ӘКЕМНІҢ ӨСИЕТІМЕН ӨСТІМ
14.08.2023
3921
2

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Сафуан Шәймерденовтың қызы Индира Сафуанқызымен сұхбат­тасудың реті түсті.

   Бұрынырақта Шәймерденовтер шаңырағында екі рет болған едім. Бірінші рет жазушы Сафуан Шәймерденов туралы «Сөнбес сәуле» хабарын, екінші рет хоккейші, көгалдағы хок­кейден Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жат­тықтырушысы, Сафуан ағаның жалғыз ұлы – Саян Сафуанұлы Шәймерденов туралы «Жарқын бейне» хабарын түсіргенде Сафуан ағаның жары, Саянның анасы Бағдат Көлұзаққызымен кез­десіп, әңгіме-дүкен құрған едік. Ол кез­де Индира Сафуанқызы әңгімеге араласпай, анасының барлық жағдайын жасап жанымызда бәйек болып жүрді. Менің байқағаным, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бағдат Көлұзаққызының қолынан газет түспейді екен. «Оқыған адам дүниеде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы керек», – деген әкесінің өсиетін жадында берік ұстаған. Соғыстан кейінгі ұрпақтың көрмегені жоқ, олар масақ тере жүріп бой жетіп, білімге ден қойғандар. Өздерін өздері тәрбиелей жүріп, жоғары білім алып, сол алған білімін елінің қажетіне жарата білгендер. Анасынан ерте қалған Бағдат Көлұзаққызы әке өсиетімен өскенін үнемі айтып отыратын. Отбасындағы әке тәрбиесінің ерекшелігі өзі үйлі болғанда да үзілмепті. 

– Индира, сіз әкеңіздің кенже қызысыз. Сафуан ағаны көрнек­ті қаламгер, драматург жазушы ғана емес, мықты аудармашы екенін жұрт біледі. Үнді жазушы Рабиндранат Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан», «Алтын сағым» романдарын аударған. Есіміңіздің Индира болуына Үндістанның саяси қайраткері Индира Гандидың қандай да бір қатысы бар ма?
– Бар. Менің есімімді өзіңіз айтып отырған үнді елінің белгілі саясаткері, мемлекет қайраткері Индира Гандидің құрметіне Индира деп анам қойған. Ол кездің адамдары Үндістанға қатысты нәрселерді жақсы көретін. Мысалы, үнді киносы, үнді шәйі, үнді киімдері, т.б. Менің балалық, жастық шағымда Үндістанның премьер министрі Индира Гандидің өте бір танымал кезеңі болды. Оның үстіне менің әкем совет-үнді елдері Достық қоғамдастығының қазақ бөлімінің мүшесі болды. Сондықтан Үндістаннан қандай да бір делегация келетін болса, әкемді Достық үйіне шақыратын. Әкем мені жанына ертіп алатын. Сол кез­дегі сәт­терден газетке шыққан суретіміз де бар. Біздің үйге үнемі журналистер келіп, әкемнен сұхбат алатын. «Советский союз» журналына да әлем халықтарының достығы туралы берген суретімен басылған мақалалары бар. Тағы бір оқиға, совет-үнді елдері арасындағы достық туралы Л.И.Брежнев сөз сөйлеген деректі фильм түсірілді. Мына қызықты қараңыз, сол деректі фильмде менің де сұхбатым бар. Ұмытпасам 1977 жыл болуы керек. Ол кейін журналға да шыққан. Менің жолдасым Берік өзінің досы танымал ақын Қуандық Шаңғытбаевтың ұлы Жәнібек Шаңғытбаевтың үйіне барғанда алғаш рет менің суретімді журналдан көріп, сурет­тегі қыз көршісі екеніне сенбеген екен. Ал Рабиндранат Тагорды әкем мен туғанға дейін аударған. Сол шығарманы аударғанда қат­ты әсер еткен болуы керек Жахан шахтың сүйікті әйелінің есімімен менің атымды Мұмтаз қойғысы келген. Өзіңіз тарихтан білесіз, әлемнің таңғажайып керемет­терінің бірі Аградағы Тәжмахал – сол Жаһан шахтың Мұмтазға қойған ескерткіші. Бірақ анам мені Индира қойғысы келген. Сонымен мен Индира болдым.
– Отбасында қанша ағайындысыздар?
