ЖОШЫ ХАН
05.07.2024
118
0

Президент­тің бағасы

Былтырғы жылы еліміздің рухани-мәдени әлемінде аса елеулі һәм мән-маңызы зор тарихи оқиға болды. Талант­ты жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында сахналанып, тұсаукесеріне Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, өте жоғары баға берді:
– Құт­ты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біз тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін!
Мемлекет басшысының театрға барып, өнер туындысын тамашалап, жылы лебіз білдіруі жан жадыратып, көңілге қуаныш ұялатар жайт. Жақсылықтың нышаны, берекенің бастауы. Айшықты мезет, қуанышты сәт!
Іле-шала Мемлекет басшысының жарлығымен Қуанышбаев театрына ұлт­тық мәртебе берілді. Бұл тек айтулы өнер ордасының ғана емес, қазақ өнері мен өнерпаздарының асқақ абыройы, толағай табысы. Зор мәртебе!

 

 Миниатюралы сүріктеу

Жазушы, драмагерлердің бірсыпырасы өткен тарихтың ең күрделі де өшкін сүрлемдеріне қарай қалам тартып жүргенін байқаймыз. Бірегей қаламгер Думан Рамазанның аршыны да алысқа тартқан. «Жошы хан», «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан» секілді атақты тағылымды түренге атсалысады, ылғи да алға қарай талпынып келе жатқан мәшһүр бапкер талант­тың жазбалары қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Оның қаламынан туған «Жошы хан» тарихи драмасын жұрт жылы қабылдады. Мазмұны бай тауариһат­тың ең өзекті жағынан өлшеп, өзіндік өрнегімен кейіпкерлерді сомдап көрсете алатын және биіктен көрініп жүрген қарымды қаламгер кім десеңіз, ол – Думан Рамазан.

Сахнадағы көрінбейтін сахаралық елестер…

Шыңғыс қағанның тарихтағы ең керемет төрт ірі жорығы – Алтын Жинь елін жаулағаны, Таңғыт­ты талқандағаны, Хорезмді иеленгені, Қидандарды қырғаны. Мұндағы Жүрчиндердің құрған Алтын мемлекеті 1115-1234 жылға де­йін астанасы көне Жунду (Zhongdu) жалайырдан шыққан жаңжұң Мұқылайдың қарамағында болды. Әрине драманың ішкі шеңберінен көрінетін оқиғаның бірі де осында. Егер бұл оқиғаны түгендейтін болса драма мән-мағынасыз болатыны белгілі. Парсының ежелгі Хорезм шахы, кемел ғұлама Әбу Әли ибн Сина өмір сүрген тарихи орталықтағы кент оңай берілмес еді… Аузынан от бүріккен Хорезм шахтың тақ мұрагері ғұмыриятында өлмес Мәңгіберді атанған жұлын шах: Шыңғыс шапқынынан бұрын Жалал әд-Дүния вад-Дин Әбіл-Мұзаффар Мәңгіберді ибн Мұхаммед атанған ежелгі жаужүректі – Уәніштегін әулетінен (Ануш-тегін anustigin). Жалаладдин Мәңгіберді Қорасанды қорғап бір өзі 70 мың ғаскер жинаған адамзат­тық деңгейдегі ұлы сайыскер. Оның ағалары Әмин әл Мүлік, Темір әл Мүлікпен қоса қарлұқтың ханы Азам-Мүлік, ауғанның атышулы Мұзафар-Мәлікпен одақ құрған әккі. Тарихи майданда Шыңғыс қағанның ақылшысы ғұлама Шигихутуг (1180-1260) қолымен соғысқан майдан өнерінің сайыпқыранының қолды болуына бек разы қағанның бейнесі негізі жете сомдалған. Алайда майдан даласындағы Жалаладдиннің 70 мың ғаскері мен Шыңғыс қағанның 30 мың қолының бетпе-бет сайысының теңсіздігі сөз болар болса ол: – ХІІІ ғасырдағы соғыс өнерінің ерекше бір құпиясы көрерменнің көкірегіндегі сауал болып қала береді. Хорезімді 1219-1225 жыл аралығындағы 6 жылда алуы: Жошы, Шағадай, Өгедей, Толай қолдарының біріккен майданының нәтижесі. Драмада бұлай болуы, аз сөзбен меңзелуі өте тиімді. Бірінші көріністегі Шағадай мен Жошының бейнесі осы драманың кілті немесе коды: Екі бірдей алтын ұрықтың түпкі ниет­тері көрінеді. Көрермендерді өзіне тартатын алтын сүрлеу де осында Әсіресе жалынды Шағадайдың ішкі диссимуляциясы күрделі әрі анық берілген. Мысалы:
Шағатай: Жошы, Үргенішті қоршап тұрғанымызға бір айдың жүзі болды. Өз еріктерімен беріледі, елші жіберейік деп қоймап ең…
Жошы: Шағатай, ал, сенің айт­қаныңнан не шықты? Бас-көз жоқ, қайта-қайта лап қойғаннан не ұт­тық? Қаншама сарбаз қазылған орда қалды… қаншасы қайнаған майға қурылды… Қорғанның қабырғалары биік, қалың… Тас атқыш құралдарды қақпаларға бағыт­тайық дегенді тыңдадың ба?!
Шағатай: Елші жібереміз деп уақыт­тан ұтылдық. Біз жауап күтіп отырғанда, олар қамалды тас бекітіп алды. Келген бойда ес жиғызбай бас салу керек еді… сені бекер тыңдаған екенмін.
Жошы: Болары болған соң бұның енді не сандырақ. Жә, ырылдасқаннан енді ештеңе өнбейді?! Қаған әкеміздің бұйрығын күтейік.

