Авардың ұлы авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес!
20.09.2023
282
0

Жазушы Төлен Әбдіктің «Қонақтар» атты әңгімесінде әйелінің қазақша білмейтініне масайрайтын Сапабек дейтін саппас бар.

Әңгімедегі Сапабек – Ерғабыл қарияның жалғызы. Қарт пен кейуана баласы мен келінінің жолына қарайлап сарылып жүреді. Ерғабыл қарияның тілегі – немересі Жеңісті қолына алып қалу. Ал Жеңіс қазақша ептеп қана түсінеді. Әңгімеден үзінді келтірейік:
«Шал өзіне зорға келген немересін бауырына басып, бетінен сүйді. «Ой, тентек, атаны сағынбайсың-ау», — деп жаулықтай үлкен ақ орамалының шетімен көзін сүртті.
– Кел, келе ғой, әй, — деді есік жақтан көрші кемпірлердің бірі қолын созып. – Шалдың баласысың ғой, кел.
Қитар ұл енді ешкімге бармады. Тіпті, шақырған Ерекеңнің өзіне де жолаған жоқ.
– Келсеңші, ей, жаман неме. Өзі қазақша білетін бе еді, Сапабекжан? – деп әлгі кемпір қапсағай сары жігітке қарады.
Сапабек алдына келген баланың қысқа кекіліне қолын тигізіп:
– Ептеп түсінеді, – деді.
– Қой, қазақша үйретіңдер.
– Алдымен анау отырған шешесі қазақша білмейді, қайта бұған кінә жоқ, – деп Сапабек қазақша білмейтініне риза болғандай күлімсіреп, ақсары келіншегіне қарады. – Тома, мынаның бет-аузы кір, жуындыршы, – деді орысшалап».
Асырып айтқанымыз емес, қазіргі «маманың» дені – Тома. Ана тілін білмейді. Ана тілін білмейтін ана баласын ұлттық ділдің уызына қайтіп жарытсын… Томалардың тоңмойындығынан қазақтың қаншама ұл-қызы осы заманда туған халқынан жырақтап, дүбәра халде жартыкеш тағдыр кешіп келеді. Бірақ біздің Томаларға бәрібір… ұрпағын өлтіріп, ұлтын қорлайтын қара күштердің құшағына құлап, етегін түріп жата береді. Өкінішті… Солардың, яғни ұл-қызын сормаңдай етіп тәрбиелейтін әсіре орысшыл қазақ әйелдерінің құлағына жете берсін деп, әйгілі Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабынан Кенжеболат Шалабаев аударған мына бір үзіндіні жариялап отырмыз.
«Күндердің күнінде Парижде бір дағыстандық суретшіні кездестірдім. Революциядан кейін іле-шала Италияға оқуға кетіпті де, итальян қызына үйленіп, еліне қайта алмай қалыпты. Тау ішіндегі дәстүрге үйреніп қалған әлгі дағыстандық жігіт көпке дейін өзінің жаңа отанына үйрене алмай жүріпті. Жержүзін талай шарлап, алыстағы бөтен елдердің жарқ-жұрқ еткен астаналарында да болыпты. Бірақ қайда барса да, туған елін аңсап, зарыққан сезім соңынан қалмай-ақ қойыпты. Осындай сезімнің бояу арқылы бейнеге қалай айналғанын көргім келді де, «өзің салған суреттерді көрсетші» деп өтіндім. Оның бір суретінің аты «Елді аңсау» екен. Суретте байырғы авар киімін киген итальянка (суретшінің әйелі) бейнеленген. Ол тау ішіндегі бұлақтың басында тұр, қолында атақты гоцатлин шеберлері нақыштап жасаған күміс құмыра. Тау баурайында қайғырып, тұнжырап тұрған авардың тас ауылы. Ауыл үстіне төніп тұрған таулар бұдан да бетер қайғырып, тұнжыраулы. Тау төбесін тұман басқан.
– Тұман, – деді суретші, – көздің жасы. Таудың баурайын тұман басқанда, тастың тілім-тілім әжімін бойлап, мөлдір тамшы ағады ғой. Тұман – бұл мен. Екінші суреттен тікенек бұтаның басында отырған құсты көрдім. Ал бұта болса, жалаңаш тасты қақ жарып шығып, өсіп тұр. Құс сайрап тұр да, оған өз үйінің терезесінен қайғылы бір тау қызы қарап тұр. Менің суретке назар аударғанымды байқап қалды да:
– Бұл аварлардың көне аңызының желісі бойынша салынған сурет, – деп түсіндірді суретші.
– Қандай аңыз бойынша?
– Құсты ұстап ап, торға қамап қойып­ты. Торға түскен құс күні-түні бірдей: «Елім, елім, елім, елім, елім», – деп еңкілдей беріпті… Соңғы жылдар бойы тап осылай еңкілдеп-қақсап жүрген мен сияқты… Құс иесі ойлапты: «Мұның елі қандай екен, ол қайда болды екен? Мүмкін, мұның елі жұмақтағы ағаш өсіп, жұмақтағы құс мекендейтін гүл жайнаған тамаша бақ секілді шығар? Мен осы құсты далаға қоя берейін де, оның қай жаққа ұшып кеткенін көрейінші. Сонау алыстағы ғажап елдің жолын көрсетсін маған» деп ойлап, тордың қақпағын ашып, құсты босатып жіберіпті. Құс он қадам ұшып барыпты да, жалаңаш тасты қақ жарып, өсіп тұрған тікенек бұтаға қоныпты. Осы бұтаның жапырағының арасында оның ұясы бар екен. Мен де өз еліме, өзімді-өзім қамаған тордың терезесінен қарап жүрмін ғой, – деп аяқтады әңгімесін суретші.
– Елге неге қайтқыңыз келмейді?
– Кеш қой. Кезінде туған жерімнен жанып тұрған жас жүрегімді алып кетіп едім. Енді еліме қаудыраған қу сүйегімді қайтаруға хақым бар ма менің? Парижден оралысымен, әлгі суретшінің туған-туысқандарын іздеп, тауып алдым. Таңғалғаным сонша, оның шешесі әлі тірі екен. Суретшінің туған-туысқандары шатырсыз тоқал тамға жиналып алып, өздерінің елден безіп кеткен, туған жерін жат жерге айырбастап жіберген ұлы жайындағы әңгімемді күңіреніп, қайғы-қасіретпен тыңдады. Бірақ маған ұлына кешірім еткен секілді болып көрінді. Олар оның тірі жүргеніне қуанды ма, қалай, әйтеуір кенеттен шешесі:
– Сендер аварша сөйлестіңдер ғой? – деп сұрады менен.
– Жоқ. Біз тілмаш арқылы сөйлестік. Мен – орысша, ал сенің балаң – французша.
Ұлының өлгенін жаңа ғана естігендей боп, суретшінің шешесі бетін қара орамалмен жауып ала қойды. Үйдің шатырын тырсылдатып, далада жаңбыр жауып тұр. Біз Аварда тұрмыз. Ал жердің екінші жағында, Парижде Дағыстанның адасқан ұлы да, мүмкін дәл осы сәтте жаңбырға құлақ салып отырған шығар… Біраз үндемей отырғаннан кейін, суретшінің шешесі айтты: – Сен қателестің, Расул, менің ұлым баяғыда өліп қалған. Сенің көргенің – менің ұлым емес. Менің ұлым өзім үйреткен, авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес!».

P.S. Авардың ұлы авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес екен. Қазақтың ұлы ше? Ол үшін қазақтың анасы қазақ тілінде сөйлеуі керек шығар, бәлкім?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір