Күйшінің домбырасы музейге табысталды
04.06.2024
873
0

Апта басында Алматыдағы музейлер бірлестігіне қарасты мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында дәулескер күйші, шебер домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахым Тәжібаевтың домбырасын осы жерде ораласқан музейге табыстау рәсімі өт­ті. Шараға Рахым Тәжібайұлының жары Ажаргүл Тәжібай, марқұмның немере-інісі, күйші Асқар Мұқанов, әріптестері мен достары және зиялы қауым өкілдері қатысты.


Рахым Тәжібайұлының өмірбаянына тоқтала кетсек, ол – бүгінгі Жетісу облысына қарасты Ақсу ауданының Сағабүйен деген жерінде өсіп-өнген өнерпаз. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыда тұңғыш ашылған республикалық эстрада және цирк училищесіне оқуға түсіп, қазақ өнерінде өзіндік орыны бар Құбыш Мұхитов, Рүстембек Омаров, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиевтардан тәлім алған. Кейіннен Абай атындағы педагогикалық институт­тың музыка факультетін де тәмамдаған екен. Ол «Қазақконцерт» бірлестігінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, сонымен қатар «Гүлдер» ансамблінде, «Самал» және «Серпер» ансамбльдерінде көркемдік жетекші әрі жеке орындаушы қызмет­терін атқарған.

Күйшінің репертуарында 150-ден аса күйлер болған екен. Сонымен қатар бірнеше домбыра сыныптарын ашып, талант­ты жастарды тәрбиелеуге айрықша еңбек еткен. Күй өнерінде өзіне тән қайталанбас қолтаңбасымен дараланып, ойнау шеберлігімен талайды тамсандырған ерекше тұлға.
Салтанат­ты шараның шымылдығын Рахыммен бірге еңбек етіп, қазақтың күй құдіретін әлемге танытуға атсалысқан күйші-домбырашы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай ашып, дарынымен дүйім жұрт­ты мойындатқан әріптесі хақында жылы естеліктер айт­ты. Сөзінің соңын күмбірлеген күймен қорытындылаған ол алдымен Ажаргүл Тәжібайға арнап Құрманғазының «Қайран шешем» күйін орындаса, соңынан өзі шығарған «Найман» күйін жұртшылық назарына ұсынған.
Осыдан кейін Рахымның өнердегі әріптесі, өмірдегі досы, эстрада студиясында бірге білім алып, еліміздің барлық аймағында гастрольдік сапарда бірге жүрген, одан қалса әлемнің әр шалғайында қазақ музыка өнерін паш етен Қуаныш Әбдухалимов сөз алып, көңілі баладай, пейілі даладай досы жайлы тебіреніске толы естеліктерін айтып берген. Гүлжахан Ғалиева Республиканың барлық өңірін аралай жүріп, ел ішіндегі дарынды жастарды жинағанда алғашқы болып студияға қабылданғандардың арасында Рахым да болған екен. Жан-жақтан арман қуып Алматыға келген сол жастардың ішінен еліміздің өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосып, абройын асқақтатқан небір тұлғалар шыққаны белгілі.
Рахым Тәжібайұлы өзінің өнер жолында саусақ тисе сөйлей жөнелетін талай тамаша домбыраларды серік еткен екен. Солардың бірі бүгіндері өзі туып-өскен Сағабүйен Мәдениет үйінде сақтаулы. Бұл жолы күйшінің өзі қолына ыңғайлы етіп реставрациялап, құлақ күйін келтірген тағы бір домбырасы мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығына сақталуға қойылды. Домбыраны күйшінің жары Ажаргүл Тәжібай орталықтың жетекшісі Роза Таженованың қолына табыс ет­ті.
Жиналған жұртшылық Қазақстанның мәдениет қайраткері Асылбек Ахатовтың орындауындағы күйлерді, Қазақстанның халық әртісі, профессор Рамазан Стамғазиев әуелете шырқаған халық әндерін, Республикалық күйшілер одағының мүшесі, домбырашы Асқар Мұқановтың шалқымаларын сүйсіне тыңдап, соңынан музейге қойылған қазақтың біртуар тұлғалары ұстаған аспаптарымен танысып тарасты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір