ӘДЕБИЕТ – ӘКЕМНІҢ СӨЗІ ЕКЕН
Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, тәуелсіз «Платиналы Тарлан»
сыйлығының лауреаты
Ақыны мен жазушысы ерекше құрметке бөленген өткен ғасырға көз жіберсеңіз, шулы-нулы әдеби ортада жыр оқып, қалам тербегендердің еш оқиғадан оқшау қалмай, композиторы, әншісі, әртісімен біте қайнасып, бір-бірінің жаңа туындысын талдап, талқылап жүргендері жайлы әңгімеге қанығар едіңіз. Жыры мен сыры келіскен ортаның түрлі мінездерін де әлгі ортаның өз адамынан естігенге не жетсін?! Айтулы ақын Шөмішбай Сариевтің жетпіске көтерілген биігінде әкенің тәрбиесімен қатар, аға қаламгерлердің де өнегесі қандай болғанын сұрап білген едік…
– Сіз әдебиетке келген уақыт туралы әңгімелесек… Ол кездегі халықтың поэзияға, кітап оқуға деген ынта-ықыласы қандай еді? Өлең-сөзге құмар сіздердің әдебиетке деген сүйіспеншіліктеріңіз, әдебиет төңірегіндегі таласты, тартысты өмірлеріңіз қалай басталды?
– Ол уақытта Казгу-де журналистерді қазақ тілінде дайындайтын топқа республика бойынша жиырма бес-ақ студент қабылдайтын. Күллі республикадан жиырма бестің бірі болу, бұл топқа ілігудің өзі қаншалықты қиын еді?! Бағымыз жанып, 1966 жылы оқуға түстік. Журналист боламыз деген жиырма бесіміз де ақынбыз. Ол кезде ҚазҰУ-де М.Әуезов атындағы Әдебиет бірлестігі бар. Бірлестіктің жетекшісі – ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев. Ол уақытта бірінші және соңғы курстар студенттерінің кездесуі болады екен. Сол кездесуде, дәстүр бойынша бірінші курс студенттері өлең оқитын көрінеді. Кездесуіміз басталды. Төрдегі президиумда Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев бастаған ұлағатты ұстаздарымыз бен әдебиетші ағаларымыз отыр. Жоғары курс студенттерінің ішінде Ақселеу Сейдімбеков бастаған мықтылар және бар. Курстастарым – Баққожа Мұқаи, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубайлар бар, бас-аяғы жиырма төрт студент өлеңін оқыды. Ауылдан келген баламыз, қойдай жуас кезіміз. Алдыңғы қатарда отырғаным болмаса, өлең оқуға біртүрлі жүрексіндім. Менен бір жыл бұрын Жарасқан Әбдірашев оқуға түскен еді. Өлеңдерімнің Қызылорда облыстық, аудандық газеттерде шығып жүргенінен хабардар. Жарасқан орнынан тұрып: «Шөмішбай Сариев өлеңін оқысын», – деді. Шөмішбай деген атты бірінші естіп отырған болуы керек, Сұлтанғали ағай: «Кім дейсіңдер? Шөмішбайың қайсың? Ортаға шыға ғой», – деді. Ұялыңқырап, мінберге шығып «Иінағаш» деген өлеңімді оқыдым. Бала күнімде анам ауырып қалып, қыздардан жасырынып барып, иінағашпен су әкелген бір жағдайларды бастан өткергенімді өлеңге қосқан едім. Баршасы ұйып тыңдап, қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Ақселеу Сейдімбековтен бастап, ағаларымыздың бәрі мені мақтасын келіп. Ертеңінде әдебиет теориясынан дәріс оқитын Қабдолов аудиторияға келді. Кешегі кеште өлеңімді тыңдаған ғой: «Шөмішбай Сариев деген қайсысың?», – деп сұрады. Мен орнымнан тұрдым. Өлең оқытты.
Жайсам деймін мол өркен,
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарай жүремін…
Осы өлеңім Зейнолла Қабдоловқа қатты ұнап, кейінгі кездері де, мені көрсе осы өлеңімді оқитын.
Сөйтіп, бірінші курстан мақталдым. Бірден жарқырап көрініп кеткеннен кейін менің ақын курстастарым басқа салаға ауыса бастады. Ең соңында жиырма бес баланың ішінде жалғыз ақын қалдым. Жолымды З.Қабдолов, С.Садырбаев ұстаздарым ашып берді. Оралхан Бөкеев «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі болды да, өлеңдерімді газетке басты. Осылайша әдебиетке жетпісінші жылдары келдік. Өзім әдебиетті орманға ұқсатам. Орманның сыртынан қарасаң бәрі керемет, іші тұнған сұлулық деп ойлайсың. Орманның ішіне қарай ене бастағаннан-ақ бұралаң соқпағы көп, ну жыныстың ішінен әй, адасып кетем-ау деген ой билейді. Өйткені, мұнда арыстандар, жолбарыстар, түлкілер, қасқырлар, қояндар, жыландар да бар екен. Біз осылайша қорқа-қорқа әдебиет әлеміне ендік. Қытай қорғаны сияқты, мүжілмес, мызғымас ағаларымыз алдымызда тұрғанда, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев сынды ақындардың ортасында біз де ақын боламыз деген балалық сезіммен әдебиеттің ортасына күмп ете түстік. Біздерді кім десеңіздер, онша осал толқын емес едік – Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Нұрлан Оразалин, Рафаэль Ниязбеков, Сағат Әшімбаев сынды қаламгерлермен қатар әдебиеттің есігін қақтық.
Сол кездегі хатшы Қуаныш Сұлтанов жас ақындардың бүкілодақтық фестиваліне жіберді. Одан кейін аралас-құралас тіптен көбейді. Бастапқыда өлең формасын неше түрлі өзгертіп жазатынмын. Ол уақытта Оразбек Сәрсенбаевтың «1961» деген поэмасы жарық көрді. Ол туралы академик Мұхамеджан Қаратаевтың «Жаңалық па, жаңа былық па?» деген мақаласы шықты. Жақсы поэма еді. Бірақ өлең формасы өзгешелеу болатын. Ағаларымыздың ақылына құлақ қойсақ, сыны дұрыс та сияқты, содан дәстүрлі поэзияға қарай көштік.
Университетте кандидаттық, әлде докторлық жұмыстарды қорғауға міндетті түрде қатысатын едім. Мұхтар Мағауиннің, Рымғали Нұрғалиевтің қорғауларына қатыстым. Әлкей Марғұланды сол жерде көрдім. Мағауиннің қорғауында «Шалкиіз бе, Шалкиз бе» деп бір сөз үшін жарты сағат айтысқанды сол кезде көріп таңқалдым.
Университетті бітірер кезде дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Қазақ әдебиетінің сыны» еді. Рымғали Нұрғалиев бір жетіден кейін кел, жақсы тақырып берем» деді. «Ілияс Омаров – сыншы-публицист» деген тақырыпты ұсынды. А.Мархабаевтың жетекшілігімен дипломдық жұмысымды үздік қорғадым. Зейнолла Қабдолов өзі қарап шығып, жетілдіре түс, өзім қорғатып үлкен ғалым етем деп еді. Сөйтіп жүргенде жеңгеңе үйленетін болдым. Жеңгең І.Омаровтың туған нағашысының қызы екен. Қайын жұрттан қорғамаймын деп бас тарттым. Бірақ қазақ лирикасынан қорғадым.
– Алғашқы жыр жинағыңыз 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көргенінен хабардармыз. Алғашқы кітаптың қуанышы қандай болатынын талай қаламгер ағаларымыздан сұраған едік. Тұңғышыңызды қолыңызға алғанда бойыңызды қандай сезім биледі?
– «Жас керуен» деген жинаққа Тұманбай Молдағалиев кіргізді. Бұл – 1970 жылдар еді. «Әй, батыр, атың біртүрлі екен, соны өзгертсек қайтеді», – деп сұраған еді. Кейінгі әңгімені Тұмағаңның аузымен айтсам. Менің елу жылдық мерейтойымда сөз алғанда осы әңгімені жалғастырып еді. «Атыңды ауыстыр десем, балаға тіл бітіп, «Сіздің атыңыз да онша емес қой» деп қарап тұр. Өзімнің атымды әдемі есім деп ойлап жүргем ғой. Ойланып қалдым да, «онда атымызды көріктендіріп, бірге көркемдейік» дедім. Маған қазір Тұманбай мен Шөмішбай деген есімдер қоса қабат ыстық болып көрінеді», – деген еді.
«Балдәурен» деген тұңғышым жеті ақынның «Қанат қақтысы» деген сериямен бірге шықты. Алғысөзін Әбділда Тәжібаев жазды. Ерекше, мықты кітап болды. Есенғали Раушанов біздің үйге келгенде, сол 1974 жылы шыққан тұңғыш кітабымның бар өлеңін жатқа айтты. «Қанат қақтысын» оқып ақын болдық», – деді.
Кейінгі уақытта бір мерекеге орай жабық байқау жариялап, Кеңес Дүйсекеев екеуіміз қатысып, бірінші, екінші, үшінші орын, қос ынталандыруды екеуміздің шығармаларымыз алды. Жабық конкурс болғандықтан кімнің қатысып жатқаны белгісіз. Әділқазы мүшесі – Қадыр Мырзалиев, төрағасы Композиторлар одағынан. «Бес әнге керемет сыйлық алдыңдар, екеуің бізге жуыңдар» деген соң, Кеңес екеуміз Алматы мейрамханасына бардық. Сонда Қадекең күліп: «Бір-екі өлеңнің сенікі екенін білдім. Бесеуі де сенікі екенін білсем, қазақшылығым ұстап, екі-үшеуін құлатар едім. Неге ол бесеуін де алады дер едім», – дейді күліп. Аққыз деген туған апам бар. Қадыр Мырзалиевпен көрші. Аққыз апама кешкісін телефон соқтым. «Қадыр ағай қатты ауырып жедел жәрдем алып кетті», – деп алаңдап отыр екен. Ертеңінде поэзия кеңесі болатын. Екі жағымда Қадыр ағам мен Тұмағам отыратын. Тұмағам екеуміз отырмыз. Бір кезде Қадекем кіріп келеді. Амандық-саулықтан соң, «Аға-ау, сізді жедел-жәрдем әкетті деп еді», – десем: «Не сонда, мен ауруханадан шықпауым керек пе?», – деді.
Тұмағаң бай ақын болды. Таңдамалы кітабы шығып, қаламақыға жүз жиырма мың сом алды. Ол кезде бес мың сомға бір жигули келеді. 120 мың сомға қанша көлік келетінін есептей беріңіз. Сөйтіп, Тұмағаң жас кезінен көлік мінді. «Москвичті» мініп еліне тартады. Сағи Жиенбаев пен Шәміл Мұхамеджановтарды ерте барады. Үш ақын үш өңірдікі. Әр елдің салты басқа. «Москвичпен» туыстарынан көрімдік алып, Тұмағаң біраз қыдырыстайды. Сосын бір үйдің тұсынан өте берген кезде көлікті кілт тоқтатады. «Жігіттер, мына үйдің ақсақалы ұлағатты адам еді. Қайтыс болыпты. Көңіл айтуым керек», – дейді. Сағи: «Көңіл айтсаң, өзің кіріп шық, біз танымаймыз ғой, көлікте отыра берейік». Тұмағаң: «Біздің елдің салты солай, бәріміз кіреміз, кіргенде, біздің салтымызда «ой-бауырымдап» жылап кіруіміз керек», – дейді. Ана екеуі ат-тонын ала қашады. Тұмағаң ашуланып: «Менің елімнің салтын неге сыйламайсыңдар?», – деп екеуін дегеніне көндіреді. Шәміл және Сағи ағаларымыз, әрең келісіп, көздерін дымдап алып, «ой-бауырымдап», андағайлап шарбақтан кіріп келсе, есікте дәу қара құлпы тұр дейді…
– «Жұлдыз» журналында бірталай уақыт еңбек еттіңіз. Қазақтың ірі қаламгерлерінің бірталайымен дәмдес-тұздас бола жүріп, қоян-қолтық араласқан да шығарсыз. Ол кездегі ақын, жазушылардың қызық мінездері жайлы майын тамызып әңгімелейді деп естиміз. Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жарасқан Әбдірашев, Оралхан Бөкей сынды аға қаламгерлеріміздің «көңілдің кейбір кездеріндегі» мінез-құлықтары қандай еді?
– Сол жылдары Шерағаң «Лениншіл жастан» «Жалын» альманағына ауысты. Студент кезімде «Лениншіл жаста» мақала жазып тұратынбыз. «Жалынға» барған соң Шерағаң: «Сын жаз, мен сені қызметке аламын», – деді. Ол уақытта ОК Орталық Комитетінің сын туралы қаулысы шыққан. «Жалында» Тураби трибунасы деген айдар ашып, Тураби Туғансызов деген лақап атпен сын жаза бастадым. Кейін Шерағаң «Жұлдыз» журналының редакторы болып тағайындалды. Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев және мені қызметке алды. Әділсын Жұлдызұлы деген лақап атпен «Жұлдызға» да сыни мақалалар жаза бастадым.
Ахат Жақсыбаев «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы. Ол еңбек демалысына кетіп, орнына Жарасқан қалды. Бір күні Сағат пен Жарасқан: «Шөке, сізді сыйлайық деп едік», – деп, «Алматы» мейрамханасына алып барды. Төрге отырғызып, тапсырыс беріп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Сағат пен Жарасқан тағамның ақшасын төледі. Қалған бір уыс ақшаны маған берді. Сөйтсем, өзімнің қаламақымды алып, өзімді сыйлаған әзілдері екен. Жауапты хатшыда мөр бар ғой. Маған келген қаламақыны мөрмен растап, Сағат Әшімбаевқа жазып беріп, өз ақшаммен өзімді сыйлап отырған түрлері екен.
Ғафекеңмен бір шекісіп табыстым. Мен жастардың поэзиясын бергім келеді, ол кісі қатарластарының поэзиясын берем дейді. Душанбеге Жарасқан екеуміз фестивальге кеткенбіз. Фестивальден жаңа келген бетім, машина жіберіп, жұмысқа алдыртты. Сөйтсем, мені жұмыстан шығаратын қылып қойыпты. Өлеңдері шықпаған ақындар қаттап арыз жазыпты. Ғафекең «Жұмысты не мен, не Шөмішбай істесін» деп мәселе қойды. Іс насырға шауып, Оралхан сөз алды: «Екеуін де жұмыстан шығара алмаймыз. Ғафекеңді жұмыстан шығару біздің құқымызда емес, оны жұмыстан Жазушылар одағының секретариаты ғана шығара алады. Сондықтан жұмыстан кетсе Шөмішбай кетуі керек. Бірақ біз оның да кеткенін қаламаймыз. Поэзия бөліміндегі айлығымен өнер, ғылым бөліміне ауыстырайық», – деді. Ауыстырды. Бір жылдай уақыт өткен соң, Ғафекең менің бөліміме Шөмішбай керек деп мені қайта алдыртты.
Ұзынағашта Жамбыл Жабаевтың күндерін өткізетін болдық. Жамбыл атындағы сыйлық болған. Алғашқы сыйлықты Хамит Ерғалиев алған. Сыйлықтың соңғы иесі де сол кісі. Хамағаң, Әкім Тарази үшеуімізге Жамбыл күндерін өткізуді ұйымдастыру жұмыстарын тапсырды. Жамбыл тәтемізді сол кезде терең зерттеп, таныдым. Жәкең барлық жазушыға ат қояды екен. Әуезовті «Шоң қазақ», Сәбеңді «Балуан Шолақ» дейді екен. Сталинге біреу арыз жазып, Жамбыл деген адам жоқ деген соң, анық-қанығын тексеруге Леонид Соболев Қазақстанға келеді. Оны Мұхаң Жамбылдың ауылына ертіп барады. Сонда Жамбыл: «Уа, Шоң қазақ, тағы бір нар қазақты ертіп келіпсің ғой» депті. Жамбыл тәтеміз Сәбеңе: «Балуан Шолақ, сен мынаны айтшы, мен өлгенде қай жерге көмейін деп жүрсіңдер?», – депті. Сәбит Мұқанов: «Қой, тәте, қайдағыны айтпа», – дейді ғой. «Әй, Балуан Шолақ, бүгін-ертең өлейін деп жатқан мен жоқ. Алда-жалда дегенім ғой, мені қайда жерлейін деп жүрсіңдер», – деп Жәкең де қоймапты. Сәбең ойланып-толғанып: «Әке-шешеңіздің қасына қойсақ қайтеді?», – депті. Сөйтсе Жамбыл: «Ай, Балуан Шолақ, ол жердің жыланы көп еді!», – дейтін көрінеді.
«Жұлдыз» журналында он бес жыл жұмыс істедім.Бір жарым жыл жұмыссыз отырдым. Қызылордада қазақ әдебиетінің күндері өтетін болды. Шешеме елге барам деп айтып қойғам. Үйде жатыр едім, академик Мұхамеджан Қаратаев ағамыз хабарласты. Қызылорданың күндеріне отыз жазушы барады екен, апаңмен барайын деп ем, сен апаңның билетімен бір сағат ерте ұшсаң деген өтінішін жеткізді. Ағаңның айтқанына қарсы тұрар күш қайда, билетіңді алып кет деген жеріне жеттім. Жазушылар одағының барында кездесеміз дегенбіз. Барсам, Композиторлар одағының съезі өтіп жатыр екен. Жолай екі баламның оқу бітірген марапат қағазын ала барғанмын. Өзі ырду-дырду болып жатқан композиторлардың арасына түскен соң, әрі марапат қағазын жуған соң, ептеп көңілім көтерілейін деді. Фойеге шықсам Әшірбек Сығай келе жатыр екен. Амандастым. Оқиғаның арғысын мен емес, Әшірбек айтады ғой. «Сен қызып алыпсың. Дәліздің ана бұрышынан Совминнің басшысы Шәңгерей Жәнібеков нөкерлері – бөлім басшыларымен келе жатыр екен. Шәңгерейді көріп, құшақтап сүйдің. Мені де сүй дедің. Анау сүйгісі келмей, сен болмаған соң, арқаңнан қағып, сүйген ырымын жасады. Совминнің қасында жүрген нөкерлерінің көздері атыздай болды», – дейді Әшірбек. Ертеңінде ұйқыдан тұрсам Қалаубек Тұрсынқұлов хабарласады. «Шөмішбай, жұмыстан, партиядан шықтың, делегациядан алып тастадық», – дейді. Жұмысқа жеттім. Шынында да солай екен. Газеттен өлеңдерім берілуін қойды. Кітап та шықпай жатып қалды. Бірақ жеке басыма бұл үзіліс жақсы болды. Шығармашылық демалыс іспетті, біраз дүние жаздым. Бір жарым жылдан кейін Ілияс Есенберлинге бардым. Жұмыстан кейін кім кімнің бетінен сүймейді деп, қайтадан жұмысқа алдыртты.
Студент кезден бергі әдетім – күнтізбеге ақын-жазушылардың туған күнін алдын ала белгілеп қоятын едім. Бір күні қарасам, Мұхаңның туған күні екен. Сол күні таңертең Мұхаңа арнап «Сот келеді» деген өлең жаздым. Сөйттім де жұмысыма тарттым. Одақтың конференц залында жиналыс болып жатыр екен. Біздің еркелеп жүретін кезіміз. Ағаларымыз да еркелігімізді көтеретін. «Өлең оқиын деп едім» деп хат жазып жібердім. Бірінші хатшы Әнуар Әлімжанов хатты ашып көрді де: «Біз одақтың шаруашылығы туралы жиналыс өткізіп отырсақ, Шөмішбай Сариев өлең оқимын дейді», – деп күлді. Мен орнымнан тұрдым да: «Ән-аға, егер менің фамилиямды айтпай, бір ақын өлең оқығысы келеді екен десеңіз, ортаға шықпас едім», – деп ортаға шықтым да, «Осында отырған Тахауи Ахтановқа, Зейнолла Қабдоловқа, Әнуар Әлімжановқа, Сафуан Шаймерденовке өмірден қоштасар алдында Мұхтар Әуезов хат жазды. Еске алсын, ұмытпасын деп жазды. Мұхаңның бүгін туған күні!», – деп «Сот келеді» деген өлеңімді оқи жөнелдім.
Уа, халайық, тұрыңдар, сот келеді,
Жалдауға адвокаттың жоқ керегі.
Жүрміз бәріміз де кепілдікте
Ғұмырымыз мәңі емес, өтпелі өмір.
Өтпелі өмір жадыңда жатталсын көп,
Жолдарда бізді күтіп жатқан сын көп.
Кепіл өмір берілген бәрімізге
Уақыт соттың алдында ақталсын деп.
Адамзат келешекте кешікпе ойлан,
Туғанда тағдыр соты шешіп қойған.
Табиғат алаламай бәрімізді,
Өлімнің жазасына кесіп қойған.
Өмірдің алары аз, көп берері
Ақтауға адвокаттың жоқ керегі.
Әділетті, ең қатал, уақыт атты
Уа, халайық, тұрыңдар, сот келеді, –
дедім. Бәрі қол соқты. Әуезов үшін. «Шөмішбай бізді ұялтты. Мерейтойларда ғана еске аламыз. Ертең Абай атындағы Опера және балет театрының жанындағы ескерткішке гүл қояйық», – деді. Ғабаң бастап гүл қойғанда, мен бір гүлді Әуезов ескерткішіне лақтырып едім қолына әдемі болып тұра қалды. Мені көріп үлкен ағамыз гүл лақтырып еді, жерге сып етіп түсті. Сонда Қалихан Ысқақов ағамыз анекдот етіп «Шөмішбай гүл лақтырса қолына тұра қалды, мына ағамыз лақтырып еді Әуезов: «Алмаймын» деді», – деп күлдіріп еді. Сөйтіп, Мұхтар ағамызды бір еске алғанымыз бар еді, Ғабаң бастап.
Мен ұлы ағаларымыздың барлығын да юмормен еске аламын. Әбіш Кекілбаев та «Ағалар туралы әңгімең жақсы, айтшы» деп қолқалайтын.
– «Әрбір адам жүрегі бар әнімде» дейсіз… Әр қазақтың жүрегін тербеген «Атамекен», «Қарағым-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Сәлем саған, туған ел!», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сарыарқа», т.б. ән-жырларыңыз көп. Жалпы, әнге өлең жазудың машақаты қандай?
– Композиторлар одағында жас ақындар мен жас композиторлардың кездесуін ұйымдастырды. Барып бір-екі өлеңімді оқып кеттім. Ертеңінде бір жас жігіт келді. Өлеңіңізді тыңдадым, ұнады жаңа бір өлең жазып берсеңіз деді. Кеңес Дүйсекеевпен солай таныстым. «Досқа сыр» деген өлең жазып беріп ем, бір күннен соң, әуенін шығарып әкелді. Қалықтаған ән екен. Содан шабыттанып, жеті бірдей ән жаздық. Ілия Жақанов радионың бастығы еді, телефон соғып, жұмысына жеттік. Әрбір әніміздің әрқайсысын жүз қырық сом қаламақымен қабылдады. Шала байып қалдық. Кеңеспен шығармашылық достығымыз осыдан басталды. Әсет Бейсеуов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхаметжановтармен кейін келе шығармашылық байланыс орнатып, әндеріне өлең жаза бастадым.
– Өлеңнің жайына қайта оралсақ. Өлеңді ауылынан алыстатып жіберетін түрлі жағдайлар бар ғой. Сондай сәттері өзіңізді не құтқарады?
– Ақынның қолдау көрмеуі де, шығармаларының жарияланбай қалуы да үлкен қасірет. Өлеңдеріңе ең алғаш кім бата берді, ол да үлкен роль ойнайтын шығар. Жетінші класты бітірген соң, дәрігер болам деп, сонау Қызылордадан Талғарға келдім. Алматыны шарлап жүріп, Жазушылар одағын тауып алдым да, жиырма төрт беттік өлеңдерімді Сәбит Мұқановқа әкеліп тапсырдым. Кейін өлеңдерімді Зейнолла Шүкіров ұстазыма көрсетіп, батасын алдым.
Талай фестивальге бардым, талай жерді көрдім. Қазақ поэзиясы үлкен, ұлы поэзия екеніне көзім жетті. Біздің тарихымыз құмның, қабірлердің астында қалған уақыттарда да өткенді қазақтың жыры еске салып тұрды. Біздің ақындығымыз өткеннен жеткен аманат. Әкем – мамандығы теміржолшы болғанымен, ауданға танымал жырау еді. Тойдан қалдырмайтын. Арал теңізінің балықшыларына жыр жырлап отыратын. Ал біз қызыл галстук таққан пионерміз. Әрі мектепте мұғаліміміз өткеннің «шынжыр балақ, шұбар төстерін» аңсайтындарды сынап отырады. Содан болар, балалықпен әкемді ескінің сарқыншағы деп ойлаған кезім болды. Кейін көзім жетті, әдебиет – әкемнің сөзі екен ғой…
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қ.Серікқызы.