибн Арабшахтың анықтауынша, Темір әскері Азаикқа дейін жетті. Олар Сарай, Сарайжук, Хаджатархан қалаларын, олардың айналасын талқандаған. Ибн Арабшахтың 1436 жылғы «Темірдің өміріндегі көргенділік ғажайыптары» (Әжаиб әл-мақдур фи наваиб әт-Тимур) еңбегін В.Тизенгаузен аудармасынан соң қайта аударған өзбек ғалымы академик Х.Н. Бабабеков алғы сөзінде-ақ: «Еңбектің мәтінінен автордың өзінің билеушіге деген өкпесі анық байқалады. Кейбір тарихи оқиғалар шынайы жазылмады, қалай болса солай беріледі. Тарихи фактілер дәл емес, бұрамаланған. Кейбір фактілер өзге зерттеушілер еңбектерімен дәлелденбейді», – деп ескертеді.
Ибн Арабшахтың «Сарайшық Темір әскерімен талқандалды» деген тұжырымы парсы тарихшысы Шараф ад-дин Әли Йазди еңбегімен дәлелденбейді. Шараф ад-дин Әли Йаздидің (Әмір Темірдің немересі Ибрахим Сұлтан өзінің атақты бабасы туралы арнайы еңбек жазу тапсырмасымен дүниеге келген парсы тілінде жазылған) «Зафар намесі» (Жеңіс кітабы) Әмір Темірдің (еңбекте Сақыпқыран) 1360–1405 жж. аралығындағы «үшжылдық», «бесжылдық», «жетіжылдық» жорықтары, Алтын орда хандары Орыс ханмен 1376 жылы, Тоқтамыс ханмен 1389 жылы, 1391 жылы және 1395 жылы, І Баязид сұлтанмен 1402 жылы және өзге де шайқастарын қамтыған. Бұл еңбекті пайдаланған зерттеушілер: «Сарайшық тәрізді үлкен өткелден қауіптенген Темір әскері Жайық бойымен жоғары бойлап қалаға тимей кетті» деп есептейді. Расында, өзбек зерттеушілерінің анықтауынша Темір әскері бүгінгі Қостанай жерінен Батысқа Жайық өзеніне қарай жылжыған. Олар бүгінгі Магнитогорск мен Верхноуральск аралығындағы өткелден өткен.
Сарайшық қаласы ХVІІ ғасырдағы Махмуд ибн Уәли «Бахр әл асрар фи манақиб әл ахйар» (География) еңбегінде Дешті Қыпшақтың Әмір Темір талқандаған белгілі қалалары тізімінде де көрсетілмеген. Зерттеуші: «Хазар, Буртас, Сарай Бату, Сарир аз-захаб (Сарай Берке) және Хаджи Тархан қалалары талқандалды», – деп жазады.
Бүгінде Сарайшық орнында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары да қала орнында алапат соғыстың болғанын дәлелдемейді. Бұдан шығатын қорытынды Темір әскері Сарайшықта болмаған.
Ортағасырлық жазба деректер Сарайшық қаласының Жошы ұлысының ішкі, сыртқы саясаты мен идеологиясының тұрақтылығына, рухани дамуына ықпал жасағанын дәлелдейді. Алдымен, жазба деректер Жошы ұлысы хандарының Сарайшықта билік тағына отырғанын жазады. Ұлықбектің жазуынша, Сарайшықта Бату қайтыс болған соң Мөңке Темір, Мөңке Темірден соң Тоқтағу хан таққа отырды. Әбілғазының анықтауынша: Тоқтағу ханның Патшалық өмірі алты-ақ жыл болды; Сарайшық шаһарында жерленді; Жәнібек хан Сарайшық шаһарында таққа отырды; шариғатты қатаң сақтар еді, Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болды; ол он жеті жыл патшалық құрды; Сарайшықта жерленді; Бердібек хан Жәнібек хан өлгеннен соң Тебризден Бердібек хан Сарайшыққа келді; Үш күн аза тұтып, азадан соң барлық ханзадалар мен әмірлер жиналып, Бердібекті хан көтерді.
Жошы ұлысы заманында қалыптасқан Сарайшықта хан тағына отыру, ел билеу дәстүрі Қазақ хандығы тұсында да жалғасты. 1602 жылы шағатай тілінде жазылған Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» (Шежірелер жинағы) еңбегінде, Мәскеу патшасы Борис Годуновқа бағыттап: «Жеті ықылым дүниенің билігін алған хансыз! Қазан тағы, Хажы Тархан тағы, Тура тағы, Сарайшық тағы сізге бағынған хансыз!» – деп көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды, Сарайшықта Жошы хандары дәстүрін сақтаған билік тағы болған.
1542 – 1546 жылдары парсы тілінде жазылған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарихи-и Рашиди» еңбегінде: «Бұрындық хан Сарайшыққа қоныс тепті»; 1602 жылы шағатай тілінде жазылған Қадырғали Жалайыр зерттеуінде: «Ең алдымен айтылатыны Қасым хан, Жаған бегімнен (бәйбішеден) туған еді. Біраз жылдар бойы атасы басқарған ұлысында патшалық құрды және өз тұсында әр тараптағы уәлаяттарды бағындырды. Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында, Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», – деп анық жазылады.
Жошы ұлысы хандарының бірі – қазақ хандарының атасы Барақ ханның тағдыры да Сарайшықпен байланысты. Ол турасында Елбарыс ханға (918/1512 – 931/1525 жж.) қызмет жасаған, Өтеміс қажының, қазақ сұлтаны, Қасым (Касимово) хандығының ханы, Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммед (1573–1610 жж.) ханға қызмет жасаған Қадырғали Жалайыридің, Қырым ханы Селім Герейдің қалғасы және соты болған, 1747 жылы еңбегін аяқтаған Әбдіғаппар Қырымидің зерттеулерінде жазылған.
Бүгінде Өтеміс қажы еңбегінің екі нұсқасы, бірі – Ташкенттік «Шыңғыс намесі» (шығыстанушы В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыс наме» жазбасымен 1967 ж. соңында Ташкентте танысқан), екіншісі – Түркиядағы Заки Валиди Тоганның жеке қорында сақтаған «Қара таварихы» бар.
Толық еңбек – «Қара таварих». Бұл қолжазба 1019 хижра жылы (26.03.1610 – 15.03.1611 жж.) жазылған.
Ташкенттік «Шыңғыс намеде» Сарайшық қаласы небәрі бір жерде, яғни Берке ханның Сарайшыққа келуіне байланысты аталса, «Қара таварихта» төрт жерде, Берке ханмен, Темір Құтылықтың хан, Едігенің бек болып бекітіліп, ұзақ жылдар ел билеуімен және олардың билігінің бір жағынан, Хорезмге, екінші жағынан, Қазан мен Руске, Қырым, Сарай, Сарайшық, Қажытархан уәлаяттарының шекараларына дейін таралуымен, Барақ ханның басы кесіліп, Мұхаммед ханға әкелініп, Қыпшақ Айастың Сарайшық даруғасы болып бекітілуімен, Кіші Мұхаммед ханға Еділ өзенінің, Қажытархан және Сарайшық қаласының бағынуымен байланыстырылады.
Барақ хан бүгінгі Сарайшықтан шамамен 200-дей шақырым жердегі Қайнар Сағыз өзені маңында Мұхаммед хан әскерімен шайқаста қаза тапқан. Қайнар Сағыз өзенін Өтеміс қажы атап өтеді. Бұл пікірді Қ.Жалайыри Барақ хан: «Оның (Барақтың. – Ә.М.) өзі алып тұлғалы, ірі, нағыз ер, батыр еді. Тез арада әр тараптағы ұлыстарды бағындырды. Ақыр аяғында Еділ төңірегінде, Жайық бойында, Сарайшық қаласына жақын жердегі Қас Наурыз өңірінде опат болды», – деп толықтырады. Біздіңше, Қ. Жалайыридің Қас, Наурыз өңірі дегені – Барақ ханның соңына түскен Едіге бидің ұрпақтары Қазы мен Наурыз бектер.
Сонымен, Барақ ханның басы кесіліп, Сарайшықтағы Мұхаммед хан мен Қазы бекке әкелінді.
Сарайшық қаласы тарихымен Жошы ұлысы хандарының беклербегі Едіге бидің, оның ұрпақтарының тарихы да тығыз байланысты.
Әбдіғаппар Қырыми: «Темір Құрылық хан Едігенің батылдығы арқасында Жошы ұлысының билеушісі болды. Оның ұлы мемлекетіне Хорезм, Сарайшық, Қырым, Қазақ, Қазан, Башқұрт, Алатыр, Қажытархан, Орыс, Болгар уәлаяттары бағынды» деп жазады. Оның анықтауынша, Едігенің ұлы Нұраддин Тура уәлаятында қайтыс болып, Сарай қаласына әкелініп, әкесінің қабірінің қасына жерленген. Ә.Қырыми жазбасының келесі бетінде Сарай қаласын нақты Сарайшық уәлаяты деп көрсетеді. Кейінгі кезеңдерде Сарайшық Едіге ұрпақтарының пантеоны болды.
Сарайшықтың Жошы ұлысы заманында-ақ ел билеушілері жерленген пантеон болғанын 1459 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасы да дәлелдейді. Ол турасында белгілі зерттеуші В.Трепавлов Фра Мауроның картасын негізге алып: Жайықтың оң жағалауына салынып, күмбезбен белгіленіп, «Билеушілер қабірстаны» деп жазады.
Сонымен, жоғарыдағы жазба деректер ортағасырлық Сарайшық қаласының Жошы Ұлысының қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірінде маңызды рөл атқарғанын айғақтайды. 1638 жылы Абдулла Ризванның «Теварих-и Дешт-и Кипчак» («Дешті-и Кыпшақ шежіресі») еңбегінде жазылғандай, Сарайшық Дешті Қыпшақ мемлекетінің негізгі қалалары Қырым, Бақшасарай, Алмасарай, Қазан, Азак, Ор қорғаны, Қажытархан уәлаяты т.б. ірі қалалары қатарында болды. Өкінішке қарай, қала кешегі отарлау заманында әбден тоналған. Бүгінгі археологиялық қазбалар соны дәлелдейді.
Қорыта келгенде, ортағасырлық Сарайшық тарихы – еліміздің, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. Оны тану, кешенді түрде зерттеуді жалғастыру, жаңа ғылыми тұжырымдар жасау – тарихшылар міндеті болып қалмақ.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
т.ғ.д., профессор,
«Сарайшық мемлекеттік
тарихи-мәдени музей қорығы»
РМҚК директоры
ПІКІРЛЕР1