– Отбасында төрт ағайындымыз: Жанна, Дана, Саян, кенжесі мен. Әпкелерім мені «кенже», «еркетотай» деп атайтын кішкентай кезімнен. Соған қарғанда көп еркелеген сияқтымын. Отбасымызбен отырғанда анам қыздарына әдемі ат қойған өзі екенін мақтанышпен айтып отыратын. Ұл туғанда ұлының атын Саян деп әкем өзі қойған. Қазақтың салты бойынша бірінші немере ата мен апаның баласы. Отбасымыздағы тұңғыш немере Димаш (Дінмұхаммед) Шәймерденов өзімнің соңымнан ерген бауырым болып ер жет­ті. Өкінішке қарай, көп өмір сүрмеді, жастай қаза болды. Қазір үлкендерден әпкем Дана екеуміз қалдық. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп тегін айтпағанына көзіміз жетіп келеді. Құдайға шүкір, қазіргі кез­де әкеміздің ұрпағы немере, шөбере, жиендер өсіп келеді.
– Қай мектепте оқыдыңыз?
– Үйдің жанындағы №25 орта мектепте бастауыш сыныпқа бардым, кейін үйдің жанынан №120 жаңа мектеп салынды. Сол мектепті 1976 жылы бітірдім.
– Қандай мамандық игердіңіз?
– Мамандығым тарихшы, тарих ғылымдарының кандидатымын.
– Балалық шағыңызды еске алсаңыз ата-анаңызбен бірге өткізген қандай сәт­тер ойыңызға оралады?
– Балалық шағымда әке-шешеммен көп жерді араладық. Одақ бойынша демалыс орындарының бәрінде дерлік, санаторийлерде, Юрмала, Қара теңіз, Феодосиядағы Шығармашылық үйлерінде болдым. Әкем мені мұз үстінде сырғанауға, музыка сабағына, әр жексенбіде қаланың сыртындағы өзенге алып баратын. Қазір олардың барлығы қалаға кіріп кет­ті, кафе, ресторандар салынды. Қазір ойлап қарасам, әке-шешеміз бізге өте көп көңіл бөліп, уақытын аямаған екен. Ал біздің балалық шағымызда барлығы солай болуы керек сияқты болатын. Саян ағам спортшы болған соң шетелдерге көп шығатын. Барған жерінен маған неше түрлі сәнді киімдер әкелетін. Анам мені кішкентай кезімнен сәнді киінуге, әдемі болып жүруге үйрет­ті. Мектепте оқысам да тігін ательесіне апарып арнайы мектеп формасын тіктіріп беретін. Содан шығар сәнге, киімге үлкен мән беремін. Қазір өзімнің тігін ательем бар.
– Танымал жазушы, белгілі қоғам қайраткерінің қызысыз. Анаңыз бен әкеңіздің қандай өсиеті үнемі есіңізде жүреді?
– Бізді ата-анамыз еңбекқор болуға, өз еліміздің лайықты азаматы болуға, қарапайым және адал болуға үйрет­ті. Шынымды айтсам, кейде тіпті, қарапайым боламыз деп кейбір жағдайларда үнсіз қалып жатамыз. Және анам маған кітап оқуды үйрет­ті. Әкем: «Оқыңдар, ізденіңдер. Білімді болсаңдар сыйлы боласыңдар», – деп үнемі айтып отыратын. Өзіңіз де білесіз, анамның газет оқымаған күні жоқ. Тіпті кейбір пайдалы кеңестерді, мақалаларды кесіп маған дайындап қоятын. Әкеміз де, анамыз да біздерді қарапайым болуға үйрет­ті. Тіпті, кейде мені әкем өз машинасымен мектепке жеткізіп тастағанда, сыныптастарым көріп қоймасын деп қат­ты ыңғайсызданып, артқы орындыққа жасырынып қалатынмын.
– Ата-анаңыз балалық шағы, туған жері туралы айтып отыратын ба еді?
– Әрине, әке-шешеміз өздерінің туып-өскен жері туралы, балалық шағы, мектептегі кез­дері туралы айтып отыратын. Бала кезімізде анаммен бірге туып-өскен жері Қарағанды жаққа жиі баратынбыз. Әкем болса өзінің туып-өскен жері Солтүстік Қазақстанға жаз демей, қыс демей апаратын. Тіпті, өзінің туған үйі тұрған жерді көрсететін. Ол жетпісінші жылдар еді. Ол кез­де үйінен ештеңе де қалмаған. Тек тұрған орны ғана бар болатын. Маған қызықты етіп әңгімелеп берген, жүріп өткен өмір жолы «Ағалардың алақаны» кітабында жазылған. Сол кітап үшін әкем Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекет­тік сыйлығын алды. Анам Қарағандыдан Алматыға алғаш келгені, теміржол вокзалынан ағайынды туысының үйіне есек арбамен жеткені туралы жиі айтатын. Өмірінде көрмеген есекті бірініші рет Алматыда көрген ғой. Анам тоқтаған туысының үйі опера театрының қарсысында болған. Тәтесі оны жиі театрға алып барған. Қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Әуезовпен көрші болғаны, Валентина тәтеге кез­десіп қалса көмектескені туралы да өте бір сағынышпен еске алатын. Ал біздерді әке-шешеміз театрға кішкентай кезімізден алып баратын. Әсіресе әкем жазған драмалық шығармалар қойылғанда үй-ішімізбен барып «Дөкей келе жатыр», «Түлкі бикеш», «Марғау», «Қайдасың, Зарина?» спектакльдерін көретінбіз. Алматы ол кез­де астана еді ғой. Жан жақтан әр түрлі әншілер келетін, анаммен, әкпелеріммен концерт­терге жиі баратынбыз. Маған опера өте ұнайтын, әлі күнге дейін ұнайды.
– Біз үйлеріңізге барғанда Сафуан ағаның бай кітапханасы болған. Ол қайда?
– Әке-шешеміздің бай кітапханасы болды. Әкем көзінің тірісінде өзінің туған жеріне көптеген кітапты сыйға тарт­ты. Кейінірек, анам екеуміз біраз кітабын Ұлт­тық кітапхана, тағы басқа кітапханаларға сыйладық. Әкемнің жазу машинкасын анам Қарағандыдан келген Аян Мейраш деген журналистке сыйға тарт­ты. Әкеміздің аруағы қолдап, елін-жерін сүйген, халқының жоғын жоқтап, барын түгендеген журналист болсын деген аманаты болар… Әкемнің көп затын Ұлт­тық мұражайға тапсырдық. Сол үшін, мұражай басшыларынан анам екеуміз алғыс хат­тар алдық. Әкемнен қалған кітаптардың бір бөлігі қазір менің үйімде сақтаулы.
– Үйлеріңізге ақын-жазушы, таны­мал өнер адамдары көп келген шығар? Кімдер несімен есіңізде қалды?
– Біздің үйде ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, танымал адамдар бас қосатын. Есімде қалғаны – көрнекті қаламгер Ғабит Мүсіреповтің қонақ болғаны. Сол кез­де жары Раиса апайдың твист билегені де есімде. Раиса апайдың сұлу жүзіне қарап, оның тамаша биіне таңғалғанмын. Ардақты қаламгерлер Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шыңғыс Айтматовтың келгені, тіпті француз актері Жерар Филиптің жары – жазушы Анн Филиптің қонаққа келгені есімде. Ол кез­де сыйлы адамдарды өз шаңырағында күту дәстүр болатын. Бір өкініштісі, сол кез­дерден сурет жоқ. Бәрі көрген түстей тек көз алдымда, сана қатпарында қалып қойды. Одан басқа ел таныған қайраткер ағалар, ғалымдар Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Оразбек Бодықов, танымал композитор Нұрғиса Тілендиев жиі қонақта болатын. Оның жары аяулы Дариға Тілендиева апаймен анам өмірден өткенінше араласып тұрды. Ол кісі біздің үйде де құрмет­ті қонақ болды. Тоқсаныншы жылдары әкем өзінің жақын араласқан достарын біздің үйімізге шақырғанды жақсы көретін. Ардақты ағаларымыз Әлжаппар Әбішев, Хамит Ерғалиев бізге көрші тұрды, олармен жақын араласып тұрдық. Хамит аға менің жолдасым Берікті «Береке» деп еркелетіп отыратын.
– Әкеңіз шығармашылықпен айналысып отырған кезді сипат­тап көріңізші.
– Әкем жазуын үйде жазатын. Жазу үстелі балконның алдында болатын. Ол кез­де балконнан тау көрініп тұратын. Әкем ойланып тауға қарап тұратын. Қазіргі салынып жатқан жаңа құрылыстар тауды жауып тастаған. Балконның есігі ашық болатын. Әкем таза ауаны шексіз жақсы көретін. Көбінесе түнде жазатын. Үйде тыныштық, барлығымыз ұйқыға кететінбіз. Күндіз жазып отырғанда анам: «Ақырын сөйлеңдер, әкелерің жазу жазып отыр, ойын бөлмеңдер»,– дейтін. Әкем үнемі таза, жарасымды киініп жүретін. Оның сұңғақ бойына кез келген киім жарасымды қона кететін. Тіпті үйдің ішінде қалай болса солай жүрмейтін. Үнемі жинақы жүретін. Және жаяу жүргенді жақсы көретін. Сексенінші жылдары Саян ағам екеуміз «Сары-Арқа» кинотеа­тры маңайында тұрдық. Әкем сол жерге жаяу келіп, немерелерін алып кетіп, күні бойы қыдыртып қайтатын.
– Анаңыз барда әкеңізге қатысты барлық әдеби шара, еске алу, мерейтой, кітап шығару, сұхбат беру сол кісінің мойнында болатын. Анаңыз өмірден өткеннен кейін бұл міндет­тер кімнің мойнында?
– Анам Бағдат Көлұзаққызы – «Білім беру саласының үздігі», ұзақ жыл ұстаз болып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан адам. Шынымды айтсам, анам әкемнің бірінші оқырманы болды. Ол өзі бала кезінен кітап оқығанды жақсы көретін. Біз анамызды «энциклопедия» дейтінбіз. Ол география, тарих, саяси оқиғалар, танымал адамдардың тағдыры мен өміріне қатысты мәлімет­терді көп білетін. Әрқашан не сұрасақ сол туралы қысқаша ақпарат беретін. Әкеміз өмірден өткенен кейін, кез келген мерейтой, еске алулардың барлығын өзі ұйымдастырып, кітап шығару, басқа да шараларға бас-көз болды. Біз де қолымыздан келгенінше көмектесіп, көтерген жүгінің бір ұшында жүрдік. Анамды жақсы білетін адамдар, журналистер, таныстар мен туыстар менің әрқашан анамның жанында жүретінімді, еш көмегімді аямайтынымды жақсы біледі. Сондықтан анам өмірден өткеннен кейінгі аяқталмай қалған жұмыстар да, жоспарлап қойылған шаралар да менің мойнымда қалды. Әкемнің барлық мұрағат материалдары, кітаптары, қолжазбалары, мақалалары менде сақтаулы. Ол материалдардың авторлық құқығы да менде. Үлкен әпкем Дана барлық жұмыстарды жүргізуді маған сеніп тапсырған.
– Жазушы Сафуан Шәймерденовтың 100 жылдық мерейтойына қатысты қандай шаралар жүзеге асты?
– Әкемнің100 жылдығына орай Астана қаласында жаңа вокзалдың жанындағы бір көшеге есімі берілді. Бұл көше бір жағынан анамның туған жері Қарағанды өңіріне баратын трассамен қиылысады. Екінші жағынан біздің көршіміз болған дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы көшемен қиылысады. Ресми түрде көшенің атауы таблицамен таңбаланғанда арнайы мерекелік шара өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
– Саянның 70 жылдығына орай, әке-шешеміз бен ағамыздың рухына арнап турнир өткізу жоспарымыз бар. Себебі Саянның «Динамо» стадионында өткен әрбір турниріне әке-шешем қатысатын. Сол кез­дегі «Динамоның» бас жат­тықтырушысы Айрих менің ата-анамды – команданың жеңіс әкелуші тұмары деп бағалайтын. Егер ата-анамыз келмей қалса, Саяннан міндет­ті түрде себебін сұрайтын. Және Саянның 70 жылдығына орай «Ментальді бұзылудың алдын алу салауат­ты өмір салты» ат­ты семинар өткізу жоспарлануда. Анамның әкем туралы жариялаған материалдар жинағынан бір кітап, Саян туралы жазылған материалдар жинағынан бір кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Әкемнің өз кітаптарын жаңадан бастырып шығаруды қолға алмақшымыз. Маған бір баспадан хабарласып, өз есептерінен әкемнің кітаптарын шығарып беруді ұсынды. Мен авторлық құқықты сақтау үшін бұл ұсынысқа келіспедім. Және кәсіпкер ұлым Шыңғыс нағашы атасы Сафуан Шәймерденовтың кітаптарын өз қаражатына шығаруды міндетіне алды. Қазіргі кез­де өз есебімізден шығарып, аймақтарға тарату жолдарын қарастырып жатырмыз. Себебі қаншама рет шығарсақ та, әкемнің кітаптары аймақтарда жоқ екен. Көп уақыт­тан бері әкемнің жазғандарын бастыру үшін компьютерде теріп беретін адам жалдайтынмын. Сол теріп берген материалдар дискте сақтаулы. Соны біртіндеп рет­теп алып, жарыққа шығару да жоспарда тұр. 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Дана әпкемнің немересі Лаурамен, Саянның қызы Кәмиләмен бірге ата-қонысымыздағы Сафуан Шәймерденов атындағы мектеп-гимназияға барып қайт­тық. Әкемнің кейбір құжат­тарын, қолжазбаларын, кітаптарын сыйға тарт­тық. Жақсы оқитын оқушыларға отбасымыздың атынан стипендия табыстадық. Біз бұл үрдісті бұрынан жасап жүрміз, осы жолы өзіміз барып өз қолымызбен табыстап қайт­тық. Бастама өз жалғасын табады. Алда да әкеміздің атындағы мектеп-гимназиямен байланысымызды үзбейміз. Үлгілі, озат, спорт­тан жақсы көрсеткіші бар оқушыларға стипендия беріп тұрамыз.
– Сұхбатымызды сіздің есіміңіздің қойылу себебімен бастап едік. Соңын да сіздің есіміңізбен байланыстырғым келеді. Әкеңіз сізге Индира Ганди сияқты саясаткер бол, елдің жағдайын ойла, қоғамға жұмыс істе деп белсенді болуға үгіт­теген жоқ па?
– Мен жиырма бес жылдай Абай атындағы Алматы педагогикалық университетте жұмыс істедім, ғылыми диссертация қорғадым. Қорғауыма әкем, анам, ағам Саян келді. Жақындарымның төрт көзі түгел отырған сол сәт есімнен еш шықпайды. Өз дәрежемде ойдағыдай қорғап шықтым. Әкем менен саясаткер болуды сұраған да жоқ, ол туралы ешнәрсе айтпады да. Өйткені қаншама мықты жазушы болса да, ол саясат­ты онша ұната бермейтін.
– Бұл сұрақты қойған себебім, Сафуан ағаның есімін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен байланыстырады. Ол кісінің қайраткерлігі, ұлтшылдығы көпке үлгі. Балаларына қандай өсиет қалдырды?
– 1986 жыл желтоқсан көтерілісі кезінде мен аспирантурада оқып жүргенмін. Біз жолдасым Берікпен, ұлым Шыңғыспен бірнеше күн әке-шешеміздің шаңырағында болдық. Сондықтан болған жағдайға бірге қайғырдық. Әкем Саянмен, Берікпен бірге болып жатқан оқиғаны талдап, талқылайтын. Сондай талқылаулардан кейін бір күні ел алдына шығып болып жатқан жағдай туралы айтуға шешім қабылдады. Сәуір айында жазушылар одағындағы өтетін пленумда әкем желтоқсан оқиғасы туралы қазақша айтуға дайындалды. Анамның айтуынша әкем сол күні ерте тұрып, тез жиналып үйден шығып кеткен. Ал әкем кейінірек ерте барғанына қуанғанын айтады. Себебі ерте барғандықтан кіріп үлгерген. Кейін есікті жауып тастапты, себебі Колбин келген екен. Әкем трибунаға көтерілгенде қазақша жазып әкелген баяндамасын оқымай, сол арада шешім қабылдап, Колбин түсіну үшін бірден орысша сөйлеуге көшкен. Сол күні кешке күйеуім Берік үйге барып, болған жағдайды әкемнің өз аузынан естіген. Кейін ол туралы әкем талай-талай хабарларда сұхбат берді. Сол сөзінен кейін әкеме хабарласып, айтқаныңыздан бас тартып ел алдында сөйлеңіз дегендер де болды. Әрине, әкем бас тартқан жоқ. Ол сөздің қадірін, қасиетін білетін адам болатын. «Айтылған сөз – атылған оқ», оны кері қайтара алмайсың. Үйге қайта-қайта қоңырау шалып, қоқан-лоқы көрсеткендер де болды, ол біздің отбасымыз үшін бір қиын кезеңдер болып қалды.
Әкем балалары мен немерелері үшін сөзінен қайтпайтын, сөзге берік, уәдеде тұратын өз елінің қайсар ұлы болып есте мәңгі қалды. Әкеміздің бізге берген ақыл-кеңесін, өсиетін ешқашан есімізден шығармаймыз.
– Рақмет. Қазақтың көрнекті қаламгері Сафуан Шәймерденовтың ұрпағына амандық тілейміз! Жасай беріңіздер.

Жаңылхан
МӘМЕЖАНҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 15.08.2023 | 11:15

Добрый день, Индира. Здорово! Вы молодец! Светлая память вашему папе.

Аноним 15.08.2023 | 19:03

Хочу выразить вам, Индира Сафуановна, за то, что вы делаете вы зависшее, чтобы занять достойное место в казахской литературе.
Потому что, если бы вы этого не сделали, то лишили бы читателей (родившихся в последующие эпохи) возможности познакомиться с одними из лучших отечественных литературных произведений.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір