Сарайшық – Жошы ұлысының жауһары
Бүгінде ортағасырлық Сарайшықты зерттеу жаңа белеске көтерілді. 2018 жылы Сарайшықта ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, ескерткішті сақтау, насихаттау мақсатында республикалық мекеме құрылды. Жаңа археологиялық қазба жұмыстары, далалық экспедициялар қолға алынып, оларға кәсіби археологтер – т.ғ.д., профессор З. Самашев, М. Елеуов, М.Қожа, нумизмат П. Петров, генетик М. Жабағин, этнограф Ж. Ерназаров және басқалар тартылды.
Қазіргі таңға дейін Сарайшықта алты мың шаршы метр жерде қазба жұмыстары жүргізілді, ортағасырлық қоғамдық ғимараттар, тұрғын жайлар, жүздеген жәдігерлер, тиын көмбелері табылды. Экспедициялар барысында Сарайшық – Сарай Бату аралығынан жаңадан Ащысай, Қарағайлы қалашықтары орындары, оннан астам алтынордалық тұрақтар, Үргеніш – Сарайшық аралығынан жаңадан Күліш керуен сарай орны табылды. Бұл бағыттағы ізденістер жалғаса бермек.
Дегенмен тарихшылар қауымы қай заманда да жазба деректерге айрықша назар аударады. Қазіргі таңда оннан астам ортағасырлық жазба деректер Сарайшықтың қилы тарихынан құнды ақпараттар береді. Олардың қатарында хронология бойынша сараласақ, 1315 жылдары жазылған Тоскан анонимді сауда нұсқаулығы, ХІV ғ. Франческо Бальдуччи Пеголоттидің «Сауда тәжірибесі», 1333 жылғы Ибн Баттутаның «Саяхаты», 1425 жылғы Ұлықбектің «Тарих-и арба ұлысы», 1425 жылғы Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар намасы», 1436 жылғы Ибн Арабшахтың «Темірдің өміріндегі көргенділік ғажайыптары» (Әжаиб әл-мақдур фи наваиб әт-Тимур), 1549 жылғы Сигизмунд Герберштейннің «Московия істері туралы жазбалары», 1558–1560 жж. Энтони Дженкинсоннің «Орталық Азияға саяхаты», ХVІ ғасырдағы Өтеміс қажының ташкенттік нұсқадағы «Шыңғыс-намесі», Өтеміс қажының Түркиядағы Заки Валиди Тоганның жеке қорындағы «Қара Таварихы», 1542–1546 жж. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и Рашидиі», 1602 жылғы Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» (Шежірелер жинағы), ХVІІ ғасырдағы Махмуд ибн Уәлидің «Бахр әл асрар фи манақиб әл ахйар», 1663–1664 жж. Әбілғазының «Түрік шежіресі», 1638 жылғы Абдулла Ризванның «Теварих-и Дешт-и Кипчак» («Дешті-и Қыпшақ шежіресі»), ХVІІІ ғасырдағы Абдулгаффар Кырымидің «Умдет ал-ахбар» еңбектері бар. Жазба деректерден зерттеушілердің саяси-экономикалық, рухани бағыттарда Сарайшыққа назар аударғаны анық байқалады.
Ортағасырлық зерттеушілердің пікірінше, Сарайшық қаласының негізі ХІІІ ғасырда Бату ханның қолдауымен қаланған. Ол турасында алғаш рет Әмір Темірдің немересі Ұлықбектің «Тарих-и арба ұлысы» еңбегінде: «Сенімді деректерде жазылғандай «Сайын ханның Сарай қаласындағы, Сарайшық деп те жазылады, билігі аяқталды» деп тұжырымдалады. Кейін Әбілғазы еңбегінің «Бүрге ханның Дешті Қыпшаққа хан болғанының баяны» тарауында «Одан соң Құдай тағала бір күні аттанып, ағасының (Батудың. – Ә.М.) салдырған Сарайшық атты шаһарына барды» деп толықтырады.
ХІІІ-ХІV ғасырда Сарайшық қаласы, алдымен, тоғыз жолдың торабында, Қытайдан Еуропаға шығар жолдың ортасында орналасуымен аты белгілі болды. Оны ХІV ғасырдың алғашқы жартысындағы Токсан анонимді нұсқаулығы, Ф. Пеголоттидің жазбасы, Ибн Баттута еңбектері айғақтайды.
Бұл кезеңде Сарайшық Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы болатын. Мәселен, 1315 жылғы Токсан анонимді нұсқаулығында Италиядан келетін сауда тауарлары Қара теңіздегі Кафа қаласына, одан Азов теңізіндегі Тана қаласына жеткізілген. Тана қаласынан өгіз арбамен 25 күн, түйе арбамен 12 күн жүріп, Қажы Тарханға жеткен. Қажы Тарханнан бір күн өзенмен жүзіп Сарай қаласына, кейін Сарай қаласынан Сарайшыққа су жолымен 8 күн жүріп жеткен. Біздіңше, Сарайшыққа жететін су жолы Еділ өзенінен Каспий жағалауына, Каспий арқылы Жайық бойымен жүрген. Нұсқаулықта қосымша Сарайшыққа жермен жүріп те жетуге болады, бірақ су жолы арзандау деп жазылған. Сарайшықтан әрі керуеншілер 20 күн түйемен немесе 35–40 күн өгіз арбамен Үргенішке, одан әрі Отырарға сапар шеккен. Үргеніш пен Отырар аралығы түйе арбамен 35–40 күн. Егер керуеншілерде тауар болмаса олар Сарайшықтан Отырарға тіке жолмен 50 күн жүрген екен, яғни Сарайшықтан елдің оңтүстігіне, Отырар бағытына жүретін 2 керуен жолы болған.
Еуропалықтар Сарай қаласына әртүрлі зығыр маталар, Сирия мақтасы, ақ және боялған стаметалар, камлоттар, және шафран, қалайы таяқшалар және тазартылған мыс кесектері, тазартылған және тазартылмаған маржандар, кәріптас, қорғасын, сынап, вермилион және Венецияның күміс қорытпасының құймаларын әкелсе, Сарай қаласынан Еуропаға әртүрлі шикі жібек, алтын жалатылған жібек маталар, шикі тиін жүні, бекіре балықтары, балық уылдырығы, өңделмеген және тұздалған өгіз және жылқы терісі шығарылған. Аталған тауарларды өткізу орталығы Сарайшық қаласы болды.
Токсандық ақпарат Ф. Пеголоттидің еңбегімен толыға түседі. Ф. Пеголотти Флоренцияның, Кипрдің банк жүйесінде жұмыс жасап, саудагерлермен тығыз байланыста болды. Оның жазуынша Танадан Катайға дейінгі аймақ сауда-саттық үшін ең қауіпсіз аймақ болып саналады. Егер керуен жанында 60-қа жуық қорғаушы жүрсе керуенші өз үйінде жүргендей болады.
Итальяндық жазба деректерді Сарайшықта болған араб саяхатшысы Ибн Баттута толықтырады. Ол 1332 жылы кемемен Керчь қаласы маңына жетіп, бұл жерді «Дешті Қыпшақ» деп атай келе, Кафа, Судак, Солхат (Ескі Қырым), Азақ, Маджарға сапар шегеді. Бестауда, жайлауда Өзбек сұлтанмен кездесіп, Қажы Тарханға келеді. 1332 жылы 18 қыркүйекте сұлтан әйелімен Константинопольге аттанып, 24 қазанда Қажы Тарханға оралады. Кейін Сарай-Беркеге, Бұлғар қалаларына барады. 1333 жылы қаңтарда Хорезмге жолға шығады.
Ибн Баттута Сарай қаласынан шығып, ат жеккен арбаларымен 10 күн жүріп, Сарайшыққа жетеді. Осы қалада ол аттарын сатып, түйелер сатып алады. Саяхатшы «Сараджук қаласына келдік, джук «кіші» дегенді білдіреді. Онысымен олар «Кіші Сарай» дегенді білдіргісі келген. Қала үлкен «Ұлысу» деп аталатын өзен жағасында орналасқан» деп сипаттайды.
Ибн Баттута Сарайшық қаласы орналасқан «Ұлысудан» Бағдаттағыдай жүзбелі көпір көргенін жазады.
Міне, ХІV ғасырдың алғашқы ширегіндегі 3 жазба дерек те Сарайшықтың Еуропадан Азияға өтер негізгі көпір екенін дәлелдеп отыр. Ал ХVІ ғасырдың басында жазылған еңбегінде Өтеміс қажы да, 1663–1664 жылдары жазылған «Түрік шежіресі» еңбегінде Әбілғазы да 1257–1266 жылдары Жошы ұлысын басқарған Берке ханды жаза келе, оның Сарайшықта болған кезеңінде көп керуеннің Бұхарадан келіп жатқанын тілге тиек етеді. Бұдан шығатын қорытынды: Сарайшық қаласы ХІІІ–ХV ғасырларда Жошы ұлысының экономикалық, сауда-саттық орталығы болғаны. Бүгінде Сарайшықта жүргізіліп жатқан археологиялық қазба кезінде табылған ақшалар соны айғақтайды.
Қолда бар деректерге қарағанда, Сарайчук (тиындарда солай басылған. – Ә.М.) ақша сарайындағы ең көне тиын 763 х.ж./1361–1362 жылдар аралығында соғылған Мүрид хандікі, ал ең соңғысы – Тоқтамыстың тиындары және де Сарайшықтан 694 х.ж./1295 жылғы Хорезм дирхемі табылған. Одан кейінгі табылған XIII ғасырдың соңындағы тибет әріптерімен жазылған, Үкекте соғылған тағы бір күміс тиынды айтуға болады. Бұл тиындардың айналыстан шығуы XIII–XIV ғасырлардың тоғысында болған. Біз осы ғасырлар тоғысында Сарайшықтағы ақша айналымының басталуы туралы айта аламыз. Бұған дейін «Сарайшық ақша сарайының белсенді жұмыс жасағаны, онда Олжай-Тимур хан 770 х.ж. /1368 жылы, Полад-Қожа мен Ильбак хандар 775 х.ж. /1373–1374 жылдары өз аттарынан күміс дангтар соға бастағаны…» жазылған. Ал осы уақытқа дейін бұл эмитенттердің, «Сарайшықта өз ақша сарайының күміс тиындарының әзірге бірде-бір данасы табылмағаны» айтылады. 2023 жылдың археологиялық маусымында №12 қазбадан Олжай-Тимурдың күміс дангы табылды. Бұл – Сарайшықта көп жылдар бойы жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде бірінші рет табылып отырған ақша.
Қалай десек те, ХІV ғасырдың екінші жартысында Жошы ұлысында басталған саяси дағдарыс, елге жайылған оба ауруы экономикалық байланыстың нашарлауына әкелді, бірақ оны тоқтатқан жоқ. Дегенмен Сарайшық қаласының экономикалық тұрғыдан әлсірей бастауының негізін қалады.
(Жалғасы бар)
Әбілсейіт МҰҚТАР,
т.ғ.д., профессор,
«Сарайшық мемлекеттік
тарихи-мәдени музей қорығы»
РМҚК директоры