Санадағы өрілген сөз – сахнада…

Думан Рамазан бұл рет­те «Жошы хан» драмасы арқылы тарихи тұлғалардың бейнесін ашып, бұрмаланған тарихи жадтарды қайта жаңғыртуға жан-жақты даярлықпен кіріскендігі көрінеді. Әлеумет­тік шағын микродеңгейден басталатын оқиғалар бүткіл Еуразия кеңістігіне қарай шарпиды. Кешегі тарихи оқиғалардың желісінен бүгінгі саяси әлеумет­тік күрделі жағдаят­тарды көреміз. Қарапайым қағидат­тан қатаң санамен өрілген диалогтардың, хан Ордадағы бақталастықтың түгелі – Шың қағанның қаһарлы бейнесінің алдында ерекше көшпенді ғұрыптық құрмет­ті ретпен, өте нәзік бояумен сызылады. Біз тарихи драмаларды салыстырмалы түрде терең тұшыну мен еске тұтынудан бірсыпыра алыстап қалған жұрт екенімізді түсінейік дегім де келеді кейде. Баяғы неміс ойшылы Фридрих Шиллердің (Johann Christoph Friedrich von Schiller 1759-1805) «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясын көрген едік. Әсіребатысқа көзсіз еліктемеген талант­ты жазушы десе де ауыр көне классикалық қойылымдардың тамаша ауанынан да айналып өтпеген. Ал, батыс пен шығыстық үлгіге тән шедеврлікке ден қойған драмагердің ой қорытып, сөз саптауы да, ой баптауы да өте сарабдал, үзігінің түзімі үйлесімді. Әрине, Думан Рамазанның қаламұшынан тамшылаған тарихи өрімдердің қазақтың сахара сахнасында өзгеше қойылуы да түптің түбінде өз алдына бөлек әңгімеге арқау болары хақ. Ал, Жошы ханның қатыны, бегімі Бектейміштің ерекше бейнесінің бір тұстары болашақта нақтылана түсер деп ойладық. Сахнадағы қойылым мен режиссерлік түрлі шешімдердің арғы мағынасынан көрерменнің дәлме-дәл сезінетін жай-күйі тым шәрағат­тылау болғанымен ХІІІ ғасырдың тарихын өте терең қызықтаушылар тарапы оны қалт жібере қоймайды. Сол үшін де драманың барлық құрылымынан Дешт-Қыпшақ даласында өткен аңыз сықылды ұлы жорықтар сұлбасынан аларымыз өте мол.

Отчигон баһадүрдің образы

Шыңғыс қағанның ең кенже інісі, яғни Есүкей мен Өэлүң қатынның сүт кенжесі Отчигон ноян – қаған ағасынан мыңбасылық мәртебеге ие етілген қастерлі әрі киелі сетерлі жаңжұң. Мұндағы кейіпкерлердің ішіндегі кейіпті персонаждардың ең ұтымды адами жолдағы образын да осы Отчигон ноянан көруге болады. Бізше Отчигон есімінің мағынасы «от иесі шаңырақтың егесі» дегенді білдіреді. МҚШ-дегі деректер бойынша Отчигон (Отшығын – от иесі кенже) шешесі мен он түмен ғаскерімен жорыққа бет­тегені айтылады. Шыңғыс қаған тауыриһатындағы Жошыға ең жақын үзеңгілес болған тұлға. Алайда жорық кезінде Ұлы қағанның тұңғышы мен кенжесінің бір бағыт­та болуын драмагер анық көрсетуді мақсат етеді. Жошы ханға берілген қолының саны анық емес. Құпиясы көп МҚШ-дегі бір құпияның өзі осы экспозициядан (exposіtіo) көрінеді. Шағадайға (1183-1243) 8000 түтін, ортаншы Өгедейге 5000, Толайға 5000, Қасырға 4000 ғаскер түтіні санымен: немерелері Әлчидай мен Белгүтэйге 2000 санды ғаскер егелікке, еншілікке берілген делінеді (МҚШ УБ,. 2017. 243). Бұл ұланғайыр майдан даласының бір пұшпағын әрине өктем Жошы хан барынша билеп-төстеді. Драманың барлық тынысы тып-тыш жатқан Қыпшақ даласының көне сүреулерін сүйреп алдыңа әкелгендей. Байбота Қошым-Ноғай шайыр жандүниесімен бүй деген: – «…Саф самал есті тербелтіп қияқты ғана, тар шанағына Жошы хан ерітіп ыстық қорғасын құйған домбыра сияқты дала…» Сонау замандағы көне Қырымдағы Солхат­ты қорған Қырымның 40 батырының әуезі құлаққа келетіндей бір ескі үн!

Құлан қатынның құбылымындағы сыр…

Драмада Жошы мен Шыңғыс қағанның өзара сөздері де бір ишаратқа құрылады. Жошы – Шыңғыс қағанның 25 жасында көрген тұңғышы. (Ванчинбалдың Инжаннаш: «Ұлы ием Шыңғыс қаған қара жылқы жылы 1162 жылы немесе көкектің 16-сы күні тал түсте (морь цаг: 11 сағ. 40 мин.- 13 сағ. 40 мин.) туды…) Алайда Жошы туралы қағанның отбасындағы әңгіменің бәрі Бөрте (1161-1230) қатынның өмірімен өзектеседі. Драмадағы кейіп Құлан қатынның (1185-1225) қағанмен аралық қарым-қатнасынан жинақы диалогтар беріледі. Дайр усунның ең таңдаулы сұлу қызы Құланды – 1204 жылы Меркіт­ті алғанда көрген аруы немесе кішілікке алған жары. Бөртенің өзі қағанға ризашылығымен мақұлдаған ұрғашы. «Өз еркіңіз қаған ием бұ бәрі… Еліңізде ұрғашы көп қыраным. Іздесеңіз алдыңыздан шығады… Қамыстыкөл аққу, қаздың тұрағы, саусағыңыз талағанынша атасың да қырасың… Ошарлы елде арулар көп қыраным… Өзіңізге бұның бәрі түгел мұралық… Артық болсаң жаман көп, тартық болсаң жақсы көп заман… Өңір қабат болса тоңдырмас, Өзегі қабат есілген арқан берік болар…» («…Эрэг мөрөнд хун галуу олон гэнэм Эрхийгээ чинэтэл намнахаа Эзэн минь мэдэх буй за, Энэ их улсад Эмс охид олон гэнэм Эрэн аваачихыг, Эзэн минь өөрөө мэднэм зэ…») – деп мақұл көрген Сары кері қараң деген жерде орда тіккен ерке тотай: Бөрте өжіңнің күндесі Құлан қатынның бейнесі де өте өзекті. Бұны қаза берсең тереңдей бермек.

Шыңғыс қаған мен немере Бату

Жошының да, Батудың да кейіпті образи мейірімін драманың бір келісімінде жақсы береді. Қаһарлы қаған, қайырлы Жошы және бала Батудың қолына ұстатқан қанжармен тұтқынға қарап тұрған сәті! Ысырапсыз қантөгістің алдында жатқан ғұмырдың елесі… Жошының өлімі қаған әкесінен болды деген аңыз драмада тек ішкі құпия лепемен ғана ишаралап көрсетіледі. Драмагер бұл арқылы қарапайым логикамен қандай да бір қуат­ты мемлекет басшысы күшті болудың, айбарлы болуды тәлімін Шыңғыс қаған арқылы паш етсе, ұлылықтың бір жағы мейірім мен аяушылықта болатынын да жақсы көрсетеді. Бұл диалогтің бір есебі – драмадағы Шыңғыс қаған мен Құлан қатынның арасында болған шап-шағын эпизодта да көрінеді. Эпизодтың өз дейтіні бар құдырет! Жалпы бүтін болудың немесе қазақтың «екі жарты біріксе – бір бүтін» болады деген құлықсаналық кілт (код) осы тұста анық меңзеледі. Шыңғыс қаған немересі Батуға қарата: «…жауларыма осылай қатігез болмасам, құдырет­ті күшке айналар ма едік?!» дейді.

Үштаған диалог немесе вermuda

Тағы да бір ерекше ұсыныстар мен кейіпті кеп: Шағадай мен Жошының арасындағы репликада (replico) шиеленісті қағанның алдына әкеліп көлденең тартуы. Бұл жердегі кеңеске болашақ қаған Өгедейдің де қатыстырылуында мән бар. Шағадайдың: «Жошы – тақ мұрагері болуға лайық емес!» деген астарлы сауалы да қызықты!? Шыңғыс қағанның «неге?» деген сауалын режиссер бөлекше үн, бұрын-соңды әшкере болмаған бояумен әрлеп көрсетеді. Драманың өн бойындағы бір ерекше тұлғаны еске алмаудың өзі қиянат. Жорық жолында Еуразияның жер жаһанына аты мәшһүр, тарихтағы салт ат­ты майдангерлердің маңдайындағы жұлдызы Тарғытай Құрылтұқ тайшылардың арғы жақын тумасы Жұрғадай Жебе ноян. Шыңғыс қағанның күлігінің мойнына жебе қадап жаралаған мергеннің түйдек-түйдек образы туралы болашақтағы сыншылар айта жатар… Хош!

Ниет

Думан Рамазан Жебе арқылы Жошы ханның алдындағы тарихи жорықтың бір қырын ашады айпаралап. Енді осы тақылет­тес қосымша кейіпкерлермен түгел келісу, көрісу үшін өткен тауыриһат­тарға бару керек іркілмей. Алтын Орданың жұрты қалған Қыпшақ даласының оң бүйіріндегі бір бура қырат­тан Кетбұға (1150-1230) жыраудың әлдебір күйінің сарыны естілгендей… Менің алдымда жаюлы жатқан 8 көріністі драманың соңғы әлетіндегі баптарда әбден екшелген сегіз дәуірді еңсерген қарға тамыры әмбеге аян әулиелердің кейіпі тұрды… Әрине ХІІІ ғасырдан бүгінге де­йінгі көш жолының алтын сорабы… Бұндай әмірлі әуселелі драманы мемлекет­тің бағалауы тіптен жөн.
Сөзімізді тұжырып айтсақ, дарынды жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы мемлекет­тік сыйлыққа әбден лайық!

 

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір