ТІЛДІ ТІЛ ӨЛТІРМЕЙДІ, СӨЙЛЕУШІ ӨЛТІРЕДІ
Жаһандану үдерісінің қарқыны тілдердің де бір-біріне ықпалын жеделдетті. Бұрын ғасырлар бойы жүзеге асатын өзгерістер қазір болып жатқан бір оқиға іспетті көз алдымызда өтетін болды. Мәселен, осыдан 15-16 жыл бұрын қазақ тілінде «Мен ойлаймын» деп сөз бастайтын адам болмаған, ал қазір бұл тіркесті қолданбайтын адам табу оңайға түспейді.
Бұл –тек қазақ тілінің тарихында орын алып жатқан жайт емес, әлемде өмір сүріп отырған барлық тілдерде қарқынды жүріп жатқан құбылыс. Соған орай, бүгінгі ғаламда лингвистикалық протекционизм, тілді қорғау саясаты деген мәселе алға қойылған. Бұл саясат дамыған мемлекеттерде де қолға алынған. Мысалы, француздар компьютер терминдерін ағылшын нұсқасында ала бермейді. Жапондар ағылшын сөздерін шамадан тыс қолданып қойған БАҚ құралдарына айыппұл салады. Бұл тілдерге төніп тұрған қандай да бір қауіп жоқ сияқты көрінгенмен, ондағы халықтар сақтық шараларын қамдамаған жағдайда не болатынын бағамдайды.
Зерттеулерге сүйенсек, нақты деректер әрбір екі аптада бір тілдің жойылып кетіп жатқанын көрсетеді және осы қарқынмен кете берсе, шамамен бір ғасырға жуық уақыт ішінде дүние жүзіндегі қазіргі өмір сүріп отырған 6000-нан астам тіл 200-ге дейін азаяды деген қауіп бар. Бұл тілдердің соғысынан аман шығатындар – ағылшын, француз, португал, испан сияқты отаршыл державалардың тілдері, Жапон, Қытай сияқты ірі өнеркәсіптік державалардың тілдері, миллиондаған жергілікті сөйлеушісі бар араб, хинди, бенгал сияқты тілдер және аймақтық лингва франка (қарым-қатынас құралы) қызметін атқаратын тілдер деген болжамдар жасалып жүр.
Мұндай дабыл қағу әрекеттері ХХ ғасырдың аяғынан басталып, бүгінгі күнге дейін толассыз жалғасып жатыр. Зерттеулерде жойылып кететін тілдердің алғашқы белгісі «тіл өкілдері өз тілінде бола тұра, сөз арасына үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қосып сөйлейді» делінсе, соңғы белгісі «тілде сөйлейтін ұрпақ өз қоғамында өз тілінде сөйлеуге ұялатын, намыстанатын халге жетеді» деп көрсетіледі. Біздің қоғамда бүгінгі күні бұл белгілердің біріншісі «асқынған» күйде тұрса, соңғысының да арагідік көрініс беріп отыратынын жоққа шығара алмаймыз. Бұл екі белгіден де бөлек, соңғы 10-15 жылдың көлемінде орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен қазақ тілінің әдеби нормасына едәуір салмақты залал келгені тіл жанашырларын алаңдатып отыр.
Тілдік норманы бұзып-жарып белсенді қолданысқа шығатын, узус деп аталатын тілдік бірліктер болады. Академик Р.Сыздық оларды уәжді, уәжсіз деп бөледі. Уәждісі өз контексінде қабылдауға болатын ауытқу болса, уәжсізін «ақтап алуға» келмейтін ауытқу деп түсіндірейік. Біздің сөз еткелі отырғанымыз – осы уәжсіз ауытқулар. Оларды өз қазақи қалпына келтіруге талпыныс жасап көрсек деген үмітпен тілде белсенді қолданыста жүрген ауытқуларды бірнеше топтамаға бөле қарастырдық. Талдауларға зер салайық.
1-топтама. Қате екені танылатын ауытқулар
Бірінші кезекте көзге көрініп, құлаққа түрпідей тиіп тұрған нормадан (уәжсіз) ауытқулардың мысалдарын береміз, қазір кері қайтарылмаса, қазақ тілінің төл болмысын ығыстырып, сіңісіп кету қаупі бар.
Мысалдар ресми дереккөздерден: құжаттардан, мінберлерден, зум форматында өткен жиындардан, телеарналардан жазып алынды.
Түсіндірмелерден көріп отырғанымыздай, мұндай қателерді болдырмаудың бірден-бір жолы – сұрақ қою, сұрақ қою арқылы сөз қолданыстың дұрыс-бұрыстығын тексеруге болады, бірақ сұрақты да дұрыс қоя білу керек. Мектеп және жоғары мектеп қабырғаларында (тек қана қазақ тілі мен әдебиеті пәндері сабақтарында емес) мәселеге атүсті қарамай, тілдің грамматикасына осы кестеде көрсетілгендей басқа тілдерден келіп тұрған «залалды» көрсетіп, «дұрысы мынау» деп, оны жаттығулармен, тест сұрақтарымен бекіту қажет.
2-топтама. Қате екені танылмай кеткен ауытқулар
Екіншіден, бұрмаланған нұсқасында сіңісіп, әдеби норма ретінде (жаңсақтықпен) танылып жүрген тілдік бірліктерді (қиын да болса, қолдан келіп жатса) дұрыс қалпына келтіру жөн болар еді.
Бұл топтамадағы мысалдарды «Бұрмаланған нұсқасында сіңісіп кеткен сөздер мен сөз тіркестері» деп атап отырған себебіміз, бұлар сөйлеу тіліндегі қолданысты айтпағанның өзінде, ресми қолданыста да жиі кезігетін, тіпті әдебиет көздерінен, қазақ тілінің оқулықтарынан да орын алып үлгерген узустар болып отыр. Кері қарай дұрыс қалпына қайтару оңайға соқпайтыны белгілі. Алайда қажетті амал-тәсілдер арқылы бұл қолданыстағы қателерді де түзетуге болады.
3-топтама. Морфологиялық құрамында қате бар екені соңғы кезде анықталған ауытқулар
Үшіншіден, бүгінгі күнге дейін әдеби нормаға сай болып саналып келген, оның нормаға сай екеніне тіпті ешқандай күмән болмаған кейбір сөздеріміздің морфологиялық құрылымын қайта қарауымызға тура келеді.
Мысалға алынған нормадан ауытқулардың қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың себеп-салдарында орыс және ағылшын тілдерінің әсері жатқанын анық көреміз. Біз көрсетіп отырған топтамалардың 1 және 3-іншісін өз атымен грамматикалық қателер деуіміз керек. 2-топтаманы узустар деп қарастырсақ, Р.Сыздық: «Тегінде, норма мен узусты айырып таныған жөн, …узустың бір айырым белгісі – оның тілдік жүйеге қайшы келетіні деп танимыз» деп көрсеткен болатын. Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы). Алматы: «Ел-шежіре», 2014]. Демек, 2-топтаманы да «узус қой» деп, қабылдап ала беруге болмайды, бұл тілдік жүйені бұзады деген сөз. Сонымен, қарастырылған 3 топтаманы да қайта қалпына келтіру қажет болады.
Дегенмен бұл ауытқулардың қай-қайсысын да тілдің өз нормасына қайтару оңай тимейді. Арнайы бір әзірленген стратегия іске қосылмаса, жағдайдың одан әрі қарай ушыға беретіні белгілі. Әсіресе тілдің ауызша сөйлеу формасы бой бермей кетуі ықтимал, өйткені оны әрбір сөйлеушінің аузынан қадағалау мүмкін болмайды.
Бір қызығы, жоғарыдағы кестелерде берілген қателердің түзетіліп жатуы – өте сирек жағдай. Түзетілмеу себептерінің ішінде немкеттілік, немқұрайылық, нақ сол сәтінде мүмкіндіктің болмауы деген сияқты факторлармен қатар, мамандардың өзінің нормадан жаңылуы бар, ең қиыны – ненің норма, ненің ауытқу екенін ажырата алмай бара жатқанымыз.
Мектеп, театр, теле-радио атаулы жоғарыдағыдай қателерді қайталап, ертелі-кеш «екпіндеп» тұрса, бұл айтылғанға варваризмдерді (енді ағылшын тілінің ОK, wow, vape, гаджет, тайм мeнеджмент, кэйс, креатив, коуч, фрилансер, хайп, лайк, мейкер, скриншот, апдейт, флешмоб т.б. сөздерін араластырып сөйлеуді) қосыңыз, шала жансар аударманы қосыңыз, өз бетімен бара жатқан әлеуметтік желіні қосыңыз, BilimLand, Digital Urpaq, Әндіground сияқты гибридтерді қосыңыз, «Нappy Birthday to you» деп қосыла әндетіп, шырақ сөндіруді қосыңыз… Не болмақ?
Тіл тілді фонетикасынан да, лексикасынан да, грамматикасынан да алатыны белгілі. Осының ішінде «ең қауіптісі – грамматиканың қозғалуы» деп көрсетеді Батыс ғалымдары. Ең өкініштісі, біздің қазір бастан кешіп отырғанымыз нақ осы грамматиканың қозғалуы болып тұр.
Мәселенің тағы бір алаңдататын тұсы бар. Батыс зерттеушілерінің ішінде ерекше орын алатын уэльстік Д.Кристал мынадай тұжырым жасайды: «Грамматикаға келетін өзгерістің бүкіл қоғамға таралуы үшін біраз уақыт қажет. Өзгерісті алдымен бірнеше ғана адам бастайды, содан кейін тағы бірнеше адам қосылады, одан кейін бұл «жаңалық» бірте-бірте сөйлеу мен жазудың жаңа үлгісіне айналады. Бірақ кез келген жаңалыққа әртүрлі көзқарастың болатыны сияқты, оны жұрттың бәрі бірдей ұната бермейді. Ескі сөйлеу әдісіне үйренген адамдар жаңа қолданысты жақтырмай, қынжылып, қарсылық көрсетеді. Оны қолданбауға шақырады; газеттерге мақала жазып, радио-теледидардан жаңа қолданыстарды естіген сайын хабар тарату компаниясына шағымданады. Бірақ, өкінішке қарай, оның бәрі бекер әурешілік болады, шағымданушылардың уақыты зая кетеді. Себебі жаңа қолданыс қоғамдағы адамдардың көпшілігі солай қолдануды қалап, шешім қабылдап қойған кезде пайда болады. Телеарнаға шағым хат жазу (түпнұсқада BBC-ге деп беріледі. – Н.Р.) өзіңізге жағымды әсер қалдыруы мүмкін, бірақ бұл өзгерісті тоқтата алмайды» (ағылшын тілінен аударған. – Н.Р.). Д.Кристал – тілдің пайда болуынан бастап, жойылып кетуіне дейінгі аралықты қамтитын 100-ден астам кітап жазған ғалым. «Тіл өлімі» (‘Language Death’), «Ағылшын – өлтіруші тіл» (‘English is a killer language’), т.б. еңбектері көпке таныс.
Жалпы осы тақырыпқа зерттеу арнаған ғалымдардың көбі, осындай «бір тіл бір тілді жейді» деген қорытындыға келеді. Ал Чикаго университетінің профессоры Саликоко Муфвененің ойынша, «Ағылшын, француз сияқты «алпауыт» тілдерді өлтіруші тілдер деп қарау қате түсінік, тілдерді тілдер өлтірмейді, сөйлеушілер өлтіреді. Тіл қоғамда үздіксіз қолданылу арқылы өмір сүреді. Сөйлеушілер одан бас тартқан кезде тіл өледі. Бұл тұрғындары ұрпақ беруден бас тартқан қоғам іспетті». Ал біздің бүгінгі қазақ тіліміз өзге тілдер толассыз түйреп жатқан шанышқылардан шалажансар күйге түскен болса, өз сөйлеушілерінен де жанашырлық сыңай көре алмай отыр.
А.Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады!» деген әр қазақ білетін ескертпелерін тағы бір еске салып қоялық. Қазақ, мүмкін, оянар!
Нұрсәуле РСАЛИЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері