Лаулап жанып өшпейтін рухымыз – от­ты өлең
03.10.2024
559
0

Әбдіғали АСАНҚОЖАҰЛЫ

СЫРТ ЖАЙЛАУЫ
Жасыл жондар жайып салса кең төсін,
Ақша бетін күнге тосқан ерке шың.
Қойнауында қой-жылқысы қосылған,
Қазақ-қырғыз қатар өскен өлкесің.

Жылғалардан аққан бұлақ кіл ытқып,
Шудаланған аспаныңда түбіт бұлт.
Тұнып тұрған кәусәр сезім секілді,
Ауаңда да, бұлағың да тұнықтық.

Аспаныңда қаптай қалса түбіт бұлт,
Қас-қағымда қарайды күн күліп тік.
Құбылмалы құдашаның мінезін,
Жадыңыздан жібермейді-ау, ұмыт қып.

Сол құдашаң күлсін мейлі, жыласын,
Мінезінде болатын бір ұнасым.
Жайлау төрі жадыңда қап мәңгілік,
Туған жердің ұмыт­тырмас тұмасын.

ГҮЛСТАНЫМ
Гүлстаным – байлығым тұнып тұрған,
Биікте әнің самғайтын, биік тұлғаң.
Бір сен үшін төгетін маңдай терін,
Аямайсың барыңды сүйікті ұлдан.

Ер ұлдарың төсіңде арман қуған,
Жалын жыр боп, жұлдызы жанған нұрдан.
Ұлы далам әлемдік әнге айналып,
Татулығым дүниені таңдандырған.

Жарығырақ жұлдызың жану үшін,
Қастерлейміз топырақтың әр уысын.
Алтын дәннің аймағы аңқиды ылғи,
Қасиет­ті бойыңнан нан иісің.

Бойыңа мол сіңіріп таң шуағын,
Таңшолпаны сияқты жарқырағын.
Отанымның өсірген мәртебесін,
Алғысымды айтамын халқыма мың.

Жаны көктем
жұлдыз жандар

Түн аспаны жыпырлаған,
Жымыңдаған лағылдар,
Әр лағылда арманымдай,
Мың құбылып, жану бар.
Жақұт­тарым, жарқырайсың,
Жарыса кеп жанасың.
Дейсіңдер ме, ей, адамдар,
Бізді анықтап таныңдар.

Арманымның аспанында,
Жанатындай жұлдызды ой.
Жұлдыздардай жану үшін,
Арман қуып жүрміз ғой.
Жұлдыздардан жаралғандай,
Күн жүзді арман – жақұт жыр,
Қанша ақынды толғандырған,
Тосады алдан бақыт бір.

Жанарына жиғандай бір,
Өшпес үміт, жақұт нұр.
Сан жұлдыздар түн еркесі,
Жарық сәуле шашып тұр.
Жалыныңды, жануыңды,
Қалай-тұғын уақыт бұл.
Жаны көктем жұлдыз жандар,
Мәңгі сөнбес бақыт жыр.

Балғын шақ

Бір кез­де біз балауса ек, балғын едік,
Бір жапырақ жеуші едік нанды бөліп.
Жүректе мөлдіреген сырымызды,
Ақтарыла айтушы ек, әңгіме ғып.

Иә, біз балғын едік, алғыр едік,
Жүзімізде тұнатын таңғы көрік.
Араға шекара жыл тұра қалып,
Балғын шақты біздерден қалды бөліп.

Жазылмай жүрген жыр едің…

Жазылмай жүрген жыр едің,
Сақталып келдің кеудемде.
Бұлқынып кеткен жүрегім,
Өзіңді алғаш көргенде.
Жаралды ма екен гүл өңің,
Жанымды менің тербеуге.

Жүректен асау бұлқынған,
Қайнап бір жатыр жыр шығып.
Мөлдір көзім нұр тұнған,
Дұрыстап мені жүрші ұғып.

Ұялап жанға түр-тұлғаң,
Қинайды-ау сенсіз тіршілік.
Көріп бір қалсам сыртыңнан,
Қаламын қат­ты күрсініп.

* * *
Жанарыңнан тұп-тұнық,
Айтылмаған сыр көрдім.
Жан сырыңды ұқтырып,
Неткен ғажап күлгенің.

Сенің нұрлы күлкіңмен,
Құбыла ма гүл белең?
Соның үшін мүмкін де,
Жазылады күнде өлең.

Тұнып тұрған өлеңсің,
Жаза алмаудың өзі айып.
Құпия бір әлемсің,
Дүниедегі ғажайып.

Құпияңды
білер ме едім?!

Көз арбаған қызыл гүлдер,
Ұсынамын жыр айнасын.
Шат­тық тұнған жүзіңді көр,
Нәзік жаның мұңаймасын.

Қимас қиял қызыл гүлдер,
Мөлдірген тұнық үміт.
Мезгілсіз гүл үзілмеңдер,
Белгісіз бір суық ұрып.
Сендер сыршыл бұлақсыңдар,
Еркелікпен аққан күліп.
Жігітке арман мұратсыңдар,
Тұра-тұғын шат­тандырып.

Шырайларың шуақ шашып,
Жүрсеңдер ғой күндей күліп.
Бұлтсыз аспан сияқты ашық,
Көңілдерде гүлдейді үміт.

Киелі арман, сағыныштар,
Тербет шат­тық таң тынысын.
Сендерде бір құбылыс бар,
Жүрек әлем тартылысым.

Біреуге мұң, біреуге күн,
Құдірет­тей қымбат­тарым.
Құпияңды білер ме едім,
Жұмбақ әлем, жұмбақты әнім.

Көктеміңде гүлдеп өсші,
Болашақта Ана атына.
Сұрмергеннің сұр жебесі,
Қадалмасын қанатыңа.

Сол бір көше

Жолындай жастығымның ең алғашқы,
Сол көше жаз таңындай алау шашты.
Бір ару ай мүсінді жүруші еді,
Төгілген мойнын орап қолаң шашты.

Бал күлкі үйірілетін езуінде,
Япыр-ай, өңі гүл ме, көзі күн бе.
Тұп-тұнық мөлдіреген жанарынан,
От түсті жалын шашып сезіміме.

Қалайша, жан сырымды бүгемін бе,
Алтын таң, арайы бар нұр өңінде.
Сол ару көрінгеннен бір сиқыр күш,
Бұлқынған байлап алды жүрегімді.

Іңкәрім мен тапқандай бақытымды,
Сол көшеге бұрған ем бағытымды.
Сырласып бірге жүрген от күндердің,
Жалын боп жүрегімде табы тұрды.

Балауса көктем көңіл, ыстық күндер,
Ұшырып жіберді екен құс қып кімдер.
Жанымды желпіген сол ақ арманым,
Көзімнен бұлбұл болып ұштың мүлдем.

Мөлдір ең ол кез­де сен, мөлдір десе,
Түсіме сағыныш боп ендің неше.
Баяғы сенің сол бір пәк күйіңмен,
Көз алдыма келеді сол бір көше.

Көктем көрінісі

Көктем келді, жас ару дала гүлдеп,
Жұпар иіс жүректі жарады леп.
Жасаңқырап табиғат тұрған мынау,
Жалын құшып жиғандай жанарына от.
Сыр төккендей сыңғырлап, ақтарылып,
Ерке бұлақ – бейне қыз аққан күліп.
Қуанышы ұялап нұр жүзіне,
Көктем келді өмірді шат­тандырып.

Алтын күннің сіміріп нұр шуағын,
Наз әуендер тербесе құлшынамын.
Ақ қайың мен ерке жел сыбырласып,
Көктемнің кеп салады сыңсып әнін.

От лебімен бұла күн құшты білем,
Жыр бауырын балқыт­ты ыстығымен.
Сағынышпен оралған жыл құстары,
Сайрап жатыр бұл көктем құс тілімен.

Баға жетпес
бас бәйге

Бірлігіміз – баға жетпес бас бәйге,
Ешбір жүйрік бірлігімнен аспайды.
Төртеу түгел болған жерде тірлікте,
Төбедегі несібеміз қашпайды.

Алтау ала болған жерде дүрдараз,
Тұнығыңды ластайды,
Жүйрігіңіз ақсайды.
Байтал түгіл болады онда бас қайғы,
Бірлік қана бізді алға бастайды.

Тәуелсіздік – арайлы таң, азат күн,
Тату бірлік ғажабы сол ғажаптың.
Бақ құсы өзі таңдап қонған жер дейді,
Қасиет­ті топырағы қазақтың.

Келешегі күндей күлсе ертеңім,
Берекелі бірлігімде көркі оның.
Жарасымды бірлігімді бағалап,
Бүкіл әлем ұсынуда кең төрін.

Төрелігің төрге өтсе, төрлей гөр,
Өркениет өр шыңына өрлей бер.
Бірлігіміз – бейбітшілік бесігі,
Бесігіңді аялай бер, тербей бер.

Бірлігімнен айырмашы ертеңім,
Өссін, елім, абырой мен өркенің.
Өркениет өскен елге айналсақ,
Сол кез­дері бақыт күйін шертемін.

* * *
Қасиет­ті сыр сандық –
халқым, жұртым деп білем,
Ынтымақты бірлігім –
алтын кілтім деп білем.
Жаңғыртуға рухын
талпынды ұлтым деп білем,
Талпынысы – тіл-дінім,
салтым-ғұрпым деп білем.

Лаулап жанып өшпейтін,
рухымыз – от­ты өлең.
Алпамыстай батыр ол,
Атқан оқ та өтпеген.
Тасжарғандай тағдыры,
Тасты жарып көктеген.
Адалдыққа айқара
Құшақ жайған текті ел ең.

Сұғын салған сұқ көзді,
Сұғанақты жек көрем.
Ескертемін оларға
ойнама деп отпенен!

Абай ақын арманы,
Мұқағали мұраты
Жаса асыл бірлігім,
Жаса асыл тіл-ділім,
Рухани жүйрігім,
Мәңгі жаса деп келем!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір